Оғыз мемлекеті (ІХ-ХІ ғғ.). ҮІІІ ғасырдың бас кезінде Сырдария алқабында жартылай көшпелі печенег-кангар тайпаларының жалпы басшылығымен біріккен біртұтас саяси конфедерация пайда болады. Саяси орталығы Отырар болған еді. Кангар-печенег тайпалары Жетісудан кете бастаған оғыз тайпаларының бірлестігіне табанды күрес жүргізеді. Түргештердің мұрасы үшін қарлұқтармен болған күресте оғыздардың едәуір бөлігі Жетісуды тастап, тау баурайларына Шу алқабына кетіп қалған болатын. ІХ ғасырдың орта шенінде қарлұқтар мен кимектер одақтасып кангар-печенег тайпаларын талқандайды. ІХ ғасырдың соңында Арал өңірінің солтүстік жағындағы саяси үстемдікті қолына алады. Хазарлармен одақ құрып, печенегтерді жеңеді де, Орал-Еділ арасын қол астына қаратады. ХІ-Х ғасырда Сырдарияның орта ағысында Оғыз мемлекеті қалыптасады. Оғыздардың құрамында Сырдария алқабы мен Арал өңірінің, Каспий далаларының үнді-еуропа және финн-угор тектес ежелгі этикалық компоненттер, сонымен бірге, Жетісу мен Сібірдің Халаджулар, Жагарлар, Чуруктер, Қарлұқтар секілді көшпелі және жартылай көшпелі тайпалары болады. Х ғасырда Оғыз мемлекетінің астанасы Янгигент немесе жаңа Гузия деп аталған. Янгигент кимек даласы арқылы Сарысу, Кеңгір, Есіл және Нұра бойларына баратын керуен жолының үстінде болды. Ертедегі феодалдық мемлекеттер сияқты Оғыздар мемлекеті тұтас топтасқан мемлекет болған жоқ. ІХ-ХІ ғасырларда Оғыз мемлекетінің басшысы «жабғу» деген атағы бар жоғарғы билеуші болған. Жабғудың билігі, ресми түрде патшалыққа сайланып қойылған деп есептесе де, мұраға қалып отырды. Оғыз мемлекеті өзінің саяси және әлеуметтік табиғаты жағынан ертедегі феодалдық мемлекет болды. Х-ХІ ғасырлар шебінде Оғыз мемлекеті елеулі дағдарысқа ұшырай бастайды. Алым-салықтардың жиілей түсуіне оғыз тайпалары наразылық білдіріп, көтеріліс жиілей түсті. Х ғасырдың орта кезінде келген Әш ханның басқаруына қарсы жүргізілді. Осы наразылықты сезген Жентке жақын жерге келіп орын тепкен салжұқ көсемдері пайдаланады. Көп ұзамай салжұқ көсемдері Жентті басып алады, бірақ ұзақ ұстап тұра алмайды. Осы уақытта Әли ханның мұрагері Шахмәлік өкіметі күшейіп шыға келеді. Шахмәлік тұсында 1041 ж. оғыздар Хорезмді басып алады. Деректемелер бойынша Шахмәлік салжұқтардың қолынан мерт болған соңғы оғыз жабғуы болған. Сан жылдар бойы жүргізген соғыстарының нәтижесінде оғыздар әлсіреп, Оғыздар мемлекеті қыпшақ тайпаларының соққыларынан кейін құлады. Оғыздардың бірсыпыра топтары қыпшақтардың тегеурінен Шығыс Европаға, Кіші Азияға кетті. Біразы Мауреннахрдың Қарахан әулетінің және Хорасанның салжұқ билеушілерінің қол астына өтті. Кейін келе Дешті қыпшақ түркі тілдес тайпаларына сіңісіп кетті.