Салқын қанды жануарлардың дамып жетілуіне температураның әсері
Қандай бір ағзаның ұрығы дамып жетілу үшін белгілі бір мөлшерде жылулықты қажет етеді.
Жылы қанды жануарларға сүтқоректілер мен құстар жататыны бәрімізге мәлім. Құстардың денесінің тұрақты температурасы сүтқоректілерден де жоғары — 42°С. Олар осы артықшылығын пайдаланып жұмыртқасын басып – денесінің жылуымен жылыту арқылы дамытып жетілдіреді. Сүтқоректі жануарлардың ұрығы анасының құрсағында дамитындықтан олар үшін сыртқы ортаның температурасының әсері мүлдем жоққан тән. Жылы қанды жануар денесінің температурасының тұрақтылығын пайдаланып ұрығының дамып жетілу үрдісін сыртқы ортаның температурасына тәуелділіктен айырғаны – гомойотермділіктің тағы бір артықшылығы деп көруге болады.
Салқын қанды жануарлардың өсіп жетілуі тікелей сыртқы ортаның температурасына тәуелді. Суықта салқын қанды жануарлардың жұмыртқасы да, дернәсілі мен қуыршағы да өсіп жетіле алмайды. Себебі, суықтың әсерінен зат алмасу үдерісі тым баяулап дамып жетілуге энергия жетіспейді. Және ересектері де белсенді тіршілік ете алмайды.
Сыртқы ортаның температурасы белгілі бір деңгейге жетіп жылынған кезде олардың тіршілігі қайта сергіп, дамып жетіле бастайды.
Зат алмасу үрдісі қалыпты мөлшерге жетіп, дамып жетіле бастау әртүрлі салқын қанды жануарларда әртүрлі температурадан басталады. Осылайша белсенді тіршіліктің басталу температурасын табалдырық температурасы немесе дамып жетілудің әуелгі температурасы деп атайды. Сыртқы ортаның температурасы әуелгі (табалдырық) температура деңгейінен жоғарылаған сайын дамып жетілу үрдісі қарқындап жануарлардың әрбір даму сатысы жылдамдайды, тез жетіліп есейеді. Мысалы, патшабалықтың уылдырығы 0°С-тан дами бастайды. Оның уылдырығы, температурасы тұрақты +2°С суда 205 тәулік, +5°С суда – 82 тәулік, +10°С суда 41 тәулікте жетіліп шабақ болып шығады. Майшабақтың уылдырығы +2°С суда 45-50 тәулік, +16°С суда 6-8 тәулік дамып шабаққа айналады. Шөп бақаның уылдырығы +9°С суда 30 тәулік, +21°С суда 8 тәулік дамып бақашабақ жетіліп шығатыны анықталған. Сондай-ақ беде сұркөбелегінің жұмыртқасы ауаның тәуліктік орташа температурасы 18°С кезде 9 тәулікте жетіліп дернәсіл сатысына өтеді, ал тәуліктік орташа температурада 23°С болса екпінді дамып, 7 тәулікте дернәсіл жетіліп шығады.
Келтірілген мысалдардан белгілі бір түрдің дамып жетілуіне қажетті температураның жинақ қосындысы барлық жағдайда бірдей екенін көреміз. Дәлірек айтқанда, патшабалықтың уылдырығы:
а) +2°С-та 205 тәулікте жетіледі температураның қосындысы 410°С.
б) 5°С-та 82 тәулік, қосындысы — 410°С.
в) 10°С-та 41 тәулік, қосындысы тағы да 410°С.
Сонымен, салқын қанды жануарлардың дамып жетілуінің әрбір сатысы жүрілу үшін олар сыртқы ортадан белгілі мөлшерде жылуды өзіне сіңіруі қажет. Бұл жылу қарқынды температуралардың қосындысымен өлшенеді. Қарқынды температура дамуды қолдайтын әуелгі табалдырық температура мен қоршаған орта температурасының айырмашылығы арқылы өлшенеді. Мысалы, судың температурасы +5°С-қа жеткеннен бастап бақаның уылдырығы дами бастайды деп көрсек бұл 5°С температура табалдырық температурасы деп есептеледі. Ал даму барысында судың температурасы жылып 12°С-қа жеткен болса қарқынды температура К=12-5=7 болады. Бұны дамудың тұрақты температурасы деп те атайды. Егер табалдырық температураны t деп, кезіндегі ортаның температурасын Т деп белгілесек, қарқынды температураны К=Т-t деп белгілейтін боламыз. Егер бақаның уылдырығы жоғарыдағы көрсеткіштер бойынша 20 тәулік (С) бойы дамып бақашабақ сатысына жеткен болса уылдырықтан бақашабақ сатысына дейінгі дамуына қажетті қарқынды температуралардың қосындысы х = ( T — t° ). С формуласымен оңай есептей аламыз. Мұндағы х – дамуға қажетті (қарқынды) температуралардың қосындысы, С – табалдырық температурадан артық температуралы тәуліктің (немесе сағаттың) саны. Жоғарыда көрсетілген сандарды пайдаланып дамуға қажетті қарқынды температураның жиынтығын (қосындысын) есептейік: х =(12°С — 5°С )•20=140°С. Ендеше уылдырықтан бақашабақ болып даму үшін 140°С жылу қажет екені белгілі болады.
Қарқынды температура жинағын есептей білудің практикалық маңызы зор. Әсіресе жануарларды жерсіндіру, тоған шаруашылығында балық өсіру, ауыл шаруашылығының, орманның зиянкес жәндіктерімен күресу жұмыстарын тиімді жүргізу үшін олардың дамып жетілуіне қажетті температуралық көрсеткіштерді міндетті түрде ескеру қажет.