Түпқараған құстары мен олардың ерекшеліктері

Түпқараған құстары мен олардың ерекшеліктері
Біздің Түпқараған аймағында кездесетін құстардың басым бөлігі – жыл құстары болып есептеледі. Жыл құстары деп қыста жылы жаққа ұшып кетіп, көктемде қайтып оралатын құстарды айтамыз. Екінші бір тобы – транзитті деп аталатын құстар. Олар – біздің аймақты тұрақты түрде мекен етпейтін, күзде жылы жаққа ұшып бара жатып, көктемде солтүстікке қарай өтіп бара жатып, аз уақытқа аялдап, қонып, демалып, күш жинап алатын, яғни, уақытша ғана тоқтайтын құстар.
Біздің жақты тұрақты түрде мекен ететін құстар – Үйторғайлар, Бозторғайдың кейбір түрлері және Шағалалар. Бозторғайдың мынадай түрлері бар – Дала бозторғайы, Айдарлы бозторғай (біздің жақта оны Молдаторғай деп атайды), Сор бозторғайы, Кіші бозторғай, Жауторғай, Қос таңбалы бозторғай, Қара бозторғай, Сұр бозторғай, Аққанат бозторғай, Құлақты бозторғай, Үнді бозторғайы. Осылардың ішінде Қара бозторғай мен Үнді бозторғайынан басқаларын Түпқараған жерінен де кездестіре аламыз. Айдарлы бозторғай мен Құлақты бозторғай біздің жақты қысы-жазы мекендейді, яғни, бұлар – біздің жақтың өз құстары. Біз әкем екеуміз Түпқараған жерін мекендейтін бозторғайлардың бәрін де көріп, суретке түсірдік.
Айдарлы бозторғай (Молдаторғай) – біздің жақта қысы-жазы болатын, ешқайда ұшып кетпейтін, Түпқарағанның өз құсы. Негізінен шөптің дәндерін жейді. Жаз айларында далада, шөп арасында көбірек жүрсе, қыс кезінде далада шөп болмағандықтан ол адамдарға жақын, мал қораларының төңірегінде, малға беру үшін жазда жиналып қойылған шөптің айналасында көп болады.
Сондай-ақ, Үйторғайлар мен Жауторғайлар да осылай шөп дәнімен қоректенеді. Жазда көбіне далада болса, қысқа қарай үй айналасында ұшып-қонып жүреді.
Жаз айларында Бозторғайлардан басқа Торғай тектес құстардың бірнеше түрін көре аламыз. Олардың ішінде: Тасшымшықтардың 5 түрі, Шақшақайлардың 9 түрі, Қарлығаштардың 2 түрі, Қараторғай тұқымдастардың 2 түрі, Шымшықтардың 2 түрі, Тағанақтардың 3 түрі, Сәндуғаштардың 4 түрі, Бұлбұл тектестердің 2 түрі, Құнақ тұқымдастардың 14 түрі, басқа да түрлер бар. Ерте көктемде, қар кетіп, күн шуағы жер бетін жылыта бастағанда ағашты жерлерге Алабұлбұл, Таңшымшық секілді құстар ұшып келеді. Сол сияқты Кезқұйрық самыр немесе Урагус деп аталатын құс бар, ол тіпті біздің жақта кездеспейтін құс деп есептелінетін еді, оны да біз Орталық саябақтан көріп суретке түсірдік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *