Ақтамберді

Ақтамберді (1675 – 1768 жж. )
Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі Қаратауда туған, 1768 жылы Семей облысының Абай ауданындағы Жүрекжота деген жерде қайтыс болған. Жорық жырауы, әскербасы, қоғам қайраткері.
Қазақ халқы басынан кешірген ұлы күйзелістер кезінде өмір сүрген Ақтамберді 17 жасынан бастап қалмақтармен, Орта Азия билеушілерімен болған шайқастарға қатысады. Бұл соғыстарда ол батылдығымен ерекшеленеді, кейінірек әскербасылық қабілетімен де көзге түседі. Талай-талай ұрыстарда ысылып, батыр атанған Ақтамберді жырау тарихқа «Ұлы апат жылдары» болып енген оқиғалардың ішінде жүрді. Жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушылардың бірі.
Жоңғар мемлекетін талқандап, Қазақстанның шығыс өңірін жау қолынан босатқаннан кейін, Ақтамберді жырау қазақтарды ежелгі ата-бабалары өмір сүрген қоныстарына орналастыруға белсене атсалысты. Ол өз қарамағындағы қазақ руларын отырықшылыққа үйретуге тырысты. Бұл бағытта арық қазуды, бөген салуды ұйымдастырып, қазақтарды егін шаруашылығына үйретуді қолға алды.
Ақтамберді жырау туындылары негізінен нақыл-өсиет түрінде келеді. Олардан көшпелі қазақ халқының ой-арманын, мақсат-мүдделерін білуге болады. Көшпенділердің өміріндегі үй жануарлары, әсіресе жылқының орны мен рөлі туралы ой-толғаулары өзгелерден биік тұрады. Ол жылқы малын «ер қанаты» дей келе, оны жауға қарсы шапқан батырдың серігі ретінде суреттейді. Ақтамберді жырларының арқауы батырлыққа үндеу, жауға қарсы соғысқа жігерлендіру болып табылады. Ол жоңғарлардың билігінде қалған қазақ далаларын азат етуді, қазақ халқының өрлеуін, жоңғар басқыншыларын толығымен жеңуді армандайды.
Көптеген өлеңдерінде қазақ халқын жауға қарсы жан аямай күресуге шақырады. Ақтамберді жыраудың сұрапыл соғыстар мен қызу шайқастар кезінде туындаған өлеңдері XVIII ғасырдағы қазақтардың жауынгерлік өр рухын дәріптейді.


Сөздік

ұлы күйзелістер кезінде – в период великого упадка
ерекшелену – выделяться
әскербасылық қабілеті – способности военоначальника
талай-талай – неоднократно
ұрыстарда ысылу – закаляться в битвах
Ұлы апат жылдары – Годы великого бедствия
ұлт-азаттық күрес – национально-освободительная борьба
талқандау – разгромить, сокрушить
жау қолынан босатқаннан кейін – после освобождения от врага
қарамағындағы – находящиеся под его руководством
арық қазу – рыть канавы (каналы)
бөген салу – строить водохранилище
қолға алу – зд: заниматься
батырдың серігі – спутник (товарищ) батыра
жауға қарсы шабу – выйти против врагов
жігерлендіру – набраться отваги
азат ету – освободить
өрлеу – взлет, полет
басқыншылар – захватчики
толығымен – полностью
жан аямай – не жалея жизни
сұрапыл соғыстар – свирепые войны
қызу шайқастар – суровые битвы
жауынгерлік өр рухы – несгибаемый воинский дух
дәріптеу – восхвалять

Тапсырмалар

1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
4. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.
5. Сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсетіңіздер: ұйымдастырушылардың, басқыншы, жауынгерлік, ұлт-азаттық, егін, армандау, батырлық, жігерлендіру.
6. Мәтіннен біріккен және қосарлы сөздерді қатысты сөздермен бірге теріп жазыңыздар.
7. Тұйық етістіктерді жазып алып, қай тұлғада тұрғанын көрсетіңіздер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *