Қызғыш – біздің жақта сирек кездесетін жыл құсы. Сондықтан ол туралы толығырақ айтып кетуге болады. Мен Әдебиет кітабынан қазақтың ұлттық батыры және атақты ақын Махамбеттің:
«Ей, қызғыш құс, қызғыш құс,
Қанатың қатты, мойның бос,
Исатайдан айырылып,
Жалғыздықпен болдым дос…
…Ел қорыған мен едім
Мен де айырылдым елімнен.
Көл қорыған сен едің,
Сен де айырылдың көліңнен.
…Сені көлден айырған,
Лашын құстың тепкіні…» деген өлеңін оқып едім. Сол Қызғыш құс – осы!
Қызғыш – дене тұрқы кептермен шамалас. Балшықшы құстар тобына жатады. Арқасы күнмен жалтырап тұратын жасыл түсті, оның құрсағына ұласатын жиегі күлгін, қызғылтым немесе қызыл түске боялып, құбылып тұрады. Құрсағы ақ. Тұмсығы қара. Тұмсығынан басталатын қара қасқасы басының үстімен барып, шошайып тұратын айдарымен бітеді. Тұмсығының астынан басталатын қарасы омырауын жауып, арқасының жасылына ұласады. Басының екі жағы мен мойыны ақ боз немесе ақ. Сирағы қызыл.
Барлық Балшықшы құстар сияқты, Қызғыш та ылғалы, батпағы мол жерлерде жүреді. Жазда Қазақстанның суы мол жерлерінің бәрінде болады, ұя салып, балапан ертеді. Көрген адам Қызғышты басындағы айдарына және жалтырақ жасыл түсіне қарап, бірден таниды. Махамбет ақын: «Қанатың қатты, мойның бос» деп айтқандай, мойнын ырғап қойып, асықпай жайылып жүреді.