АС-СЫҒНАҚИ МЕН ӘЛ-ИТҚАНИДЕГІ ИСТИХСАН
КАТЕГОРИЯСЫ

Жанаргүл ЕРЕЖЕПОВА,
Нұр-Мүбарак университетінің магистранты

АС-СЫҒНАҚИ МЕН ӘЛ-ИТҚАНИДЕГІ ИСТИХСАН
КАТЕГОРИЯСЫ

Ислам құқығы негіздерінің бірі истихсан категориясын усул ғалымдары, оның ішінде ханафи мазһабының құқықтанушылары құқықтық методологиялық тұрғыда зерттеген. Қазақ даласынан шыққан ғұлама құқықтанушы ғалымдардың осы қосымша құқықтық негізге қатысты ұстанымдарына тоқталатын болсақ, Хұсамаддин ас-Сығнақи усул әл-фиқһ саласында жазған түсіндірме еңбектерінің бірінде, истихсанның тілдік мағынасын: «Бір нәрсені жақсы деп білу, біреудің, оны жақсы деп ұқтым дегені сияқты, «ұнамсыз» сөзінің антонимы немесе: «Әмір етілгеннен жақсырағын іздеу»,– дейді. Бұл тұрғыда Құран Кәрімде: «Сөзге құлақ салып, ең жақсысына ілесетін құлдарымды қуант!» (Зүмәр сүресі,17-18- аят), – делінген [1, 1172-б.]. Сол секілді Қауамаддин әл-Итқанидің усул әл-фиқһ саласындағы «әт-Табиин» атты еңбегін зерттеген Мұстафа Осман истихсанның тілдік мағынасын: «Көркем нәрсені істеуді өтіну, бір нәрсені жақсы деп тану сенің оны жақсы деп білдім деп айтқаныңдай», ал терминдік мағынасын: «Ол – қиястың уәжіп еткенінен қуаттысына ауысу», – дейді [2, 47-б.].
Ас-Сығнақи фиқһ ғалымдарының истихсанның екі түрін айқындағанын атап өтеді, олар: Амалдың өлшемін шариғат біздің ой-еншімізге қалдырған мәселелерде жасалған ижтиһад және ғалымдардың басым көзқарасында жақсырақ (дұрысырақ) болып есептелетін амалды орындау. Мысалы, мұндай амалдарға келесі аяттағы «әл-мутға», яғни ажырасудан кейін әйелге берілетін дүние жатады. Бұл тұрғыда Құран Кәрімде: «Оларға дұрыстықпен сый беріңдер. Бұл жақсылық істеушілерге бір борыш» (Бақара сүресі, 236-аят), – делінген. Бұл адамның материалдық жағдайына қарай міндеттелді, ондағы шарт – дұрыстықпен, ақылмен беру. Осыдан біз орындалатын амалдардың ішіндегі тәуірірегі ғалымдар білдірген ой-пікірлердің басымдылығымен анықталатынын түсінеміз. Қасиетті Құран Кәрімде: «Ананың қажетті тамағы мен киімі, баланың әкесіне (шамасына қарай )міндеттеледі», – делінген (Бақара сүресі, 233-аят).
Екінші бір түрі: Алғашында ой жүгіртпестен «қияс заһирға» (анық қиясқа) қарама-қайшы болып көрінетін дәлел, яғни усул-фиқтағы мәселеге қатысты үкім жайында терең ойланбаған уақытта қиястан басым, күштірек болып көрінген дәлел бойынша амал ету уәжіп. Бұндай дәлелді анық болып көрінген қияс дәлелінен ажырату үшін истихсан деп атаған. Дәлелдің бұл түрімен ой жүгіртуден бұрынғы бос ой араласқан ашықтың арасын ажырату үшін. Бұның мағынасы: үкім анық болып көрінген дәлелге емес, күшіне бола дұрысырақ болған дәлелге сүйеніп шығарылады. Ас-Сығнақи имам Шамс әл-әиммә әс-Сарахсидің «Усул» кітабында истихсанға осындай анықтама бергенін айтады [1, 1173-б.].
Имам Шамс әл-әиммә әс-Сарахсидің истихсанға берген анықтамасында шариғи үкіммен байланысы бар мәтіннің мағынасы үш түрлі болатындығы көрсетілген:
Біріншісі: барынша анық, фақиһ немесе фақиһ емес адамдарға бірдей түсінікті болатын мағына – «Дәләләтүн насс» (мәтіннің тура мағынасы) деп аталады.
Екіншісі: астарлы болып, тек фиқһ ғалымдарының ижтиһад ету арқылы ғана түсінуге болатын мағына, бірақ мағынаның астарлы болғанына қарамастан мүжтаһид ғалымның көзіне бірден түсетін анық жақтары да бар. Мағынаның бұл түрі «қияс» деп аталады.
Үшіншісі: толығымен тұманды, өте нәзік, түсінуге қиын, тек шариғат заңдарын терең білетін адам ғана тек Алла Тағаланың нәсібімен түсіне алатын мағына. Мағынаның бұл түрі «истихсан» деп аталады.
Шамс әл-әиммә әс-Сарахсидің истихсанға берген анықтамасынан кейін ас-Сығнақи өзінің истихсанға берген мысалын төмендегіше келтіреді:
Анық мағынаның ашықтығы және астарлы мағынаның астарлығы мағынаға күш бермейді. Ғибрат-әсері жағынан күшті мағынадан алынады. Дүние тіршілігі анық (көрнеу), ал ақиреттің тұманды (көмескі) екенін көрмейсің бе? Алайда, тұманды болған ақирет өзінің үнемділігімен, мәңгілігімен және сынақтан таза болғандығымен анық болған дүниеден әсерлірек, ал дүниенің әсері фәнилігі мен сынақтың кесірінен әлсіз болады. Сол себепті истихсан күшейген кезде қияс өзінің әлсіздігі себепті жойылады. Сондықтан истихсанға амал ету «тахсис әл-иллә» (себепті жекешелеу) тарауына жатпайды [1, 1175-б.].
Ас-Сығнақи Фахр әл-Ислам әл-Бәздәуидің қияспен истихсан ұғымдарының әрқайсысы екі түрге бөлінеді дегеніне тоқталып өтеді.
Қиясты екіге бөлген:
Біріншісі: Әсері әлсіз болған, ашық (жәли) қияс.
Екіншісі: Фәсәді ашық (үкімге) әсері мен сыххасы (дұрыстығы) жасырын болған жәли қияс. Ас-Сығнақи «біздің айтып отырған мәселеміз де осы» дейді. Яғни осы екіншісінің истихсанға тікелей қатысы болғандықтан, төменде келетін мысалдармен ашықтап түсіндіреді.
Истихсанды, яғни (жасырын (хафи) қиясты) екіге бөлген:
Біріншісі: иллеттің (үкімге) әсері қуатты болған кезде өзі жасырын (хафи) болған истихсан.
Екіншісі: әсері ашық (анық) болып, фәсәді жасырын болған истихсан. Ас-Сығнақи «біздің айтып отырған мәселеміз де осы» дейді. Яғни Ахсикаси истихсанға берген анықтамасын «Ала әл-Истихсан әлләзи захара әсәрәһу уа хафи фәсәдуһу», «Истихсан – әсері ашық (анық) болып, фәсәді жасырын болғаны» осылай нақтылаған дейді [1, 1176-б.].
Бұлар дәреже мен қуаттылығы жағынан әуелі истихсанның біріншісі мен қиястың біріншісі, одан кейін қиястың екіншісі мен истихсанның екіншісі келеді [3, 2-3-б.] дейді Фахр әл-Ислам әл-Бәздәуи. Осылай, истихсанның біріншісімен қиястың біріншісі қарама-қайшы келген жағдайда, истихсан (хафи қияс) ашық (жәли) қиястан жоғары тұрады; истихсанның екіншісімен қиястың екіншісі бір-біріне қарама-қайшы келген кезде де қияс (ашық қияс) истихсаннан жоғары тұрады. Бұның себебі, истихсанның қиястан жоғары тұрады дегенінде баяндалғандай, үкім шығаруда әсері қуатты болған әсері әлсіз болғаннан жоғары тұрады. Бұл жерде, ашық қиястың себебінің (илласының) үкімге әсері күшті (қуатты) болғандықтан, әсері әлсіз болған жасырын қиястан, яғни истихсаннан жоғары қойылады [4, 9-10-б; 3, 8-б.]. Абдулазиз әл-Бухари ашық қиястың истихсаннан (жасырын, хафи қияс) қалай қуатты болып тұрғанын: «Қиястың мағынасына (илласына) басқа бір мағына жалғанып, барлығы бірге истихсаннан әлдеқайда қуатты дәлелге айналған. Сондықтан да истихсан тәрк етіліп, қиясқа амал етілген», – деп түсіндіреді [4, 3-б.].
Сарахси мен Бәздәуи қиястың истихсаннан жоғары тұруы өте сирек кездесетінін, ал истихсанның қиястан жоғары тұруы өте көп екенін алға тартады. Қиястың истихсаннан жоғары тұратынына мысал:
Екі кісі матаны сәлем сауда-саттығы арқылы келісімшарт жасаса, кейін бұл матаның ені мен ұзындығының қанша метр екеніне ихтилафта болса, қияс бойынша екі кісінің де ант ішуі керек, бұл жерде қияс истихсаннан жоғары тұр, себебі алушы мен сатушы сәлем саудасы арқылы, яғни дұрыс саналатын саудада ихтилафта болып тұр. Истихсан бойынша затты беруге борышты (міндетті) болған кісінің сөзіне мән беріледі. Өйткені зат сәлем саудасы арқылы сатылып отыр. Матаның ені мен ұзындығының қанша метр екендігінде болған түсініспеушілік, сәлем саудасының негізіне емес, сипатында болып тұр, осы себептен бұл жерде екі жақтың да ант етуі шарт емес. Қияс бойынша ант ішу керек дедік, өйткені ихтилаф сәлем саудасында болып тұр. Бұл жерде қияс жасырын болса да әсері күшті (қуатты) болып тұр. Сәлем саудасы әдемі болған бір затты көрсетумен емес, заттың сипатына қарай жасалуы керек.
Ас-Сығнақи біздің шейхтарымыз кейде әсері қуатты болған истихсанға амал жасаған деп төмендегі мысалды келтіреді:
Зүфәрдың пікірі (көзқарасы) бойынша: Егерде ұрлық жасау мақсатында үйге бір топ адам түссе, олардың кейбіреуі затты ұрласа, истихсан әдісі бойынша барлығының қолы кесіледі. Ал қияс бойынша затты алған адамның ғана қолы кесілуі керек, себебі ұрлық сол кісіден ғана көрініс тапқан. Бұл жерде әсері анық (қуатты) болып тұр. Истихсан тәсілі бойынша бір-біріне қолдау көрсеткені үшін үлкен ұрлықтағыдай барлығы бірдей жазалануы керек. Осы жерде Мұхаммед әл-Йамани: «Үлкен ұрлық – жолаушыны тонау. Өйткені ханафилер ұрлықты екіге бөлген: кіші ұрлық – қандай-да бір затты ұрлау. Оның жазасы қолды кесу. Ал үлкен ұрлық – жолаушыны тонау. Үлкен ұрлық деп аталуы, ұрылар иелерінің бейғамдығын пайдаланып малын тартып алуы. Оның жазасы қол және аяқты кесу», – дейді [1, 1176-1177-б.].
Ас-Сығнақи истихсанды: мустахсан би асар, мустахсан би ижмағ, мустахсан би дарурати, мустахсан би қияс хафи деп төртке бөлген.
1. Мустахсан би асар (әсермен болған истихсан). Бұған сәлам саудасына қатысты үкімді мысалға келтіруге болады. Яғни жоқ затты саудаласып, алдын ала ақшасын иемденуі. Қияс әдісінде бұлай ету дұрыс саналмайды. Бірақ бұл қияс шешіміне қарайтын болсақ, кәсіпкер тапсырыс алу, ал тапсырыс беруші тапсырыс беру мүмкіндігінен шектеліп қалады. Ас-Сығнақи: Бірақ біз сүннетке негізделіп қиясты алмадық дей келе, пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) риуаят етілген: «Расында ол адамның құзырында болмаған нәрсені сатуға тыйым салып, сәлам саудасына рұқсат еткен», хадисті келтіреді. Тағы бір хадисінен: «Сендерден біреуіңіз сәлам арқылы сатса…», – деген сөзінде сәлам саудасының рұқсат етілгендігі жайлы білеміз.
2. Мустахсан би ижма (ижмағқа сүйеніп дұрыс санау). Бұл мүстахасан түріне мына мысалды келтіруге болады: Истиснағ – қандайда бір нәрсені жасауға алдын ала тапсырыс беру. Бір кісі етікшіге келіп: маған сипаты және мөлшері мынандай мәсі тігіп бер дейді. Ол ақшасын толық немесе жартылай берсін, тіпті, ешқандай бермеседе өзара жұмыс істеу дұрыс. Әбу Юсрдің «Жәмиғүс сағир» және Фахрул Исламның «Жәмиғүс сағир» кітабында да осылай айтылған. Бұл келісім қияста дұрыс емес. Бірақ біздің ғұламаларымыз: истихсан жасап, мұсылмандардың келісімі болғандықтан дұрыс деген. Сондықтан бұл жерде қияс алынбайды. Біздің ғұламаларымыздың көзқарасында «Кітап» та сауда деп атағандықтан уақыты белгісіз, көру еркіндігі бар сауда. Қиясқа негізделсек, дұрыс емес, истихсанда дұрыс делінген. Келісілген уақыты қияс және истихсанда да дұрыс.
3. Мустахсан би дарурати (қажеттілікке сүйеніп дұрыс санау). Ластанған көлдің суының бір бөлігін шығарғандағы тазару мәселесі. Қияс бойынша нәжістің көлдің барлық жеріне жайылып кеткендігінен судың бір бөлігін шығарумен көлдің толық тазаратынына келіспейді. Құдық суының бір бөлігін немесе барлығын тартып алған жағдайда да жіп, шелек және құдық іргесінің толық тазаруы екі талай. Осы мәселелердің барлығы адамдарда үзірлі мұқтаждық болғаны себепті, қиясқа қайшы келсе де насста (Құран, хадис) рұқсат етілген. Жалға беру мәселесі де адамдардың қажеттілігі себепті қиясқа қайшы рұқсат етілген.
4. Мустахсан би қияс хафи (бүркеме қиясқа сүйеніп дұрыс санау). Бұл сатушы мен сатып алушы арасындағы қолға тимеген заттың ақшасы жайлы талас-тартыста болу мәселесі. Қияста сатып алушы ант ішеді, сатушы ант ішпейді. Өйткені сатушы ақысы ақшаны талап етсе, сатып алушы мойындамай тұр. Шариғатта ант ішу танып алушы тарапынан болып, әрі зат оның иелігіне өткен. Ал истихсанда екеуіде ант ішеді. Өйткені сатып алушы ақшаның азырағын бергенде затты табыс етуі уәжіптігіне шағымданса, сатушы жоққа шығарады. Сауда да сатушы ақшасын алған кезде, затты иелік еттіру керектігін уәжіп етеді [1, 1187-1190-б.].
Әл-Итқани ас-Сығнақи секілді истихсанды төрт түрге бөлуге болады дейді:
Оның «Қияс хафимен болған истихсан» ақырына дейін….
Біл! Истихсан төрт түрге бөлінеді:
1. Мустахсан бил әсәр (әсермен болған истихсан). Бұл истихсан түріне сәлем саудасы жатады, бұл сауда қияс бойынша дұрыс саналмайды. Өйткені сатылатын зат әлі жоқ. Бірақ әсермен болған истихсан бойынша рұқсат етіледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қайсыларың сәләм саудасын қылсаңдар салмағын белгілеңдер, мөлшерінде белгілеңдер және уақытын белгілеңдер», – деген.
2. Мустахсан бил ижма (Ижмамен болған истихсан). Бұл истихсан түріне Истиснаа саудасы жатады. Бұл сауда түрі де қияс бойынша дұрыс емес. Себебі сатып алынатын зат сатушының қолында жоқ. Ал көпшіліктің бұл сауда түрімен айналысқандықтан истихсан бойынша рұқсат етілген. Мысалы: Тігіншіге бір адам келіп маған мынандай сипатта, мынандай көлемі, осынша ақшаға аяқ киім тігіп бер деп тігіншіге толық ақшасын немесе жарты ақшасын төлеп кетсе, не болмаса мүлдем ақша бермей кетсе, истихсанмен саудаласуға болады.
3. Мустахсан би дарура (қажеттіліктен туындаған истихсан). Мысалы: Көлшік, құдық және ыдыс-аяқты нәжістен тазалау. Қияспен олар тазаланбайды. Өйткені ыдыстан суды төгіп тастаса, оның түбінде нәжіс қалады. Сол сияқты құдықты тазаласа, астынан аққан су шығып нәжіс сумен қосылып тазалығын жоғалтады. Ал егер құдықтан түгел суды шығарса, түбіндегі тастың үстінде нәжіс қалады. Сондықтан қияспен тазалауға мүмкін емес. Бірақ истихсан бойынша бұл заттардың барлығы тазаланады. Өйткені адамдардың қажеттілігі үшін.
4. Мустахсан би қияс хафи (жасырын қияспен болған истихсан). Бұл истихсан түріне жыртқыш құстардың ішкен суына қатысты үкімді мысалға келтіреді. Негізінде жыртқыш құстар еттері желінбейтіндігі мен нәжіс болу ерекшелігіне байланысты жыртқыш аңдарға ұқсайды. Жыртқыш хайуанның сілекейі нәжіс болғандықтан, бүркіт, қыран сияқты жыртқыш құстардың ауыздары тиген қалдықтары да лас саналуы қажет. Қияс бойынша осындай. Бірақ бұл жерде истихсанның (жасырын қияс) өлшемі күштірек. Ол бойынша жыртқыш аңдардың аузында сілекейі болады. Ал сілекейлері етінен бөлініп шығады. Еті лас болуына байланысты сілекейлері де лас саналады. Ал жыртқыш құстар суды тұмсығымен ішетіндіктен, сілекейлері суға араласпайды. Жыртқыш құстардың тұмсықтары сүйек сол себепті ол нәжіс емес. Сондықтан оның ішкен сулары да лас саналмайды [5, 60-61-б].
Қорытындылай келе, жалпы истихсан әдісі «қиындықты тастап, жеңілін таңдау» негізінде жүзеге асады. Өйткені Құран Кәрімде: «Алла Тағала сендерге жеңілдік қалайды және ол сендерге ауырлық қаламайды», – делінген (Бақара сүресі, 185-аят), ал пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадисінде: «Шын мәнінде, бұл дін жеңіл… жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар», – деген. Әбу Ханифа құқықтық мәселелерді шешуде,үкім шығаруда истихсан әдісін негізгі дәлелдердің бірі санаған. Истихсан – адамдардың жағдайын жеңілдетіп, ауырлықты азайтуға септігін тигізеді. Бұл қағида шариғат бекіткен амалдарды орындауда қиындық туған немесе шариғаттағы міндеттерді толық орындауға мүмкіндігі болмаған жағдайда, іс-амалдарды жеңілдетуге себепші болады [6, 203-б.].

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Хусамаддин Хасан ибн Әли ибн Хажжаж ас-Сығнақи. Дираса уа тахқиқ Ахмад Мұхаммед Хамуд әл-Йамани. Китаб әл-Уәфи фи усул әл-фиқһ. – ар-Рияд, 1997.
2. Керім Ш. Сығанақ саңлағы. – Алматы: Нұр-Мүбарак, 2012.
3. Бәздәуи, Әбу әл-Хасан Фахр әл-Ислам Әли ибн Мұхаммед Канзул усул ила Мағрифатил усул. – Каир – 4-том.
4. Бухари, Абдулазиз ибн Ахмед. Кәшфул Әсрар. –Каир, 4-том.
5. Қауам ад-Дин Әмир Катиб ибн Әмир Умар ибн амир Гази әл-Фараби әл-Итқани. Ат-Табиин. Тахқиқ уа дираса доктор Сабр Наср Мустафа Усман. – Кувейт,1999.- 2-том.
6. Әділбаев А., Әділбаева Ш. Әбу Ханифа және Ханафи мәзһабы.– Алматы, 2011.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *