Абай Құнанбаев (1845-1904 жж.)

Абай Құнанбаев (1845-1904 жж.)

Абай ( Ибраһим ) Құнанбаев (1845-1904) – қазақ халқының ұлы ақыны, жазушы, қоғам қайраткері, қазіргі қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы.
Абай 1845 жылы қазіргі Семей облысының Абай ауданында туған. Абайдың әкесі өте қатал адам болса, шешесі Ұлжан қайырымды, мінезі жұмсақ, тілге бай адам болған. Әжесі Зере мен анасы Ұлжан Абайға ертегілерді, аңыз әңгімелерді айтып, жақсы тәрбиелеп отырған.
Абай жастайынан-ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Әкесі Құнанбай Абайды 9 жасында Семейдегі діни мектебіне береді. Семейде жүргенде ол орыс тілін үйренуге тырысады. Бұл медреседе араб, парсы тілдерінде, негізінен, дін сабағы жүргізілетін еді. Ол енді дін оқуын ғана місе тұтпай, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады, Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Хафиз, Физули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарына бауыр басады.
Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы «Приходская школаға» да қосымша түсіп, орысша сауатын аша бастайды. Бірақ 13 жасында Абайды әкесі бұл оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады.
70- жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады.
Абай Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты көп оқып, олардың шығармаларын қазақ тіліне аударады. Абай аударған Пушкиннің «Татьянаның әні», Лермонтовтың «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңдеріне ән де шығарады. Абайдың «Болыс болдым мінекей», «Сегіз аяқ», «Интернатта оқып жүр» деген өлеңдері болыс-билерді қатты сынға алады. Ол қазақ халқын мәдениетті болуға, орыс халқынан үлгі алуға шақырды.
Абай өлең шығаруды бала кезінде-ақ бастаған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі — ғақлия (немесе қара сөз) деп аталатын прозасы; үшіншісі — өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.
Абай 1904 жылы қайтыс болды. Ол өз шығармаларының кітап болып басылғанын көре алмай кетті. Абай өлгеннен кейін – 1909 жылы Петербургте – «Қазақтың ақыны Ыбыраһим Құнанбайұлының өлеңдері» деген атпен кітап болып шықты. Абай шығармалары кеңес дәуірінде көп данамен әлденеше рет жарық көрді. Орыс тіліне, орыс тілінен шетел тілдеріне аударылды. Бұл күндері Абайды, оның шығармаларын дүние жүзі біледі. Республикамызда көптеген мектептер және көшелер Абай есімімен аталады. Абай атында қала, аудан бар.
Сөздік
мінезі жұмсақ – мягкий характер
жастайынан-ақ – с малых лет
ерекше қабілет – особые способности
діни – религиозный
місе тұтпай – зд. не ограничиваясь
жетілдіру – совершенствовать
ұмтылу – стремиться
киссалар – мифы
бауыр басу – привыкать
баули бастау – прививать навыки, приучать
жете танысу – основательно знакомиться
шешен сөйлеу – красноречие
төселу – приобретать навык
елге танылу – стать известным в народе
аты шығу – его имя становится известным
билікке араласу – зд: приобщаться к власти
тәжірибе жинақтау – набираться опыта
көлеңкелі жақтар – темные стороны
сәуле түсіру – зд: улучшать
күш салып бағу – прилагать усилия
көңіл тоятындай – зд: чувство удовлетворения
пайдалы деп тапқан істер – дела, которые считал полезными ????
әсіресе – в частности
ықылас қою – уделять внимание
көзқарасы қалыптасу – формировать взгляд

Тапсырмалар

1. Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын жоспар бойынша айтып беріңіздер.
2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: қосымша, нәтиже, көзқарас, ұмтылу, ықпал, жүйе, араласу, пайдалы, жарық көру, алайда, бауыр басу, түсіну, жетілдіру.
4. Мәтіннен күрделі етістіктерді теріп алып, аударыңыздар.
5. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
6. «Сын есім + зат есім», «үстеу + етістік», «зат есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.
7. Мәтіннен құрмалас сөйлемдерді жазып алып, түрлерін анықтаңыздар.
8. Мәтіннен үстеулерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар. Үстеулердің мағынасын белгілеңіздер.
9. Мәтіннен есімше мен көсемшелерді жазып алып, олардың жұрнақтарын белгілеңіздер.
10. Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.
11. Сөйлемдегі етістіктердің түрлерін белгілеңіздер: негізгі- туынды, негізгі- көмекші, сабақты- салт, болымды -болымсыз, дара -күрделі.
12. Мәтіннен алынған келесі сөздердің синонимдерін келтіріңіздер: есім, қайтыс болу, негізін салушы, ұмтылу, қала, қасында, аудару, қайырымды, ту.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *