Географиялық белдемде қалыптасқан жануарлар қауымдастығының негізгі сипаттары

Географиялық белдемде қалыптасқан жануарлар қауымдастығының негізгі сипаттары

Жер бетіндегі геогрфиялық зоналар, өсімдіктер формациялары, жануарлар қауымдастығы, биомдар барлығы да климатпен тығыз байланысты түрде түзіліп құрылады. Эвалюциялық даму үрдісінің нәтижесінде географиялық белдемдердің әрбіреуінің климаттық ерекшеліктеріне негізделген өсімдік жамылғысы мен жануарлар әлемінің бірлестігі пайда болып, өзара бірлестік құрып тіршілік етеді. Құрлықтың әрбір табиғи белдемінде жануарлар белгілі үйлесімдік, бейімдеушілік қағидасына сәйкес қауымдасып қалыптасқан.

Төменде әрбір белдемдегі табиғаттың ерекшелігіне сәйкес жануарлар әлемінің негізгі құрылымының сипаты қарастырылады.

Арктикалық шөл белдемі

Арктикалық белдемнің құрамына солтүстік полюспен іргелес жатқан барлық аймақ, солтүстік мұзды мұхиттың полюстік бөлігінде таралған көптеген аралдар мен көшпелі мұздар кіреді.

Арктикалық шөл белдемінің климаты жануарлар тіршілік етуге тым қолайсыз. Қыс айларында күн көкжиектен көтерілмейді. Полярлық түн жарты жылға жуық созылатындықтан, төңірек қараңғы түнек  жамылған күйге енеді. Қыс кезінде ауаның температурасы – 50°С -қа жетіп суиды.Өте суық және сағатына  200км жылдамдыққа жететін күшті дауылдар жиі кездесіп тұрады.

Ақпан айының соңына қарай күн біртіндеп көкжиектен көтеріле бастайды. Кешікпей полярлық ұзақ күн басталады. Бұл кезде тәулік бойында күн батпайды.

Арктикалық жылы мезгіл өте қысқа. Көктемнің белгісі біліне салысымен ұзамай жаз басталып кетеді. Мұз бұзылып температура 0°С-тан жоғарылай бастайды.

Арктикның құнарсыз жұқа топырағы түрлі түсті қыналарға бай. Жаз мезгілінде гүлді өсімдіктерден көгілдір және ақсары гүлді тасжарған, аппақ гүлді мамықшөп, сары гүлді  қиыр солтүстік көкнәрлері, аз уақыттың ішінде гүл жарып, тұқым шашып үлгереді.

Теңіздердің мұзы еріген бөлігінде, аралдардың суында планктон балдырлар қарқынды дамып көбейеді. Бұл балдырлармен планктон шаяншалар, шаяншалармен балықтар, балықтармен түлендер (ит балықтар) қоректеніп арктикалық биоценоздағы қоректік тізбектің бір бұтағын түзеді.

Мұзды мұхиттың Арктикалық бөлігінде ақсаха (Coregonus), Майшабақ (Clupea), Нәлім (Gadus), Сутіл (Athresthes) қатарлы балықтар кездеседі.

Арктикада жазғы мысал басталып, алғашқы жылымық лебіз білінісімен мұнда мұнтаз- құстар қатарына жататын көптеген су құстары топ-тобымен ұшып келіп қоныстанады. Әсіресе жұқатұмсық қайралар (Uria lomvia), маймақ қаздар  (Pinguinus impennis), мұнтазқұстардың (Algae) бірнеше түрі, мамық қаздар (Somateria mollissima) және шағала тұқымдастардан (Laridae): ақ шағала (Pogophila alba), қылаң шағала (Larus argentatus) су құстарының жаз мезгіліндегі негізгі бірлестігін құрайды. (24-сурет). Бұлар Арктикалық теңіздер мен көлдердің жағасындағы тік жартастарға ұялап құс базарын түзеді.

Мұнтазқұс тұқымдастар жылдам ұшады және жүзуге, сүңгуге шебер. Саусақтарының арасы жүзуге арналған жарғақтармен қосылған, қауырсын, мамық жүні бітік және нығыз, терісінің астында май қабаты болатындықтан денесінің жылуын жақсы сақтайды. Бұлар су астында қанатымен есіп жүзеді, ал аяғы қозғалысының бағытын реттеу міндетін атқарады. Су астында 30 метірлік тереңдікке дейін сүңги алады.

Бұл су құстары ұсақ балықтармен, әр түрлі шаянтәрізділермен, былқылдақденелілермен, теңіз құрттарымен қоректенеді. Әрбіреуінің қорегін іздеп табу, ұстап жеу тәсілі әр түрлі. Мұнтазқұс қорегін судың беткі қабатынан, қайралар едәуір терең қабатынан, ал маймақ қаздар судың түбінен қорегін тауып жейді. Бұл, әрине, қорек үшін бәсекелесуді бәсендетіп, бір биоценозда бірлестік құрып тіршілік етуге мүмкіндік береді. Мұнтаз құс тұқымдастарымен бірге су жағасындағы жартастарда құс базарының бір мүшесі ретінде тіршілік ететін шағалалар жақсы ұшады, құрлықта да жақсы жүре алады, суда да жақсы жүзеді. Қауырсыны қалың,  мамық жүні бітік. Шағалалардың негізгі қорегі – балық, шаянтәрізділер, былқылдақ денелілер және теңіз құрттары.

Арктикалық шөл белдемінің құрлықтағы биоценозында маңызды рөл атқаратын құстардың бірі – ақ жапалақ (Nyctea scandiacia L). Оның қауырсыны өте қалың және жұмсақ болғандықтан ұшқан дыбысы білінбейді. Бұл аулап жейтін жемтік жануарға білінбей жақындауына мүмкіндік береді. Ақ жапалақ Арктикада лемминг деп аталаын тышқантәріздес кеміргішпен қоректенеді. Қыста лемминг қар астында қыстап жер бетіне шықпайтындықтан ақ жапалаққа қорек табылмайды. Арктикалық күз басталысымен олар тундра белдеміне ұшып барып қыстайды. Леммингтен басқа ол мамық қаз, шағала т.б. құстардың жұмыртқа, балапандарымен қоректенеді.

Арктикада өсімдік қоректі құстардан ақ торғай, ақ құр мекендейді. Бұлар — жазда қоңыр сары, қыста ақ түске ауысып маусымдық диморфизм құбылысы анық байқалатын құстар. Аққұр жер бетінде тіршілік етуге өте жақсы бейімделген. Жермен өте тез жүгіреді. Қыста аққұрдың саусақтарына тұяғына дейін бітік жүн өседі.Сондықтан оның аяғы ұлпа қарға батып кетпей еркін жүгіре алады. Қандай бір қауіп төнген кезде аса шеберлікпен жасырына алады. Аққұр қорегін жерден тауып жейді. Ол жазда жеміс, тұқым, ұсақ жәндіктерді, қыста аласа талдың, жатаған қайынның өркендерін жеп қоректенеді.

Арктикада жыл бойы тұрақты мекендейтін жануар өте аз. Күз басталысымен мұндағы өсімдіктер жаппай қурап, өсімдік қоректі құстар (ақ торғай, ақ құр т.б.) тундра, тайга белдемдеріне көшіп барып қыстайды. Жазда келіп ұялап, құс базарында балапан басып өсірген балыққоректі құстардың барлығы да мұз қата бастағанда оңтүстікке ауып көшеді.

Тек ақ аю, сойдақ тіс морждар, түлендер (ит балықтар) және кеміргіштер тобынан леммингілер тәрізді мұндағы табиғаттың құбылмалығына нағыз бейімделген аз ғана түрлі сүтқоректі жануарлар тұрақты тіршілік етеді (24-сурет).

Қиыр солтүстіктегі арктикалық суық белдемнің сүтқоректі жыртқыш жануарларының ең ірісі және биоценозда маңызды роль атқаратыны – ақ аю. Ол қиыр солтүстік теңіздерінің (Ақ теңіз, Баренц, Баффин, Шығыс Сібір теңіздері) қалқымалы мұздарында және солтүстік мұзды мұхиттағы көптеген аралдардың (Жаңа жер, Бегичев, Жаңа Сібір, Гренландия, Франц-Иосиф жері, Врангель аралы т.б.) жағалауында мекендейді. Денесінің тұрқы-3-3,7 м, салмағы 900 кг-ға жетеді. Артқы екі аяғымен тік тұрып жүре алатын, жүні нығыз, құйрығы қысқа алып денелі жыртқыш. Арктиканың аязынан қорғануға бейімделіп, жүні өте нығыз болуымен қатар терісінің астында шел майдың қалың қабаты бар.

Ақ аю өте күшті жануар. Оның тұяғының ұзындығы  5 см-ден астам. Азуы мен сояу тістері өте қарулы және өткір, алдыңғы аяғымен өте күшті ұрып соғатындықтан қандай да ірі жануарларды оңай жеңіп, қорек болдырады. Табаны май қабатымен қапталғандықтан жүрісі сыбдырсыз, түсі ақ болғандықтан қардан ажырап байқалмайды. Сондықтан ол аса ептілікпен баспалап келіп түлендерді аулайды. Олар қысқы ұйқыға жатпайды, қыс бойында белсенді тіршілік етеді. Тек буаз кірекейлері ғана аралдардың жағасындағы күртік қарды үңгіп уақытша тұрақтайтын апан жасап апанда балалайды. Қонжықтары ұзақ уақыт бойы енесіне еріп жүріп, жемін іздеп табу, аулауды үйренеді.

 

 

24-сурет. Арктикалық суық шөл белдемінің жануарлары: 1- жұқатұмсық қайра; 2- кәдімгі мұнтазқұс; 3- шоқпартұмсық мұнтазқұс; 4- кәдімгі мамық қаз; 5- қылаң шағала; 6- полярдың қарқылдақ шағаласы; 7- аққұр (сол жақта – қысқы, оң жақта – жазғы түсі көрсетіледі); 8- ақ жапалақ; 9- сібір леммингісі; 10- түлен; 11- сойдақтіс; 12- Гренландия наһаны (кит).

Қыс кезінде ақ аю көбінесе түлендермен және аздап балықтармен қоректенеді. Түлендер де қалқыма мұзда тіршілік ететіндіктен ақ аюға оңай ұсталады.Арктика теңіздерінде гренляндия түлені (Pagophilus groenlandica ), айдарлы түлен (Cystophora cristata) «теңіз қояны»  (Erignathus barbatus) атты түлендер кең таралған.  Олардың негізгі қорегі – балықтар: Арктикалық терең суда көптеп кездесетін ақсаха, нәлім, сутіл, теңіз алабұғасы тәрізді балықтармен қоректенеді. Теңіз жағасының таяз сулы бөлігін мекендейтін «теңіз қояны» атты түлен балықтармен қатар су түбінен қос жақтаулы және құрсақаяқты былқылдақ денелілер, ас шаян, таңқы шаяндарды теріп жейді.

Балықтар теңіз суында кең таралған омыртқасыз жануарлармен ( ас шаян, жамбас шаян, ескек аяқ және бұтақ мұртшалы шаяндар т.б.) қоректенеді. Ал бұл шаяндар көбінесе планктон балдырларды, су түбіне  шөккен органикалық заттарды сүзіп жеп тіршілік етеді.

Осылайша, арктикалық теңіз суындағы жануарлардың қорек арқылы бір біріне тәуелденіп байланысқан тізбегін көре аламыз. Ол: балдырлар→     теңіздің планнктон және бентос омыртқасыз жануарлары→балықтар→түлен→ақ аю.

Арктикалық табиғи жағдайына ойдағыдай бейімделген жануарлардың бірі – морждар яғыни сойдақ тістілер (Odobenidae). Олар арктикалық теңіздердің былқылдақ денелілерге бай, таяз сулы жағалауларында мекендейді. Теңіз, мұхиттың жағалауларындағы құрлыққа және мұздың үстіне жатып демалады. Бір жерге бірнеше мыңдаған сойдақ тіс шоғырланып үйірімен өмір сүреді. Шоғырланып жиналатын орыны – сойдақ тістер жатыны деп айтылады. Олар судың 80-90м тереңдігіне дейін сүңгіп, қос жақтаулы былқылдақ денелілермен (Bivalvia) қоректенеді. Күндіз көп уақыт бойында мұздың үстінде жатып дем алатындықтан жатын орнының маңында қалқыма мұздың мол болуы шарт. Сойдақ тістердің шыққан байырғы тегі құрлықта тіршілік еткен жануарлар болғанымен қазіргі кездегі сойдақ тістер суда тіршілік етуге өте жақсы бейімделген: суда жылдам жүзіп, терең сүңгіиді. Терісінің астында қос қалтасы бар. Қалталарына ауа толтырып суға сүңгіиді. Қалталарына толтырылған ауамен  тыныс алып су астында  ұзақ уақыт бола алады және толтырылған ауа салмағын жеңілдетіп, жүзімталдығын арттырады.  

Сойдақ тістілердің мұрты өте қатты және айтарлықтай күшті. Олар мәңгі күнгірт қараңғылық орнап тұратын терең судың астынан қорегін (былқылдақ денелілер) тауып жеуіне сол мұрттарының сезгіштігі көмектеседі. Мұртымен су астындағы заттарды сипап  сезумен қатар қоректік затын бөлшектейді.

Ересектерінің ұзындығы 3,7-4,2 м, салмағы 1270-1700 килограмға жетеді. Олар өздерінің алып денесі, ұзын сояу тісі, үрейлі пішіні арқылы қандай да жануарларға қорқыныш тудырады. Олар аса күшті сойдақ тістерімен кез келген жануарды оп-оңай жара салады. Ақ аюдың өзі де сойдақтістердің айғырымен шайқасудан сескенеді.

Сойдақтістілер көбінесе қос жақтаулы былқылдақ денелілермен қоректенеді. Сонымен қатар судың түбінде кездесетін көпқылтанды құрттар,  басқа да омыртқасыз жануарларды қорек етеді. Ашыққан жағдайда балық, түлендерге де шабуылдайды.

Сойдықтістілерге табиғи  жағдайда шабуылдап нұқсан келтіретін жануарлар ретінде ақ аю, тісті киттер және адамды атауға болады.  Олардың шаруашылыққа маңызы зор: еті мен майынан тағам өндіріледі. Терісін әртүрлі бұйым өндіруге пайдаланады. Бірақ сойдақтістілер өте азайып кеткендіктен Табиғат және табиғи қорларды қорғау Халықаралық одағының және  Ресейдің Қызыл кітабына кіргізіліп қорғауға алынды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *