СИЫР МАЛЫНА ҚАТЫСТЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТҰРАҚТЫ СӨЗ ТІРКЕСТЕРІНІҢ ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ

ӘОЖ 81’ 373.811.512.122

СИЫР МАЛЫНА ҚАТЫСТЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТҰРАҚТЫ СӨЗ ТІРКЕСТЕРІНІҢ ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ

М. Б. Шойманова
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университеті, Шымкент қ.

Қазақ – ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халық. Ғасырлар бойы қалыптасқан бай шежіресі бойынша олар малдың өрісін, тіршілік табиғатын, қадір-қасиетін әбден зерттеп білген. Қазақтың жерін малсыз елестету мүмкін емес. Сәлемдесудің басы «Мал-жан аман бадан» басталатынының өзі халық өмірінде малдың шешуші фактор, тіршілік көзі екенін көрсетеді. Кең сахарасында үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, табын-табын сиыр, отар-отар қой өсірген халықтың төрт түлік кисе – киімі, ішсе – тамағы, шөлдесе – сусыны, жүрсе – көлігі, жатса – төсеніші болған. Демек, қазақтың бүкіл тіршілік көзі төрт түліктің өсімі мен одан алынатын өнім түрлеріне байланысты еді. Сондықтан халқымыз төрт түлікті аса қадірлеп, қасиет тұтып, оларды барынша дәріптеп, бүкіл өмір тіршілігінің қуанышы мен ренішін, өзіндік дүниетанымын, рухани мәдени-өмірін, әдет-ғұрпын солармен байланыстырады.
Төрт түлік жұп, аша, айыр тұяқты және тақ, тік тұяқты болып бөлінгенімен, олардың бәрін қосып халық аяқты мал деп атайды. Малдың шығу тегі туралы аңыз көп. Солардың біріне құлақ ассақ, сиыр – судан жаратылыпты-мыс. Текті мал – киелі де. Халық аңызында сиыр малын көлденең кесірден, ауру-кеселдерден сақтайтын, өсіп-өнуін желеп-жебейтін қамқоршы пірлер бар. Сиыр малының қамқоршы пірі – Зеңгі баба. Сан ғасыр көшпенді дәуірде тұмыс-тіршілігі тікелей мал шаруашылығына байланысты өткен қазақ халқы төрт түліктің сыр-сипатын, қадыр-қасиетін жете біліп, ерекше қастерлеген, малды былапыт сөздер айтып балағаттамаған, теппеген, басына ұрмаған, сылап-сипап баққан. Жаман ырымға жорып малды санатпаған. Түйені келеге, жылқыны үйірге, сиырды табынға, қой мен ешкіні отарға топтастырып, төрт түліктің жалпы санын содан есептеп шығарған. Малдың шаруашылыққа қажетті өнімдік, күш-көліктік, т.б. қасиеттерін жетілдіру мақсатында үзбей бір ізділікпен сұрыптау жүргізіп, көрікті, сұлу, әсем асыл тұқымды өсірумен шұғылданған. Әсіресе, төл басына (алғашқы төлге) айрықша мән берген. Оларды іріктеп, барлық жағынан өскелең талапқа сай келген үлгілерінен тұқымдық ақ нар, боз айғыр, көк бұқа, көк қошқар өсірген. Аса бағалыларын сатпай, соймай, сыйға тартпай ерекшелеп, сетер атаған. Сиыр малын бағып-күту, шығынсыз өсіру оңай еместігін, малшының маңдай терін, қажырлы еңбегін, қиыншылықта төзімділік талап ететінін: «Сиыр бақтым – сидаң қақтым» мәтелі арқылы шаруа адамның зердесіне жеткізген.
Халқымыздың көшпелі өмірінде күш көлігі ретінде сонау ерте кезден пайдаланылып келе жатқан сиыр малының басқа қасиеттерін де бабаларымыз тым ерте білген сияқты. Археологиялық қазба материалдарының деректері бақташы елдің сиыр малының сүті мен етін азық етумен бірге оның терісін киім, еңбек құралы ретінде сол көне заманнан-ақ пайдаланып келе жатқанын дәлелдейді. Сиырдың сүтін ішіп қана қоймаған, одан қаймақ, май, ірімшік, құрт секілді тамақтың алуан түрін де дайындай білген. Ал терісін илеп, былғары жасаған. Қайысынан күш көлігін ұстап тұратын, салт мінетін арбаға немесе шанаға жегетін құрал-жабдықтар, әбзелдер әзірлеген. Жалпы, халқымыздың тарихына қатысты көне деректерге қарағанда, осындай ішкі қажеттіліктері үшін болмаса бұрынғы кезде сиыр малы байлықтың көзі ретінде онша көп өсірілмеген тәрізді. Тіпті бертінгі тарихтың өзінде ондай деректер көп кездесе бермейді. Көне көз қариялардың ескі кептен сыр шерткен шежіре әңгімелерінен де, мысалы, пәленшебайдың сиыры пәлен мыңға жетуші еді деп айтып отырғанын ести қоймаған секілдіміз. Мұның бұлай болуының басты себебі – сиыр малының суыққа төзімсіз, қыс айларында қолға қарап қалып, аса көп күтім тілейтіндігінен де шығар, әйтеуір қалай болғанда да барлық жерде бірдей түліктің бұл түріне ерекше көңіл бөле бермегені байқалады. Сондықтан да бұрынырақта қысқы соғымға сиыр сою дәстүр болмаған. Көбіне балалары көп кедей-кепшіктер сойған. Өйткені жылқы еті асуға бағалы болғанмен, салма (кеспе) жасауға келмейді. Сорпасы сылдырап сұйық болады. Сондықтан күнде ет асып жеуге шамасы жетпейтін кедей үйі балалары қарын-қажағын, сорпа-суын ішіп, ашықпай, тоқ отыру үшін сиыр сойған. Әдетте соғымға қысыр қалған сиыр, жасы ұлғайған өгіз шығарылып, олар қоңыр күзден-ақ қолға алынып күтіледі. [1]
Сырт көзге сылбыр, жуас көрінетін сиыр малының да көп қасиеттерін көркем шығармалар, аңыз-әңгімелер арқылы біліп жүрген жоқпыз ба? Жалғыз өгіздің бір табын малды ұялы қасқырдан түні бойы қорғаудағы ерлігінің өзі неге тұрады? Ал, шынтуайттап келгенде кейінгі жастарымыз, үлкен қалаларды былай қойғанда, облыс, аудан орталықтарында тұратын жеткіншектердің өзі Зеңгі баба тұқымының қасиеттерін, оның басқа түліктерден қалай және қандай қасиеттері арқылы ерекшеленетінін ашып айта алмайды. Кезінде сиыр малының көшсе көлік, сауса сүт, сойса ет болып, халқымыздың қажетіне жарағанын кейінгі жастар нақты бір аңыздай қабыл алып жүрсе, соған ең алдымен өзіміз кінәліміз. «Зеңгі баба», «сиыр малы» дегенді былай қойып, осы түлікті «сүт бағытындағы мүйізді ірі қара» деп оқытып жүрген жоқпыз ба? Осыны санасына сіңірген кейінгі жастардың сиыр малының тек ет пен сүт үшін өсірілетінін пайымдағаны болмаса, одан арғыға терең байламасы анық. Ал, шынтуайттап келсек, басқа да жан-жануарлар секілді Зеңгі баба тұқымы адамға серік, әрі момын жануарлардың бірі. Ол да түйсіне, сезіне алады, қажет кезінде иесін қауіпті жағдайлардан құтқарып та алады.
Енді осы Зеңгі баба тұқымы сиыр сөзінің қандай мағына беретінін талдай кетсек. Сиыр сөзі түркі тілдерінде кең тарағандығына қарамастан, кейбір тілдерде өзгеше дыбысталатынын мына төменде келтірілген мысалдардан көруге болады.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «мүйізді ірі қара мал; төрт түліктің бірі» деген анықтама берілген (ҚТТС VIII т. 301 б.). Қарақалпақ, құмық, ноғай, татар тілдерінде – сиыр, Қырғызстанның оңтүстік аймағында – йинек, қазақтармен көршілес аудандарда – сиыр, жалпы қырғыз тілінде – уй, ұйғыр тілінде – сіиір, серә, кейде кала, түркімендерде – сығыр, сахаларда – ынах, туваларда – инек т.б. деп аталады.
Түркі жазба ескерткіштеріне көз салсақ, М.Қашқарида – інәк, сығыр, уй, уд аталса, (ДТС 211, 502, 605, 606 б.), «Түркі-араб» сөздігінде сығыр, инек (78), «Аттуһфада» инек, сығыр (297, 373) т.б. Жинақтасақ, түркі жазба ескерткіштері мен қазіргі түркі тілдерінде бұл түлік атауы үш-төрт түрлі дыбыстық құрамда айтылатындығын байқауға болады.
Сиыр атауының түп төркіні түркі тілдеріндегі сир, сири — сығу, сығып шығару, сауу мағыналарымен байланыстыруға болады. Яғни, сауатын мал, сығыр мал. Кейінірек мал сөзі түсіріліп, сығыр<сиыр түрінде қолданылған. Ал, инек, ынах, іңек атауларының түбі ине//ене//ана//ене//ұрғашы мағыналарын берсе, к дыбысы сөз жасамдық көрсеткіш, өнімді жұрнақ.
Сиыр малының піштірілмеген еркегі, тұқымдығы бұқа аталады (ҚТТС 1 т.130 б.). Қырғыздарда – бука, ұйғырларда – буқа, түркімендерде — өкү, туваларда – буга, сахаларда – оғус, қарақалпақша – буға, ноғай, татарларда – буғай деп аталады. Ал, монғол, қалмақ тілдерінде – бух.
Ертедегі түркі жазба ескерткіштерінде бұқа атауы Орхон-Енисей жазбаларында (Малов. 374), «Түркі-араб» сөздігінде (боға – 98 б.), «Ат-туһфада» (боға – 283 б.), М.Қашқари сөздігінде (бұқа) кездеседі.
Сөз төркіні, түбірі туралы түркітанушылар жорамалына келсек, бұқа, бугу (бұғы), буғра сөздерінің түбірлестігі туралы айтады. А.М.Щербактың айтуынша, «татарский и ногайский бугай по внешней форме является заимствованием из русского языка, который это же слово в форме буга заимствовал несколько раньше из других тюркских языков или монголов и придал ему, в соответствии со значением, конечный й (j)ң». Әйтсе де, сөз соңындағы й дыбысы орыс тілінің емес, түркі тілінің өз дыбысы болу керек. Өйткені, түркі тілдерінде сөз соңында келетін й-ге аяқталатын (тиви//тевай, апай, әкей т.б.) сөздер баршылық. Еркелету, кішірейту, аялау, сыйлау, реңктерін беретін көне жұрнақ.
Сөз төркініне келсек, саха, монғол тілдерінде күшті, мықты, әлді, берік мағыналарын білдіретін бөгө, бөк сөздері кездеседі. Бұқа сөзімен тіркескен сөздердің малдың жасын білдіретіндігін А.Щербак аталған еңбегінде айтып өтеді (99 бет). Мысалы: әзірбайжан диалектісіндегі бұғана, дуран – екі жасар бұқашық, иаз бұға – екі жас пен үш жас аралығындағы бұқашық, гагауз тілінде буа алті – үш жасар бұқа. Қазақ тілінде бұқа сөзімен тіркесіп жастық мөлшер білдіретін атаулар бар (бұқашық, бұқаша, жайынша бұқа, құнан бұқа, дөнен бұқа, бесті бұқа).
Өгіз – күш-көлік ретінде пайдаланатын сиыр малының еркегі. (ҚТТС VII т. 507 б.). Тұқымға жарамайтын еркек тананы үш-бес айлығында піштіріп, семіртіп, етке де пайдаланады. Ал, жұмысқа пайдаланатындарын сегіз-он екі айлығында піштіреді. Піштірілген еркек малдың бұл түрінің аталуы басқа түркі тілдерінде төмендегідей дыбыстық құрамда кездеседі. Қырғыз тілінде — өгүз, ұйғыр тілінде – хөкүз, түркімендерде – өкүз, қарақалпақ, ноғайларда өгіз, өзбектерде – хукіз, диалектілерінде – укіз, хәвкуз, сахаларда – ат оғус. Көне түрік жазба ескерткіштерінде де кездеседі. Мәселен, Орхон-Енисей жазуында — өкүз, «Түркі-араб» сөздігінде — өгүз, «Ат-туһфада» — өкүз, М.Қашқари сөздігінде — өкүз (ДТС 383 б.). Өгіз сөзінің түп-төркіні жөнінде А.М.Щербак «Весьма вероятно, что оғуз (огуз) относится к числу древнейших заимствоаний из индоевропейских языков» — деп Г.Клаусонның пікірін қостайды. Оғуз сөзі баста малдың піштірілген, піштірілмегендігіне қарамастан, еркек малға қатысты айтылған болуы керек, ал орта ғасырлардан бастап түркі тілдерінде бұқа атауы кеңірек қолданыла бастағандықтан өгіз атауының қолданылу аясы тарылып, қазір тілімізде пайдаланып жүрген мазмұнға сәйкес келсе керек. Өгіз атауымен тіркесіп жас мөлшерінің әр түрлі кезеңін білдіретін атаулар өгізше, жай өгіз, құнан өгіз, дөнен өгіз, ажан өгіз т.б. [2]
Енді осы сиыр малының жасына қарай талдап көрсек, қашып кеткен үлкен сиыр буаз сиыр, қашпаған сиыр қысыр сиыр, ал ересек бұзау қашар деп аталады. Үлкен еркегі – бұқа, жасы – бұқаша, ал піштірілген үлкені – бұқаша деп аталады. Еркек бұзау екі жасында піштіріледі. Бұқаның қашыратын кезеңі маусымнан бастап, тамызға дейін созылады. Бір бұқа сегіз сиырға дейін қашырады. Сиыр қашып кеткеннен кейін он айдан соң бұзаулайды. Жаңа туған төл бұзау деп аталады. Үш жасында бұқаны мініске, сол сияқты ауыр жүк артуға үйретеді. Бұқа қашыруға екі жасында, ал қашар бір жасында жарамды болады. Сиыр сегіз ай бойына сауылады. Сүті әр түрлі күйінде қолданылады. Оны шикі күйінде ішеді, қатық ұйытады, одан соң оған су қосып, не қоспай қою күйінде ішеді. Қаймағынан май алынады. Сиырдың екі жасында алғашқы екі тісі, үш жасында жоғарғы жағынан екі тісі, одан соң жыл сайын екі тісі түседі. Осылайша, сегіз жасқа қарай сиырдың бүкіл алғашқы тістері жаңа тістермен алмасады. Сиыр мен бұқаның өмірінің ұзақтығы жиырма жасқа дейін жетеді.
Сонымен қатар, түйе «ащы өсімдікті» жақсы жесе, жылқы мен мүйізді ірі қараның, яғни сиыр малының тек қана «ақ өсімдікпен» қоректенетінін айту керек. Сиыр, бұқаға қыста ескі қиды шашып, төсеніш жасап, сол кезде қар үстіне жатқызбау керек, әйтпеген жағдайда олар жүдей береді, одан соң ауырып, арам қатады. Сиыр бес жасында толық пісіп жетіліп, өз күшіне келеді.
Енді қазақ тілінде кездесетін Зеңгі бабаның қорғаушысы сиыр малына қатысты тұрақты тіркестерге көз жіберейік. Қазақ тіліндегі сиыр малына қатысты тұрақты тіркестер негізінен осы Зеңгі бабаның ұрпағының жақсы қасиеттерін мадақтайды. Осы қасиетті малдың ағылған мол балдай тәтті сүті мен етін және сонымен қатар, мінсе көлікке жарайтынын, күшін көрсетеді.
Мәселен, кісі түшкіргенде қалжың, әзіл-сықақ ретінде айтылатын тілек: Ақ тұш, ақ сиырдың сүтін іш! немесе Ақ тұш, ақ сиырдың майын іш! Бұл қалжың ретінде айтылатын тілек әзіл-сықақ ретінде айтылса да, шындықтың бір бөлігі бар. Ақ сиырдың сүтін іш деп тек жақсы сыйлы адамдарға тілеп жатады.
Тана көз – мөлдіреп, жайнап тұратын үлкен көзді айтады. Мысалы,
Малқар біреумен алысқандай ентігіп, терін сүртіп отырғанда Балқия енді. Әжімсіз ақ жүзінде, жайнаған тана көзінде сезік бар. Күйеуіне есіктен кіре қадаған көзін, жай жүріп келіп, жайласа отырып жатқанда да алған жоқ. (Ғ.Мұстафин)
Сиыр өзен жағалаған егінші, отырықшы елге жайлы, жағымды болғанымен көшпелі елде онша бағаланбаған. Өйткені жүріске кем, жүні тықыр сиыр малына ерекше бағым-күтім қажет. Ол жазда жайылым талғайды, қыста қолға қарайды. Оған жылы қора, жиюлы шөп керек, шөлге де шыдамсыз. Оның үстіне сиыр – қыңыр мал, онша айдауға көнбейді, жөнге жүрмейді. Сондықтан басқа малдарға қарағанда көшпелі ел сиырды аз ұстаған. Қайсыбір жайсыз адамдардың жағымсыз мінез-қылықтарын сынағанда да Сиыр мінез, Сиырдай мүйіздесті деп сиырды ұнамсыз кейіпте таниды.
Сиырдай мүйіздесті — өзара қырылысты, түртпектесті. Өзара ынтымағы, бірлігі, татулығы жоқ халық, әлеуметтік топ қолдағы барынан айрылады, бар байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді. Мысалы,
Мүйіздескен сиырдай
Байласаң бас жіп жетер ме?
Еңбегің еш, тұзы сор,
Қайратың селге кетер ме?
Сиырдың бүйрегіндей бытырады – бет-бетіне жан-жаққа тарап кетті, басы қосылмады, берекесі кетті. Мысалы,
Жүр, анда! Сиырдың бүйрегіндей бытырауға айналған екенбіз, тек арты қайырлы болсын! (С.Мұқанов)
Сиырдың бүйрегіндей бытырау тұрақты тіркесінің идиоэтникалық семантикасы аңызда әдетте былай сипатталады: «Барлық жан-жануарды жаратып, оларға бүйрек үлестіргенде қашанғы сол жай басарлығымен кешігіп келген сиырға жетпей қалыпты. Ол бұл жалғанда енді бүйрексіз қайтіп күн көрем деп, азан-қазан болып өкіріп жылапты. Сиыр сорлының көз жасын көрген жануарлар қабырғалары қайысып, оның көңілін аулаудан бөтен көмек көрсете алмайды. Ең соңында сиыр оларға бүйрек алып бүйірлерің шығып тұрған жансыңдар ғой, тым болмаса құр қалған туыстарыңа берер жылуларың жоқ па дейді. Оның бұл сөзін жөн көрген жылқы, түйе, қой т.б. жануарлардың әрқайсысы сиырға бір жапырақтан бүйрек жиып беріпті. Сонымен сиырдың бүйрегі басқа жануарлардың бүйректерінен бөлек бұжыр-бұжыр, қырық құрау бүйрек екен. Сиырдың қилы-қилы мінездері осы қырық қиқымнан құралған без бүйрегінің белгісі деп аңыз етеді».
Сиыр мінез – сүйкімсіз қылық, көрінген нәрсеге орынсыз соқтыққанға айтылады.
Ағаттық ісімізді білмедік пе?
Көңілін бір нәрседен кірледік пе?
Сықылды сиыр мінез жаман елміз,
Орданың бір жеріне сүйкендік пе? (Ілияс Жансүгіров)
Тағы да бір сиыр малын жағымсыз кейіпте көрсететін тұрақты тіркестің бірі – Сиыр құйымшақтатты. Бұл тіркестің мағынасы аяқсыз қалдырып, берекесіз етті, соңы сұйылып кетті дегенді білдіреді. Сонымен қатар, сиыр құйымшақтанып кетті деген нұсқасын да ұсынуға болады. Бұл тіркестің мағынасы – ол құр бос уәде беру, уәдесінде тұрмау дегенді білдіреді. Мысалы,
Матайдың сөзінің басы таудай болса да, аяғы сиыр құйымшақтап келіп, қылдай болып кетті. (М.Ә.)
Сағиттың жыртқыштығы әуелде осындай қатты түршігіп ызаланған хатшының екпінді сөзі мінезімен басталса да, кейін, тағы бірнеше күндер өткен соң, әлденеден бәсеңсіп, сиыр құйымшақтанып сұйыла берді. (М.Ә.)
Енді, Қашпаған қара сиырдың уызына қаратты деген тіркесті талдар болсақ, тура мағынасында қашпаған қара сиыр төлдемейді. Ал, төлдемеген малда уыздың да болмайтыны белгілі. Бұл тіркестің ауыспалы мағынасы — болмаған, болмайтын нәрседен үміттену – парықсыздық, өзін-өзі алдау, қолдан келмейтін іске дәмелендіру, бос сөзбен емексіту. Мысалы,
Жай әншейін екеуіміз қашпаған қара сиырдың уызына мас болған Есбалақтың әсеріне ұқсап тұрмыз.
Құнажын көзін сүзбесе, бұқа бұйдасын (жібін) үзбейді – бекерден-бекер себепсіз тиіспейді, орынсыз өздігінен ұрынбайды. Кейде бұл тіркесті Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді деп те жатады. Бұл тіркес қыз, әйел жігітке өздігінен тиіскенде әзіл ретінде айтылады.
Өгіз сөзі кездесетін бірнеше сөз тіркестеріне көңіл аударсақ. Өгізді қара күш иесі ретінде көрсетіп тұрған Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар, тіркесі. Әдетте, адам өзі үшін бір нәрсе істесе, соған бар күшін жұмсайды, уақыт та табады, керекті қаражат пен қажетті заттарды да табуға да тырысады. Ал, біреу бір нәрсе істеп беруді өтіне қалса, оған аяқ астынан сылтау тауып, орындаудан жалтаруға тырысады. Оның бірде уақыты жоқ болса, енді бірде ол ауырып қалады, бірде қолы тимесе, енді бірде тағы бір себеп табылады. Мысалы,
Әрқайсысы өзін-өзі дөп санайтын, өзім дегенде өгіз қара күшім бар әр рудың би, батырларын бір ханға бағындыру оңай болып па?
Өгіз аяң – шабан жүріс, баяу қарқынды іс дегенді білдіреді. Мысалы,
Ауылдан шыққалы өгіз аяң жүрістен аспаған екі жолаушы түс ауғанша көз көрім жерге жете алмапты.
Шаруашылық бөлімінің меңгерушісі жүздікте тұрған тасын жайлап жылжытып, ежелгі өгіз аяңына кірісті.
Өгіздей өкірді; өгізше өкірді – қатты айқайлап дауыс шығарды, бақырып жылады дегенді білдіреді.Мысалы,
Патша қазақтан солдатқа аларда: «Ой, алда-ай! Ой, құдай-ай, бұл не деген заман болды! Алда-ай! «Ақ сарыбас!», Ой, алда-ай, «боз қасқа…!» деп, қазақ өгіздей өкіріп жылай бастаған». (С. Сейфуллин)
Өгіздей болып ап – үп-үлкен, дап-дардай бола тұра деген мағынада. Мәселен, Жарайсың, Бектас! – деп, мұғалім мені ризашылықпен мақтайды да, Жанбосынға қарайды. Көрдің бе ананы. Ал сен өгіздей болып ап, мыңқ-мыңқ етіп тұрсың. Ұялмайсың ба?
Ханның қара өгізін сойып алғаннан жаман не бар — өктем таптың аяусыз, қаныпезер қылығы туралы айтылады. Ескі заманда ханның малын барымталаған кісі, немесе рулы ел оны әлденеше есе етіп төлеуге мәжбүр болған, ал барымташы кісіні хан үкімімен масқаралап, құртып жіберу дәстүрі болған.
Мұрнын тескен өгіздей – кекесін, көнгіш, ырыққа ергіш, жуас дегенді білдіреді.
— Кетсеңші енді, Махмұт, кетіп қал! Мынау тұрғансын, сені оңдырмайды.
— Жоқ, саспаңыздар. Мұрнын тескен өгіздей жуасытып берем сендерге бұл аюды.
Аузын буған өгіздей – жұмған аузын ашпау, тіс жармау, мыңқ етпеу дегенді меңзейді. Мысалы,
Болыс аузын буған өгіздей тырп етпей, үйден шықпай жатып алды.
Өгіздей өңкиген – денесі ебедейсіз үлкен, еңгезердей деген мағынада. Мысалы,
Өш алғанына көңілі көншігендей, танауын шүйіріп, ыржия күлді күйеу. Өгіздей неме, — деді қыз ақырын.
Жоғарыда келтірілген өгізге қатысты тұрақты сөз тіркестеріне көз жіберсеңіз, бұл тіркестерде өгіз малын көбіне жағымсыз кейіпте көрсетіп тұрғанын байқауға болады.
Тілімізде бұл ірі қара төңірегінде кездесетін тұрақты сөз тіркестерінің кейбір тұстары міне осындай.

Қолданылған әдебиеттер:
1. Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл. Құрастырған Б.Әлімқұлов, Е.Әбдіраманов, Алматы, «Санат», 1994, 154-155 б.б.
2. Т.Б. Сағатбекқызы «Түркі тілдеріндегі төрт түліктің жасына қатысты атаулардың этнолингвистикалық сипаты», Афтореферат, Алматы, 2005, (16, 17 б.б.)
3. І.Кеңесбаев «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі», Алматы, «Ғылым» баспасы, 1977, (27, 461, 425, 128 б.б. )

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *