Жануарлар мен өсімдіктердің экологиялық байланысы
Жануарлардың басым көпшілігі өсімдікпен қоректенеді. Қандай бір биоценозда өсімдікпен қоректенетін жануарлардың түрі де, саны да басқалардан артық. Олардың таралуы, мекендеуі, санының аз-көптігі, тіршілігінің басқа да көптеген сипаты өсімдікке байланысты. Өсімдік жабындысын жануарлар жыртқыштардан тасаланып бас сауғалайтын, желден, суықтан қорғайтын мекенжай, ұялап көбейетін орын ретінде пайдаланады. Жыртқыш жануарлар жемін тауып ұстауына өсімдік кейде пайдалы, кей жағдайда пайдасыз әсерін тигізеді.
Тек өсімдік қоректі жануарларға ғана емес, жыртқыш жануарлар үшін де өсімдіктің қоректік жанама әсері мол.
Табиғаттағы қоректік өсімдіктің қоры мезгіл сайын, жыл сайын өзгеріп отыруына сәйкес өсімдікпен қоректенетін жануарлардың құрамы мен саны да тұрақты болмайды. Атап айтсақ, омыртқалы және омыртқасыз жануарлар ағаш тектес өсімдіктердің тұқымымен қоректенеді. Бірақ ағаш тектес өсімдіктердің тұқымының өнімі жыл сайын бірдей емес, кей жылдары мүлдем жеміс бермей қалады. Шырша мен қарағай тұқым бермеген жылы қайшыауыз торғай мен тиін ұрықтанбайды және басқа жаққа ауып кетеді. Қылқан жапырақты орманның тұқымы мол өнім берген жылы тұқымға мейлінше тойынып семірген қайшыауыз торғай қыстың өзінде-ақ жұмыртқалап балапан басып өсіреді. Ал тиіннің саны жаңғақ көп шыққан жылдың келесі жылында көбейеді. Өйткені жаңғақ пісіп жетілгенге дейін тиіннің ұрықтану мерзімі бітіп кетеді. Бірақ негізгі қоректік заты (жаңғақ) жеткілікті болғандықтан олар қыстан шығынсыз күйлі шығып келесі жылы көп төл туады. Монғолияның қуаң даласында тіршілік ететін дала тышқаны (Microtus brandti) да шөп көп шыққан жылдың келесі жылында көбейіп жайылымның өніміне үлкен зиян келтіреді. Күз мезгілі ылғалды және жылы болса өсімдіктің тұқымы дереу өскіндеп көктей бастайды, жаңа шыққан сол балауса шөп жауған қардың астында қалады да дала тышқаны, құмтышқаны, алақоржын тағы басқа кеміргіштерге жайлы жағдай туғызады. Сондықтан олар қыста да туып көбейеді. Өсімдікпен қоректенетін көптеген жануар шөп шықпаған, ағаштар жеміс бермеген, қуаңшылық болған жылы аштан қырылу қаупіне ұшырайды. Өсімдік өнімі өсімдікпен қоректенетін жануарларға тікелей әсерін тигізумен қатар жыртқыш жануарларға да жанама түрде ықпал етеді: мысалы, қуаңшылықтан болып тышқан, сарышұнақ, қосаяқ тектес жануарлардың азаюының салдарынан олармен қоректенетін күйкентай, қаршыға, қырғи, ителгі қатарлы құстар; түлкі, қарсақ, сусар т.б. жыртқыш жануарлар қоректік қордың тапшылығына ұшырап азаяды, немесе басқа жаққа ауып көшуге мәжбүр болады.
Жануарлар да өсімдік жамылғысының құрамына, таралуына және өсімдіктердің өсіп жетілуіне маңызды рөл атқарады.
Көптеген өсімдіктің тұқымы жануарлар арқылы бір жерден екінші жерге таралады. Өсімдіктің жануарлар арқылы таралуы зоохория деп аталады. Қазақстанның далалық белдеуінде кең таралған селеу, түйетікен, кәріқыз т.б. көптеген өсімдіктің тұқымы күзде пісіп жетілген кезде тікенектері арқылы малдың және көптеген жануарлардың жүніне жабысып алыс мекендерге таралады. Өсімдіктің тұқымымен қоректенетін құстар мен сүтқоректі жануарлар жеген тұқымын түгелімен шайнап ұсақтамай жұтады. Шайналып ұсақталмаған тұқым қорытылмайды, бүтін күйінде жануарлардың нәжісімен араласып сыртқа шығады. Осындай жолмен өсімдіктің тұқымын тарататын құстарға жеміс піскен кезде жеміспен қоректенетін, бірақ жемістің сыртқы шырынын қорытып, ішіндегі тұқымын қорытпай бүтіндей сыртқа шығаратын қарға, сауысқан, таған тәрізді қорек талғамайтын құстарды атауға болады. Олар өсімдіктің тұқымымен қоректенуге бейімделмегендіктен оны қорытпайды. Тұқыммен қоректенуге бейімделген әртүрлі торғайлар тұқымды толық қорытатындықтан тұқымның таралуына рөлі аз. Жануарлардың асқорыту жүйесі арқылы өтіп сыртқа шыққан тұқым көктеп даму қабілетін толық сақтап қана қоймай, кей жағдайда даму қабілеті жануарларға жұтылмаған тұқымнан артық болатыны анықталған. Мысалы, таған деп аталатын ақтұмсық қарғаның жеген беденің тұқымының үштен бірі көктеп дамуға толық қабілетті қалпында сыртқа шығарылатыны анықталған. Сұраюдың нәжісімен бірге сыртқа шыққан балдырғанның тұқымының көктеп шығу қабілетін бұл өсімдіктің өзінде өсіп тұрған тұқымның көктеп шығу қабілетімен салыстыру үшін екеуін бірдей жағдайда егіп тәжірибе жасаған. Сонда өсімдіктен жинап алған тұқымның көктеп даму қабілеті – 38%, ал сұраюдың нәжісінен теріп алынған тұқымның көктеп даму қабілеті – 65% болып аюдың асқорыту жүйесіндегі әртүрлі сөлдер тұқымның өсіп дамуы қабілетін жоғарылататыны айқындалған.
Жемісі арқылы өсімдіктер әртүрлі жануарларды өзіне қызықтырып тартуының өзінде тұқымын сол жануарлар арқылы таратуға бағытталған бейімделушілік қасиеті бар. Жеміс жейтін жануарлар оның тұқымын қорытпайды.
Жеті түрлі құстың саңғыруынан теріп алынған ұрықтың өсіп-өну қарқынын тәжірибе жүргізу арқылы зерттеп көргенде қай-қайсысының өсіп шығу қабілеті жақсарып және даму қарқыны өсетіндегі дәлелденген.
Тиін, боршатышқан, жорға торғай және басқа да кейбір жануарлар қыста жеу үшін өсімдіктің тұқымын ініне немесе жерге көміп жинайды. Қыста жегеннен артылған тұқым келесі көктемде жинаған жеріне бітік өсіп таралады.
Имек итошағанның тікенекті жабысқақ тұқымы кейбір қосмекенділер арқылы, көптеген өсімдіктің тұқымы тасбақаларға жабысып таралатындығы белгіленген.
Құмырсқа, термиттер илеуіне әртүрлі өсімдіктің тұқымын, дәнін тасып әкеліп қоректенеді. Бірақ тұқымның құрамындағы жасұнықты (клетчатка) ыдыратып қорытуға олардың ас қорыту жүйесіндегі ферменттердің дәрмені жетпейтіндіктен илеуіне саңырауқұлақ өсіреді. Илеуде өскен саңырауқұлақ тұқымның жасұнығын ыдыратып жұмсартады да құмырсқа, термиттердің жегеніне жарамды болады. Мысалы Atta туыстығына жататын құмырсқалар Rhzites тәріздес саңырауқұлақтың, термиттер Monilia саңырауқұлақтардың спорасын илеуіне тасып әкеліп «егетіні» анықталған.
Өсімдіктің тұқымын алыс аймақтарға таратуда жыл құстарының маңызы зор. Ұшқат итшомырт, шәнкіш, аюбадам, бүлдірген қатарлы өсімдіктердің жемісімен қоректенетін жыл құстары күзде қайтқан кезде олардың тұқымын географиялық бір белдемнен екінші белдемге, құрлықтың бір бөлігінен екінші бөлігіне таратып өсімдіктің таралу аймағының шеңберін кеңейтеді. Жоғары сатылық саңырауқұлақтардың спорасының сыртқы қабығы өте берік, олар ас қорыту ферменттерінің әсеріне ыдырап ерімейтіндіктен саңырауқұлақтың жемісті денесімен қоректенген жануарлардың ас қорыту жүйесінен өткенде қорытылмай нәжісімен бірге сыртқа шығады. Саңырауқұлақтың жемісті денесін таңдап жейтін тиін, қоян, бұғы, ұсақ кеміргіштер қатарлы жануарлар саңырауқұлақтың таралуына үлкен ықпалын тигізеді.
Өсімдіктің тозаңдануына жануарлардың маңызы орасан зор. Жануарлар гүлдің тозаңын жеп азайтуы өсімдікке аздаған зиян келтірсе де, оның орасан зор пайдасы да бар.
Тозаңмен және гүлдің шірнесімен (нектар) қоректенетін алуантүрлі жәндіктер бір гүлдің тозаңын екінші гүлге тасымалдап, өсімдіктің айқас тозаңдануын жүзеге асырады. Айқас тозаңданудың нәтижесінде өсімдіктің гетерозиготтылығы(генетикалық әртүрлілігі) қамтамасыз етіліп, ортаның факторларының өзгерісіне бейімделу қабілеті жақсарады. Өсімдіктердің тарихи даму кезеңінде шірнелік без қалыптасуы өсімдікке де, жәндікке де пайдалы, ынтымақты тіршіліктің бір түрі деп көруге болады: қоректік сапасы жоғары, сіңімділігі мол шірнемен қоректену жәндіктер үшін пайдалы, ал осылай қоректену арқылы айқас тозаңдану жүзеге асырылатындығы өсімдікке пайдасын тигізеді.
Өсімдіктің айқас тозаңдануын жүргізуге қатысатын жәндіктердің түрі өте көп. Жәндіктер арқылы айқас тозаңдану көрінісі энтомофилия деп аталады. Өсімдіктің жәндіктер арқылы тозаңдануға бейімделгені соншалық өсімдіктің гүлінің құрылысына жәндіктің аузының құрылысы дәлме-дәл сәйкес келеді.
Өсімдіктердің гүлінің қандай түсті болуы да қандай жәндікпен тозаңдануына сәйкес болатыны дәлелденген. Гүлдің түсі мен пішініне қарай әртүрлі жәндік өзінің шірне жинайтын гүлдерін басқа гүлден ажыратып таниды. Сондықтан да әртүрлі өсімдік белгілі бір топтың жәндіктерімен тозаңдануға бейімделген: жоңышқа көбінесе балара арқылы, беде түктіара арқылы тозаңданады. Ал темекі, сүйсін (Orchis) және басқа да көптеген өсімдіктің гүлі түтікше тәріздес ұзын болғандықтан олар тұмсығы ұзын көбелектер арқылы тозаңданады. Күрделігүлділер, раушангүлділер және сарғалдақ тұқымдастардың гүлі ашық, шірнесі мен тозаңын жеуге, жинауға оңай болғандықтан бұндай өсімдіктерді шыбындар, жарғаққанаттылар, қоңыздар тәрізді көптеген жәндік тозаңдандыра алады.
Өсімдіктің тозаңы көбінесе жәндіктің денесіне жабысу арқылы бір өсімдіктен екіншісіне тасымалданады. Ал, аралардың аяғында немесе құрсағында тозаң жинайтын арнаулы жабдығы болады.
Кейбір мәліметтер бойынша әлемдегі барлық гүлді өсімдіктің 81 пайызы жәндіктер арқылы тозаңданатыны айқындалған. Бұдан, әрине, тозаңдану нәтижесінде табиғи және мәдени өсімдіктердің жемісі мен тұқымының түзіліп жетілуіне жәндіктер орасан зор рөл атқаратынын білу қиын емес.
Тек жәндіктер ғана емес, кейбір құстар мен сүтқоректі жануарлар да өсімдіктің айқас тозаңдануына жәрдемін тигізеді. Құстардың жәрдемімен тозаңдану құбылысы – орнитофилия (ornithos – құстар; philous – тозаңдану). Орхидея немесе сүйсіннің гүлі тек колибри дейтін құстың тұмсығы арқылы тозаңдануға, фритиллярия (Fritillaria imperalis) дейтін өсімдік көкшіл шымшықтың тұмсығы арқылы тозаңдануға бейімделген. Австралияда өсетін жабық тұқымды өсімдіктердің 16 пайызының тозаңдануына құстар демеушілік көрсететіні белгіленген.
Сүтқоректілер де өсімдіктің тозаңдануына тікелей немесе жанама түрде жәрдемін тигізеді.
Әсіресе итбас жарғанат, жалпақтабан жарғанат қатарлы қолқанаттылар қатарына жататын сүтқоректілердің өсімдікті тозаңдандыруға маңызы зор. Қолқанаттылар арқылы тозаңдану құбылысы хироптерафилия (Chiroptera – қолқанаттылар қатарының латын аты; philous – тозаңдану) деп аталады. Қазіргі кезде қолқанаттылардың жәрдемімен тозаңданатын 130-ға жуық туысқа қарасты өсімдік белгілі. Қолқанатты сүтқоректілер арқылы тозаңданатын өсімдіктердің гүлі ақ, хош иісті, гүлінің сабағы берік болады.
Жануарлар мен өсімдіктің өзара байланысы жоғарыда баталғандармен ғана шектелмейді. Жануарлар өсімдікті отап жеуінің салдарынан өсімдік зақымданып өнімі азаяды, әртүрлі мүшелерінің қызметтік қабілеті, төзімділігі төмендейді, өсіп жетілу үрдісі баяулап, ауруға төтеп беру қабілеті нашарлайды.
Тек қана ауылшаруашылығында өсіретін 400 түрлі мәдени өсімдікті зақымдайтын 7500 түрлі зиянкес жәндік тізімделген. Бірақ экологиялық жалпы заңдылыққа сүйенсек: өсімдік — өндіруші (продуцент), жануарлар – тұтынушы (консумент). Табиғи жағдайда тұтынушылар өндірушінің жылдық өнімінің 10-15 пайызынан артық тұтынбайды. Бұдан қарағанда өсімдіктің өніміне жануарлардың тигізетін кері әсері сонша көп емес сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ өсімдіктің өнім беруіне (фитомассаның түзілуіне) жануарлар әртүрлі жолмен кері әсерін тигізіп, бөгет жасауының салдарынан өсімдік өзінің өнім беру мүмкіндігін толық жүзеге асыра алмайды.
Жануарларға жегізбеу үшін өсімдіктерде әртүрлі қорғану амалдары пайда болып қалыптасқан. Мысалы жануарлардың жеуіне бөгет жасау бағытында тікен, тікенектер арқылы қорғану, қабығы қатайып, қалыңдау, жағымсыз иіс, улы заттар бөліп шығару т.б. Жануарларда да өсімдікпен қоректену үшін икемделген бейімделушілік жүріледі. Сондықтан өсімдік барлық жануарлардан толық қорғана алмайды. Бейімделудің нәтижесінде кей жануардың жеуінен құтылса да, кейбір жануарға жегізуге мәжбүр болады. Өйткені бейімделу – салыстырмалы ұғым. Бір жануардан қорғанған бейімділігі, басқа бір жануардан қорғаныс бола алмайды.
Өсімдік қоректі жануарлар мен өсімдіктер бір-біріне химиялық заттар арқылы өзара ықпал ету қатынасы жиі кездеседі. Өсімдік қоректі жануарлардың жағымсыз ықпалынан айығу үшін кейбір өсімдік денесіне улы заттарды жинайды немесе жиіркендіруші, есеңгіретуші, жаман иісті заттарды шығарады.
Айталық, көктемде терек гүлденген кезде оның сырғагүлінде кониферил, бензоат деген заттар көптеп жиналатындықтан сырғагүлмен қоректенетін шіл оны аз ғана мөлшерде шектеп жейді. Теректің қабығында салицин, саликортин дейтін заттар болатындықтан басқа ағаштардың қабығын жейтін көптеген жәндік теректің қабығын жемейді. Қоян мен құндыз теректің қабығын кеміріп жейтіні ежелден мәлім. Бірақ оларға салицин, саликортин әсер етпейді. Құсықсүт (Euphorbia) туысына жататын өсімдікті жеген мал дереу уланады. Ал құсықсүт көбелегі (Deilephia euphorbiae ) дейтін көбелектің жұлдызқұрты (дернәсілі) осы құсықсүттің жапырағын жеп тіршілік етеді. Зерттеп көргенде бұл көбелектің жұлдызқұртында улы затты сіңіріп алып, сыртқа бөліп шығаратын бездер болатыны анықталған. Теңізде өсетін Chlorodesmis fascigiata дейтін балдырдың хлородесмин деген улы заты болатындықтан оны ешбір балық жемейді, ал теңіздің таңқы шаяны осы балдырмен қоректенеді екен.
Бұл мысалдар арқылы біз бір топтың жануарларынан қорғану үшін өсімдіктерде пайда болған қасиеттер мен құбылыстар екінші бір жануарлардан қорғай алмайтынын көреміз. Бірақ морфологиялық, физиологиялық және химиялық жолмен өзін қорғау бағытындағы бұл бейімделулер ол өсімдіктің популяциясындағы дарақтар күрт азайып кетпей биоценоздағы сандық қатынас деңгейін тұрақты сақтауға мүмкіндік береді.
Далалы аймақтарда тұяқты жануарлар мен көпжылдық астықтұқымдас өсімдіктер өзара тығыз байланыста өсіп өнеді. Егер тұяқты жануарлар жыл сайын отап белгілі бір мөлшерде азайтып қысым көрсетпесе шымтүбірлі астықтұқымдас өсімдіктер бітік өсіп, олардың шымтүбірлері бірігеді де басқа өсімдіктерді ығыстыра бастайды. Ылғалы аз қуаң далада өсімдіктің қалдығы шіритіндіктен топырақтың бетінде ескі қу шөптің тығыз да қалың қабаты түзіліп жас өркеннің өсуіне жол бермейді. Сондықтан далалы аймақтарда ұзақ уақыт бойында мал немесе тұяқты жануарлардың жайылмауының себебі шымтүбірлі астықтұқымдас өсімдіктердің жойылып оның орнын арамшөптер басуына әкеліп соқтырады.
Тұяқты жануарлар (мал және тұяқты аңдар) шымтүбірлі астықтұқымдас өсімдіктерді отап сиретуімен қатар қыста түспе шөппен қоректеніп, жердің бетін жаппай қу шөп басудан сақтайды, өсімдіктің ұрығын жерге таптап көмеді және олардың қиы топырақты тыңайтады. Бұдан далалы аймақтарда өсімдікті жануарлар отап, белгілі мөлшерде тұрақты сиретіп әсер етуі өсімдік жамылғысына зиянды емес, керісінше қажетті және пайдалы екенін көреміз.
Бірақ мал немесе басқа жануарларға мөлшерден тыс оталып және тапталған дала өзінің тұрақтылығын сақтай алмайды. Жануарлардың тұяғына тапталған топырақтың су сіңіруі, жылу өткізуі нашарлайды және тұздылығы молаяды. Далалы аймақтың өсімдік жамылғысының негізін қалап, басым бөлігін құрайтын шымтүбірлі астықтұқымдас өсімдіктердің шымтүбірі жануарлардың тұяғына тапталып, жарақаттануы салдарынан олар азайып, не біржола жойылып оның орнына жусандар мен сораңдар көбейеді. Бұл әрине даланың шөлденуіне үлкен әсер етеді. Монғолияның шөлейт далалы аймақтарында соңғы жылдарда көбее бастаған құландар шөптесін және шалабұта өсімдіктерді тұяғымен теуіп қопарып жейтіндіктен топырақты босатып құмның көшуіне демеу беретіні байқалды.
Інде тіршілік ететін кеміргіштер топырақты қазып ін жасауы арқылы өсімдіктің тіршілігіне айтарлықтай әсерін тигізеді. Кеміргіштер інінен қазып шығарған күпсек топырақты несебімен, қиымен «тыңайтады». Мұндай бос топыраққа алдымен көбінесе сирек топырақты сүйетін біржылдық арамшөптер өсіп, келесі жылдардан көпжылдық өсімдіктер қосылып өсе бастайды. Суыр, сарышұнақ тәрізді кеміргіштердің інінен шығарған үйінді бос топырақта өскен өсімдік жабындысын оның төңірегіндегі табиғи өсімдік жабындысымен салыстырғанда іннің бос топырағында өскен өсімдіктің алуан түрлілігі мол, өнімі көп, өсімі бітік болады. Бірақ ін топырағындағы өсімдіктің құрамы да, өнімі де тез өзгереді. Солай болуы, әрине , заңды да. Өйткені бұл –жаңа биоценоз. Жаңадан қалыптаса бастаған жас биоценоз климакс сатысына жеткенге дейін сукцессиялық ауысу жүрілетіндіктен тұрақсыз және дамып келе жатқан жүйе болғандықтан өнімі үдемді болуы –экологиялық заңдылық. Құмырсқаның, термиттің илеуіндегі өсімдік жамылғысы да оны қоршаған ортадағы өсімдік жамылғысынан төтенше айырмашылықта болады.
Жәндіктер әлемінің өсімдікке тигізетін әсері алуан түрлі. Орманның кейбір зиянкестері күрт көбейген кезде мыңдаған гектар орманның жапырағын түгелдей жеп, орманның қуарып жойылуына себепкер болады. Колорада қоңызының картофельге, Азия шегірткесінің дәнді дақылдарға, пияз жұмырқұртының пиязға шектіретін зияны ұшан теңіз.
Көптеген жұмырқұрттар, жауын құрты, сапрофаг қоректі басқа да көптеген жәндіктер өсімдіктің қуарып түскен қалдығын жеп, қалдықты ұсақтап бөлуі арқылы тез ыдырап, топырақта қарашіріндінің түзілуіне көмегін тигізеді. Осылайша өсімдіктің қалдығы жанама жолмен өсімдіктің өсуіне қолайлы жағдай туғызады.
Жануарлардың несебі мен қиында нитраттар мол болатыны ежелден белгілі. Мал қораның және жануарлардың тұрақты түнейтін орнының төңірегіндегі топырақ нитратпен байып, нитратсүйгіш өсімдіктердің бітік өсуіне мүмкіндік туады. Әсіресе алабұта (Chenopodium), қызылша (Beta), асжапырақ (Spinacia), қыша (Sinapis), таран (Polygonum),қалақай (Urtica), қурай (Rheum) туысына жататын өсімдіктер нитратты көп талап ететіндіктен малдың және жабайы жануарлардың жатын орнының төңірегінде көптеп өседі.
Әдебиеттер: (3,6,8,9,17)