Мұхтар Әуезов (1897-1961 жж.)
Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ ҚСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессор, Қазақ ҚСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Туған жері – бұрынғы Семей уезінің Шыңғыс болысы.
М.Әуезов – үлкен өмірлік, шығармашылық жолдан өткен ұлы тұлға. Оның алғашқы жиырма жылғы шағы өзінің сүйікті ақыны, әрі рухани ұстазы болған Абайдың балалық, жастық, жігіттік кезеңін еске түсіреді. Кейін оның атақты эпопеясында жазғаны да – сол дала, сондағы ауыл, сол қоғамдық орта. Атасы Әуез бен әжесі Дінасылдың тәрбиесінде болған бала Мұхтардың алғаш сауатын ашушы да атасы. Ол сол арқылы Абайдың өлеңдерін ауылдастарына оқып беретін дәрежеге жетеді. Бұдан кейін ол әуелі Семейдегі бес кластық орысша оқытатын училищені, содан соң сондағы мұғалімдік семинарияны тәмамдайды. Семинарияда жүріп өзінің тұңғыш шығармасы «Еңлік-Кебек» пьесасын жазады. Бір қыс Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде оқып, филология факультетінің жанындағы аспирантурада оқиды. Ұзақ зерттеп, кең тыныспен кіріскен «Абай жолы» романдарын Мұхтар он бес жылға жуық жазады.
Жазушының өзі айтқандай, «Абай» және «Абай жолы» романдарын жазу – жазушының шығармашылық өміріндегі сүйікті ісіне айналады. Абай жолы – халық жолы, халық жолы – Абай жолы. Осы бірлікті тарихи шындыққа сай асқан көркемдік шеберлікпен көрсету – Мұхтар Әуезовтың шығармашылық жеңісі еді.
Сол жеңісіне сай ол туған халқының құрметіне бөленді, өз заманының ең жоғары сыйлықтары – КСРО Мемлекеттік сыйлығы мен Лениндік сыйлықты иеленді. 1961 жылы қайтыс болғаннан кейін Республика Үкіметі қаулы алып, ұлы жазушының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты мен Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Әуезовтың аты берілді, әдеби-мемориалдық мұражайы ашылып, бірқатар мектеп, көше және Алматының бір ауданы М.Әуезов атымен аталды.
Сөздік
еске түсіру – вспоминать
сондағы – находящийся там, тогдашний
тәрбиесінде болу – быть на воспитании
сауатын ашушы – тот, кто обучил грамоте
сол арқылы – с его помощью
кең тыныспен – с полным воодушевлением
кірісу – приступить, взяться
сүйікті ісіне айналады – становиться любимым делом
бірлік – единство
тарихи шындық – историческая правда
көркемдік шеберлік – художественное мастерство
құрметіне бөлену – завоевать призвание
қаулы – постановление
мәңгі – вечно
есте қалдыру – оставить в памяти
әдеби-мемориалдық мұражайы – литературно-мемориальный музей
Тапсырмалар
1. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
2. Мәтіннен берілген келесі сөз тіркестермен сөйлем құрастырыңыздар: сүйікті ақын, сүйікті іс, тарихи шындық, шығармашылық жол, ұлы тұлға.
3. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
4. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.
5. Мәтіннен үстеулерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар. Үстеулердің мағынасын белгілеңіздер.
6. Мәтіннен сын есімдерді жазып алып, сапалық және қатыстық екенін белгілеңіз.
7. Мәтіндегі бірыңғай сөйлем мүшелері кездесетін сөйлемдерді жазып алып, сол сөйлемдердің синтаксистік талдауын орындаңыздар.