Естай Беркімбайұлы (1874-1946)
Естай Беркімбайұлы – ақын, композитор, ҚазССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері. 1868 ж. қазіргі Павлодар облысы Екібастұз ауданына қарасты Ақкөл ауылында өмірге келген.
Естай әндік-ақындық ортада өскен, анасы Күлипа мен ағасы Байтолым белгілі әншілер болған. Естай олардан жыр, дастандар мен толғауларды орындау мәнерін үйренген. 16 жасында халық әндерін талантты орындаушы, халықтық музыка дәстүрін жалғастырушы тұлға.
Оның «Жай қоңыр», «Наз қоңыр», «Майда қоңыр», «Хорлан», «Сандуғаш», «Гүлнәр» әндері көркемділігімен, саздылығымен дараланатын қазақ музыкасының інжу- маржаны. Классикалық «Хорлан» әні Естайдың есімін аңызға айналдырды. Бұл әннің әуені М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара», Е.Г. Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операларында, С. Шабельский мен Л. Шаргородскийдің қобызға арналған концерттерінде қолданады. М. Әлімбаевтың «Естай – Хорлан» атты поэмасы Естайға арналған. «Аңыздар» тарауында Естайдың Хорлан атты қызға ғашық болған махаббат тарихы баяндалады.
1939 ж. қыркүйегінде «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» деген құрметті атақ берілді. 1940 ж. Қазақстан Композиторлар одағына мүше болып қабылданды.
Шығармалары: «Майда қоңыр», «Жүректе», «Мәлике», «Өмір», «Қоңыр жел», «Дүние», «Шоққара ағаш», «Хұсни-Хорлан».
Сөздік
ортада өсу – расти в среде
орындау мәнері – манера исполнения
музыка дәстүрін жалғастырушы тұлға – продолжатель музык. традиций
дараланатын – отличающийся
саздылық – напевность
інжу- маржан – драгоценность
аңызға айналдыру – стать легендой
Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
2. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен ауыспалы осы шақтағы етістіктерді теріп жазыңыздар, жағын және жекеше немесе көпше түрін көрсетіңіздер.
4. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.
5. Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіздер.
6. Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.
7. Сөйлемдегі етістіктердің түрлерін белгілеңіздер: негізгі- туынды, негізгі- көмекші, сабақты- салт, болымды -болымсыз, дара -күрделі.
8. Мәтіннен алынған келесі сөздердің синонимдерін келтіріңіздер: өмірге келу, есім, талантты, қолдану, ана, белгілі, қолдану.