Орынбасар ДӘУРЕНБЕКОВ,
Нұр-Мүбарак университетінің магистранты
ҚҰТПАНЫҢ МӘН-МАҢЫЗЫ ЖӘНЕ ДІНДЕГІ ОРНЫ
1. Құтпаның тілдік және терминдік мағынасы
Тілдік мағынасы. Араб тілінің ғалымдары құтпа сөзінің «الخاء والطاء والباء» әріптерінен құралған сөздің мағынасы іс, жұмыс деген мағыналарды білдіреді дейді. Бұл іс сөзі үлкен іске де, кіші іске де айтыла береді. Осы мағынаға Алла Тағаланың:
«Ей, елшілер, жұмыстарың не? – деді», – деген сөзі келеді (Хижр сүресі, 57-аят).
Құтпа «الخُطبَة» мен хитба «الخِطبَة» сөздерінің айырмашылығы.
1. Құтпа көпшесі «خُطَبٌ» мағынасы өзгеге бір нәрсені түсіндіру үшін сөз айту;
2. Хитба көпшесі «خِطَبٌ» мағынасы үйленуге деген қызығушылығын білдіру (құда түсу, сырға салу).
«الخاء، والطاء، والباء» әріптерінен болған сөз:
1) Жалпы іс, жұмыс;
2) Үйленгісі келетін ниетін білдіру;
3) Адамның сөз байлығы, шешендігі сияқты үш мағынаның төңірегінде қолданылады.
2. Құтпа сөзінің терминдік мағынасы
Құтпа сөзін логистердің, философтардың, діни қызметкерлердің қолдануы.
1. Логистерше құтпа сөзі салыстырмалы істерге ақылдың үкім етуі;
2. Философтарша сөйлеуші адам тыңдаушысын дұрыс деп айтып жатқан нәрсесінде қанағаттандыра алуы;
3. Ислам дағуатшыларының қолданысындағы мағынасы. Шейх Әбу Захра: «الخطابةَ» деген сөйлеушіде болатын күшті сипат дейді. Оныменен «الخطيب» (құтпа қылушы) өзінің сөздерін жан-жақты жұмсауға күші жетеді және тыңдаушының нәпсісінде әсер қалдыра және тыңдаушыны қызықтырумен, қанағаттандырумен оларға жүктелген нәрсені қабылдата алады.
Доктор Махмуд Имаро: «الخطابة» пәні жамағатқа дәріс оқу жолымен болады. Дәріс ішіне тыңдаушыларды қанағаттандырумен және жүректерін баураумен өзіне тартады деген анықтама береді.
Сонымен қатар ол «الخطابةَ» негіздері:
1. Пікірлердің өзгеге, яғни тыңдаушыларға өтуі;
2. Осы пікірлермен тыңдаушылардың ақылдарын қанағаттандыру;
3. Олардың жүректерін баураумен талап етілген нәрселерге амал етуге себепші болу дейді.
Құтпаның маңыздылығы және жемісі
Ислам дінінде құтпаның маңызы үлкен және орны ерекше. Себебі оның барлық түрі адамдарды жамандықтан тыйылуға, жақсылық жасауға үндейді және Аллаға даналықпен шақырады.
Құтпаның ерекшелігі: ол пайғамбарлардың және елшілердің міндеті. Олардың жолына ілескен солихтар мен дағуатшылардың міндеті және ол адамның ең ұлы жерлеріне, яғни нәпсісіне, рухына, ақылына және ар-ұятына байланысты.
Құтпаның мақсаты: тыңдаушылардың және айтушылардың екі дүниеде де бақытқа бөленуі.
Құтпаның артықшылығы: оның артықшылығы өте үлкен. Орны биік. Өйткені ол рухтарды, нәпсілерді емдеумен байланысты. Олардың бақытқа жетулері үшін. Өйткені адам екі нәрседен, дене және рухтан құралған. Ол екеуі ауру-сырқауларға міндетті түрде жолығады. Сондықтан адам рухтың дәрігеріне де, дененің дәрігеріне де мұқтаж.
Құтпаның пайдалары мен жемістері
1. Құтпа – ойлау қабілеті төмен адамдардың да көзін ашуға себеп.
2. Құтпа – әртүрлі майдандарда (соғыс, келісімшарт, т.с.с.) мақсатқа, жетістіктерге жеткізетін жол.
3. Құтпа – қоғамды жандандырудың үлкен себебі. Адамдарды шындыққа, жақсылыққа шақыру арқылы, жамандықты қайтару.
4. Құтпа бір аспап сияқты – білімді ойдан-ойға, жүректен-жүрекке, пікірден-пікірге, ұрпақтан-ұрпаққа осы жерден басқа жерге жеткізетін құрал іспетті.
5. Құтпа – айна сияқты. Ол қоғамның күшті не әлсіздігін көрсетеді. Құтпа күшті болса, қоғам күшті. Құтпа әлсіз болса, қоғам әлсіз. Бұл жердегі күштілік пен әлсіздік рухани тұрғыдан айтылып тұр.
Құтпаны оқыту себептері және оны меңгеру жолдары
Құтпа кез келген пән сияқты бір топ факторларды қажет етеді. Құтпалыққа қызығушы адам сол жолдармен жүру арқылы қадаммен, сенімді нәпсімен құтпа ілімін меңгереді. Бұл жолдар мыналар:
1. Құтпа ілімін меңгеру факторларының бірі – табиғи дайындық және табиғи туралық және табиғи талант иесі болу керек. Себебі хұтпа табиғи мағыналы бір күш. Ол адамға Алладан беріледі, яғни кәсіп қылынбайды. Ол сатылмайды, сатып алынбайды.
Жалпы адамдар екі топқа бөлінеді:
Біріншісі, құтпаға бейім Алла Тағала берген дарыны бар. Құтпа ілімін үйренсе, жақсы хатиб болады.
Екіншісі құтпаға мүлде бейімсіз адамдар болады. Мұндай адамдар мен құтпаның арасы шығыс пен батыстай. Барлық адам хұтпа айтуға шамасы келмейді.
2. Құтпа ілімін меңгеру факторларының екіншісі – құтпа ілімінің негіздерін, оның мәселелерін, заңдарын терең оқу. Алла Тағала берген талантпен хұтпа ілімінің негіздерін оқу бір-бірінен ажырамас факторлар.
3. Үшінші факторы құтпа ілімін меңгеруде ол баспа құралдарын, яғни ағартушылық саласының кітап, газет, журнал, т.с.с. түрлерін, мысалы, шариғи білімдерді, қазақ әдебиетін, тілін, қоғамтану, психология, экономика, т.б. салаларды көп оқу.
4. Төртінші фактор. Хатибта батырлық сипат, нәпсісін тежеген ұстамдылық, көпшіліктен қысылмайтын батырлық сипаттары болу керек.
Құтпаның пайда болуы және тарихы
Құтпа – адамзат дәуірінің ерте кезеңінен басталды. Ол өмір сүруде, қоғамды реттеуде негізгі күш болды.
Ежелгі дәуірлер соғыстар дәуірі екені белгілі. Адамдар қару-жарақ, саймандарын күшейту, молайту ісімен қатар дипломатиялық жақтарын да жетілдіріп отырған. Бұл қазіргі уақытта да солай жалғасып жатыр.
Құтпа ілімі адамзаттың пайда болуымен пайда болды. Бұл жөнінде Алла Тағала «Рахман» сүресінің 3-4-аятында: «Адамзатты жаратты. Оған сөйлеуді үйретті», – деген.
Яғни Алла Тағала адамзатқа қалай сөйлеуді, өзара түсінісуді, өзгенің сұрағына жауап беруді, сөйлеу нығметін үйретті.
Алла Тағала «Нақыл» сүресінің 78-аятында: «Алла Тағала сендерді аналарыңның қарнынан ешнәрсе білмейтін түрде шығарда да, сендерге есту, көру және ойлау қабілетін берді. Әрине, шүкіршілік етерсіңдер», – деген.
Есту, көру, жүрек бұның бәрі сөйлеуге апаратын жолдар екені бәріне белгілі.
Құтпа ілімінің шығуын зерттеушілер төмендегідей шешім айтқан:
1. Құтпа ілімінің шығуы және өркендеуі ерте мәдениетке жатады. Ол ерте мәдениет – Мысыр мәдениеті. Доктор Ахмад Ғолум өзінің «Ескі Мысырдың діни пікірінің дамуы» деген кітабында: «Ескі Мысырда құтпа мына көріністе болатын. Көпшіліктің арасында халық құтпашылары дін шырақшыларына, билікке, құдайларына айтатын. Олар өз кезегінде патшаға жеткізетін. Халықтың (шағымын) патша орынбасарларына міндеттемелер жолдайтын. Кейде халықтың арасынан патшаға өзі тура келіп қоғамдық, экономикалық мәселелерді айтатындар шығатын», – дейді.
2. Гректердің мәдениеті хұтпа тарихының жалғасы болып саналады. Олардың дәуірінде хұтпа көп алға жылжыды. Саяси пікір-таласта партиялық жарыстың әртүрлі пікірлердің көбеюі байқалды. Бұл б.з.б. Х ғасырда болды. Гректер, сонымен қатар хұтпаны ғылыми түрде оқуды жолға қойды. Осы нәрсе хұтпаның негіздерін, заңдарын жазуға әкелді. Шейх Әли-Махфуз бұл жайында: Алғашқы хұтпаның үш қағидасын б.з.б. V ғасырдың соңы ІV ғасырдың басында грек философтары жазды. Б.з.б. ІV ғасырдың 322 жылы Аристотель – грек философиясының атасы ретінде көрінді. Ол хұтпа ілімін егжей-тегжейлі зерттеп, толық ғылым етіп жазып шықты деген.
Аристотельдің «әл-Хитаба» кітабында қамтылған нәрселер:
1) Құтпаның анықтамасы мен түсіндірмесі.
2) Құтпаның түрлері және оларды меңгеру, оны дайындау жолдары, даму кезеңдері;
3) Құтпа айтушының жаратылыс және мінез-құлық әдептерін, хатибта кездесетін кемшіліктерді түзету жолдары болды.
Бұл кітап араб тіліне хижра жыл санауы бойынша ІІІ ғасырда аударылды.
Ислам философы ибн Рушд бұл кітапты VІ ғасырда қысқаша жазып шықты. Кітап: «Талхиз әл-Хитба» («әл-хитбаның қысқашасы»), – деп аталды.
Құтпаның жеке ғылым болуы жайында шейх әбу-Захра да өзінің «Әл-Хитаба» кітабында айтты.
3. Құтпаның әрі қарай өркендеу кезеңі румдықтардың дәуірінде болды. Құтпа бұл кезеңде күштірек дамыды. Румдықтардың бұл пәнге мән бергені соншалық арнайы мектептерді ашты. Ұстаздарды Грекиядан шақыртты. Осылай дами келе хұтпа жоғары білім дәржесіне жетті. Сотта қорғаушы, беделді лауазымда істеу үшін хұтпа мектебін жақсы бітіру керек болды. Бай-манаптар балаларын ең жақсы хұтпа мектептерінде оқыту үшін ақшаларын аямады .
4. Құтпаның арабтардың жаһіл дәуірінде, яғни ислам діні келуден бұрын дамыды. Бұл кезеңді зерттеушілер: «Соғыс алаңы хұтпаның, яғни сөз шеберінің нағыз орны болды. Екі жақ соғысты бастамас бұрын шешендері бар өнерін салатын. Батырларды мақтау, ұлықтау көп көрінді», – деп баяндайды.
Сол уақытта құтпаның дамуы сол заманға, сол жерге сол тұрмыс-тіршілікке байланысты еді, яғни арабтардың кәсібі сахарада жорық жасау болды. Керуенге шабуыл жасау, екінші бір тайпаны талқандау сияқты арабтарда тайпашылдық қатты көрінді. Өз тайпасын қорғау, сүю, онымен мақтану, арын қорғау әрбірінің ең ұлы ісі тұғын.
Құтпаның дамуының екінші бір себебін зерттеушілер: арабтарда ауыз әдебиетінің мықты болуы хұтпаның дамуына ең үлкен себеп болды. Бірақ арабтар жазба жағынан әлсіз болуы себепті кітап болып басылмады. Ілім болып жалғасын таппады. Жәһіл дәуіріндегі арабтардың жазбасы тек бірнеше сауда үшін сандармен және саяси келісімдердің белгілерінен ғана тұрды. Бар өмірдегі мәселелер, ойлар, әдебиет, аңыз-дастандар ауызша ғана айтылып отырды дейді.
Арабтарда базар тек мал-дүние сатылатын орын емес, сонымен қатар ақын-шешендердің сөз таласып, жарысатын орны да екені құтпаның өркендеуіне жол ашты.
5. Құтпаның ислам дәуіріндегі кезеңі ислам келгеннен кейін ислам хұтпасын зерттеу мәселелері пайда бола бастады. Бұның даму себебі ислам дінінің келуімен байланысты болды. Бұл құтпалар исламға шақыру жағын қамтыды. Және:
1) Құран Кәрім;
2) Пайғамбарымыздың хадистері сияқты үлкен екі негізбен айқындалып отырды.
1) Жәһіл дәуіріндегі құтпа ауыз әдебиетінің күштілігімен болды. Ислам келуімен арабтардың жаман әдеттерін, яғни өтірікті, Аллаға серік қосуды, пұтқа табынуды, т.с.с. жойды. Сол уақытта ислам өзінің жақсы сипаттарымен көрінді. Исламның ұлылығына дәлел болатын нәрсе Жағфар ибн Әбу Талибтың Эфиопия патшасы Нәжәшиге: «Жаһіл дәуірінде пұтқа табынушы едік, өлекселерді жеуші едік, барлық жамандықты жасайтын едік, туысқандарымызбен барлық қарым-қатынасты үзетін едік, көршілерімізге жамандық жасайтын едік және күштілер әлсіздердің малын жейтін еді. Алла Тағала өз арамызда пайғамбар жібергенге дейін біз оның шыншылдығын, пәктігін, аманатшылдығын білетін едік. Ол бізді жалғыз Аллаға ғибадат етуге шақырды. Біздің және біздің ата-бабаларымыздың табынып келген тастарын пұттарды тастауға және бізге шын сөйлеуге, аманатты өтеуге, туыстармен жақсы қарым-қатынаста болуды бұйырды. Біз оны растап иман келтірдік» , – деп айтқан сөзінен көрінеді.
Жәһіл дәуірінде жаман адамдармен қатар аманатшыл, шыншыл, жомарт адамдар да болды. Ислам олардың жақсы жақтарын мойындады. Батырлық, мақтаншақтық, жарысушылық сипаттары исламды тарату жолында көп көмегі тиді. Байлардың әскери қару-жарақпен қамтамасыз етуі, кедейлерге көмектесуі мақсаттардың өзгергенін көрсетті.
Құранның араб тілінде келуі – бұл арабтарға берілген нығмет. Құран жайында Алла Тағала: «Оны сенімді Рух (Жәбірейіл) келтірді (193). Ескертушілерден болуың үшін жүрегіңе қойдырды (194). Ап-ашық бір араб тілінде (195)», – деп айтқан (Шуғара сүресі, 193-195-аяттар).
Алла Тағала барлық пайғамбарлар тілі жайында Құранда: «Әр пайғамбарды ашық түсіндірсін деп елінің тілінде ғана жібердік. Алла кімді қаласа адастырады да, кімді қаласа тура жолға салады. Ол өте үстем, аса дана», – деген (Ибраһим сүресі, 4-аят).
Алла Тағала пайғамбарымыздың хадисінің де уахидан екенін Құранда баяндап, «… Алланың аяттарын мазақ қылмаңдар және Алланың өздеріңе берген нығметін, әрі сендерді насихаттау үшін түсірген кітапты, хикметін (Құранды, сүннетті) түсініңдер….», – деген (Бақара сүресі, 231-аят).
Бұл аяттағы хикмет мағынасында пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан хадистері айтылып отыр .
Араб тілі – өте ашық, баянды тіл. Сөз құрылымы анық, ашық, нәзік, өткір болып келеді. Сондықтан Құран бір ғажап Алла сөзі. Құранның ғажаптылығы соншалық, ол адамдардың ой-сана, жүрегін баурап қана қоймай жын әлеміне де жетті. «Жын» сүресі 1-2 аятында: «Мұхаммед (с.ғ.с.) оларға: Жындардан бір тобының Құран тыңдағаны маған уахи етілді» – де. Сонда жындар: шынында бір ғажап Құран тыңдадық – деді (1). Құран бізді тура жолға салады. Енді соған иман келтірдік. Раббымызға ешбіреуді ортақ қоспаймыз (2)», – делінген.
Құран Кәрім арабтардың сөз өнері ең дамыған, балама мағына көп қолданылған, астарлы сөз көп айтылған тұсында түсті. Бұны бәрі мойындайды. Сөз өнері шыңға жеткен сәтте Құран келгенде таңғалмаған жан болмады. Арабтар, сонымен қатар зеректік, ақылдылық, тапқырлық жағынан да көп жарысқан. Құран келгенде арабтар жүректерінің Құранмен әсерленгенін, ақылдарының бұл адамның не жынның сөзі емес екенін байқады. Өйткені Құран ақылды күмәнсіз қанағаттандыратындай, сезімді қозғалтатындай, адамның ішкі сұранысын толық қанағаттандыратындай болып келді. Шейх Ахмад Махлауи өзінің құтбаларының бірінде: «Құрайыштар пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) пайғамбарлығына қарсы күресетін еді. Бірақ олар Алла Тағаланың кітабы Құранға ғажаптанатын. Құрайыш басшылары өздерінің күпірліктерін жасырғандығы үшін кешті күтетін, түнделетіп мұсылмандардың аулаларына Құран тыңдау үшін жақындайтын. Тыңдаған сайын жүректері әсерленгенін көріп дінге кіріп кетеміз бе деп қорқатын», – дейді.
Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келісімшарт жасамақ болып Әбу Уәлид Ғұтба ибн Рабиғ барды. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) мал-дүние, патшалық, абырой, т.б. молшылықтар ұсынды. Ол (с.ғ.с.) жағынан тек дінге шақыруын тоқтатуын сұрады. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ей, Әбу Уәлид, сөзіңді аяқтадың ба? – деп сұрады. Ол: «иә», – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Тыңдағын мені», – деп, «Фуссилат» сүресінің алғашқы аяттарындағы Алла Тағаланың: «…Мұхаммед (ғ.с.) олар бет бұрса: «сендерге Ғад, Самуд елінің басына келген найзағай сияқты апатты ескертемін» де (13)», – деген сөздеріне дейін оқыды.
Сол кезде Әбу Уәлид: «өтінемін сенен тоқтатшы», – деп қобалжып кетті. Ол аяттарды естіп әсерленген еді. Құран Кәрім келген күннен бастап бүгінге құтпаға таусылмайтын көмекші, аяқталмайтын қолдаушы, шегі жоқ кен болып отыр.
2) Діни құтпаға пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінің әсері.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінің құтпаға әсері зор. Өйткені Алланың елшісі (с.ғ.с.) өз нәпсісінен, өз ойынан сөйлемейді. Ол тек Алла Тағала уахи еткенін айтады. Алла Тағала құдіреті хадистерді Құранды тәпсірлеуші, баяндаушы, ашықтаушы етті. Және хадиспен Құранның үкімдерін, заңдарын іс жүзінде қалай орындалатынын көрсетті.
Бұл айтылғанды пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисі қуаттайды:
Имам Ахмад «Муснад» кітабынан риуаят етіледі: Айша (р.ғ.) анамыздан пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінез-құлқы жайлы сұрады. Айша (р.а.) анамыз: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінез-құлқы Құран еді» – деді. Қарапайым арабтар таңғалған Құранды жүрегіне берген, онымен сөйлеткен Алла Тағала пайғамбарымызға (с.ғ.с.) да шебер сөз сөйлеткен, үлігілі хикметтер берген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құтпаларын мінсіз, толық атқарды. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) басқа артықшылығы бар барша адамдармен салыстырсаңыз да пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жүрегі ең таза, ақылы ең өткір, ең кемел, ой-пікірі ең дұрысы болды. Ол (с.ғ.с.) құтпа алаңында жалғыз-дара еді. Әбу Бәкір (р.ғ.) таңғалып: «Арабтарды араладым, олардың ең шешенін де тыңдадым. Бірақ сізден (с.ғ.с.) шеберін көрмедім! Сізді кім әдептеді?!» – деген. Сол кезде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мені Раббым жақсы әдеппен тәрбиеледі», – деп айтқан (7). Бұл дәлел пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері Құран Кәріммен бірге ислам құтпасына үлкен үлес, әділдік қосады.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері хұтпаны қолдаушы, табиғи байлық, бұлақ көзі болады.
Енді құтпаның ислам дәуірінде қалай өркендегенін айтумен шектелеміз.
Осы айтылғандарға қосатынымыз Құран Кәрімде, хадистерде ислам дағуатын жаю әрбір мұсылман әйел, мұсылман ерге міндет екендігі айтылады. Бұлардан құтпаның ислам дінінде іс жүзінде даму керектігін білдіреді.
Ислам құтпасының дамуы әртүрлі дәуірлерде болды, әсіресе, исламда топтардың пайда болған ғасырларында қатты дамыды. Ол топтар шиға, муғтазила, хауариж, т.б.
Осы топтардың өкілдері өздерінің ойларын басқаларға байлауға, тартуға қатты тырысты. Міне, осындай істер құтпаның дамуына, өркендеуіне әсер етті. Құтпа осыдан кейін теориялық және практикалық жағынан дамыды. Біздің заманымызда қазір ислам құтпасы ғылыми пәнге айналды. Жоғары оқу орындарындағы дін негіздері және дағуат факультеттерінде оқытылады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Шейх Мұхаммед Әбу-Захра. Әл-Хитба. Матбағат әл-ғулум.1934.
2. Доктор Махмуд Имаро. Уизарат әл-Ауқаф. –Каир, 1986.
3. Әли Махбуз. Дар ән-Насыр. –Египет: Шобра, 1984.
4. Ибн Хишам. Сира.–Бейрут: «Дар ибн Хазым» баспасы, 2009.
5. Куртуби. Тәфсир. Муәссасат әл-рисала. –Каир, 2006.