ИСЛАМДАҒЫ «ӘУЛИЕЛІК КЕРЕМЕТ» ҰҒЫМДАРЫ

Қажмұқан ТӨЛЕМАҒАНБЕТОВ,
Нұр-Мүбарак университетінің магистранты

ИСЛАМДАҒЫ «ӘУЛИЕЛІК КЕРЕМЕТ» ҰҒЫМДАРЫ

Халқымыз әулие мен ишан атағына ие болған тұлғалы жандарды қатты құрметтеген. Жалпы, әулиелер деген кімдер? Бұл сауалға ислам дінінің көзқарасы бойынша қысқаша тоқталғанды жөн санадық. Әулие сөзі негізінен араб тіліндегі «уәли» жақын, дос, көмекші [1.897] ұғымдарын білдіретін сөздерден шыққан. Бұл сөздің шариғаттағы мағынасына келсек, исламда тыйым салынған барлық күнә істерден бойын алыс ұстайтын, Аллаға шынайы берілген, Раббысына деген махаббаты жалындап, Одан қатты қорқатын және Хазіреті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттерін мұқияттылықпен орындаған, иманы берік кісі дегенді білдіреді. Араб тілінде «уәли» сөзінің көпше түрі – «Әулие» (достар). Қасиетті Құран мен пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәрифтерінде «уәли» және «әулие» есімі Алланың сүйікті пенделері, құлдары, достары деген ұғымды білдіреді. Құран аяттарынан «Әулияуллаһ» (Алланың достары) деген сөзді көптеп кездестіруге болады. Себебі Алла Тағала Өзіне шынайы құлшылығымен мойынсұнушылықтың биік үлгісін көрсетіп, тақуалықпен өмір сүрген құлдарын өзге құлдардан артық санап, ондай пенделерді Өзіне жақын ретінде Құранда: «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды….» [2,10:62], – деп сипаттайды.
Алла Тағала достарының болмысынан олардың әдепті, адамдық қасиеттері мол, парасатты, жүзінен нұр тамған, иман жүзді, инабатты, кішіпейіл әрі Жаратушыдан ерекше қорқа білетін жандар екендігін төмендегі деректерден пайымдаймыз. Өйткені Алланың әулие құлдарының жүздерінде сәжденің іздері мен құлшылықтың нұрлы бейнесі болатындығын: «Олардың жүздерінде сәжделердің ізінің дерегі бар» [2,48:29] – деген аят білдіреді. Сондай-ақ оларды көрген кезде Алла еске түсетіндігі жайында хадисте былай келеді: Сайд ибн Жубайрдың риуаяты бойынша, Хазіреті пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Алланың уәли (әулие) құлдары кімдер?» деп сұралғанда, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Олар – сондай кісілер, оларды көрген кезде дереу Алла Тағала еске түседі», – деп жауап береді.
Хазіреті Омардың (р.ғ.) риуаяты бойынша, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Алла құлдарынан кейбір адамдар бар, олар шейіт (Алла жолында соғысып қаза тапқандар) те емес, пайғамбар да емес. Бірақ қиямет күні олардың дәрежелеріне пайғамбарлар мен шейіттер қызығып қарайды», – дейді. Сахабалар: «Ей, Алланың елшісі! Олар кімдер және қандай амал жасайды екен? Бізге де айтсаңыз, біз оларды жақсы көріп құрметтейік», деген кезде, Хазіреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұлар бір топ болып, араларында туыстық, бір-біріне беретін мал мен дүниелік пайдалары болмастан, тек Алла разылығы үшін және Алла жолында бір-бірлерін жақсы көреді. Аллаға ант етемін. Олардың жүздері бір нұр секілді және олар нұрдан жасалған бір баспалдақ үстінде. Адамдар қорыққан кезде олар қорықпайды. Адамдар қайғырған кезде, олар қайғырмайды», – деп олардың сипаттарын айтқан. Кейін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сөзін: «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды. Сондай иман келтіріп тақуа болғандар. Оларға дүние тіршілігінде де, ақыретте де қуаныш бар. Алланың сөздерінде өзгеріс жоқ. Міне, үлкен табысқа қол жеткізушілік осы» [2,10:62-64], – деген аятпен әрі қарай жалғастырған.
Алланың достары жайында қысқаша мағлұмат бере отырып, әулиелердің осы аят пен хадистегі сипаттарына тоқталдық. Сонымен қатар әулие кісілер Алланың өздеріне берген кеңшілігі мен артықшылығы арқасында «карамат» көрсетеді. «Карамат» сөзі араб тіліндегі мағынасы құрмет көрсету, сыйлау (1:669) деген ұғымдарды білдіретін сөздерден шыққан. Ислам дінінің шариғаттағы мағынасы Аллаға шынайы бойсұнған, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) шын ықылас ниетімен сенген, Раббысына құлшылық етуде алдына жан салмаған әулиелеріне берген Алланың сыйы, кеңшілігі болып табылады. Негізінде, бір әулиенің караматы өзінің сенген пайғамбарының мұғжизасынан туындайды. Мұғжиза да, карамат та төтенше болатын жағдай. Мұғжиза пайғамбарда, карамат сол пайғамбардың жолын ұстанушы әулие кісілерде болады. Бұл жайында Имам Ағзам Әбу Ханифа «Әл-Фиқһул әкбар» атты еңбегінде: «Әулиелердің көрсеткен караматы – хақ» (3:3), – деген. Олай болса, карамат мәселесінде күмәнданудың қажеті жоқ.
Кейбір адамдар сиқыршы, балгердің табиғат заңдылықтарынан тыс іс-әрекеттерін көрген кезде, бұл Алланың берген караматы деп ислам дінінен ауытқып, Алла Тағалаға ортақ қоса кетеді. Бұндай сиқыршы, балгер адамдардың көрсеткен караматтары біздің пайымыздағы діни караматқа жатпайды. Мұндай әрекеттер сол кісілердің күпірлігін арттыруымен қатар өзгелердің адасуына себеп болады. Сондықтан сиқыршының сиқыры мен әулиелердің караматының аражігін ажыратып білуіміз қажет. Бір адам баласының табиғат заңдылығынан тыс ғажайып, керемет іс-әрекет жасаса немесе болар істің алдын болжап, кейін сол айна қатесіз болып жатқанын көрсеңіз, алдымен ол адамның Алланың әмірлерін (иман ету, намаз, зекет….), тыйымдарын (сиқыр, балгер, арақ…..), бұйырған жолдарын ұстануында шариғатқа сай амал етіп етпегенін білмейінше оларға сеніп алданып, шариғат шенберінен ауытқып кетпеуіміз керек.
Құранда және сүннетте келген Алла достарының (әулие) караматын көрсеткен бірнеше мысалдар келтіруге болады. Хазіреті Закария (ғ.с) өзінің балдызы Мариям анамызға қамқор болып, Алла Тағалаға құлшылық ғибадат етуіне, Раббысын тану үшін мешіттің жанындағы арнайы бір бөлмеге орналастырып, оған қажетті нәрселерін алып беретін. Зәкәрия (ғ.с) уақыт өте келе, Мариям анамыздың караматын көре бастайды. Себебі Мариям анамыздың бөлмесіне Закариядан басқа ешкім кірмейтін болған. Хазіреті Закария (ғ.с) өзінің күнделікті азығынан басқа Мариям ананың алдында жаз кезінде қыстың жемісін, ал қыс мезгілінде жаздық жеміспен азықтанып жатқанын көрген кезде, таңғала еріксіз сұрауға мәжбүр болады. Бұл жайында Алла Тағала Құранда: «Сонда оны (Мариям ана) Раббы жақсы қабылдап, көркем өсірумен өсірді және оған Закарияны ие қылды. Закария (ғ.с) оның бөлмесіне әр кіргенде оның жанында тағамды көріп: «Ей, Мариям! Мыналар саған қайдан келді?»- деді. Мариям: «Ол Алланың қасынан, шексіз Алла қалаған құлын есепсіз ризықтандырады» деді» [2,3:37], – деп баяндайды. Хазіреті Мариям пайғамбар емес, тек Исаның (ғ.с) анасы екені анық. Демек, ол пайғамбар болмаса, онда оның алдында жатқан азық пен жемістер оның нәтижесі деген сөз.
«Кәһф» сүресіндегі «Асхабы кәһфтың» үш жүз жыл үңгірде ұйықтап, кейін қайта оянуын мұғжиза емес дей алмаймыз. Себебі ол үңгірде паналаған иман жүзді жігіттер пайғамбар емес болатын. Олай болса, олардың үш жүз жыл ұйықтауы сол жігіттер үшін карамат болып есептеледі.
Енді сүнеттен дәлел келтірейік. Хазіреті пайғамбарымыздың бір хадисінде сөз болған үмбеттерден үш жолаушының жаңбырдан ықтану әрі түнді өткізу үшін бір үңгірге кіріп паналағанын, сол кезде тау басынан құлаған үлкен бір тас үңгірдің аузына кептеліп, әлгі үш кісінің шыға алмай, Аллаға дұға еткені айтылады.Олар өздерінің Алла разылығы үшін жасаған амалдарын айтып, Алладан үңгір аузына кептелген тасты жылжытуын сұранады. Алла олардың мінәжатын қабыл етіп, үңгірдің аузына кептелген тасты жылжытады. Олар үңгірмен аман есен шығады [4,12].
Алланың достары атанған әулие құлдарының караматы екі түрлі болады:
1. Рухани карамат – ілім, ахлақ, ғибадат, мағрифат пен тақуалықта рухани дәрежеге жету. Бұл дәрежеге жеткен әулиелердің әрбір айтқан сөздері ғибратқа толы, мағыналы, әдепті, ешкімнің көңіліне тимейтін әсерлі сөздер болады.
2. Кауни және сурри карамат – ғайып болған затты әп-сәтте әкелу, апару, бір мекеннен екінші мекенге әп-сәтте жеткізу, жабайы аңдарды адамға қызмет еттіру секілді, т.б күнделікті өмірде көрсететін караматтар. Әулиелер мұндай караматтар көрсетуге әуес болмайды және мұндай караматтарға көңіл де бөлмейді [5,372-373].
Мұғжиза мен караматтан тыс өзге де табиғат заңдылықтарына қайшы келетін жағдайлар
Ислам діні мен ғұламаларының ерекшелігі сол, табиғат заңдылықтарынан тыс оқиғалардың бәрін мұғжиза демей, оларды өзара бөліп жүйелеген. Бұл – ислам дінінің әдістемесінің дамығандығының көрсеткіші. Жоғарыда айтып өткеніміздей, пайғамбарлардың мұғжизасы мен әулиелердің караматынан тыс өзге де табиғат заңдылықтарына қайшы келетін жағдайлар бар. Бұларды мұсылман ғалымдары мынадай топтарға бөліп қарайды:
а) Ирхас
Келешекте пайғамбар болатын адамға кейбір төтенше жағдайлардың көрінуін ирхас деп атайды. Мұндай төтенше жағдайлар ол адамның болашақ пайғамбар болатындығына дәлел. Мысалы, Хазіреті Исаның (ғ.с) яһудилердің дін басыларына, анасына ойнастан тудың деп айып тағушыларға бесікте жатып өзінің пайғамбар болатындығын, Інжіл атты кітап берілетіндігін айтуы ирхасқа жатады. Сол секілді Хазіретті Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүт анасы Халиманың үйіне береке әкелуі, көкесі Әбу Тәлібпен тасаттыққа шыққанда, оның қолын жайып атасы жалбарынғанда, жаңбырдың жаууы, үнемі үстінде бір бұлттың жүруі де табиғат заңдылығына қайшы келетін оқиғалар еді [6,62-71,86-87].
ә) Мәунат
Мәунат – көмек, жеңілдік деген ұғымды білдіреді. Алла Тағаланың сүйікті бір пендесі болғанымен, кез келген бір мұсылман кісінің қиын-қыстау кезінде, Алланың жәрдемімен аяқ астынан ісінің оңға басу құбылысын «мәунат» дейді.
б) Истидраж
Истидраж – уақыт беру, мұрсат беру деген ұғымды білдіреді. Күпірлігі мен күнакарлығын ашық түрде көрсеткен жандардың ниет-тілектеріне қарай болатын төтенше жағдайларды «истидраж» дейміз [5,267]. «Карамат» әулиеде болса, истидраж күнакар пендеде болады. Алла күпірлікте шектен шыққан құлдарына истидраж қабілетін беру арқылы күнәға белшесінен батуға мүмкіндік береді. Мысалы, Ібілістің дұғасы қабыл болып, қияметке дейін адамдарды тура жолдан адастыруы, Перғауын мен Нәмруд секілді өздерін құдай дәрежесіне санап, нәпсілерінің қалауы бойынша әрекет етулері истидраж түріндегі оқиғалар. Бірақ түбінде олардың нәтижесі де оң болмайды. Құранда: «Сондай аяттарымызды шығарғандарды олар білмеген жақтан бірте-бірте жоямыз. Тағы да оларға мұрсат беремін. Әрине, шараларым да қатаң» [2,182-183], – деп олардың ауыр азапқа ұшырайтындығын білдіреді.
«Мұхаммед (с.ғ.с) енді осы сөзді жалғанға шығарғандарды маған қалдыр, оларды білмеген жақтан баяулап кеміте береміз. Оларға мұрсат берейін. Шынында шараларым күшті» [2,68:44-45].
Бұл аяттардан шығатын ұғым, пенде егер күнә істеуін қоймай үдете түссе, Алла Тағала оның нығметін, ниет-тілегін арттырып, шүкіршілік пен тәубені мүлде ұмыттырып, Өзінің азабы мен қаһарына барынша жақындатып, ақырында төбесінен жай түскендей азапқа ұшыратады.
в) Иханет
«Истидраж» күнәкар, фасық бір кісіге берілген қабілет болса, «иханет» те сондай кісінің ниет тілегі мен мақсатының керісінше, болуы деген сөз. Яғни «иханет» жалғаншы, күнәкар кісінің жасаған ісінің жалғандығын айғақтайтын, табиғат заңдылықтарына қайшы келетін жағдайлар. Жасаймын дегенін жасай алмай, болады дегені болмай қалуы. Мысалы, жалғаншы пайғамбарлардан Мусәйләмәтул Кәззәб өзінің пайғамбар екендігін дәлелдеу үшін бір көзі көр болған кісінің көзінше шипа беру үшін түкірігін жаққанда, екінші сау көзінің көрмей қалуы секілді.
Әу баста атам қазақ әруаққа сыйынбаған, сыйлаған. Біз осы екі ұғымды ауыстырып алғандаймыз. Қабірлердің басындағы әруақтардың басына барып, өлгендерден тілек тілеп, қасиетті Қағбаны айналғандай тауап етіп жататын, әруақтарға арнап, құрбан шалып, тілек тілеп, бала сұрап жалбарынатын қауым іс-әрекеті қаншалықты исламға қайшы екенін біреу білсе, біреу білмес. Қазіргі кезде көпшілікке таныс «Ақжол», «Сұңқар», «Аққу» деген атпен көптеген мұсылман бауырларымыздың адасқан жолында көш бастап, қабірлерді аралатып, олардан демеу сұратып жатқаны жасырын емес. Көктемнің шуақты күндері басталысымен ақ шүберек байлаған автобустар жолға түсуді бастайды. Қабірлерге барып қайтушылардың жиған терген теңгесін жинап алып жолын ашып берушілер де насихатын күшейтеді. Бұл осы дүниенің есебі ал ақиретте ше?
Алайда, олардың: «Біз аруақтарға емес, Алладан сұраймыз, тек біздің тілегімізді Аллаға аталар жеткізеді» деп жүргендері – рухани айлакерліктен басқа ешнәрсе емес. Өйткені Алла Тағала: «Алладан басқа нәрселерге табынасыңдар ма? Олар сендерге зиян тигізу қабілетіне де, пайда келтіру қабілетіне де ие емес қой. Алла естуші, әрі толық білуші» [2,5:76], – деген. Осы бізге анық дәлел емес пе?
Қазіргі қабірлерге зиярат етушілердің мән бермей жүрген бір мәселесі – ислам сенімі бойынша қабірде жатқандардан тілек тілеуге болмайтындығы. Тілек тек ғана бір Алладан тіленеді. «Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан не сұрайсың» – деп аталарымыз тегін айтпаған. Алла Тағала «Фатиха» сүресінің 5-аятында бір Аллаға ғана құлшылық етіп, әрі бір Алладан ғана сұрау қажеттігін адамдарға бұйырған еді. Ал, қабірде жатқан қандай қасиетті адам болса да, одан бірдеме сұрау – Алланың қаһарын тудыратын серік қосу күнәсі екенін біліп қойғанымыз жөн. Әулие, әнбие, әруақ – бұлардың бәрі өмірден өтіп кеткен адамдар. Олар біздің қайғы-қасіретімізге, қуаныш-шаттығымызға ортақтаса алмайды. Бізге ешқандай жәрдемін тигізе алмайды. Тіпті, олар біздің не тілеп, не сөйлеп жатқанымызды да естімейді. Бұл сөзімізге дәлелді Құраннан табамыз.
«Егер оларға жалбарынсаңдар дауыстарыңда естімейді. Мүбада, олар естісе де, сендерге жауап қайтара алмайды. Сондай-ақ қиямет күні олар сендердің ортақ қосқандарыңнан танады. Толық хабар беруші Алладай сендерге ешкім түсіндірмейді» [2,35:14];
«Тірілер мен өлілер тең емес… Мұхаммед (с.ғ.с) сен қабірдегі біреулерге естірте алмайсың» [2,35:22].
Алланың аяттарында келтірілгендей, тірілер мен өлілер тең емес. Өлілердің тірілерге көмектесуі мүмкін емес. Ал тірілер Құран оқып, дұға жасап өлілерге көмектесе алады.
Өкінішке орай, қазіргі таңда елімізде қабірден қабір қоймай аралап, әулие-әнбиелерге мінәжат қылып, көмек тілеушілер өте көбейіп кетті. Бақыт, бақ, дәулет, дертке шипа, құрсаққа перзент аңсаушылардың барар жері, басар тауы-әулиенің басы, бейіттің тасы екені өкінішті-ақ. Олар осылайша жаратқан Аллаға емес, жаратылған – мақұлыққа жалбарынып жүр. Сөйтіп, тірілер әруаққа емес, әруақ тірілерге мұқтаж екенін ұмыта береді.
Енді «өлген адамның қалай көңілін тауып разы етуге болады, қандай қажеттілігін өтесек әруақ алдындағы міндетімізден құтыламыз?», – деген сұрақтарға келейік. Бұл сұрақтардың жауабын шариғаттан іздеп көрейік. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне сүйенсек, тірі адамдардың өлген пенденің алдындағы міндеттері: мәйітін жуу, кебіндеу, жаназасын шығару, жерлеу. Осы рәсімдерді орындаған адам өлі алдындағы өз міндетінен толық құтылады. Әрине, Құран оқып, дұға бағыштаса, өлген адам одан пайда алуымен қатар, арғы өмірде Алланың кеңшілігімен үлкен сауапқа кеңеледі.
Бірақ шариғат шартын сақтап орындамаса, бұдан да пайда жоқ. Егер өліге бағыштап мал сойып, құлпытас орнатып, мазар салып әруақты риза етеміз десек, бұл жерде Алланың бұйрығы бұзылатынын білгеніміз жөн.
Сондай-ақ, өлі риза болмай тірі байымайды деген қағидасы, өлінің мұқтаждығын өтесең ол да саған, өзінің жәрдемін тигізеді деген ұғым жатыр. Мұндай сенім иелері тірілердің дұғасына мұқтаж болған өлгендер рухының тірі адамға зиян да, пайда да келтіре алмайтындығын ұқпайды. Ел ішінде «Адам өлген соң оның денесінен жаны бөлініп шығады, әруақ дегеніміз – осы. Әруақ тірілерден разы болса, ол адамдардың арасында жүріп оларды қолдап-қорғап, бәле-жаладан сақтап жүреді», – деген сенім бар. Сондықтан, ісі ілгері баспаса: «Бәлкім құдайы жасап жіберсем, әруақтар разы болып, жолым ашылар» – деп, Аллаға емес, әруаққа арнап құрбандық шалып жататындар өзінің бұл ісінің дұрыс еместігін білмейді. Ислам шариғаты бойынша бұл қате сенімнен туған аса ауыр күнәға жатады. Ендеше біз қажеттілігімізді Алланың бір өзінен ғана сұрауға тиіспіз.
Алла Құран Кәрімнің «Қаф» сүресінің 16-аятында: «Біз адам баласына күре тамырынан да жақынбыз!» – деген. Демек, Алла Тағала сөзі ақиқат, бізге қабірде жатқан мәйіт емес, Алла Тағала жақын екен. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 186-аятында: «Мен оларға ақиқатында жақынмын менен тілек тілесе, қабыл аламын деп анық айтады». Олай болса, өте жақын Алла Тағаладан тілек тілеп, айшылық, күншілік жол жүріп, айдаладағы мазарлардан, әруақтардан тілек тілеуімізден сақтанайық ағайындар..!

Пайдаланған әдебиеттер

1. Арабско-русский словарь. –Ташкент: Камалак, 1994.
2. Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі. Ауд.: Халифа Алтай. –Мәдина, 1991.
3. Фиқһул Акбар. Әбу Ханифа. –Ташкент, 1994.
4. Әбу Закария Яхья ибн Шараф ән-Науауи. Риадус Солихин. 1 том. –Алматы: «Көкжиек» баспасы, 2012.
5. Сейтбеков. С. Иман негіздері. –Алматы, 2010.
6. Дамира Өмірзаққызы Ибрагим. Адамзаттың асыл тәжі. –Алматы, 2004.
7. Осман Нури Топбаш. Тасаввуф. –Алматы, 2007.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *