Нағашы жұрт
Енді нағашы жұртқа келейік, шешесінің туыстары балаға нағашы аталып, ал өзі оларға жиен болады. Нағашы жұрт жиенді еш уақытта сыртқа теппейді, керісінше “қыздан туғанның қиығы жоқ» деп өзіне тартып отырады.
Қазақ арасындағы туысқандық қарым-қатынас тек ерлер тарапынан ғана болып қоймайды, қыздар ұрпағы, жиендер мен нағашы арасындағы қарым-қатынас та ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Нағашыға жиен батыл келеді, халық дәстүрі бойынша нағашысы жиеніне «қырық серкеш беруі» керек. Сондықтан болар, жиен көңілі түскен нәрсесін: жүйрік ат, қыран, бүркіт, қаршыға, алғыр тазы, берен мылтық т.б. осы сияқты бұйымтайын нағашысы қолынан бермесе, жиен жолынан алуға ерікті, ол үшін жиен айыпты болмайды. Жиеннің қандай еркелігі болсын, нағашы жұрты көтереді де, оған әрдайым қамқорлық жасап отырады. Сондықтан да халық даналығы жігіттің үш жұртының болатынын айта келіп: «Өз жұртың – күншіл, қайын жұртың – сыншыл, ал нағыз қалтқысыз тіреуқорың – нағашы жұртың» дейді. Жиенді баласындай ардақтау – қазақ халқының қанына сіңген дәстүр.
Әдетте жиен нағашы атасынан гөрі, нағашы ағаларына өте батыл келеді. Олардың әрқайсысындағы мұндай қарым-қатынас аналық рудың қалдығын байқатады. Жиенді қадірлеу – ескі гректер мен герман тайпалаларында да ерекше болған. Олай болса, бұл ғұрыптың қазақ арасында осы уақытқа дейін сақталуы, басқа халықтар сияқты, қазақтардың өз дамуында аналық ру дәуірін өткізгенін дәлелдейді.
Балалығың ұстаса нағашыңа бар.
Нағашымен күрескен жиен жығылады.