Кенесары хан (1802 -1847 жж.)
Кенесары Қасымұлы – қазақтың ең соңғы ханы. 1841-47 жж. билік құрған. Қазақ халқының патшалық Ресейге, Қоқан және Хиуа хандықтарына қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресін басқарушы. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы –қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғысханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Абылайдың әйелі қалмақтың Хочу мерген ноянының қызы Топыштан Қасым сұлтан туады. Кенесары осы Қасым сұлтанның баласы.
1822 жылы Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен сұлтан әкімдер билігін енгізеді. Сөйтіп, Ресей өкіметі қазақ елінің ішкі тірлігіне тікелей араласып, өз үстемдіктерін жүргізе бастайды. Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салады. Ол өз ойын Ресейдің жергілікті әкімшілігіне, сонымен қатар патшаның тікелей өзіне де жеткізеді. Бірақ патша өкіметі Кенесарының талаптарын орындаудан бас тартады. Сондықтан да ол өз мақсатын күшпен жүзеге асыруға кіріседі.
1841 жылы Кенесары Қасымов хан сайланды, оның саясатының басты мақсаты қазақ хандығын қайта қалпына келтіру болды. Кенесары мемлекетті басқаруда шариғаттың негізгі ережелерін енгізді, сонымен бірге билер сотын қалпына келтірді. Мемлекет пен оның әскерін нығайту жолдарын жетік білетін хан мұсылмандық құқық ережелерін бекітті. Салық саясаты да оны тиімді жолмен жинауға бағытталды. Кенесары қатаң тәртіп пен басқару принциптеріне негізделген Абылай атасының саясатын жүргізді. Кенесары Қасымовтың сіңірген тарихи еңбегі — ол қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, оны бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Кенесары ханның саясаты және идеологиясы ұлттың даму жолындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталды.
Сөздік
жою – уничтожить, ликвидировать
сөйтіп – итак, таким образом
ішкі тірлігі –внутренняя жизнь
тікелей араласу – зд: вмешиваться напрямую
үстемдік – господство, властвование
қалпына келтіру – придать форму
күш салу – приложить усилия
өз ойы – свои мысли
күшпен жүзеге асыру – осуществлять силой
шариғаттың негізгі ережелері – основные правила шариата
нығайту – укрепить
жетік білу – знать в совершенстве
жұмылдыру – привлечь, организовать
өзекті – основной
Тапсырмалар
1. Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын жоспар бойынша айтып беріңіздер.
2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
4. Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіз.
5. Мәтіннен сын есімдерді жазып алып, сапалық және қатыстық екенін белгілеңіздер.
6. Мәтіннен зат есімдерді (қатысты сөздерімен) жазып алып, жалғауларының түрін анықтаңыздар.