Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1938 жж.)
Байтұрсынов Ахмет (1873-1938, қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Сарытүбек ауылы – Алматы) – қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы.
Ахметті әкесі Ерғазы Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 ж. бітіріп, ол Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895 жылдан 1909 жылға дейін Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады.
Байтұрсыновтың барлық жастық, саналы өмірін халқын отарлықтан құтқаруға сарп етті. Патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы қызмет жолына түсуі 1905 жылынан басталады. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынып, бірнеше рет тұтқындалды. 1913-18 ж. А. Байтұрсынов Орынборда өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейханов, М. Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ, қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Бүкіл қазақ жұрты «Қазақты» оқып, оңы мен солын тани бастады, жаңа қалыптасып келе жатқан ұлт зиялылары осы басылымды оқып есейді.
1919 ж. Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды, осы жылғы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-рев. комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Байтұрсынов 1920- 1928 жылдары түрлі мемлекеттік қызметке ат салыса жүріп, сонымен бір мезгілде өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан да қол үзбеген. 1928 ж. Алматыда ҚазМУ-дің ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты.
1929 ж. 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. 1930 ж. ату жазасына кесілді.
1933 ж. мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат беріледі. 1934 ж. М. Горькийдің жұбайы Е.П. Пашкованың көмегімен Байтұрсынов отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады. Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарды.
1937 ж. 8 қазанда тағы да қамауға алынып, екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды. Абақтыда отырған кезінде Байтұрсынов тергеушілердің сауалына: «Менің идеалым – қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетін мүмкін болғанша көтеру…» деп жауап қайтарған еді.
Байтұрсыновтың Абайдың ақындық шеберлігі, поэзияға деген көзқарасы туралы ғылыми тұжырымдары қазақ әдебиеттану ғылымында жалғасын тапты. Оның «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Сондай-ақ, ол – әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым. Байтұрсынов – қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті.
Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор. Байтұрсынов әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады.
Байтұрсыновтың «Оқу құралы» – қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. Байтұрсынов қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін қам қылды.
Байтұрсынов қазақ мектептерінің қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазды. Байтұрсыновтың ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі өз дәуірінде зор бағаға ие болды.
1929 ж. шыққан «Әдебиет энциклопедиясында» (Мәскеу) Байтұрсынов тұлғасына «аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогі. Ол қазақ тілі емлесінің реформаторы және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы» деген ғылыми әділ баға берілді.
Сөздік
саналы өмір – сознательная жизнь
отарлық – колонизация
құтқару – спасать
сарп ету – посвящать жизнь
зиялылар – интеллигенция
басылым – издание
есею – расти, мужать
келіссөз – соглашение
аттану – собраться в путь
тағайындалу – быть избранным
ат салысу – помогать, оказать поддержку
жаны сүйген – любимый
қол үзбеу – не прерывать связь
ауысу – поменять
қозғалыс – восстание
тұтқынға алу – взять под арест
тергеу – следствие, допрос
абақты – место заключения, тюрьма
жөнелтілу – быть отправленным
ату жазасына кесілу – быть приговоренным к расстрелу
нашарлап кетуіне байланысты – в сявзи с ухудшением
қалған мерзім – оставшееся время
айдау – гонения
бұрын босатылу – освободиться раньше
тұрақты жұмыс – постоянная работа
қысқа мерзімдік қызметтер – кратковременная служба
мүмкін болғанша – по возможности
ақындық шеберлік – поэтическое искусство
тұжырым – заключение
көзқарасы – взгляд
өркениетті – цивилизация
жанкешті – патриотический
ұсыну – предлагать
бейімделу – приспособить
қам қылу – заботиться
ұлан-ғайыр – бескрайний
Тапсырмалар
1. Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын жоспар бойынша айтып беріңіздер.
2. Мәтіннің абзацтарына сұрақтар құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
4. Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, синтаксистік талдау.
5. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
6. Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіздер.
7. Мәтіннен алынған келесі сөздердің синонимдерін келтіріңіздер: сауал, тұңғыш,негіз салушы, жұмыс, оралу.
8. Есімдіктерді жазып алып, олардың мағынасына қарай түрлерін белгілеңіздер.
9. Мәтіндегі бірыңғай сөйлем мүшелері кездесетін сөйлемдерді жазып алып, сол сөйлемдердің синтаксистік талдауын орындаңыздар.