Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931 жж.)

Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931 жж.)

Жүсіпбек Аймауытов – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып-өскен жері – Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы.
Алғаш ауыл молласынан оқып сауат ашқан. 1907 жылдан бастап Баянауылдағы орыс мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс-қазақ мектебінде тиіп-қашып оқиды. Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітіреді (1914-1919 жж.).
Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде «Абай» журналын шығарысып, Қ. Сәтбаевпен, М. Әуезовпен танысады. Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), «Қазақ тілі» газетінің редакторы, Қарқаралыда мектеп мұғалімі (1922-1924 жж.), Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі (1924-1926 жж.), Шымкент педагогикалық техникумының директоры (1926-1929 жж.) қызметтерін атқарады.
Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі нағыз творчестволық толысқан кезінде қыршынынан қиылды. 1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған.
Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің әртүрлі жанрларында өнімді еңбек етіп, құнарлы шығармалар қалдырған. Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларының ішінде өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансапқорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия-Шәрбану», «Шернияз» атты пьесалары, көптеген әңгемелері мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Қүнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертегілері, сын мақалалары мен аудармалары енген. Және де «Комплекспен оқыту жолдары» атты мұғалімдерге арналған көмекші құрал, «Психология» оқулығы бар. Еуропа үлгісіндегі театрды енгізіп, режиссураның негізін салған. Ол А.Пушкин, Н.Островский, Н.Гоголь шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Сөздік

көрнекті – выдающийся, известный
қалыптастырушы – зд: основатель
туып-өскен жер – родная земля
тиіп-қашып – урывками
толысқан кезінде – в расцвете лет
қыршынынан қиылды – рано оборвалась жизнь
ұлтшылдық – националистический
жала – клевета
тұтқындау – арестовать, брать в плен
ұзақ – продолжительный
тергеу – расследование
үкім – приговор
өнімді еңбек – продуктивный труд
құнарлы – содержательный
қалдыру – оставлять
сын мақала – критическая статья

Тапсырмалар

1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
4. Мәтіннен етістіктерді теріп жазып, қандай тұлғада тұрғанын анықтаңыздар.
5. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
6. «Сын есім + зат есім», «үстеу + етістік», «зат есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.
7. Сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсетіңіздер:
қалыптастырушылардың (бірі), ауылшаруашылық, ұлтшылдық, тұтқындалып, өнімді, құнарлы, аудармалары, шығармалары.
8. Есімше мен көсемшелерді байланысқан сөздермен жазып алып, жұрнақтарын белгілеңіздер.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *