Ағыбай батыр
Ағыбай Батыр, Шұбыртпалы Ағыбай (1802,Ұлытау өңірі – 1885, Балқаш көлінің жағасы, Тасарал қамалы) – Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылығына қарсы көтеріліс басшыларының бірі, қолбасшы. Жорықта жолы болғыштығы үшін «Ақжолтай батыр» атанған. Сарбаздары Абылай есімімен қатар Ағыбай батырды да ұранға айналдырды.
13 жасынан қолына қару алып, 1824 жылы Қарқаралы аймағында Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтеріліске белсене араласты. Ағыбай батыр бастаған қол 1826-1849 жылдары аралығында Ресей әскерлерімен бетпе-бет шайқасып, бірнеше рет күйрете соққы берді. Ресей империясының Қазақстандағы тірек-орталықтары – Қарқаралы, Ақтау, Ақмола, Екатеринин бекіністеріне шабуыл жасап, патша әскерлерін Ырғыз, Тобыл өзендері бойындағы ұрыстарда, Қызылжар, Көкшетау шайқастарында тас-талқан етіп жеңген. Қырғыз манабы Орманға қарсы соғыстарда ерекше ерлік көрсеткен. 1847 жылы Кенесары ханның Кекілік тауындағы қырғыздармен айқасында Наурызбай батырмен бірге дұшпан шебін бұзып өтті.
Кенесары өлгеннен кейін де Ресей өктемдігіне қарсылығын тоқтатпай, Сыздық төре қолы құрамында соғыс жүргізді. Кейінірек, 1849 жылға дейін Ресей өкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуылдар жасаған. Өмірінің соңғы кезеңінде егіншілікпен, балық аулаумен айналысқан.
Дүниеден қайтқан соң Ресей үкіметі оның мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кешеніне жерлеуге рұқсат етпей, Сарыарқа мен Бетпақдаланың шектескен Тайатқан-Шұнақ деген жерінде жерленген. Кенесарының бас батыры Ағыбай батырдың өмір жолы қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің шығармаларына арқау болған. 1914 жылы Есім төренің көмегімен Ә.Бөкейханов Қазан қаласынан «Қызыл қайнар Тектұрмас» деген кітабын шығарды, С.Сейфуллин «Ақжолтай батыр» романын жазған.
Сөздік
отаршылдық – колонизация
көтеріліс – восстание
жорық – поход, нашествие
жол болғыштық – везучий
ақжолтай – удачливый, везучий
бетпе-бет – лицом к лицу
шайқасу – ссориться, бороться, сражаться
тас-талқан – разгром
манап – (ист.) привилегированное сословие
ерлік көрсету – показать образец храбрости
шебін бұзып өту – перейти границу
өктемдік – властный, напористый, повелительный
қарсылық тоқтатпау – не оказать сопротивление
қолы құрамында – в составе войск
қамал – крепость, укрепление, цитадель
мәйіт – труп, тело умершего
жерлеу – хоронить
арқау болу – стала основой
Тапсырма
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: кешен, жеңу, ерекше, өз бетінше, саясат, отаршылдық, ақжолтай.
4. Мәтін бойынша келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау (қолбасшы), морфологиялық талдау (ерлік көрсеткен), синтаксистік талдау (Дүниеден қайтқан соң Ресей үкіметі оның мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кешеніне жерлеуге рұқсат етпей, Сарыарқа мен Бетпақдаланың шектескен Тайатқан-Шұнақ деген жерінде жерленген).
5. Мәтіннен етістіктердің түрлерін белгілеңіз: негізгі -туынды, негізгі- көмекші, сабақты -салт, болымды- болымсыз, дара -күрделі.
6. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
7. Сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсетіңіздер: егіншілік, қаламгер, жерлеу, тірек -орталық, шығарма, көтеріліс.