Азамат соғысы және шетел интервенциясы (1918 – 1920 жж.).

Азамат соғысы және шетел интервенциясы (1918 – 1920 жж.). 1918 жылдың көктемінде азамат соғысы басталды. Ресейдегі ақгвардияшылардың басшылары Қазақстандағы Кеңес үкіметіне қарсы Чехославак корпусының бүлігін ұйымдастырды. Бұл бүлік Солтүстік және Солтүстік-Шығыс Қазақстанды қамтиды. Олар Петропавлды, Ақмоланы, Атбасарды, Көкшетауды, Павлодарды, Семейді басып алды. Қазақстандағы ақтар қозғалысының басты тірегі Орал, Сібір, Орынбор және Жетісу Казак әскері еді.Чехославак корпусының бүлігі және соның артынша ішкі революцияға қарсы күштердің Кеңес үкіметіне қарсы қарулы күреске шығуы Қазақстандағы саяси жағдайды өзгертіп жіберді. Дутов әскерлері 1918 жылы 3 шілдеде Орынборды басып алып, Қазақстан мен Орта Азияны Орталық Ресеймен байланыстыратын темір жолды кесіп тастады. Азамат соғысы басталған кезде Қазақстандағы Кеңес өкіметіне қарсы батыста атаман Дутовтың әскерлері солтүстікте адмирал Колчактың әскерлері, Жетісуда атаман Анненковтың ірі әскери топтары күресті.Ақгвардияшылармен күресу үшін Қазақстанда Орал майданы, Ақтөбе майданы, Сотүстік Жетісу майданы құрылды. Қазақстан жеріндегі ақгвардияшыларға қарсы ірі соғыс операцияларын Фрунзе, Тухачевский, Чапаев сияқты белгілі қолбасшыларымен қатар Иманов, Жангельдин секілді талантты командирлер басқарды.Азамат соғысы басталғаннан кейін «Алашорда» басшылары Самарадағы құрылтай жиналысы комитетімен, Орынбордағы атаман Дутовпен және Омскідегі Колчакпен байланыс орнатты. Мұндағы «Алаштықтардың» мақсаты осылардың көмегімен қазақ халқына автономия әперу еді.1918 ж. Алаш Орда үкіметі бірқатар жарлықтар шығарды. Бұл жарлықтар бойынша Алаш территориясындағы Кеңес үкіметі шығарған заңдар күшін жояды деп жариялады. Ақгвардияшылардың көмегімен батыста, Торғайда, Қостанайда, Семейде, Алаш атты әскерлер полктерді құрылып, Қызыл Армияға қарсы күресті.Сонымен бірге қазақ еңбекшілерінен құрылған Қызыл әскер полктері де құрылды. 1918 жылы күзде Бөкей ордасында бірінші Қазақ Қызыл әскер полкі құрылды. Кеңестік Ресейдің Қазақстан мен Орта Азия кеңестеріне көрсеткен көмегінің айқын үлгісі Ақтөбе майданына қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізу жөніндегі экспедиция болды. Бұл экспедиция далалық өлкенің төтенше комиссары Әліби Жангельдиннің басшылығымен жүргізілді.1919 ж. жазында Шығыс майдандағы Колчак армиясының негізгі күшінің күйретілуі Батыс, Солтүстік, Солтүстік-Шығыс Қазақстан мен Жетісуды азат етуге қажетті жағдай жасады. 1919 ж. аяғында Қазақстанның негізгі территориясы ақгвардияшылардан босатылды.1920 жылы сәуірде Қазақстандағы ақгвардияшылардың соңғы тірегі Жетісу жері ақгвардияшылардан тазартылды. Ақгвардияшылардың қалдықтарымен бірге атаман Дутов пен атаман Анненков Қытайға қашты.1919 жылы наурызда Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті Алаш ордаға кешірім жариялағаннан кейін, алаштықтардың шығыс бөлігі Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар Кеңес үкіметі жағына шықты. 1920 жылы батыс алаштықтар да Кеңестер жағына шықты.Азамат соғысы жылдарында қазақ халқының жағдайы өте ауыр болды. Атаман Анненковтың жендеттері тарихта болмаған, бұрын-сонды адамзат баласы естімеген неше түрлі зұлымдықтарды істеді. Анненковшылар Аягөзге келгенде қаланың тең жартысын өртеп, 800-ге жуық адамды дарға асып, атқан. Семей қаласынан 50 шақырымдай жерде орналасқан Знаменка селосында жендеттер жергілікті тұрғындардың бірін қалдырмай бауыздап кеткен. Сонымен бірге азамат соғысы жылдарында Қызыл Армия жауынгерлерінің де халқымызға істеген зияны аз емес.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *