ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХЫ
І. Сөз басы
Тарих дейтін: бұрынғы өткен заманның жайынан сөйлеп тұратұғын, бұрынғы өткен кісілердің ісінен хабар беретұғын бір ілім. Қазақтың көбі оны «шежіре» деп айтады. Бұ заманның ғалымдары тарихты ең оңды мұғалім деп түсінеді.
Тарих – түзу жөнді үйретуші деп айтады. Тарих халықты түзу жөнге сілтеуші болса, оған дүние де түзушіліктің кітабы. Тіршіліктің жолбасшысы деуге де болады. Келешек күннің қандай болашағын білуге тарих анық құрал болады.
Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туашығына көзі жетпейді.
Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Дүние де өңге жұрттар қатарында кім қор болмайын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып білуге тиіс болады.
Қазақ ішінде һәр үйдің отағасы, һәр ауылдың ақсақалы тұрған бір шежіре, бұрынғы өткен-кеткеннен естіген білгені болса, кейінгі жастарға соның бәрін айтып отырады. Бірақ ел ішінде жүрген шала моллалар, тарихтың не екенін білмеген надан қожалар тарих десе екі құлағы тік тұрады. «Тәйірі, тарих неге керек?! Ол не айтады дейсін; әншейін ертегі, өтірік қой! Құдайдың бұйрығы емес, Мұһаммедтің сөзі емес, оны оқу-білу не керек!» деп аңдау елге арамзалығын қылып, тарихтан жұрттың көңілін суытады.
Тарих не айтады? –десеңіз, оның айтатыны мынау: біздің бұрынғы бабаларымыздың кім екендігі; олардың дүниеде не істеп, не бітіргендігі; қандай қуаты барлығы, ол қуатты не орынға жұмсағандығы; істеп жүрген ісінің қайсынан пайда, қайсысынан зарар көргендігі; бұрынғы бабаларымыздың досты-дұспаны кім екендігі; не себеппен бағы тайғандығы және соған ұқсас істердің барлығын тарих сөйлеп түсіндіріп тұрады.
Бұрынғы бабаларымыздың басынан кешкен жақсы-жаман қандай уақиға бар болса, оның бәрі де өткендегі бір істің нәтижесінен туған болады. Со секілді, келешекте біздің басымызға түсешек бір уақиға, осы күнде қылып жүрген ісіміздің нәтижесі болмақшы. Тарих оқысақ, оның сөзін оқысақ қандай істен қандай нәтиже туатынын анық білетін боламыз: жақсы істен жақсылық, жаман істен – жамандық тумақшы.
Бұрынғының «не ексең – соны орарсың» деген сөзінің терең мағынасы осы. «Құдай не жазса – соны көрерміз» деу соқырлықтың белгісі, тағдыр да жазғаны болар деу – ақымақтықтың белгісі. Шөнкі (!) адам нені тілесе, Құдай соны тағдыр қылмақшы.
Тікен еккен жерге бидай шықпақшы емес, ағаштың тамырына балтаның жүзі тисе – құрымақшы.
Бұрынғының көбі күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қалғанының бәрі зорлық-зомбылық еді. Қанеки! Дүние ахиретте сонысынан не пайда көрмекші?! Қиамет күніне дейін сауабы барып тұратын ісі қайсы? Бәрі де қабірде шіріп жатыр. Жанының көрген күні қандай екені Құдайға ғана мәлім!
Егер тарих оқысақ, пайдасы бар істің қандай екенін біліп, соны істемекшіміз! Заралы істен қашпақшымыз! Бұрынғының оңды ісінен үлгі алмақшымыз!
Осы күнде істеп жүрген ісіміз, қылған жұмысымыз, мінез-құлқымыз, сөздің бәрі кейінгілерге тарих болып қалады. Бұрынғының тарихы жазылмай қалушы еді, ендігі тарих күні-күніменен жазылып тұрылады. Кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп алғыс алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп қарғыс-лағынет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс.
Тарих – түзу, жөнді үйретуші; тарих түзушіліктің кітабы; тарих тіршілікте жолбасшы дейтініміз осы.
Біз әзіргі сөзді осының менен қысқарта тұрамыз. Мұнан соң «Қазақ» газетінде қазақтың анық шежіресін жазып тұрмақшымыз.
Түрік баласы.
«Қазақ» газеті, № 2, 1913 жыл.
ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХЫ
ІІ.
Күні бүгін дүниеде һеш нәрсенің асылы білінбей қалған жоқ. Һәр нәрсенің түбі тексерілді, асылы білінді. Білімі артық, көзі ашық жұрттар дүниедегі адам баласының асылын, нәсілін тексеріп болып, барлығын кітапқа жазып шығарды. Бөтен жұрттар қатарында ала-бөтен – біздің қазақ халқының асылы тексеріліп, тарихы жазылған жоқ.
Бұ күн Азия картасының төрттен біріне ие болып тұрған қанша миллион қазақтың тарихы көмескі қалыпта тұрған жайы бар. Тарих ғылымында қанша тарих жазушылар шығып, қаншама кітап жазып шығарды. Солардың арасында қазақтың асылын анық қып айтатыны жоқ. Арабша, түрікше, орысшада біз көрген кітаптарда қазақ турасында жазылған сөздердің бәрі де хақиқатқа халаф – шіп-шикі өтірік, қанағат табарлық һеш бір сөз жазылған жоқ.
Тарих кітаптарындағы көп хатаның бірі – тарих жазушылардың һеш бірі қазақ пен қырғызды айырмайды. Қазақ – қазақ, қырғыз өз алдына қырғыз, бұлардың арасында асылар ілгі жоқ. Түркімен менен башқұрт қандай басқа-басқа ел болса, қазақ пен қырғыз да сондай басқа-басқа ел. Орыстардың, әсіресе үкіметтің, қазақты қазақ демей, қырғыз деп жүргені рас, бірақ олар өзінің атты «Казачий» әскерінен айыру үшін – жаңылыс болса-дағы – қазақты қырғыз атап жүр. Өзіміздің түрік қауымдарының, әсіресе басшыларының, қазақ пен қырғызды айырмағаны хата, кешпестік айып (!).
Қазақтың қырғыз атанбай қазақ атанғанын тәуір көруі орыстың қазаққа ұқсауы үшін деген ноғайларда бар. Мұнысы бет алдына ылаққан сөз. Тарихтың көрсетуі бұған ереуіл келеді. Орыста бұрын атқа міну әдеті болмаған. Осы күнгі хохолша сиыр жегіп, өгіз мініп күн көрген.
Бір сыпыры халқы, түріктерден көрмекші, салт-әдет айтып, біздің қазаққа ұқсағаннан соң «Казаший» («Казачье войско») атанып кеткен. Орыстың атты әскері қазақпын десе, біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы.
Орысша оқыған қазақ жастарының мойнына алатын бір жұмысы: мекемеден шеткері болған һәр бір істі орында, һәр бәр істе «киргиз» деген жаңылыс атты қойып «казак» деген атты қолдауы тиіс. Бұл болмайтын іс, ағынға қарсы (против течения) деген сөз – сөз емес, біз – суды теріс ағызған атаның баласымыз!
Қазақтың тарихы турасында және екінші хата: осы күнгі қазақты ұлық Шыңғыс ханнан бұрынғы замандарда болған қырғыз қауымының нәсілінен деп түсіну (!). Олай түсінудің хата екендігі аз ойлау менен білінетін нәрсе. Осы күнгі қазақ(тың) ол қырғыздың нәсілінен емес екендігіне дәлел толып жатыр.
Осы күнде қазақта қыпшақ, арғын, керейіт, найман, қоңырат деген рулар бар. Бұл рулар анау қырғыздардан басқа болып, олар менен қатар жүріп, қатар тұрған елдер еді. Енді қырғызбенен қатар жүрген найманды қалай бұрынғы қырғыздың нәсілінен деп айтуға болады?!
Қырғыз бен қазақ арасында қандай басқалық барлықты, сөздің реті келген сайын баяндап тұрмақпыз. Әзір ұғатынымыз мынау: қазақ бен қырғыз басқа қауым; бұл қазақ хазірет Ғайсаның (Иса) ар жақ, бер жағындағы қырғыздың нәсілінен емес, қазақ «киргиздікті» қойып, қазақты қуаттауы тиіс.
«Қазақ» газетасының екінші нөмірінен басталып «Қазақтың тарихы» жазылып тұрмақшы. Бұл жазатын тарихымыз онан-мұнан құралған тарихқа тиісті сөздер емес, нағыз шын, жете тарих дәрістері болады. «Қазақ» газетасын үзбестен оқып тұрған адам қазақтың тарихын жете білуге болады.
Қазақтың тарихына тиісті сөздер, материалдар жазып басқармаға жіберуші болса, «Қазақтың тарихын» жазғанда пайдаланып тұрмақпыз, һәр кімнің істеген-білгені болса, жазып тұруын өтінеміз.
«Ғалиа» шәкірттерден Құл Мұхаммед әпенді Оразаев және балалары Мәшһүр «Асан қайғы» турасында есітіп-білгендерін жазып басқармаға жіберіпті. Мұның ішінде біз пайдаланарлық сөздер көп.
Түрік баласы.
«Қазақ» газеті, № 3, 1913 жыл.
ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХЫ
ІІІ.
Газетаның 3-інші нөмірінде Қазақтың тарихы турасында жаңылыстың екеуін санап едік. Және үшінші хате мынау: «Қазақ» деген сөздің мағынасын тарих кітаптарын анық қып айтып бере алмайды. «Қазақ» деген сөз қайдан шығыпты? Тарих кітаптарынан қарап мұны білуге болмайды. Орыстың тарихында топты қазақ деген сөзді жазбайды. «Киргиз» деген бір жаңылыс сөзді малданып, соның менен бүкіл тарихын быдықтырады.
Арабша һәм түрікше тарих кітаптарына келсек, онда да анық сөз жоқ, һәр түрлі ұйғарып айтады. Кей біреуі: қазақ – қашақ деген деген сөзден өзгерілген дейді. Жәнібек хан тұсында ханзаданың біреуі хан бола алмайтын болған соң, қасына жас бозбаланы ерітіп елден қашып, азып-тозып жүрген соң сахарада қалып «қашақ» атаныпты-мыс, жүре-жүре «қашақ» сөзі қалып, «қазақ» болыпты-мыс.
Осындай жаңылыстар ондық-мұндық ұсақ кітаптардың сөзі емес, нағыз шын, сенімді деген «Мұстафадал ахбар» кітабында да осы сөз бар (*). «Мұстафадал ахбар» кітабын жазушы Қазанның Шаһаба ад-Дин Маржани хазіретлері ілімнің деңізі деп білгендігімізден қазақтың асылын, қазақ сөзінің мағынасын біле алмайды деуге болмайды. Бірақ ол жарықтықтың «Қазан халқына» махсус болған тағсібиі (фанатизмі) күшті болғандықтан, ноғай емес халықты жек (манфур) көргендігінен қалай болса, солай жаңылыс жазғандығы жасырын емес.
Төртінші хате – қазақ сөзі «хайсах-қайсақ» сөзінен өзгеріпті деген сөздері. «Халисақ» сөзі қалмақшада «гранитса күзетшісі» мағынасында-мыс. Орыс тарихының кей біреуі қазақ сөзі осы «хайсақ» дегеннен алынған деп өтірікті жазады. Осындай өтірікті малданып, орыс жазушыларының көбі қазақты «киргиз-кайсак» деп жазып жүр. Мұның өтірік екендігі сөз ретінде кейін айтылар.
Осы күнде қалмақ-қытай қазақты «хайсақ-хасақ» деп сөйлейді екен – онысы тілі келмегеннен. Оның менен қазақ сөзі «хайсақ»-тан өзгерілгендігі білінбейді. Осы күнде «мишер» (мысыр) халқы арабтан алынған «салам» сөзін «Сейалам» деп сөйлейтіні бар. Со секілді, қалмақта «қазақ» сөзін «хайсақ» деп бұзып айтады деуге болады.
Бесінші хате – түрік қауымынан бірі кісі далада аң аулап жүргенде бір адасқан қыз тауып алыпты-мыс. Қыз аса көркем сұлу болса керек, еліне алып келгенде халқы көріп сұқтанып: — Шіркін-ай, қыз-ақ екен! –дейді-міс. Сол сөз жүре-жүре «қазақ» қалпына
өзгеріліпті-міс. Сол қыздан үш бала тауып, күллі қазақ халқы сол үш баладан тарапты-мыс. Үлкен баладан – Ұлы жүз, ортаншы баладан – Орта жүз, кішіден – Кіші жүз тарайды-мыс.
Мінеки, осындай шіп-шикі өтірік сөздер тарих кітаптарында толып жатыр. Тарихтың шын-өтірігін айыруға шамасы келмеген шала моллалар «кітапта жазған сөз» деп осындай сөздерді көптің ортасында оқып, біреуден біреу есітіп, осы өтіріктерге жұрттың әбден құлағы қанбады. Қазақтың асылы қайдан шыққан? – деп сұрасаң, тәп-тәуір адам да осы өтірікті айтып қоя береді.
Мұнан төрт жыл бұрын қазақ шәкірттерімен кеңесіп қазақтың тарихын жазбақ болып едік. Шәкірттердің әрқайсының елі(нде) шежіреге жетік адамдар бар. Тарихқа керекті сөздерді (материалды. Түрік баласы) жазып әкелеміз деп кетісті.. Мінеки, шәкірттердің жазып әкелген шежіресі:
«Қырым жұртында қырық сан ноғай болғанда, бір ханның баласы анасынан шала туыпты; «тілеп алған балам шала туып, жұртымды шала қылады екен» деп, ханым баланы Дешті қапшақта көшіп-қонып жүрген он сан ноғай ішіне тастатыпты. Бала өсіп ер жеткен соң, әйдік өнерпаз болыпты. Бір күні хан өзінен туған бала сөйтіп өнерпаз болыпты дегенді есітіп, Үйсін батырдың қасына жүз жігіт қосып іздеуге жіберіпті. Бұлар баланы тапса да Сыр-Дария менен Арқаны қимай тұрып қалыпты. Үш жылдан соң Болат мырза жүз жігіт бен келіп о да тұрыпты. Және үш жылдан соң Алшын мырза жүз жігітті ерітіп келіп, о да тұрып қалыпты. Сол үш жүз жігіт манағы шала туған баланы алаша төсекте хан көтеріп «Алаш» деп ұран қойыпты. Үйсін, Болат, һәм Алшын мырзадан тұқым қалып, өзге жігіттер жауда өліп, олардан тұқым қалмайды».
Қазақтың үш жүз болғанының, Алаш атанғанның мәнісі осы-мыс. Мінеки, ел арасындағы «шежіре» осы. Мұнан басқа және естуге құлақ иба қылатын өтірік шежірелер толып жатыр.
—————————-
* — 9-ыншы һәм 154-інші беттерінде. Түрік баласы.
Түрік баласы.
«Қазақ», № 5, 1913 жыл.
ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХЫ
ІҮ.
Қазақтың асылы турасында жалпы жұрт арасында бірсыпыра ертегілер бар болса да халық оған рас екен деп иланып жүрген жоқ. Қазақтың мектеп, медресе һәм школда оқып шыққан жастары қазақтың асылын анық біліп жете алмаса да, әйтеуір асылы түрік нәсілінен екендігіне анық инанады. Ақылы мол, зейіні толық қарашаруаның да бірсыпырасы осыны қоштайды. «Қазақ пен ноғайдың түбі бір» деген сөзді һәр бір қарияның аузынан есітуге болады. «Өзбек өз ағам» деген мақалды һәр бір қазақ біледі. Бірақ, қазақтың өзге түрік қауымдарынан қай заманда айрылып, қалайша бөлінгендігі турасында анық мағлұмат жазылған жоқ болғанға көре сол арасы кішкене көмескі болып тұр.
Қазақтың бір сыпыра аңқау адамдарында «Анас саһабаның нәсіліненбіз» деген, қырғызда «Акаше саһабаның нәсіліненбіз» деген ауру бар. Бұл ауру тым-ақ күшті көрінеді. Тарихтан қандай мықты дәлел келтіріп «Анас» деген сөздің асылсыз екендігін ыспат етсек те оған инана қоймайды. Анаске жармасушылардың айтатын қара дәлелі мынау:
1) Қазақтың ұраны «Алаш»… Алаш – Анастан, Анас Анстан өзгерілген сөз дейді;
2) Араб көшпелі жұрт еді, Анс баласы болғандықтан қазақ көшіп-қонып тіршілік қылуды арабтан алыпты дейді;
3) Қазақ меһманпаз, қонақасыға мырза жұрт. Меһманпазлық араб халқының ғұрпы еді. Анастың нәсілінен болмаса қазаққа мырзалық қайдан келіпті дейді.
Мінеки, ақылға да ұнамайтын, тарихқа да симайтын осындай дәлелдерді жастанып, адасып жүрген талай адам бар көрінеді. Бұл дәлелдердің ақылға да һәм тарихқа да симай тұрғаны мынау:
Қазақтың «Алаш» атанған хиджретден (Мұхаммед Әлейх ас-Саламның Меккеден көшіп Мәдинеге барып кірген күнінен. Т.Б.) алты жүз жыл өткен соң, Шыңғыс хан тұсында болды. Шыңғыс хан бүкіл мемлекетін төрт баласына бөліп бергенде, Дешті қыпшақты, Сібірдің күн батыс жағын, осы күнгі Сараарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға беріп еді. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар еді. Сол алты рудың һәр қайсысына бөлек Шыңғыс алты ұран береді: һәр руға өзіне бөлек таңба, ағаш, қос береді. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны «Алаш» болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан «Алты Алаш» болады. «Алаш» деген сөздің лұғат мағынасы: «отан кісі» («отечественник». Т.Б.) деген сөз болады. Мұны бір ақынның Абылайға айтқан өлеңінен білеміз:
Тақсыр-ау, ұнатсаңыз, қарашыңмын;
Ұнатпасаң, жай жүрген алашыңмын, —
дейді. Сол өлеңде «Алаш» отан кісі мағынасында. Және қазақта «Алаш келе ме; Алаш келе ме» деген бір мысал сөз бар. Сондағы Алаш – шетелдің кісісі, Алаш – отан кісісі мағынасында болады.
Сол күнде Жошы ханға «Алаш» деп лақап қойылды. «Алашы – алаштың басшысы» («голова отечества». Т.Б.) мағынасында болады. Қазақтың «Алаш Алаш болғанда; Алаш хан болғанда» деген ескі сөзі сонан қалған.
Бұл турада сөздің өзінен кейін жазбақшымыз. Бұл орында Алаштың «Анастан» алынбағандығын көрсету үшін ғана қысқаша жазып, осының менен қоя тұрамын.
Түрік баласы.
«Қазақ» газеті, № 7, 1913 жыл.