Ақын Абайдың шешендігі
Сабақтың мақсаты: Студенттерге Абайдың тапқыр сөздер туралы мағлұмат беру.
Тапсырма
Сұрақтар
А.Құнанбаевтың қара сөздерін түсінудің қиындығы неде?
А.Құнанбаевтың ой терендігін дәлелдеңіз
Абайдың қара сөздеріндегі ғылым, білім, адамгершілік мәселелері
А.Құнанбаевтың қара сөздерін талдаңыз
Абай Құнанбаевтың Қара сөздері
Бірінші сөз
Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық — әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық: қылып жүрген ісіміздің бәрінің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.
Ел бағу? Жоқ елге бағым жоқ. Бағусыз, дертке ұшырайын деген кісі болса, не албыртқан көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!
Мал бағу! Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше, өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалаған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.
Ғылым бағу! Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсіз де кездемені жайып салып қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып, шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік.
Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған софылық!
Балаларды бағу! Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісінде білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харакетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірімнің, білімінің пайдасын тыныштықпен көрерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым.
Ақыры ойландым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде кім ішіне керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де ақыры осыған байландым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.
Екінші сөз
Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді: «енеңді ұрайын кең қолтық, шүлдіреген тәжік, арқадан үй төбесіне саламын деп қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке – үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп.
Ноғайды көрсе, оны да боқтап, күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай атқа мінсе, шаршап, жаяу жүрсе, демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңізші, түкке ыңғайы келмейтұғын, солдат ноғай, қашқын ноғай, «башалшік» ноғай деп.
Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп. Орыс ойына келгенін қылады деген… не айтса соған нанады, «ұзын құлақты тауып бер депті» — деп.Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай – ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.
Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. өзімен өзі әуре болып бірі мен бірі ешбір жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда, қазақтың өлісінің ақыреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдаларда, ептілік, қырмызылық сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат әсем де соларда. Оның малдыларына құзғын тамағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз.
Оның бәрі бірін бірі қуып, қор болмай шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері.
Төртінші сөз
Әрбір байқаған адам білсе керек. Күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек, осындай ғафилдік көп өткізіп елемеген кісінің не дүниеде, не ақыретте, басы бір ауырмай қалмаса керек. Әр бір уайым қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына не ақырет шаруасына өзгеден жинақырық болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кеніш болса керек. Енді олай болғанда үнемі уайым қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі уайым қайғыға жан шыдай ма екен? Үнемі күлмей жүре аламыз ба, үнемі күлмей жүруге жан шыдайма екен? Жоқ, мен үнемі уайым — қайғыменен бол демеймін. Уайым – қайғысыздығына уайым-қайғы қыл-дағы, сол уайым қайғысыздықтан құтыларлық орынды харакет табу керек, һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзіде уайым қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа қайғыны, орынды харекетпен азайт!
Шығар есігін таба алмай, уайым қайғының ішіне кіріп алып қамалып, қалмақ, ол өзі де – бір антұрғандық және әрбір жаман кісінің қылығына күлсе оған рақаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рақаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей уақытымен тоқтатады.
Көп күлкінің бәрінде мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау. Құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен келмейді, қолдан жасап, сырты менен бет аузын түзеп бай-бай күлкінің әнін сәндеп әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі. Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада бұл дүниенің рақатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне бірі мақтанып есіл өмірді ескерусіз босқа жарамсыз қылықпен қор еткізіп өткізеді де таусылған күніңде бір күндік өмірде бар малына сатып алуға таба алмайды.
Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ — өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды.
Бесінші сөз.
Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып буынды құртып, я көзден жас болып ағады. Қазақтар: «Ә, құдай, жас баладай қайғысыз қыла көр!» деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы жас баладан гөрі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең мақалдарынан танырсың : «түстік өмірің болса, күндік мал жи», «өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «мал – адамның бауыр еті», «малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық», «ер азығы мен бөрі азығы жолда», «ердің малы елде, еріккенде қолда», «берген перде бұзар», «алаған қолым-береген», «мал тапқан ердің жазығы жоқ», «байдан үмітсіз- құдайдан үмітсіз», «қарның ашса – қаралы үйге шап», «қайраңы жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр.
Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, әділет үшін қам жемейді екен, бірақ мал үшін қам жейді екен. Ол малды қалайша табуды білмейді екен. Бар білгені малдыларды алдап, мақтап алмақ екен, бермесе, оныменен жауласпақ екен, егер малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық, сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып, мал тапса, жазалы демесек керек екен.
Бұларының жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, өле жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ , біз де өзіндей болмасақ безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?
Алтыншы сөз
Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды — бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ, болса екен дейді. Олай болғанда, байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай, мал іздеп не керек? Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, күні басқалар да жалданып, бірлік қылады. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай, бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне бірі пәле іздейді. Не түсін не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?
«Ырыс алды –тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ақыретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады.
Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.
Кеселді жалқау, қылжақбас,
Әзір тамақ, әзір ас,
Сыртың – пысық, ішің – нас,
Артын ойлап ұялмас, — болып жүріп, тірімін деме, онан да алла жіберген ақ бұйрықтың өзі артық.
Абай мен Әбіш
Наушабай атты кісі жол жүріп келе жатып, Абай үйіне түсіпті. Жайғасып отырған соң ол:
Абайжан өзіңе асыл сөз, алғыр ой тауып айтқан кісі болды ма? – деп сұрапты.
Абай сәл ойланып, отырыпты да мына бір әңгімені айтып береді:
Менің Әбдірахман деген балам бар еді. Он тоғыз жасында Семейдегі орыс мектебіне түсірдім. Оны бітірген соң, Петерборға жібердім. Қыс оқып, жазда демалысқа үйге келді. Баламның алымдылығын сынап білейін деген оймен әңгіме үстінде:
Қалқам, Әбіш, осы әлемдегі жаратылыста ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма? – деп сұраған едім. Ол іркілместен:
Ақ зат асыл ғой ,- деді.
Неге қара зат асыл емес пе? Әбіш бетіме қарап күліп:
Қараны қалай асыл дейсіз?- деді.
Біріншіден, адам баласы барлық дүниедегі жаратылысты көзбен көреді емес пе? – дедім мен.
Бірақ көздің ағы көрмейді, ортасындағы кішкене қарашығы ғана көреді. Екіншіден қағаз ақ, одан адам оқып білім ала алмайды, үстіне қара сиямен жазғаннан өнер-білім алады. Үшіншіден жас шақта адамның сақал шашы қара болады. Осыған байланысты жас күнде адамда ақыл білім, қайрат, көп болады. Қартайғанда адамның шаш сақалы ағарады. Ал адамда ақыл білім қайрат та азаяды, сондықтан қараны асыл ма деп ойлаймын, — дедім.
Оның бәрін қалай білдіңіз?
Ақылмен білдім
Олай болса, ақыл мида болмай ма, ақыл-нұр, жарық зат. Ал жарық Ол да аққа ұқсамай ма? – деді Әбіш.
Ұлымның тауып айтқан сөзіне риза болып, маңдайынан сипадым.
* * *
Абай:
Жамандықты кім көрмейді. Үміт үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрсеге де баян жоқ екені рас. Мәңгілік ештеңе жоқ. Жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қыстың артынан көгі мол, шөбі шалғын жақсы жаз келмеуші ме еді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Абайдың үш билігі». Жалын №7,8 1998ж
2.Ә.Қоңыратбаев. Қазақ эпосы мен түркология. Алматы 1987ж
3.Б.Адамбаев. «Қазақтың шешендік өнері».1984ж
4.Б.Адамбаев. «Халық даналығы».1976ж
5.М.Тілеужанов «Ел әдебиеті»