Факторлардың біріккен әсері

Факторлардың біріккен әсері

Факторлардың біріккен әсері-констелляция (со  — бірге, stellatio – орналасу). Екі немесе бірнеше фактор бір жануарға қатар әсер еткенде, олардың біреуінің әсері екіншісінің әсеріне ықпалын тигізеді. Қоршаған ортаның бір факторы екінші бір фактордың әсерін үдетіп немесе бәсеңдетіп өзгертеді.

Мысалы Blastophagus piniperda деген қабықжемір қоңыз қоршаған ортаның температурасы +25°С кезде жарықсүйгіштік,+20°С болып азайса жарыққа бейтараптылық, ал 35°С болып жоғарыласа жарықбезерлік (көлеңкеге қашу) мінез көрсететіні анықталған.

Температураның әсеріне жануарлардың төзімділігі ауаның ылғалдылық мөлшеріне байланыста болатыны әркімге белгілі. Әсіресе шопандар мен бағбандар мұны жақсы біледі. Ауа құрғақ болса гомойотермді жануарлардың ыстыққа төзімділігі артады, ылғалды ауа ыстық пен суыққа төзу қабілетін төмендетеді. Себебі, жануарлар денесінің ыстығын терлеу арқылы буландырып, сыртқа шығарып салқындайтыны жоғарыда айтылған. Ал, ауадағы ылғалдың көптігі булануды шектейтіндіктен терлеу арқылы ыстыққа төзу бейімділігіне бөгет келтіреді. Қоршаған ортаның ауасы құрғақ болса жануарлардың суыққа төзімділігі де артады. Өйткені, ылғалды ауа жылуды жақсы өткізетіндіктен дененің жылу сақтау қабілетін төмендетеді. Құрғақ ауалы ортамен салыстырғанда ылғалды ортада жануарлар денесіндегі жылудан оңай айырылады. Мысалы итті температурасы 43°С ыстық, ауасы құрғақ бөлмеге кіргізіп 7 сағаттан кейін тексеріп көргенде оның денесінің температурасы қалыпты деңгейде (38°С) болған, ал температурасы 43°С, ылғалдылығы мол (65%) бөлмеге кіргізген иттің температурасы 3 сағаттан кейін 42°С-қа жетіп әлсірей бастаған.

Салқын қанды (пойкилотермді) жануар да факторлардың біріккен әсеріне ұшырайды. Ауаның температурасы 24°С, ылғалдылығы 45% болған жағдайда күздік көбелектің дернәсілі 7 күнде бір рет түлеп, тез жетілетіні, ал егер температура тұрақты (24°С) болғанымен ылғалдылық 70% болып көбейсе жетілуі баяулап 10-12 күнде бір рет түлейтіні зертханалық зерттеуден анықталған.

Жануарларға жел, температура, ылғалдылық, жарық, қысым т.б. көптеген фактордың біріккен әсер ықпалын тигізеді. Бірақ қазірге дейін факторлардың бірлескен әсерінің ықпалын екі-екі факторды жеке-жекелеп салыстыру арқылы ғана зерттеу жұмысы кеңінен қолданылып келеді. Себебі, көп түрлі фактордың өзара әсерлесуінің нәтижесінде олардың жиынтық ықпалының мөлшері қаншалықты болуын анықтау өте қиын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *