Бұқар Қалқаманұлы (1668 – 1781 жж.)
Бұқар Қалқаманұлы – қазақтың аса көрнекті жырауы, мемлекеттік қайраткері. Ұзақ ғұмыр сүрген ол көптеген тарихи оқиғалардың куәгері. Тәуке хан тұсында беделді билердің бірі болған. Материалдық-тұрмыстық қиындықтарды басынан кешіріп, Ақтабан шұбырынды жылдарда өз билігінен айрылған Бұқар жырау билік басына Абылай хан келгенде мемлекеттік істерге қайта араласады. Ханның бас кеңесшісі және ең беделді билерінің бірі бола отырып, жырау қазақ халқының өміріндегі күрделі мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарды.
Өз заманында Бұқар жырау білімдар адам болған және араб тілінде жазған. Оның поэтикалық мұрасынан бізге 1200 жолға жуығы жетті. Олар XIX-XX ғасырларда ел аузынан жиналып алынған болатын. Өз дәуірінің тұрақсыз және құбылмалы сипатын Бұқар жырау заңды құбылыс ретінде қабылдайды. Оның айтуынша, әлемде ешбір зат мәңгілік емес, адам өмірі мен табиғат та өзгереді.
Бұқар жырау бір орталыққа бағынатын біртұтас мемлекетке үш жүздің бірігуін аңсайды. Сондықтан да бұл арманын жүзеге асыратын Абылай хан деп санап, Бұқар жырау өзінің іс-әрекеті мен өлеңдері арқылы оны қолдап, хандық билікті нығайтып, дамыту жолында күрес жүргізеді. Ол орыс патшалығының басты мақсаты қазақ жерін отарлау саясатын жүзеге асыру екенін жақсы түсінді.
Өз туындыларында өзекті мәселелерді көтерген абыз ақын халықты бірлікке, достыққа және батылдыққа үндейді. Абылайдың кейбір іс-әрекеттерін қатты сынаған ол айбарлы ханның ақылшысы ғана емес, мемлекеттік саясат істеріне ықпал етіп отырған қабырғалы биге, өз заманының ұраншысына айналды.
Қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы, Далба тауының баурайында қайтыс болған.
Сөздік
ғұмыр сүру – прожить жизнь
оқиға – событие
куәгер – свидетель
тұс – сторона, среда
беделді – авторитетный, уважаемый
бірі болған – один из
қиындықтар – трудности
басынан кешіріп – пережить
Ақтабан шұбырынды – Великое бедствие
айрылу – потерять
қайта араласу – вновь заниматься
күрделі мәселелерді – сложные проблемы
білімдар — знающие, знатоки, ученые
жол жуық — примерное количество (произведений)
ел аузы — уста народа
тұрақсыз – неустойчивый
құбылмалы – непостоянный
заңды құбылыс ретінде – как закономерное явление
оның айтуынша – по его мнению
әлемде ешбір зат мәңгілік емес – ничего в мире не вечно
бағыну – подчинение, повиновение
нығайту – усилить, укрепить
түсіну – понимать
өзекті мәселелер – основные проблемы
үндеу – призыв, обращение
абыз – мудрый
сынау – критиковать
айбарлы – грозный, величественный
қабырғалы – сильный, крепкий
баурай – подножие, склон
Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
4. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
5. Асырмалы шырай тұлғасында тұрған сын есімдерді көрсетіңіздер.
6. Мәтіндегі бірыңғай сөйлем мүшелері кездесетін сөйлемдерді жазып алып, сол сөйлемдердің синтаксистік талдауын орындаңыздар.
7. Мәтіннен құрмалас сөйлемдерді жазып алып, түрлерін анықтаңыздар.
8. Мәтіннен келесі сөз тудырушы жұрнақтармен сөздерді теріп жазыңыздар: -лық, -лік,-дық, -дік, -тық, -тік; -шы, -ші; -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті; -сыз, -сіз; -гер, -кер.