Бейімбет Майлин (1894-1938 жж.)

Бейімбет Майлин (1894-1938 жж.)

Бейімбет Майлин (Бимағамбет) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып-өскен жері – Қостанай облысының Таран ауданы.
Алғаш ауыл молдасынан оқып, сауат ашқан. 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте, Уфадағы Медресе-Ғалияда оқып білім алған. Алғашқыда мұғалімдік қызмет атқарған (1916-1919 жж.). «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоциациясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатысты (1928-1932 жж.). Мұнан кейінгі жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор қызметін атқарды. Саяси репрессияның құрбаны болды.
Бейімбет Майлин – поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Ол «Садақ» қолжазба журналында, «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде жарияланған алғашқы өлеңдерінен бастап-ақ ел өмірінің сан-сала көкейкесті мәселелеріне ден қояды.
Бейімбет қазақ поэзиясында поэма жанрының өрісін ұзартып, өресін биіктетуге қомақты үлес қосқан. Ол «Байдың қызы», «Рәзия қыз», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Кемпірдің ертегісі», «Бөліс», «Мырқымбай» поэмаларының авторы. Бейімбет Майлин дарыны оның прозалық шығармаларында айрықша жарқырап көрінген. Ол – көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер.
Бейімбет Майлин – он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматович» атты роман жазған қаламгер. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол – ірілі-ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы. Бейімбет Майлин шығармалары қазақ әдебиетін барлық салада байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасайтын болады.

Сөздік

қалыптастырушы – основатель
туып-өскен жері – родная земля
алғаш – вначале
сауат ашу – обучаться грамоте
қызмет атқару – работать
ұйымдастыру – организация
бөлім меңгеруші – заведующий отделом
бірдей – одинаково
өнімді еңбек ету – продуктивно работать
қаламгер – писатель
қолжазба – рукописный
жариялау – публиковать
сан-сала – разносторонний
көкейкесті – актуальный
мәселе – проблема
ден қою – обращать особое внимание
өріс – сфера
ұзарту – продлить
өрес – статус
қомақты – весомый
жарқырап көріну – ярко засветиться
көркем әңгімелері арқылы – с помощью художественных рассказов
өзі өмір сүрген – то, что пережил сам
заман тынысы – зд: веяние времени
сомдай алу – описать
аяқталмай қалу – остаться незаконченными
мұның сыртында – за этим
ірілі-ұсақты – зд. небольшие

Тапсырмалар
Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
Мәтін бойынша синквейн ( 5 жол өлең- пятистишие) құрастырыңыз.
Берілген тірек сөздерден толық сөйлем құрастырыңыз: жарқырап, Бейімбет Майлин кемелдікпен, мәңгі,сауат ашқан, үлес қосқан.
Мәтіннен мекенжайды білдіретін сөздер мен сөз орамдарын анықтаңыз.
Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: мәселе, әнгіме, ден қою, сан сала, бірдей, қомақты, айырықша, байыту, мәңгі, атқару, саяси, алғашқы.
Мәтіннен етістіктерді теріп жазып, қандай тұлғада тұрғанын анықтаңыздар.
Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
«Сын есім + зат есім», «үстеу + етістік», «зат есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.
Сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсетіңіздер: орысша- қазақша, қалыптастырушы, ұйымдастыру, алғашқы, қаламгер, қолжазба.
Мәтіннен үстеулерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар. Үстеулердің мағынасын белгілеңіздер.
Мәтіннен зат есімдерді (қатысты сөздерімен) жазып алып, жалғауларының түрін анықтаңыздар.
Мәтіннен сан есімдерді теріп алып, мағынасын анықтаңыздар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *