Қазақстандағы көп партиялық жүйенің қалыптасуы.

Қазақстандағы көп партиялық жүйенің қалыптасуы. Еліміздегі демократиялық процестердің жандануына байланысты 80-жылдардың аяғы 90-жылдардың бас кезінде Республикамызда түрлі бағыттағы қозғалыстар мен партиялар құрылды. Олар: экологиялық бағыттағы «Невада-Семей» қозғалысы, Балқаш пен Арал проблемалары жөніндегі комитет, Азат қозғалысы, белгілі бір ұлттың немесе ұлттық топтардың мүддесін көздейтін «Единство», «Алаш», «Желтоқсан», Қазақстан социал-демократиялық, Халық конгрессі тәрізді партиялар еді. 90 жылдардағы құрылған саяси қозғалыстардың бірі «Азат» қозғалысы еді. Халқымыздың тәуелсіздік алуы жолындағы қажырлы еңбек еткен саяси қозғалыстардың бірі «Азат» ұйымы болғандықтан оның жарғысына тоқтала кетейік.
Қазақстанның «Азат» республикалық қозғалысы еріктілік негізде Қазақстан азаматтарының басын қосатын саяси ұйымы. «Азат» Қазақстан жерінде гуманистық, әлеуметтік мұраттар мен ұлттық әділеттілікті мақсат ететін иманжүзді қазіргі дәуірге сай ұлттық демократиялық тәуелсіз мемлекет орнату жолында күреседі.
Қазақстанның толық саяси және экономикалық тәуелсіздігіне жету, ел басқаруда «Халық үкіметі» принципін қатаң сақтау, ұлттың өзін-өзі билеу саясатын іс жүзіне асыру, олардың саяси-әлеуметтік қамқоршысы болу «Азат» қозғалысының басты мақсаты.
Осы құрылған партиялармен қозғалыстардың ішінде ұлтаралық тыныштықты бұзып, келеңсіз қылықтарымен көрінгендері де болмай қалған жоқ. Мәселен, «Единство» партиясының қабылданған құжаттарында, партия халықтың барлық топтарын біріктіреді, ұлтына қарап бөлінуге жол бермейді, қозғалыс ұлтшылдықтың, шовинизмнің, ұлтына қарай артықшылық жасаудың кез келген көріністеріне қарсы күреседі делінген. Ал іс жүзінде олар Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіліне қарсы күресуде. Тек славян халықтарының мүддесін көтеруде.1994 жылға дейін Қазақстанда арнайы әділет министрлігінің тіркеуінен өткен мынандай партиялар мен қозғалыстар болды. Партиялар: Қазақстан социалистік партиясы, Қазақстан Республикалық партиясы, Қазақстан Халық Конгресі партиясы, Қазақстан коммунистік партиясы, Қазақстанның халықтық-кооперативтік партиясы. Қозғалыстар: «Невада-Семей», «Азат»,«Қазақстан жұмысшы қозғалысы», «Лад» республикалық славян қозғалысы. 1995 жылдан бастап елімізде жаңадан құрылған саяси партиялар пайда болды. 1995 жылы қаңтар айында Қазақстанның «Өрлеу» партиясы құрылды. Партия еліміздің әлеуметтік қорғансыз бөлігі: әйелдер, мүгедектер, зиялы еңбек қызметкерлерінің мүддесін қорғайды делінген. 1995 жылдың бас кезінде Қазақстанның аграрлық партиясы құрылды. Оның басты мақсаты ауыл шаруашылығы саласы халқының әлеуметтік-экономикалық және саяси мүддесін қорғау болды. Сонымен бірге 1999 жылы елімізде «Отан», Азаматтық партия сияқты жаңа партиялар да пайда болып, саяси процесстерге белсене араласуда. Бұлардың қатарын 2002 жылы наурыз айында құрылған «Ақ жол», 2003 жылы желтоқсан айында құрылған «Асар» партиялары толықтыра түсті. Сонымен, Тәуелсіздік алғаннан бергі саяси процестерді қортындылайтын болсақ, ол бірнеше кезеңдерден тұрады. Бірінші кезең (1991-1993 жж.) бұрынғы саяси жүйені өзгертіп, жаңа саяси жүйені қалыптастыруға бағыт алынды. Бір партияның билігі жойылып, көппартиялық жүйе енгізілді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары кеңейтілді. Елімізді парламенттік-президенттік басқару формасы қалыптасты. Екінші кезең (1994-1995 жж.) саяси жүйедегі еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени, психологиялық, геосаяси, ұлттық ерекшеліктерін қарастыру процессі жүргізілді. Алғаш рет еліміздегі Жоғарғы Кеңеске баламалы түрде сайлау өткізіліп, жергілікті жерлердегі өкілетті билік өкілдері қалыптасты. Үшінші кезеңде (1996-1998 жж.) 1995 жылы референдумда қабылданған Конституция, Президенттік басқару формасына өтуде заңдық тұрғыдан бекітіп, алдағы уақыттағы саяси жүйенің даму бағытын айқындап берді. Елімізде екі палаталы кәсіпқой Парламент және басқа да саяси жүйе институттары құрылды.Төртінші жаңа кезең 1998 жылдың қыркүйегіне бастау алады. Бұл кезең Президенттің Қазақстан халқына арналған жолдауын жария етуден және 1998 жылы күзде еліміздің Конституциясына және басқа заңдық актілеріне өзгеріс енгізуден, Парламенттің құқықтарын кеңейтуден басталды. Сайлау жүйесіне реформа да жүргізілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *