Қылқан жапырақты орман белдемшесі

 Қылқан жапырақты орман белдемшесі

Қылқан жапырақты орман, яғни тайга белдемшесі тундраның оңтүстігінде қылқанды ағаштардан құралған бітік, байтақ орман алқабын иеленіп жатыр. Тундрамен салыстырғанда қылқан жапырақты орман белдемшесінің климаты жұмсақ. Желі де, аязы да сонша қатты емес және вегетациялық кезең айтарлықтай ұзаққа созылады. Жылдың ең жылы айы – шілденің орташа температурасы тайга белдемшесінің солтүстік өлкелерінде +12°С, оңтүстігінде +19°С. Батысынан шығысына қарай қысы суыта, жазы – жылы, қуаңдана түседі. Жылдың ең суық айы – қаңтар айының орташа температурасы батысында – 10-15°С, ал шығысында — 43°С, жылдық жауын-шашынның мөлшері бұл белдемшенің батысында 600мм, ал шығысында 300 мм-ден аспайды. Жылдық жауынның мөлшері жылына жер бетінен буланатын ылғалдың мөлшерінен көп, сондықтан өсімдіктің өсуіне ылғал жеткілікті ғана емес, қажеттіліктен артық. Сондықтан мұнда топырақтың шайылуы және батпақтану құбылысы орын алады.Евразия құрлығында қылқан жапырақты орманның негізін шырша (Picea), самырсын (Abies), қарағай (Pinus), балқарағай (Larix) туыстарына жататын ағаштар құрайды. Неарктикалық тайгада (Солтүстік Америка), бұлардан басқа тсуга (Tsuga), туя (Thuja) деп аталатын қылқан жапырақты ағаштар орманның негізін қалайды.

Қылқан жапырақты ағаштардың жапырағы қылқан тәріздес (яғни тікен тәріздес) жіңішке, үшкір. Ол көбінесе қыста да түспей, ағашта сақталады. Сондықтан вегетациялық кезеңді кеңінен пайдаланып фотосинтезді ұзақ уақыт жүргізуге мүмкіндік береді. Және ағаштарды қыста қураудан сақтайды. Қылқанының демтесігі жабық кезде қылқанды ағаштар денесінен ылғалды өте аз буландырады. Қылқанды ағаштар қыстың суығына төзімді, қандай да салқын кездердің өзінде ассимиляция жүргізуге қабілетті. Олардың сұлбасы  (крона) жіңішке және ұшар басына қарай конус тәріздес сүйір болғандықтан қыста бұтағына қар аз тоқтайды (қардың салмағын көтере алмай сыну қаупі аз). Сұлбасы конус тәріздес болғандықтан күн сәулесі барлық бұтақтарына біркелкі түсу мүмкіндігі мол.

Қылқан жапырақты орман көбінесе монодоминант немесе олигодоминант құрылымды, белдеулік қабаты (ярус) көп емес: ағаш, бұта, бұташалы-шөптесін белдеулері және топырақ бетіндегі мүк немесе қына қабаты деген 3-4 белдеу қабаттан тұрады.

Орман түзуші ағаштардың құрамына және олардың экологиялық ерекшелігіне сәйкес қылқанды орманды күңгірт қылқанды және ақшыл қылқанды деп бөледі. Күңгірт қылқанды тайгалық орман шырша, самырсын, сібір қарағайы қатарлы ағаштардан құралады. Ақшыл қылқанды тайганы балқарағай құрайды. Күңгірт қылқанды орманды түзетін шырша, самырсын, сібір қарағайлар – көлеңке сүйгіштер. Сондықтан олар өте бітік өседі. Ондай бітік орманның жер бетіне күн түспейді, түссе де күн сәулесі жетіспейтіндіктен бұталар аз, бұташық пен шөптесін өсімдік мүлдем өспеуі де ықтимал. Сол себептен оның фитоценозы ағаш белдеуінен басқа шөптесін және мүк белдеуінен немесе ағаш және мүк белдеуінен ғана құралады.

Ақшыл қылқанды орман жарықсүйгіш ағаштардан (балқарағай, кәдімгі қарағай) құралады. Сондықтан олар өзара алшақ орналасып сирек орман алқабын тұзеді. Орман ағаштары сирек, күн сәулесі жеткілікті болғандықтан ағаштардың арасына әлпеншек (Rhododendron), гүлбұршақ (Cytisus), қарақат (Ribes), итмұрын (Rosa) қатарлы бірталай бұталар және шөптесін өсімдіктер өседі. Топырағының бетін жапқан әртүрлі қыналар мол кездеседі. Шұғыл континентік климат жағдайы өскен сайын сібір балқарағайының орынын даур балқарағайы басып, ақшылқылқанды орман онан сайын сирей түседі. Қылқанжапырақты орман белдемшесінің кейбір тау қойнаулары мен өзен аңғарларында қайың (Betula), терек (Populus), қандыағаш (Alnus) т.б. ұсақжапырақты орман алқаптары да кезделеді және олар тайгалық орманды мекендейтін жануарлардың алуантүрлігінің көбеюіне үлкен рөл атқарады.

Тундрамен салыстырғанда қылқанжапырақты орман белдемшесі жануарларға бай. Себебі: орманда қоректік заттар мол, қысқы суықта көптеген жануарлар орманды паналайды және жыртқыштардан жасырынып қорғанады. Қылқанжапырақты орманның ағаштары мен бұталары алуан түрлі жәндіктер мен ұсақ құстардың мекенжайы, қорғанышы және қоректік көзі бола алады. Тайгалық орман жануарларының арасында қоректік байланыстың сан алуан түрін кездестіреміз. Әртүрлі жәндіктер өсімдіктің шырынын, балын сорып, жапырағын, тамырын, сүрегін т.б. вегетативтік және генеративтік мүшелерін жеп тіршілік етеді. Орманның жасыл ұлпаларымен (жапырақ, өркен, бүршік) қоректенетін жәндіктер өте көп. Олар хлорофитофагтардың қоректік тобын құрайды. Мысалы, қарағай жібеккөбелегінің, сібір жібеккөбелегінің дернәсілдері күрт көбейген жылдары қыруар орманның қылқанын әп-сәтте «жалмап» қояды. Жәндіктердің келесі бір тобы орман ағаштарының қабығын, тінін, сүрегін жеп зақымдайды. Бұлар діңжеушілер, яғни дендрофагтардың қоректік тобын құрайды. Бұл топтың өкілі ретінде қылқанды орман ағаштарда, кең тараған қабық жегі (Ipidae), сүген (Cerambycidae), зер (Buprestidae) қоңыздар тұқымдасына жататын көптеген түрлі қоңыздарды атауға болады.

Жылы маусым басталысымен қылтанжапырақты орман белдемшесінде маса, сона, құмыты, қатарлы көптеген қансорғыш жәндіктер құжынап шығады да жаз бойы ұрпақ шашып, популяциясының санын көбейтеді. Бұлар қансорғыш тоғышар жәндіктердің яғни гематофаг паразит жәндіктердің қоректік тобына жатады. Тайга орманында көптеп кездесетін және адамның денсаулығына аса қауіпті гематофаг паразиттің бірі-тайга жөлек кенесі (Ixodes persulcatus). Ол өрмекші тәрізделер класының кенелер (Acari) қатарына, жөлек кенелер (Ixodidae) тұқымдасына жатады. Тайга жөлек кенесі кеміргіштердің қанын сорған кезде энцефалит ауруының вирусын өзіне алады да келесі ретте адамның қанын сорса адамға жұқтырады. Энцефалит – мидың қабыну ауруы. Асқынған жағдайда адамды өлімге ұшырататын, не жарымжан болдыратын қауыпті ауру.

Тайга орманында жыртқыш жәндіктердің яғни зоофагтардың қоректік тобын құрайтын ызылдақ қоңыздар (Carabidae), көптеген түрлі өрмекшілер (Aranei) мен қырықаяқтар (Myriapoda) және құмырсқаның (Formicidae) түрлері көптеп кездеседі. Бұлар орманның зиянкес жәндіктерін жеп, олардың санын тұрақты деңгейде ұстап тұратындықтан орман шаруашылығына маңызы зор.

Орманда жыл сайын қурап түскен жапырақ, ескі шөп, ағаш бұталардың қалдығын және өлген жәндік пен жануарлардың өлексесімен қоректеніп, олардың ыдырап қарашіріндіге айналуына көмегін тигізетін омыртқасыз жануарлардың тобы аса көп. Олар тайга орманының топырағында (басым көпшілігі топырақтың 5-20 сантиметрге дейінгі беткі қабатында) кездеседі. Олар шіріндіжегілердің яғни сапрофагтардың қоректік тобы деп аталады. Бұл қоректік топқа топырақта тіршілік ететін жұмыр құрттар (Nematodes), буылтық құрттар (Annelides), сауытты кенелер (Oribatei), есек құрттар (Isopoda), көптеген жәндіктердің дернәсілдері жатады. Заттектердің табиғаттағы айналымын жылдамдатып, топырақта қарашірінді түзіп құнарландыруға бұл қоректік топтың маңызы орасан зор.

Қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылар – жылу сүйгіш жануарлар, олардың көпшілігі климаты жылы субтропикалық белдемде кездеседі. Салқын қанды омыртқалы жануарлардың ішінен суыққа ең төзімді кейбір өкілдері ғана тайга белдемшісінде кездеседі. Атап айтсақ төртсаусақты құйрықты бақа яғни тритон (Hynobius keyserlingi), сібір бақасы немесе қызылаяқ бақа (Rana amurensis), шөп бақа (R.temporaria) қатарлы өкілдері тайга белдемшесінің тундрамен шектесетін солтүстік шекарасына дейін жетіп тараған. Тайганың Европалық бөлігінде сүйіртұмсық бақа (R.arvalis) кең тараған. Ол тіршілігінің көбін құрлықта өткізеді. Тек уылдырық шашатын кезінде ғана суда мекендейді. Тайга белдемшесінің оңтүстік бөлігінде құрбақаның (Bufo) кейбір түрлері кездеседі. Бауырымен жорғалаушылар класынан сұржылан (Vipera berus), балалағыш кесіртке (Lacerta vivipara) қылқан жапырақты орман белдемшесінің барлық жерінде, ал сарбас жылан (Natrix natrix) оңтүстік бөлігінде тараған.

Қылқан жапырақты орман белдемшісі құстарға бай. Бұл белдемшеге тән негізгі құстарға сұрқұр (Bonasa bonasa), меңіреу құр (Tetrao urogallis), кәдімгі құр (Lyrurus tetrix) және ақ құр (Lagopus lagopus) қатарлы тауықтәріздес құстар жатады (26-сурет). Бұл құстардың биоэкологиялық тіршілігінде көптеген ұқсастық бар: қай қайсысы жыныстық қатынасқа түсерінде қанат-құйрығын жайып, ерекше қозғалыстар жасап қораздану жоралғысын жасайды. Қыста қардың астынан үңгір жасап сол үңгірде түнейді, күндіз тіршілігінің көбін жерде өткізеді, әредік ағаштың бұтағына шығып қайың, қандыағаш, талдардың бүрін, бүршігін, сырғагүлдерін және бұтақтардың ұшының жіңішке жұмсақ бөлігін жеп қоректенеді. Жазда өсімдіктің жапырағын, жемісін тұқымын қорек етеді. Балапандары әртүрлі жәндіктерді де теріп жейді. Бұл құстардың ұрғашысы жұмыртқа басады, ал еркегі ұясының маңайында ұрғашысын қорғаштап жүреді. Аталмыш тауықтәріздес құстар ширақ балапанды құстар тобына жатады: жұмыртқадан жаңа ғана жарылған балапаны қауырсынының суы кеуіп бола бере ұясынан шығып, енесіне еріп өздігінен тіршілік ете бастайды.

Жоғарыда аталған құрлар – отырықты құстар: жылдың барлық мезгілінде қоныс ауыстырмай бір орында ғана мекендейді.

Қыста қардың астын қуыстап үңгір жасап, сонда түнеп және суықтан қорғануға бейімделгенінің нәтижесінде бұл құстар тайга орманының табиғи жағдайына жақсы бейімделген.

Тайга орманының табиғи жағдайына жақсы үйлескен тағы бір құс – шыршашыл  қайшауыз — Loxia curvirostra (26-сурет). Оның тұмсығының астыңғы және үстіңгі жақтауы өзара айқасып орналасқан. Тұмсығының осындай айқыш құрылымының арқасында ол қылтан жапырақты ағаштардың бүрін оңай және өте тез жарып, бүрдің ішіндегі тұқыммен қоректенеді.Шыршашыл қайшыауыздың қорегінің 85-90 пайызы қылтан жапырақты ағаштардың тұқымынан құралады.

Қылқан жапырақты орманға жақсы бейімделген, тұқым жегіш құстың тағы бір өкілі – самыркеш (Nucitraga caryocatactes). Бұл құстың тұмсығы ұзын, бұтақтан бұтаққа өте ептілікпен секіріп, ағаштың бүріне аспақталып тұрып аса шеберлікпен бүрді жарып, тұқымын теріп жейді. Ол көбінесе қарағай, шыршаның тұқымымен, аздап жәндіктермен қоректенеді. Тұқымнан қысқа қор жинайды. Бірақ оны қыста түгелдей пайдаланбайды.

Тайгада жыртқыш құстардың да көптеген түрі кездеседі. Мұнда   тұрақты және жиі кездесетін жыртқыш құстарға қаршыға (Accipiter gentilis), қырғи (A. nisus) қатарлы күндіз белсенді тіршілік ететің жыртқыштар ұсақ құстарды және тиін, қоян, борша тышқандарды қорек етеді. Түнде белсенді тіршілік ететін жыртқыш құстардың тайгалық орманға тән өкілі – кезқұйрық жапалақ (Strix uralensis). Ол тайгада тұрақты тіршілік ететін отырықты құс.  Бірақ кей жылдары тайгада қоректік жануарлар жетіспеуіне байланысты аралас орманға немесе жапырақты орманға қоныс аударады. Кезқұйрық жапалақ тайга орманыңда ұсақ құс, кеміргіштермен қоректенеді.

  1.  

26-сурет. Тайғалық орман белдеміне тән жануарлар:

төрт саусақты құйрықты бақа – тритон; 2- сұр құр; 3- меңіреу құр; 4- қайшауыз; 5- самыркеш; 6- қаршыға; 7- кезқұйрық жапалақ; 8- ұшар; 9- борсық; 10- сусар; 11- құну; 12- сілеусін. Тайгалық орман інде тіршілік ететін кеміргіштерге онша бай емес, бірнеше түрлі тоқалтістер (Microtus) мен орман тоқалтісі (Clethrionomus) туысына жататын түрлер жиі кездеседі. Соның бірі қызыл тоқалтіс (Clethrionomys rutilis) тышқан. Бұл тышқан орман ішінде ін қазып  мекендеумен қатар орманда жығылған ағаштың кеуектерін, қуыстарын  мекен етеді. Қылтанжапырақты ағаштардың тұқымымен қоректенеді.

Орман ағаштарын тұрақты орынжай етіп тіршілік ететін кеміргіштер яғни дендробионт кеміргіштерден тиін (Sciurus vulgaris), ұшар (Pteromys volans), борша тышқан (Tamias sibirica) тайга орманында кең таралған (26-сурет). Бұлар тайганың табиғи жағдайына нағыз бейімделген кеміргіштер. Қылтан  жапырақты ағаштардың ұрығын, ормандағы жеміс жидек, саңырауқұлақтармен қоректенуі, оларды қысқа қор болдырып жинауы, ағаштан ағашқа, бұтақтан бұтаққа аса ептілікпен секіріп қозғалуы, ағаштың қуысына ұя салып мекендеуі, бүршікті жарып жаңғақ шағуға шеберлігі міне осының бәрі бұл кеміргіштердің тайгалық орман тіршілігіне ежелден бейімделген, орман жануарлары екенін дәлелдейді.

Тайга орманының ең ірі жануары – бұлан (Alces alces). Бұлан көбінесе ағаш, бұталардың жапырағымен, аздап шөптесін өсімдіктермен, саңырауқұлақ, мүк, қыналармен қоректенеді. Бұланның сирағы ұзын, түяғы жалпақ. Сондықтан ол тайгада жиі кездесетін батпақтарға да, қыста қалындығы 40-50 сантиметрге жететін қарға да ешбір бөгелмейді.

Тайгалық орманға тән жануарлардың біріне борсық (Meles meles) жатады. Борсық өте күрделі және терең ін қазады. Інінің тереңдігі 3 метрге дейін жетеді және жер астында бірнеше тармақтанады. Борсық жауын құрты, былқылдақ денелілер, жәндіктер, бақа, кесірткелермен  және ұсақ құс, кеміргіш жануарлармен қоректенеді. Сонымен қатар жеміс, жаңғақ, әртүрлі шөптесін өсімдіктерді де қорек етеді. Осылайша кез келген қоректік заттың бәрін жейтін талғамсыз жануарлар пантофаг қоректілер деп аталады.

Тайгалық орманның негізгі бір пантофаг жануары – қоңыр аю (Ursus arctos). Қоңыр аюдың  түсі қылтан жапырақты ағаштардың діңінің түсіне, мүктің түсіне ұқсас. Бұл көрініс аулап жейтін жеміне  көрінбей баспалап жақындауына пайдалы. Қоңыр аю ешбір қорек талғамайтын нағыз пантофаг жануар: жеміс, жидек, өсімдіктің  тамырын араның балын, құмырсқа, жәндіктерді, жәндіктердің дернәсілін  жеумен қатар елік бұғы , бұландарды әсіресе олардың жас төлін ұстап жейді . Қыста апанға жатып ,ұзақ ұйқыда қысты өткізеді. Әйткенмен қысқы ұйқыға жату жатпауы жеміс жидек ,қоректік  заттың табылуына да байланысты.

Қиыр Шығыстың тайгалық  және аралас орманында  қоңыр аюдан  басқа ірбіс яғни қабылан (Panther pardus ), жолбарыс (Panther tigris), қиыр шығыс мысығы (Felis bengalensis) қатарлы ірі жыртқыштар мекен етеді.

Сібірлік тайгаға тән сусар тұқымдас ұсақ жыртқыштардың бірінше түрі бар.Олар сары күзен (Mustela sibirica),аққалақ (M.nivalis),ақкіс ( M.erminea),сусар (Martes  martes ), бұлғын (Martes zibellina), құну (Gulo gulo). Бұлар інде тіршілік ететін ұсақ кеміргіштермен, тиін, борша тышқан, қоян, жертеселермен және  тауық  тәріздестер, торғай тәріздестер қатарына жататын ұсақ құстармен  қоректенумен  қатар жеміс, жаңғақ жеуден де тартынбайды. Бұлғын ,сусарлар жемін жерден аулаудың сыртында ағашқа да жақсы өрмелейді. Ағаштың  қуысына қорым тастардың арасына ұялап , жылына бір рет 2-5 күшік туады. Ақкіс, аққалақтардың  түсі қыста ағарады. Барлық сусар тұқымдастар тәрізді ақкіс аққалақтардың  да денесі ұзын және жіңішке, иіліп  бүгілуге икемді. Осындай икемділігі  оларға кеміргіштердің ініне кіріп, жаппай жеп жоюына мүмкіндік туғызады.

Сусар тұқымдас бұл жыртқыштардың барлығы да терісі бағалы және тышқан тәріздес кеміргіштерді жеп, олардың санын реттеушілер ретінде  маңызы зор.

Осылайша  біз қылқан жапырақты  орман  белдемшесінде  тіршілік  ететін жануарлардың құрамына шолу жасап таныстық. Бұнда қалыптасқан жануарлар бірлестігінің экологиялық негізгі ерекшелігіне тоқталсақ:  а) жануарларының басым көпшілігі  суыққа төзімді , эврибионттардан құралдары ; б)тайганың солтүстік  шекарасына қарай  жақындаған сайын  жануарлар  популяциясының тығыздығы азая түседі; в) мұнда қысты бұйыққан, қысқы ұйқыға  кеткен  күйде  өткізу, немесе қысқа арнап азықтың қорын  жинау  көптеген  жануарларға тән қасиет; г) тайга жануарларының дерлік барлығы тек көктемде ,жазда (жылы мезгілде) ғана көбейеді.(Тек шыршашыл қайшыауыздар ғана қылқан жапырақты ағаштар мол тұқым берген жылы қыста жұмыртқалайды;) д) тайгалық жануарлар бірлестігінің құрамы мен құрылымы жылдың мезгіліне байланысты үлкен  өзгерістерге түседі: жануарлардың жазғы құрамының шамамен оннан бір бөлігі ғана қыста тайгада белсенді тіршілік етеді. Өзгесі қыста басқа жаққа ауып көшіп кетеді немесе қысқы ұйқыға кетіп қозғалыссыз енжар, бұйықпа күйде қысты өткізеді. e) есесіне тайга жануарларында сөткелік өзгеріс бәсең байқалады: түнде белсенді тіршілік ететін жануар өте аз. Қоңыржай климатты өлкенің жапырақты орман белдемшесі

Жапырақты орман тайгалық орманның оңтүстігінде, тайга мен дала белдемінің аралығында орналасқан. Еуропа, Азия , Солтүстік  Америкада  жапырақты орман  біртұтас  белдемше түзбей әр жерде үзіліп  орналасады. Жапырақты орманның климаты оншалық қатал емес. Қыстың орташа температурасы -1-5С. Қыста қатты суық болмаса да біршама қарлы болады. Жылына 750-1500мм ылғалдылық түседі. Жаз айларының орташа температурасы 10°С -тан артық .

Қоңыржай климатты өлкенің жапырақты орман  белдемшесінде өсетін ормандардың ең негізгі сипаты олар  көктем мен жаз айларында жапырақ жайып өнім береді де күзде жапырағы қуарып түседі, ал қыста орман ағаштары бұйыққан  тыныштық күйде өткізеді.

Жапырақты  орман белдемшесінің  Европалық және Қиыр Шығыстан ылғалды, жұмсақ климатты бөлігінде  емен (Quercus), жөке (Tilia), үйеңкі (Aser), шаған (Fraxinus), шамшат (Fagus) қызыл қайың (Carpinus) бастаған  жалпақ жапырақты  орманның түрлері басым кездеседі. Сібір  өлкесінде көбінесе қайыңнан құралған ұсақ жапырақты орман кең таралған. Бұл  белдемшенің көптеген  өлкелерінде  жапырақты және қылқанды орман аралас өсіп аралас орманның  түрін құрайды. Жапырақты орман соншалық бітік өспейді. Орман  ағаштарының арасы сирек, күн сәулесі жеткілікті мөлшерде түсетіндіктен бұта, бұташа, шөптесін өсімдіктерге бай. Шөптесін өсімдік жамылғысының басым көпшілігін көлеңке сүйгіш көпжылдық мезофит өсімдіктер құрайды.

Жапырақты орманның топырағының бетінде  қурап түскен жапырақ, ескі  шөптерден құралған едәуір қалың түспе (опад) қабаты болады. Қураған  өсімдіктер  түспесінен құралған бұл төсенішті ұсақтап жеп, ыдыратып қара шіріндіге айналдыратын аса көп түрлі жәндіктер жапырақты орманның топырағында тіршілік етеді. Солардың  ішінен жауын құрты яғни шұбалшаң (Lumbricidae), энхитрейд (Enchytracidae),жұмырқұрттың (Nematodes) көптеген түрлері, қосжұпаяқтар (Diplopoda) және есекқұрт (Isopoda), құрлық шаяны т.б. сапрофаг жануарлар  басты рөл атқарады. Орманның топырағында  сапрофагтармен қатар өсімдіктің  тірі тамырымен қоректеніп зақымдайтын  жәндіктердің  дернәсілдері де көптеп кездеседі. Әсіресе шыртылдақ қоңыз  (Elateridae), тақтамұрт қоңыз (Scarabaеidae), бізтұмсық қоңыз (Curсulionidae) тұқымдастарына жататын қоңыздардың тамыр жегіш (ризофаг) дернәсілдері жиі кездеседі.

Орман ағаштарының бұтағы мен діңінде  орналасып тіңін және  сүрегін жеп зақымдайтын (ксилофаг) жәндіктердің  негізгі өкілі  ретінде бұғы қоңыздың (Lucanus cervus), сүгенқоңыздардың (Cerambycidae) дернәсілдерін атауға болады. Ағаш, бұталардың қабығын жеуге машықтанған зерқоңыздар  (Buprestidae)  мен қабықжемір қоңыздардың (Ipidae) да көптеген түрі кездеседі.

Жапырақты ағаштардың сыртқы сұлбасындағы  жапырақ, бүршік, өркен т.б. жұмсақ жасыл мүшелерін қорек және орынжай болдырып тіршілік ететін жәндіктер орасан көп.Әсіресе сүйемші көбелек (Geometridae), жапырақширатқыш көбелек (Tortricidae), жібек  көбелегі (Bombycidae) тұқымдастарына жататын алуан түрлі  көбелектердің дернәсілдері, жапырақ жемір қоңыздар (Chrysomelidae), тақтамұрт қоңыздардың ересегі және дернәсілдері басымдық көрсетеді. Жапырақ пен өркеннің шырынын  сорып физиологиялық зақым келтіретін ерекше бір фитофаг жәндіктердің тобын біте (Aphididae), сымыр (Coccoidea), шилан(Cicadidae) және  қандалалар құрайды.

Қиыр Шығыстың жалпақ жапырақты орман белдемшесінің климаты жайлы, жұмсақ болғандықтан салқын қанды омыртқалы жануарлардың көптеген түрі кездеседі. Мысалы, қосмекенділерден  шөпбақа (Rana temporaria), сүйіртұмсық бақа (R. arvalis), бақбақыл бақа (Hyla japonica), жасыл құрбақа (Bufo viridis), кәдімгі құрбақа (B.bufo), бауырымен жорғалаушылардан жасыл кесіртке (Lacerta agilis), ұршықсап кесіртке (Anguis fragalis), кәдімгі сұржылан (Vipera verus), кең таралған. Бұлардың барлығы құрлықта тіршілік етіп жәндіктермен қоректенетін жануарлар (27-28-сурет). Қиыр Шығыстың  суында қиыршығыс  тасбақасы (Trionyx chinensis) тіршілік етеді. Бұл тасбақа қатер  төнген кезде суға секіріп түседі де батпаққа кіріп кетеді. Ол балықтармен, былқылдақ денелілермен, шаяндармен, жәндіктердің дернәсілімен қоректенеді. Қыста су түбінің  батпағына батып, қысқы ұйқыға кетеді. Жазда 2-3 рет жұмыртқалайды. Су жағалауының күнге жақсы қызатын құмына жұмыртқаларын көмеді. Жұмыртқасы 45-60 күнде кішкене тасбақаға айналып жетіледі.

Жапырақты орман әртүрлі ағаштар мен жеміс  жидек  өсетін бұта, бұташаларға  бай, климаты  қоңыржай, қысы сонша суық емес болғандықтан құстардың әртүрлі экологиялық топтары  мекендейді. Әсіресе мысықторғайлардың (Oriolidae), содырғының (Prunellidae), сайрауықтардың (Turdidae), тоқылдақтардың(Piсidae), көкшымшық тұқымдастардың (Paridae), шыбыншы торғайлардың (Sturnidae), қарға тұқымдастардың (Corvidae), көптеген түрлері тұрақты мекендейді (27-28-сурет).Орман құстарының кейбіреуі орманның ағаш, бұталарымен тығыз байланысты. Олар ағаштың діңіне  өрмелеушілердің экологиялық тобын құрайды. Мысалы, үлкен ала тоқылдақ (Picoides major), жасыл тоқылдақ (Picus viridis), шымшықтардан сары бауыр шымшық (Parus major), шөре шымшық (P.ater), айдарлы шымшық (P.cristatus), томпыш шымшық (P.montanus) үнемі орман  ағаштарының діңін орынжай болдырып орналасады және қорегін де содан тауып жейді.

 

   27-сурет. Жапырақты орман белдемшесіне тән жануарлар.

1- кәдімгі құрбақа; 2- кәдімгі сұржылан; 3- сайрауық; 4- мысықторғай; 5- бұлбұл; 6- пайыз торғай; 7- қарақас; 8- қабан; 9- қаракүзен; 10- елік.

Қорегінің  түріне қарай орман құстарын жәндік жемірлер, тұқым жегіштер, жеміс жемірлер, жыртқыштар деген қоректік топтарға бөледі. 

Дінге өрмелеуші құстардың көбі жәндік жемірлер. Мысалы, тоқылдақтар, көкшымшықтар және шиқылдақтар (Certhiidae). Олардың тұмсығы өткір, біршама ұзын. Жәндік  жемір құстардың бір тобы жәндіктерді  ағаш, бұталардан теріп жейді. Бұл топқа сандуғаштар (Sylviidae), шөжеқұстар (Regulidae) және кейбір сайрауықтар (Phylloscopus) жатады. Бұлардың тұмсығы үшкір, жіңішке болады (27-сурет).

Жәндікжемір құстардың енді бір тобы жәндіктерді ауада ұшып жүріп аулайды. Мысалы, шыбыншы торғайлар (Muscicapidae), ұзынқанат қарлығаштар (Apus туысы).

Шұбар шымшық (Fringilla coelebs), суықторғай (Pyrrhula pyrrhula), шыпшық (Spinus spinus), пайыз (Garduelis garduelis), шекілдек (Acanthis flammea), самыркеш (Nucifraga caryocatactos), орман қарға (Garrulus glandarius), қайшыауыз (Loxia curvirostra), ементұмсық (Coccothraustes coccothraustes) қатарлы құстар тұқым жегіш құстар тобына жатады. Олардың тұмсығы тұқымды жарып бөлуге бейімделіп қысқа және конус пішіндес болып келеді.

Орман құстарының белгілі бір тобын жыртқыш құстар құрайды. Олардың тұмсығының ұшы имек. Аулап ұстаған жемін имек тұмсығымен іліп-жұлып ұсақтап жейді. Және олардың аяғы қарулы жуан, тұяқтары ұзын, өткір болатындықтан жемін оңай өлтіреді.

Жапырақты және аралас ормандарды алуантүрлі сүтқоректі жануарлар мекен етеді. Жарғанаттардан құлақты жарғанат (Plecotus auritus), ымырттың жирен жарғанаты (Nyctalus noctula) жапырақты және аралас орман белдемшесіне тән негізгі түрлерге жатады. Олар күндіз ағаштың қуыстарында, тастың үңгірлерінде басын төмен қаратып салбырап тұрады. Ымырт жабылып, қараңғы болысымен ұшып, түнде ұшатын жәндіктерді ұстап жейді. Жарғанаттардың көзі нашар жетілген, есесіне есту қабілеті өте күшті дамыған. Түнде ауада ұшып жүрген шыбын, шіркейдің ызыңы бойынша оларды тура тауып, ұстап жейді. Қыста қыстық ұйқыға кетеді, немесе жылы жаққа барып қыстап, көктемде қайта оралады.

Жапырақты орманда мекендейтін ұсақ сүтқоректілердің негізгі өкілдері – орман тышқаны (Sylvimus sylvaticus), сары тоқалтіс (Clethrionomys glareolus), қызыл тоқалтіс (Cl. rutilus). Бұлар шөптесін өсімдіктермен, жеміс, тұқымдармен қоректенеді. Сары тоқалтіс қыста ағаш, бұтаның өркенін, қабығын кеміріп жейді. Орман тышқаны еменнің, самырсынның жаңғағын қысқы азыққа дайындап жинайды. Жапырақты және аралас орманда тұрақты кездесетін жануарлар тобына қарақас тұқымдастар (Gliridae) жатады. Орман белдемшесінде қарақастың 4-5 түрі кездеседі. Европа, Орта Азия, Кіші Азия және Қазақстанның жапырақты ормандары мен тоғайларында орман қарақасы (Dryomys nitedula) кең тараған. Ағаштың қуысына немесе бұтақтардың арасына ұялайды. Жазда бір рет туып 2-6 күшік табады. Қысқы ұйқыға кетеді, бірақ қыстың кейбір жылы күндерінде ұзақ ұйқыдан «оянып»,  ұясына күзде жинап алған өсімдіктің тұқымымен қоректенеді.

Айыртұяқты сүтқоректілерден жабайы шошқа (Sus scropa), елік (Capreolus capreolus); Қиыр Шығыста теңбіл бұғы жиі кездеседі. Жабайы шошқа қорек талғамайтын жануар: өсімдіктің жапырағы, жемісі, тамыры, жауын құрты, әртүрлі жәндіктер және олардың дернәсілдері, балық, бақа, кесіртке өлген жануарлардың өлексесі т.б. кездескен қоректік заттың бәрімен қоректенеді.

Елік, бұғылар көбінесе ағаш, бұтаның жапырағымен, қыста бұталардың жас өркенімен қоректенеді. Орман арасындағы алаңқылар мен сирек орманды жерлерді кермаралдар (Cervus elaphus) мекен етеді. Кермарал бұғылар шөптесін өсімдіктермен қатар саңырауқұлақ, жаңғақ, жеміс-жидекпен, ағаштың және бұталардың жапырағын, өркенін, бүршігін жеп, қабығын кеміріп қоректенеді. Кермаралдардың 3-4 дарағы үйір құрып тіршілік етеді. Құлжасы (еркегі) жылдың көп уақытында үйірден бөлек жеке – жалқы тіршілік етеді. Тек күздің ортасынан бастап, үйірге түсер мезгілде ғана үйірге қосылады.

 

 

28-сурет. Қыйыр Шығыстың аралас орманына тән жануарлар:

1- Қыйыр Шығыс бақбақыл бақасы; 2- Қыйыр Шығыс тасбақасы; 3- жайын ауыз көкқарға; 4- айдарлы үйрек; 5- қырғауыл; 6- жұмақ шыбыншысы; 7- үкі; 8- горал ешкісі; 9- жанат тәрізді ит; 10- харза; 11- ақтас аю немесе Гималай аюы. 

Жыртқыштардан бұл белдемшеде жанат тәрізді ит (Nyctereutes procyonoides), гималай аюы (Ursus thibetanus), сусар тұқымдас жыртқыштардан қара күзен (Mustela putorius) және харза (Martes flavigula) кездеседі (28-сурет). Жанаттәрізді ит өзі ін қазып мекендеумен қатар түлкі, борсықтардың ескі інін орынжай болдырып пайдаланады.

Қиыршығыстық орманда мысық тұқымдастардан (Felidaе) қиыршығыс мысығы (Felis bengalensis), ірбіс (Panthera pardus), жолбарыс (P. tigris) кездеседі. Қиыршығыс мысығы тиын, борша тышқан, тоқалтістермен және орман құстарымен қоректенеді. Ірбіс, жолбарыстар әртүрлі тұяқты аңдарды (елік, теңбілбұғы т.б.) аулайды. Олар аулайтын жануарына бұқпалап таяған соң 2-3 секіріп барып ұстап алуға жақсы әдістенген жыртқыштар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *