Жарықтың жануарларға әсері
Жарық жануарлар үшін қоршаған ортадағы заттарды көруге, бағытын бағдарлап сезіну үшін және басқадай да көптеген рөл атқарады.
Экологиялық ұғым бойынша «жарық» дегеніміз күн сәулесінің 0,05-3000нм(1нм=10-6нм) ұзындық толқын аумағындағы энергия ағыны. Толқынның ұзындық мөлшеріне сәйкес сәулелердің физикалық қасиеті және жануарларға тигізетін экологиялық әсері өзгереді. Мысалы:
0,05-150нм аралығындағы толқында иондаушы сәуле;
150-400нм-лік – ультракүлгін сәулелері;
400-800нм-лік – көрінетін жарық сәулелері;
800-1000нм-лік – инфрақызыл сәуле.
Иондаушы сәуле ғарыштың қысқа толқынды және жердің табиғи радиоактивті сәулелілік шоғырынан құралады. Олар тірі ағзаларға бүлдіргіш әрекет жасайды және ағзаларды мутациялық өзгеріске ұшыратады. Ағзаға иондаушы сәулелердің тигізетін әсері оның мөлшеріне (дозасына) байланысты. Аз мөлшердегі иондаушы сәулелер ағзаға зиян тигізбейді, керісінше, кейбір қажетті заттардың түзілуіне демеу беріп жәрдемдеседі.
Күннен Жерге қарай бағытталған ультракүлгін сәулелердің басым бөлігі жер бетіне жетпейді – озон пердесінде сүзіліп қалады. Жер бетіне тек қана толқынының ұзындығы 300нм –ден артық ультракүлгін сәулелер келіп жетеді. Ультракүлгін сәуленің бұл бөлігінде (300нм-ден артық толқын аумағындағы) энергия мол болатындықтан жанды ағзаларға химиялық жолмен әсерін тигізеді. Атап айтсақ, жасушада жүрілетін синтездерді қарқындатып демеу береді. Олардың демеуімен ағзада Д витамин түзіледі. Ал Д витамин кальцийдің, фосфордың алмасу үрдісін реттейтіндіктен жануарлардың жас төлінің сүйегі жақсы дамып жетілуіне мүмкіндік туады. Түлкі, борсық сияқты көптеген жануарлар күшіктерін таңертең інінен шығарып күн көзіне шуақтататыны осыған байланысты деп көреді.
Қысқа толқынды (280-320нм) ультракүлгін сәулелер ағзаға қатерлі ісік (рак) ауруын тудыру, ауруға қарсылық қабілетін жою, кейбір ауру қоздыратын микроағзаларды белсендіру тәрізді зиянды әсерін тигізеді.