Дала қыраны – Бүркіттен көп кіші жыртқыш құс. Дене тұрқының көлемі жағынан Қарақұспен шамалас. Ұзындығы – 70 сантиметр шамасында, қанатын жайып жібергенде 2 метрге жақындайды, ал салмағы – 2,5 килограмм шамасында.
Дала қыраны – аты айтып тұрғандай ашық даланы, шөлді және шөлейт аймақтарды мекен етеді. Ұсақ құстарды, кесіртке, ірі жәндіктер мен өлімтіктерді жейді. Дала қыраны да түсі қара қоңыр, тұмсығының түбі сары болып келеді. Дала қыранының Маңғыстау жерінде ұя салатыны туралы дерек жоқ.
Біздің жақтан біз әкем екеуіміз Бүркітті, Дала қыранын, Аққұйрық субүркітті, Тілеміш, сондай-ақ, Қырғи, Лашын, Тұрымтай, Жағалтай, Жамансары, Кезқұйрық бүркіт, Құладын, Мықи, Күйкентай, Арашыл тұйғын деген жыртқыштарды және оның түрлерін көріп суретке түсірдік. Өкінішке орай, Қарақұсты, Кезқұйрық субүркітті кездестірудің сәті түпей жүр. Сондай-ақ Үстірт тауларының шыңдарына Сақалтай бүркіт деп аталатын ірі жыртқыш құс та бар көрінеді, бірақ оны Түпқараған өңірінен ешкім кездестірмепті.