Жарапазан кезінде айтылатын тапқыр сөздер мен шешендік нақыштар
Жоспары:
1) Жарапазан өлеңдері дегеніміз не?
2) Жарапазан өлеңдерінің қазақтың әдет-ғұрпына байланысы
3) Жарапазан өлеңдеріндегі діни ұғымдар
Қазақтың өткен кезде дін салтына байланысты туған шығармаларының бір түрі – жарапазан өлеңдері деп аталады. Жарапазан айту салты қазақ арасында ислам діні енгеннен кейін туған.
Ислам діні бойынша оны қабылдағандар үшін жылына отыз күн ораза ұстау, күніне бес рет намаз оқу, қайыр-садақа беру міндет саналған. Олай етпеген жағдайда адам өлгенде жұмаққа бармай, тамұқтың отына күйіп жанады деп уағыздаған. Осының бәрін үгіт-насихат түрінде айту үшін дін иелері поэзияны пайдаланған.
Өйткені дін сөзі деп қожа-молдалар айтатын араб тілін қазақтар түсінбеген. Біріншіден, өз сөздерін халыққа ұғындыру үшін өлеңді қолайлы көрген. Екіншіден,қазақ халқының сауықшыл, өлеңшіл, үгіт сөзге құлақ түргіш келетінін ескерген. Жарапазан өлеңдерді ораза кезінде, құрбан айт кезінде садақа сұраушылар айтатын болған.
Айтамын байлар сізге жарапазан,
Молдалар ертең ерте айтар азан.
Айтқа жарапазан қайыр берсең,
Барғанда ақыретке болмас жазаң — деген сияқты сөздермен жарапазан айтушылар әндетіп, құдайды мақтап үгіт-насихат айтатын болған.
Жарапазан айтушылар өздерінің тұрмыс-тіршілігін, ауыр халін айтып садақа сұрап бір елден екінші елге жағалап жүріп айтқан.
Ассалаумағалайкүм, ақтан келдік,
Ауылы Арғын-Найман жақтан келдік.
Жарапазан айтумен үміт қылып,
Балалардың азығы жоқтан келдік.
Жарапазан өлеңдеріндегі көркемсөз, мұңлы зар, әртүрлі ақындық шеберлікпен айтылған өлеңдер адамдарға өте әсер еткен. Кей кезде жарапазан өлеңін айтушылар үй иелерін құттықтап, тілек айтып, сыйлық алатын болған.
Айтамыз жарапазан еліңізге,
Байлаңыз бір орамал белімізге.
Байласаң бір орамал белімізге,
Барамыз мақтап-мақтап елімізге.
Жарапазан өлеңдерінен халықтың көне дәуірдегі ҮІІ-ҮІІІ ғасырдағы әдет-ғұрыптарының айшықтарын көруге болады. Жарапазан әндерінде отбастарына денсаулық, мал-жанының көбеюі туралы, сәттіліктер мен жақсылықтар тілеп, адамдарға ізгі ниет білдіреді. Жасы үлкен кісілер жарапазан-бата береді.
Жарапазан батасы,
Сөзімнің жоқ қатасы.
Ораза тілеп айтамын,
Көрші үйдің атасы, — деп көрші-көлемге айтатын болған.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы: Санат, 1996-68-69 б.
Байқадамова Қ., Темірбекова А. Қазақтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндері. Оқу құралы, Алматы: Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың Білім Академиясының республикалық баспа кабинеті. 2001-298 б.