Геодезия туралы жалпы мәлімет, пәннің мақсаты, міндеттері және оның басқа пәндермен байланысы

 

Геодезия туралы жалпы мәлімет, пәннің мақсаты, міндеттері және оның басқа пәндермен байланысы

Геодезия грек тілінен аударғанда «жерді бөлу» деген мағынаны береді. Ғылым ретінде жердің бетін өлшеу және бөлуге байланысты адамзаттың тәжірибелік қажетінен пайда болған. Қазіргі геодезия көп қырлы ғылым: күрделі ғылыми-техникалық және инженерлік есептерді геодезиялық және басқа арнаулы аспаптар арқылы өлшеп, нәтижелерін математикалық және графикалық өңдеу арқылы шешеді. Оның шешетін басты мәселелері:
1. Жердің пішіні мен көлемін және сыртқы гравитациялық тартылысын, яғни тартылыс күшін анықтайды.
2. Берілген координаталар жүйесінде жер бетіндегі нүктелердің орнын анықтайды.
3. Жер бетінің картасы мен планын жасайды.
4. Жер бетінде құрылыстарды жобалау, салу және пайдалану үшін өлшеу жұмыстарын орындайды.
Геодезия — жердің пішіні мен мөлшерін анықтауда, оның бетін планға, картаға түсіруде, жердің қималарын жасауда, инженерлік жұмыстарды жобалауда, жүргізуде және пайдалануда қолданылатын әртүрлі өлшеу тәсілдері туралы ғылым.
Геодезия ежелгі ғылымдардың бірі бола келе, өзінің даму сатысында, ол жоғарғы геодезия, топография, геодезия, радиогеодезия, ғарыштық геодезия, картография, аэрофототопография, инженерлік геодезия деген ғылыми салаларға бөлінеді.
Бұлардың мақсаты мен міндеті ортақ болғанымен, әрқайсысының өз объектісі, өз зерттеу тәсілі, өз теориясы т.б. бар.
Жоғарғы геодезия – жердің пішіні мен мөлшерін зерттейді және жер бетінің әрқилы нүктелерінің координаталарын бір жүйеде анықтайды. Геодезиялық тірек пункттерін құруда кездесетін есептерді шешеді.
Жер бетінің шағын аймақтарын жазықтық ретінде қарап, оны өлшеу және қағаз бетінде кескіндеу төменгі геодезияның міндеті. Оны топография деп атайды.
Аэросуреттер бойынша топографиялық карта жасаудың әдістерін зерттейтін және оны жетілдірумен шұғылданатын ғылым аэрофототопография деп аталады.
Инженерлік геодезия инженерлік құрылыстың ізденіс, жоба, салу және пайдалану кезеңдеріндегі геодезиялық жұмыстардың әдістерін зерттеумен шұғылданады.
Жалпы жер бетінің немесе оның жеке бөлшектерінің карталарын жасау және пайдалану әдістерін зерттеу — картографияның жұмысы.
Геодезия басқа ғылымдармен де тығыз байланысты. Соның ішінде математика, астрономия, физика, география, механика, автоматика, электроника, фотография және сызу.
Математика геодезиядағы өлшеу нәтижелерін өңдеу әдістерімен және талдау амалдарымен қамтамасыз етеді.
Астрономия геодезияға жер бетіндегі нүктелердің координаталарын және астрономиялық азимуттары жайында алғашқы мәліметтер береді.
Физика мен механиканы пайдаланып, геодезиялық аспаптардың тетіктерін есептейді және құрастырады. Аспап шығаруда автоматика мен электроника көп қолданылады.
Географияны білу жер бетінің рельефі және жер бетіндегі табиғи жамылғыларды дұрыс бағалауға көмектеседі.
Геодезияда қолданылатын фотография әдісі фотографияны білуді қажет етеді. Ал план мен картаны графикалық түрде келтіру үшін топографиялық сызудың әдістерін меңгеру керек.
Геодезиялық өлшеулер жер бетінде, оның қойнауында атмосфера қабатында, теңізде және ғарышта әртүрлі арнаулы аспаптар мен құралдар арқылы жүргізіледі. Сол аспаптардың құрылысын зерттеуде және жасап шығаруда геодезия физика, математика, химия, радиоэлектроника т.б. ғылымдардың деректеріне сүйенеді.
Ғылым мен техниканың дамуына, қоғамның өркендеуіне байланысты соңғы кезде геодезияда автоматика, телемеханика, радиоэлектроника кең орын алады.

Қазақстан Республикасында топографиялық-геодезиялық және картографиялық қызметті ұйымдастыру

Геодезиялық қызметтердің орындалуына байланысты геодезия келесі түрлерге бөлінеді:
Жер үсті геодезиясы – геодезиялық жұмыстар тікелей жердің үстінде жүргізіледі. Өлшеу кезінде жұмыстың мақсатына байланысты әртүрлі аспаптар қолданылады, өңдеу нәтижесінде жер бетінің планын және картасын алады. Бұл қызмет еліміздің аумақтарының барлық жерінде жүргізіледі.
Аэрогеодезия – аспаннан, әуеден ұшақ арқылы жердің бетін суретке (фотоға) түсіреді де, арнаулы аспаптар мен қондырғылар арқылы түсірген фотографияны өңдеу және талдау әдістерімен халық шаруашылығының маңызды мәселелерін шешеді. Мысалы, адам аяғы баспайтын жерлерде: тайгада, шөлде, таулы жерлерде және т.б., сонымен қатар, жол құрылыстарын жобалағанда, орман шаруашылығында қолданатын тиімді түсіру әдісі.
Ғарыштық геодезия – ғарышта жер серігі арқылы жердің бейнесі мен оның бөліктерін фотоға түсіріп, оны арнаулы әдістер мен аспаптар арқылы зерттейтін жұмыстың түрі.
Жер асты геодезиясы (маркшейдерия) – жер астында және жердің жоғарғы қабаттарында жүргізілетін арнаулы геодезиялық жұмыстар. Мысалы, шахтада, карьерде, метро және т.б.
Су асты геодезиясы – кейінгі кезде геодезиялық жұмыстар су астында жүргізіле бастады. Олар теңіздің, көлдердің, өзендердің түбін, оның рельефін зерттейді.
Жоғарыдағы көрсетілген әрбір жұмыстардың орындалуы геодезиялық қызметтер деп аталады. Қазақстан Республикасында Министр кабинетінің қаулысы бойынша 10 — қаңтар 1992 жылы Министрлер кабинетінің жанында Геодезия және картография бас басқармасы (ГКББ) құрылды. Осы Қазақстан Республикасының ГКББ-ында орталық картография қоры бар. Онда картография — геодезиялық жұмыстардың мәліметтері сақталады. Мемлекеттік геодезиялық қадағалау басқармасы (МГҚБ) топография — геодезиялық жұмыстарды жүргізуге рұқсат береді, олардың орындалуының сапасын бақылап отырады. Алғашқы мәліметтерге жататын материалдарды бір жүйеге әкеледі (мемлекеттік геодезиялық пункттердің координаталарының каталогтары).

Инженерлік геодезия, оның мәселелері және маңызы

Кез келген инженерлік құрылыстарды жобалау және салу үшін инженерлік геодезия жұмыстары қажет. Мысалы, автомобиль және темір жол, канал, гидротехникалық құрылыстар, көпірлер, аэродромдар, құбыр жүргізгенде, электр және байланыс сымдарын тартқанда; әртүрлі өнеркәсіп және байланыс сымдарын тартқанда; әртүрлі өнеркәсіп және азаматтық ғимараттар мен құрылыстарды жобалау мен салғанда; пайдалы қазбаларды іздеу, барлау және өндіру жұмыстарында, әртүрлі құрылыстарды, оның элементтерін салу және пайдалану кезінде пайда болатын қисаю, созылу, бұзылу деформацияларын анықтағанда инженерлік геодезия жұмыстары қолданылады.
Жалпы айтқанда, инженерлік геодезия құрылысты ізденіс, жобалау, салу және пайдалануда орындалатын геодезиялық жұмыстардың әдістерін қарастырады.
Жол құрылысына байланысты әр кезеңіндегі геодезиялық жұмыстарға:
1. Ізденіс кезеңінде ірі масштабты топографиялық материалдарды жасау, геодезиялық тірек торларын дамыту және құрылыстың басты осьтерін жерге шығару үшін арнайы жұмысты орындау.
2. Жобалау кезеңінде жер беті (құрылыс салатын жерде) туралы және топографиялық, геологиялық, гидрогеологиялық объектілердің орналасу жайында деректер жинау, жол және оның құрылысының жобасын техника-экономикалық және пайдалану шартына сәйкес келтіріп жасау.
3. Салу кезеңінде құрылыстың басты осьтерін және шекарасын жобаға сәйкестіріп жер бетінде анықтау, жер бетіндегі салынатын жолдың геометриялық пішіні мен көлемін қамтамасыз ету, салынып біткен құрылыстың жобадан тыс кетуін анықтау (атқару түсіріс жұмысы).
4. Пайдалану кезеңінде жол объектілері мен құрылыстың беріктігін тексеру, құрылыстың әртүрлі бөліктері мен элементтерінің иілу, сығылу, тартылу деформациясын анықтау, құрылыстың бөлек элементтерінің тербелу және шөгуін тексеріп қарау жатады.
Инженерлік геодезия жұмыстары құрылыстың барлық кезеңін қамтиды, яғни айтқанда ізденіс жұмыстарында құрылысты жобалау, жобаға байланысты құрылысты жерге шығару, құрылысты пайдалануға бергенде және пайдалану кезінде геодезиялық жұмыстарды қажет етеді. Сондықтан қазіргі жағдайда құрылыс инженерлерінен жан жақты геодезиялық дайындықты талап етеді:
1. Карта және планмен жақсы жұмыс істеу және картаны оқуды білу.
2. Жер бетіндегі түсіру жұмыстарының әдістерін қолдана білу.
3. Аэрофототопография әдістерін меңгеру.
4. Инженерлік құрылысты жобадан жер бетіне шығару жұмыстарын атқара білу керек.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *