Ат мінгізіп, шапан жабу (салт)

Ат мінгізіп, шапан жабу (салт)

«Рахмет қос мергенді аттандырды, Астына ат мінгізіп, шапан жауып». (С.Тұрғынбеков).
Құрметті қонаққа, ақынға, батырға, палуанға және сол сияқты елге еңбек сіңірген ардақты, айтулы азаматтарға ат мінгізіп, шапан жабу қазақ халқының ертеден келе жатқан аса лайықты, жарасымды ата салты, яғни бұл «батыр», «ақын», «палуан» деген құрметті атақтардан кейінгі берілетін құрметтеу, сый-сияпат, марапат, мадақ (награда) белгісінің айғағы, ең жоғары құрметі ретінде беріледі. Ат мінгізу, шапан жабу салты қазіргі күнде де жарасымды жалғасын тауып келеді. Мысалы, Ұлытауға келгенде қазақ елінің тұңғыш президенті Н.Назарбаевқа, Торғайда – ақын С.Мәуленовке, Шымкентте – жазушы Ш.Мұртазаға ат мінгізіп, шапан жабылуы ұлттық мәдениетімізідің, салт-дәстүріміздің қадір-қасиетін көтере түскені сөзсіз. Әділін айтсақ, мұндай құрмет қазіргі күнгі «машина кілтін тапсырды» дегеннен әлдеқайда абыройлы да асқақ естіледі!

Сөздік
еңбек сіңірген – уважаемый
айтулы – известный, достойный
ат мінгізу – дарить лошадь
лайықты – достойный, подобающий
жарасымды – к лицу, зд. доброе продолжение
құрметі ретінде – в знак уважения
көтере түскені – поднимает
сөзсіз – бесспорно
асқақ – величаво, возвышенно
естілу – слышаться

Тапсырма
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
2. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: сөзсіз, абыройлы, айғақ, берілу, әлдеқайда.
3. Мәтіннен -лы, -лі, — ды, -ді, -ты, -ті сөз тудырушы жұрнақтар арқылы жасалған сөздерді теріп жазыңыздар.
4. Мәтіннен біріккен және қосарлы сөздерді теріп жазыңыздар.
5. «Сын есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *