Құрлық жануарларының ылғал теңестігін реттеу жолдары

Құрлық жануарларының ылғал теңестігін реттеу жолдары
Жануарлар сыртқы ортамен ылғал (су) алмасу арқылы денесіне қажетті судың қалыпты дейгейін теңестіреді. Жануарлардың ылғал алмасуы ағзаның суды сыртқы ортадан қабылдап алуы және оны сыртқы ортаға бөліп шығаруы деген бір-біріне қарама-қарсы екі түрлі үрдістен құралады.
Суды сыртқы ортадан алудың тікелей бір жолы – оны ішу. Көптеген жануарлар тікелей ішу арқылы судың қажеттігін қанағаттандыруға бейімделген. Суда тіршілік ететін жануарлардың да көптеген түрлері суды ішу арқылы денесіне сіңіреді. Денесінен сыртқы ортаға шығарылатын су нәжіспен, несеппен бірге және булану арқылы шығады. Кейбір жануарлар, әсіресе суда тіршілік ететін жануарлардың көпшілігі суды денесінің сыртқы жамылғысы (терісі) арқылы немесе сіңіріп өткізуге бейімделген арнайы ұлпалар арқылы сіңіреді. Құрлықта тіршілік ететін қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар, омыртқасыз жануарлар жауынның шықтың суын және топырақтың, тұманның ылғалын терісі арқылы бойына сіңіріп алады.
Сыртқы ортадан алатын судың тағы бір негізгі көзі – жануарлардың қоректік заттары. Қоректік заттарда судың екі түрлі көзі бар. Балауса жас шөптің массасының 80-ге таяу пайызын су иеленеді. Бұл – қоректегі еркін су. Одан басқа тағы да химиялық қосылыстардың құрамындағы судың қоры бар. Жануарлар қоректің құрамындағы еркін суды қорекпен бірге тура пайдаланады. Олардың жеген қоректік органикалық заттары тотығып ыдыраған кезде (яғни ас қорытылған кезде) зат алмасу суы деп аталатын су бөлініп шығады. Зат алмасу суы кепкен, құрғақ, қоректік заттың құрамында да болады. Ешбір сусыз шөлде мекендейтін сарышұнақтар, шөл егеуқұйрығы, қосаяқтар, қоянның кейбір түрлері, Сахара шөлінде тіршілік ететін феннек атты түлкі, кірпінің түрлері көптеген омыртқасыз жануарлардың барлығы да қоректік заттың құрамындағы суды қанағат етіп тіршілік етеді. Әсіресе жыртқыштардың қоректенетін етінің құрамында су көп болады. Мысалы қоянның 1кг жас етінің құрамында 692г еркін су, 156г зат алмасу суы бар. Сонда 1кг қоян етін жеген жыртқыш 848г сумен қамтамасыз етіледі. Бұдан біз көптеген жағдайларда жануарлар өзіне қажетті суды қоректен алатынын көреміз. Жеткілікті мөлшерде қоректенген жануарлар семіріп денесіне майдың қорын жинайды. Жиналған майды қажетті кезінде жануарлар, біріншіден жылудың көзі ретінде, екіншіден, зат алмасу суының көзі ретінде пайдаланады.
Құрлықта тіршілік ететін жануарлар өздерінің тіршілігіне қажетті судың (ылғалдың) тапшылығына жиі ұшырайды. Сондықтан олар денесіндегі ылғалды үнемдеуге әртүрлі жолмен бейімделген.
Кейбіреулері ін қазып, көлеңкелі салқын жерлерді паналап, сулы жерлерге жақын мекендеп, немесе ұзақтағы суатқа шұбыру тәрізді мінез-құлықтық бейімделу арқылы тіршілігіне қажетті судың мөлшерін реттейді. Жер бетінде ауа өте құрғақ кездің өзінде індегі ауаның ылғалдылығы 100%-ға жуық болады. Сондықтан көптеген жануарлар ін қазып тіршілік етуге бейімделген. Олардың көпшілігі жаңбырлы, ылғалды күндерде немесе кешкі салқында, түнде ғана інінен шығып, белсенді тіршілік етеді.
Жәндіктердің денесіндегі ылғалын буландырмай қалыпты деңгейде реттеп ұстауға бейімделген морфологиялық қасиеттеріне хитин қабықшасындағы су өткізбейтін эпикутикула қабатын, бауырымен жорғалаушылардың терісінің сыртын қаптаған қатты қабықшасын, құрлық ұлуларының бақалшық сауытын атауға болады.
Ылғалдылығын тұрақты сақтау үшін несеп және нәжіс айыру кезінде денесінен шығатын судың мөлшерін азайту, зат алмасу үрдісінен шыққан суды тұтыну, несептің мөлшерін азайту, ылғалдылықтың азаюына төзімділігін жоғарлату т.б. физиологиялық бейімділіктері көмегін тигізеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *