Махмұд Фаһми ХИЖАЗИ,
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті
университетінің ректоры, доктор, профессор, академик
МӘДЕНИЕТТЕР АРАСЫНДАҒЫ ДИАЛОГ ЖӘНЕ ИСЛАМ ӨРКЕНИЕТІНІҢ ДАМУЫ
1. Қазақ ғұламаларының көбісі кітаптарын араб тілінде жазған. Олар қазақтың мәдениет, ғылым тарихында мәдениеттер арасындағы байланысты жоғары дәрежеде дамытқан. Ислам өркениетіндегі қазақ ғұламалары тек дінмен шектеліп қоймаған. Олардың саны өте көп. Бұл К.Брокельманның «Араб әдебиеті тарихы» кітабынан және Ф.Сезгиннің «Араб мұрасының тарихы» кітаптарынан айқындалады. Бұл үлкен екі еңбекті неміс тілінен араб тіліне аударылуына орасан еңбек сіңірдім. Әл-Жауһари, лексиколог әл-Фараби сияқты қазақ ғалымдары лексикология ғылымына көп үлес қосқан. Сонымен қатар музыка, саясат, философия ғылымдарына философ әл-Фараби ерекше ден қойған. Медицина саласы бойынша бір топ түркі ғалымдары –Исмайл әл-Журжани, әл-Илақи, әс-Самарқанди, әл-Жуғмини араб тілінде кітаптар жазған. Медицина терминдері туралы әл-Қумри өте маңызды кітап қалдырған.
Астрономия ғылымы бойынша араб тілінде кітаптар жазған Орта Азияның басқа да ғалымдары бар. Олар – Абдур-Рахман әс-Суфи, Әбу Мағшар әл-Балхи, ибн Амажур, әл-Фергани. Осы және басқа да ғалымдар Ұлықбек пен Насыр әд-Дин әт-Туси есімдерімен байланыстырылатын әлемдік ғылыми жобаны дайындаған. Ол –астрономиялық бақылау жобасы.
Сүлеймен ибн Асама әс-Самарқанди, Әбу әл-Хасан ән-Насауи сынды ғалымдар математика ғылымына көп мән берді. Бұл ғалымдармен бірге көптеген елдер мен аймақтардың ғалымдары бәсекеге түсті. Өйткені ғылымға деген талпыныс орасан еді. Саяси шекаралар өзгеріп отырды. Грек, парсы, үнді, араб ғалымдарының негізгі кітаптарын білу мақсатында араб тілінде жазылған кітаптарға сүйеніп, кітаптарын араб тілінде жазды. Олар осы еңбектерді пайдаланып, оған жаңадан жаңалықтар кіргізді. Бұның бәрі даму үшін, өркениеттердің бір-бірлерімен байланысуы үшін жасалған талпыныстар тұғын. Олардың ғылым тарихында алатын орны жоғары.
Қазіргі кезде мәдениеттер арасында диалог жүргізу ғылыми және мәдени ұйымдардың негізгі міндеттері болып табылады. Осы мақсатта Қазақстан ғалымдары Египет пен басқа да елдердегі ұйымдардың ғылыми отырыстарына қатысып келеді. Араб қолжазбаларын сақтайтын орталықтар бұны айқындай түседі. Олардың алдыңғы қатарында Египет баспа үйі, әл-Азһар кітапханасы, Ислам қолжазбалары кітапханасы, Каир университеті кітапханасы, Александрия кітапханасы, Араб қолжазбалары институты бар. Аталған орталықтарда әлем кітапханаларындағы таңдалып алынған қолжазбалардың көбісінің көшірмелері сақталған.
Бұл ғалымдардың бірнеше кітаптарын басып шығаруда Египет, Сауд Аравия, Ливан, Сирия баспалары мен мәдениет министрліктері атсалысты. Ол ғалымдар – философ әл-Фараби, лингвист әл-Фараби, «әс-Сихах» кітабының авторы – әл-Жауһари, фиқһ негіздерінің ғалымы – ас-Сығнақи. Сонымен қатар ибн Әбдул Қадырдың «Табақат әл-Ханафия», ибн Әби Усайбағаның «Ғуюн әл-анба», ибн Халликанның «Уафаят әл-ағян», ибн Хажардың «әд-Дурар әл-Камина» сияқты осы ғалымдарының өмірлері туралы көптеген мағлұматтар келтірген кітаптар жарық көрген. Солардың қатарында мәмлүктердің билік жүргізген заманында басылған жүздеген тарихи кітаптарда бар. Олар: ибн Тағрибердидің кітаптары, әл-Қалқашандидің «Субху әл-ағша» сияқты энциклопедиялық кітаптары. Жоғарыда аталған мемлекеттерде жүздеген кітаптар басылып шықты, олардың ішінде кейбіреулері бірнеше томнан тұрды. Бұл ғалымдардың еңбектерін таратуда шынайы атсалысу мен мәдениеттер арасындағы байланыстың маңызы зор еді.
2. Аударма – мәдениеттер арасындағы байланысты орнатудағы маңызды құрал. Бірақ ол өркендеуге онша әсер етпейді. Өйткені ғылымға жаңалықтар қосу өте маңызды болып саналады. Мұсылман ғұламаларының барлық ғылым салаларына, оның ішінде медицинаға қосқан үлесі зор. Мұсылманның көрнекті дәрігерлерінен Мұхаммед ибн Закария Әбу Бакр әр-Разиді ерекше атауға болады. Ол логика және геометрия және т.б. философия ғылымдарында да ерекшеленді, медицина саласында көптеген кітаптар жазды. Оның латын тіліндегі аудармалары Еуропаға кең таралған.
3. Еуропалықтар әл-Андалус, Сицилия арқылы жаратылыстану ғылымдары, медицина, философия, араб әдебиеті туралы білді. Араб тілінен сол кездегі Еуропаның ғылым, мәдениет тілі болған латын тіліне аудармалар жасалына бастады. XIII ғасырда аударма ісі дамыды. Еуропа кітапханалары араб тілінен латын тіліне аударылған қолжазбаларға лық толды. Қазіргі кезге дейін латын тілінде жазылған қолжазбалар бар. Еуропалықтар алғашқы медицина саласындағы мағлұматтарды араб дәрігерлерінен сусындады. Мысалы, XI ғасырда (хижра бойынша V ғасыр) медицина саласы бойынша «әт-Тасриф» кітабын жазған әз-Заһрауи әл-Андалусиді келтіруге болады. Оның кітабы хирургиялық аспаптарды түсіндіретін көптеген суреттерімен ерекшеленді және латын тіліне аударылды. Қазіргі кезде аударманың қолжазбасы бар. Орта Азияның ғалымдары әл-Фараби, ибн Сина, т.б. Еуропада латын аудармалары арқылы танылды.
Кейін медицина ғылымы батысқа ауысып, Франциядағы Монпелье, Италиядағы Наполи, Болонья, Падуя, Британия аралдарындағы Оксфорд, Кембридж сияқты қалаларда университеттер мен институттар ашылды. Бұл жоғары оқу орындары араб тілінен латын тіліне аударылған кітаптарды оқытудың негізгі орталығына айналды. Сонымен қатар еуропалықтар араб ота жасауының әртүрлі әдістерін өздерінің мектептеріне алып келді және ботаника, зоология, математика, астрономия, философия ғылымдарының кітаптарын оқытты. Осы салада аударылған кітаптар олардың басты назарында болды. Қазіргі кезде Еуропаның кітапханаларында латын тілінде сақталып тұрған мыңдаған қолжазбалар бар. Баспа ісі жолға қойылғаннан бері олар осы кітаптарды басып шығаруға қатты көңіл бөлді. Мысалы ретінде, ибн Синаның араб тілінен латын тіліне аударылған кітаптарының ондаған басылымдарын көруге болады. Осыдан мәдениеттер арасындағы байланыс барынша аңғарылады және ол қазіргі Еуропаның дамуына үлкен әсерін тигізгені айқын білінеді.
Араб әдебиеті Еуропа әдебиетіне өз әсерін тигізді. Сол себепті трубадор өлеңдерінде арабтың өлең-шумақтары кездеседі. Мысалы, Францияның оңтүстігінде орналасқан Прованс қаласында араб өлеңінің стилінде жазылған еуропалық өлеңдер туа бастады. Ал мұсылман философы Хай ибн Яқзанның ибн Туфайл туралы әңгімесі Еуропа әдебиетіне қатты ықпал жасады. Онда философия қамтылғандықтан, арабтың философиялық әңгімесі саналды. XVI – XIX ғасырлар аралығында оның әңгімесі Еуропаның көптеген тілдеріне аударылды. Онымен Еуропаның көптеген әдебиетшілері сусындады.
Даму үшін өркениеттер арасында диалог жүргізу маңыздылығын ислам тарихы, Еуропа дамуының тарихы, қазіргі дүниежүзі тарихының зерттеулері айқындады. Біз бүгінгі күні ұшқыр байланыс заманында өмір сүріп жатырмыз. Шетелдермен қарым-қатынас жасап, бір-бірімізбен тез мағлұмат алмаса және өзара бәсекелесе аламыз. Осы орайда, діндер арасында диалог жүргізуге байланысты түсінік қалыптастыру және өркениеттер арасында ынтымақтастықты арттыру – дамудың негізгі шарты. Сондықтан жарқын болашақты құру үшін және осындай түсінікті қалыптастыру мақсатында діндер арасында өткізілетін конференциялардың маңызы зор болмақ.