Демографиялық кесте, оның маңызы

 

 Демографиялық кесте, оның маңызы

Популяцияға қатысты статистикалық маңызды мәліметтер жинағын топтастырған кесте демографиялық кесте деп аталады. Популяцияның сандық өзгерісін бағалау үшін ең қажетті мәлімет: популяцияның бастапқы саны, одан әрбір жас жасаған сайын тірі қалып өмір сүрген дарақтарының саны және әрбір жастағы дарақтардың өсімталдығы. Қандай бір жасқа дейін тірі қалған (өмір сүрген) дарақтардың санын Lx белгісімен  белгілейді. Мұндағы х- белгілі жасты көрсетеді. (Мысалы; L10 = 10 жастағы дарақтар саны). Белгілі бір жасындағы өсімталдығын тек ұрғашыларының саны арқылы есептейді. Өйткені бейберекет жұптасатын популяциялардағы еркек дарақтардың өсімталдығын анықтау орасан қиын, көп жағдайда мүмкін емес.

Популяцияның демографиялық кестесін құру үшін популяцияны құрайтын дарақтардың жасын білу қажет. Қорада немесе лабораторияда өсірілетін жануарлардың және адам популяциясының жасының құрамын білу қиын емес, ал табиғи жағдайдағы популяциялардың дарақтарының жасын анықтап есептеу үшін көптеген қиыншылықтар туады. Әрбір жастағы дарақтардың өміршеңдігін (өміршеңдік деп бастабында туған төл дарақтардың санынан белгілі бір жасқа жеткенде тірі қалған дарақтардың санын, немесе пайыздық үлесін айтады) туған жас ұрпақты нөмірлеп белгілеп одан қаншасы неше жасқа келгенін санау немесе дарақтардың неше жасында өлгенін тізімдеп аңықтау тәсілдері қолданылады. Бірақ бұл екі тәсілдің де кемшілігі бар. Бірінші тәсіл бойынша популяцияда туған төлді нөмірлеп (немесе сырға, сақина тағып) белгілеген жағдайда ол белгіленген дарақ популяциядан басқа жаққа қоныс аударып кетпей сол популяцияда тіршілік етуі шарт. Өйткені санақ жүргізген кезде популяцияда жоқ дарақтардың бәрі өлгенге есептеледі. Екінші тәсіл бойынша алғаш белгілеген дарақтардан жыл сайын өліп шығынданған санын аңықтау үшін өлген жануарды іздеп табуға, немесе оның тірі екенін анықтауға тура келеді. Өлігі оңай табыла қоймайды. Мысалы АҚШ – та 1946 – 1965 жылдар аралығында 180718 сайрауық торғайды ұстап сақиналайды. Соның қаншасы өлгенін білу үшін жыл сайын санақ жүргізгенде 20 жылдың ішінде өлігі табылған және екінші рет қайта кездесіп ұсталған жалпы саны небәрі 2444 қана.

Егер жануардың қашан туғанын білмесе де оның неше жаста екенін дене құрылысының қандай бір белгісі арқылы аңықтай алатын болса өміршеңдік кестесін оңай құрастыруға болады. Мысалы балықтың жасын оның қабыршағындағы жылдық сақинасы арқылы және дыбыс көпіршегінде орналасқан құлақтасындағы (отолит) сақиналардың саны арқылы анықтауға болады. Арқар, тау ешкінің жасын мүйізінің мөлшері мен мүйізіндегі ирегінің санын салыстыру арқылы, көбелектің, қоңыздың дәрнәсілдерінің неше рет түлегенін басының мөлшерін денесінің ұзындығымен салыстыру арқылы (олардың бір түлегенін бір жас деп есептейді) анықтайды.

Аляскадағы Мак – Кинли Ұлттық саябағында мекен ететін Далла жабайы қойының өміршеңдігін өлген қойдың мүйізінің өлшеміне негіздеп анықтаған. Далада өлген 608 Далла қойының қаңқа сүйегін жинап, мүйізін өлшеу арқылы қаншасы неше жасында өлгенін есептегенде 121 қой 1 жасқа жетпей, 7 қой – 1 – 2 жасында, 8 қой – 2 – 3 жасында, т.с.с 608 қойдың қаншасы неше жасында өлгені анықталып, соның нәтижесінде өміршеңдік (демографиялық) кесте құрастырылған.

5-кесте.  Мак-Кинли Ұлттық саябағында өлген 608 Далла қойның қаншасы неше жасында өлгенін есептеу нәтижесінде құрастырылған өміршеңдік кестесі

 

Жас      аралығы,    жыл

Берілген жас аралығында өлген дарақтардың саны

Берілген жас аралы- ғына дейін өмір сүрген дарақтар   саны

1000 тумаға шағып есептегенде әр бір берілген жаста тірі қалған дарақтың саны (өміршеңдігі)

0-1

121

608

1,000

1-2

7

487

0,801

2-3

8

480

0,789

3-4

7

472

0,776

4-5

18

465

0,764

5-6

28

447

0,734

6-7

29

419

0,688

7-8

42

390

0,640

8-9

80

348

0,571

9-0

114

268

0,439

10-11

95

154

0,252

11-12

55

59

0,096

12-13

2

4

0,006

13-14

2

2

0,0003

14-15

0

0

0,000

Кестеден популяция санының мынадай өзгерістерін көреміз: Далла қойының алғашқы саны 608. Бірінші жылы бұдан 121 қой өлген (608-121)=487 қой тірі; екінші жылында және 7 қой өлген(608-121-7)=480 қой тірі қалған деп есептейміз. Осылайша 14-ші жылы ең соңғы 2 кәрі қой өліп 608 дарақтан құралған популяция жойылып бітер еді. Бастапқы 608 қойдан қаншасы неше жас жасағанын білгендіктен егер алғашын да 1000 қозы туған болса қаншасы неше жас жасар еді дегенді есептеп шығаруға болады(кестенің оң жақ бағаны). Бұл популяцияның өміршеңдігін мәлімдейді. Мысал үшін, кестеден популяцияның бастапқы дарақтарының(608 қой)  390 дарағы 7-жылға дейін өмір сүргенін, бұл популяцияның алғашқы санының 64 пайызын иеленетінін көреміз.

Өміршеңдік көрсеткіш демографиялық кестенің мәнін жартылай ғана мәлімдей алады. Популяция санының өзгерісін толық түсіну үшін дарақтардың әрбір жастағы тобының өсімталдығын білу қажет. Биологтар далалық табиғи жағдайда құстардың ұядағы жұмыртқасын, жануарлардың төлін, қосмекенділер мен жәндіктердің және теңіз омыртқасыз жануарларының жұмыртқасын тікелей санау арқылы өсімталдықты бағалаудың әртүрлі әдістемелерін жасап шығарған. Популяцияның сандық өзгерісінің себебін түсіну үшін оның ұрғашы дарақтарының қаншасы неше жасында өлгенін білу маңызды екені сияқты қанша ұрғашы дарақ неше жасында төлдеп ұрпақ беретінін білудің де аса зор маңызы бар.

Айталық 3 жасынан бастап төлдеп әр төлдеген сайын 5 төл табатын ұрғашы дарақтың 2 жасынан бастап төлдеп әр төлдеген сайын 5 төл табатын дарақпен салыстырғанда популяцияның санының өсуіне қосатын үлесі аз екені белгілі. Өйткені 2 жастағы дарақтың саны 3 жастағыдан әрдайым көп болады. Популяцияның ұрпақ шашып көбеюінің жалпы санын есептеу үшін әрбір жастағы аналық дарақтар тобының орташа өсімталдығын сол топтағы аналықтың санымен көбейтіп; барлық жастың аналық топтарының өсімталдығын анықтайды. Көбейтінділердің қосындысын есептеу арқылы сол жылғы төлдің жалпы санын шығарады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *