Су жануарларының тыныс алу ерекшеліктері
Суда тыныс алу ауамен салыстырғанда айтарлықтай күрделі жағдайда жүріледі. Ауамен салыстырғанда судағы оттегінің мөлшері аз: 1л су 10миллитрден артық оттегін сіңірмейді. Бұл ауадағы оттегінің мөлшерінен 21 есе аз. Оттегі суда негізінен екі түрлі жолмен пайда болады. Біріншіден, судағы өсімдіктерде (көбінесе балдырларда) жүрілген фотосинтездің нәтижесінде бөлініп шыққан оттегі суға сіңеді. Екіншіден, ауадығы оттегі диффузиялық жолмен суға сіңеді. Сондықтан судың терең қабатымен салыстырғанда беткі қабатында оттегінің мөлшері мол болады. Судың жылылығы және тұздылығы өскен сайын ондағы оттегінің мөлшері азаяды. Мұхит, теңіздердің 50-1000 метрлік терең қабатындағы оттегінің мөлшері беткі қабаттарымен салыстырғанда 5-10есе аз болады. Судың жануарлар мен микроағзалар көп шоғырланған белдемінде тұтынушылар көбеюіне байланысты оттегінің тапшылығына ұшыраушылық та кездеседі. Теңіздер мен мұхиттың түбінде оттегі жоқтың қасы.
Судың әртүрлі қабатында оттегінің қанымдылығы бірдей емес болуына байланысты көптеген жануарлар су қабаттарындағы оттегінің азайып-молайып ауытқуына төзімді болады. Бұлар эвриоксибионт жануарлар тобына жатады. Бұларға тұщы судың түтікшеқұрты (Tubifex tubifex) деп аталатын буылтық құрт, құрсақаяқты ұлудың кейбір түрлері (M: Viviparus viviparus), балықтардан сазан, оңғақ, мөңке қатарлы балықтар жатады. Алайда оттегі жеткіліксіз суда тіршілік ете алмайтын және судағы оттегінің мөлшерінің азайып-көбейіп ауытқуына төзбейтін с т е н о к с и б и о нт жануарлар да аз емес. Бұған жәндіктерден көктемші (Plecoptera), біркүндік (Ephemeroptera), балықтардан патшабалық, албырт, талма, кірпікшелі құрттардан таусұламасы қатарлы жануарлар жатады. Сонымен қатар оттегі жетіспеген жағдайда зат алмасуын шегінше азайтып, тіршілік ететін ортасы оттегінің қанымдалғанша белсенсіз, қозғалыссыз тіршіліктің түріне (аноксибиоз) ауысу арқылы қолайсыз мезгілді аман өткізетін жануарлар да кездеседі.
Су жануарлары не денесінің терісі арқылы, не желбезек, өкпе, трахей түтікшесі қатарлы арнайы тыныс мүшелері арқылы тыныс алады. Арнайы тыныс мүшесі дамыған жағдайдың өзінде су жануарларының тыныс алуына тері жамылғысы қосалқы түрде кіріседі. Мысалы; үйіршек деген балық оттегінің 63 пайызын терісі арқылы денесіне сіңіріп тыныс алатыны тәжірибе арқылы дәлелденген. Терісі арқылы тыныс алатын жануарлардың денесі ұзын, жалпақ және әр түрлі өскіндері көп болуы арқылы терісінің жалпы сыртқы ауданын үлкейтеді. Бұл оттегіні көп сіңіріп алуына жәрдемдеседі. Кейбір жануарлар оттегі жетіспеген жағдайда тыныс алатын мүшелерінің ауданын үлкейтуге мәжбүрленеді. Ол үшін керіліп денесін созу (түтікше құрт), қармауыштарын созып ұзарту (гидра) тәрізді әрекеттер жасайды. Су түбінде отырмалы тіршілік ететін жануарлар және қозғалысы аз жануарлар өз төңірегіндегі пайдаланылған суды оттегі пайдланылмаған жаңа сумен ауыстыру үшін тербелу, айналу тәрізді қозғалыстар жасайды.
Кейбір жануарлар суда да, ауада да тыныс алуға қабілетті (қостынысты балықтар, сифонофорлар, өкпелі ұлулар, кейбір шаяндар). Алғаш құрлықта пайда болып, тарихи дамуының соңғы дәуірінде суда тіршілік етуге ауысқан – екінші реттік су жануарлары атмосфералық ашық ауамен тыныс алады. Сондықтан олар тыныс алар кезінде ұдайы су бетіне шығуға мәжбүрленеді (кит, ескекаяқты сүтқоректілер, су қоңыздары, масалардың дернәсілдері, т.б.).
Суда оттегінің жетіспеуі кейде су жануарларын жаппай қырғынға ұшыратады. Оттегі жетіспеуінен қырылуы көбінесе тоғандарда, өзендер мен көлдерде кездеседі. Қысқы қырғын әдетте судың үстін мұз басып, суға сырттан ауа кірмеуінен туындайды. Ал жазғы қырылу судың жылынуына байланысты. Жылы ауада оттегі нашар ериді, сондықтан су оттегінің тапшылығына ұшырайды. Мысалы, Перудің жағасына 10-12 жылда бір рет экватордың жылы ағысы жақындайды. Осы кезде зоопланктондар мен балықтар жаппай қырғынға ұшырайды. Оттегінің жетіспеуінің сыртында метан, күкіртті сутегі, көмірқышқыл газы және басқа да улы газдардың суда көбеюінінен жануарлар қырылады. Бұл газдар көбіненесе судың түбінде органикалық заттардың шіруінен және өндіріс қалдықтарының әсерінен көбейеді.