ӘМІР ТЕМІРДІҢ ЖАУЛАП АЛУ ЖОРЫҚТАРЫ

ӘМІР ТЕМІРДІҢ ЖАУЛАП АЛУ ЖОРЫҚТАРЫ

Сұлтанбек Айдана (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Нусупбаева С.А.

Әмір Темір есімі біздің ұғымымызда айтулы жаулап алушы, әйгілі жаһангер есебінде Ескендір Зұлқарнайын, Шыңғыс хан, Батый ханмен бірге аталатыны белгілі. Кезінде 27 мемлекетті қол астына бағындырған «әлем жаулаушысының» ғұмыры, жорық жолдары мен оның салдары әрқашан өзекті болып келді. Темірдің балалық кезі мен жастық шағы туралы мәліметтер дерек көздерінде өте аз жазылған.
Әмір Темір (Темір Тарағай Барлас) (1336-1405ж.ж.) – Орталық Азия жаһангері. Барлас руынан шыққан, Кеште туған. Қазір бұл Өзбекстанның Қашқария облысының Шахрисабыз қаласы. Әмір Темірдің арғы атасы Қаражер бек, оның баласы Ижил бек, оның баласы Әйлеңгір бек, оның баласы Беркел бек, оның баласы Мұхаммед Тарағай бек еді. Тарағай түс көреді. Түсінде биік тау басында тұрады. Түн тастай қараңғы, жылтыраған жұлдыз жоқ. Айнала суық, қорқынышты. Тау басындағы Тарағайдың қолында болат қылышы қолын созғанда қылышынан найзағай оттары жарқылдап, айнала жап-жарық болады. Тарағай оянып кетеді. Сол түні оған ақ киімді, ақ сәлделі, ақ ат мінген адам аян береді. Ол: «Тарағай би, қазіргі әйелің Тәнике бір ұл туады. Ол әлемді билейтін жиһангер болады», – дейді. Қанішерлігі Шыңғысханнан асып кеткен Ақсақ Темірдің дүниеге келуі туралы осындай аңыз бар. Бұл шындыққа жақын аңыз. Тарағайдың түсінде Ақсақ Темір алмас қылыш болып көрінген. Ол Қызыр Ғали әссәләм айтқандай, жарты дүниені жаулайды. Бірақ та алмас қылыштай жарқ етіп от шашпаған, қайта елді қанға бояп, дүниені қара түнекке айналдырған. Әмір Темір анасынан ақсақ болып туылмаған. Жас кезінде Түркістан маңындағы бір шайқаста оң аяғы мен оң қолына оқ тиеді. Соның салдарынан екі саусағынан айрылып,оң қолы мен оң аяғы семіп қалып, кейін «ақсақ Темір» атанған. Ол ирандықтарға Тимурлинг, европалықтарға Тамерлан есімімен белгілі болады.
XIV ғасырдың ортасында Алтын Орда мен Шағатай мемлекетін ыдыратуға итермелеген процестер басталды. 50-60 жылдары түркі-монғол билеушілері арасында тақ үшін күрес басталып, бұл тартыс монғол жаулап алушыларына қарсы халықтық-азаттық күреске ұласты. Мұндай жағдайда Мауераннахрдың ірі феодалдары мен бай саудагерлері өз арасынан, халықтың толқуын баса алатын, әрі мемлекетті нығайта алатын адамды іздей бастады.
Барлас тайпасынан шыққан түрікмен шонжары Тарағайдың ұлы Темір осындай іске лайық адам еді. Темір жоғары билік үшін еш нәрседен тайынбады. Ол ірі байларға сүйене отырып халық-азаттық қозғалысты көп қан төгу арқылы басты. Кейіннен өзіне көмектескендерді де біртұтас билікке бағындырып, 1370 жылы Мауераннахрдың билеушісі атанды. өз жерінде билігін нығайтып алған Темір Алтын Орда мен Ақ Орданың ішкі саясатына араласып, бірнеше басқыншылық жорықтар жасады. Ол өзінің мақсатын іске асыру үшін Манғыстау билеушісі Түй-Қожа оғланның баласы Тоқтамысты пайдаланды. Өйткені Ақ Орда билеушісі Орыс хан Алтын Ордаға қарсы жорықтан бас тартқаны үшін Түй-Қожа оғланды өлтірген болатын. Әмір Темір Тоқтамысқа әскер беріп, Сыр өңіріндегі Отырар, Сауран, Түркістан және Сығанақ қалаларын бағындыруды тапсырады. Бұл тапсырма орындалған жағдайда Әмір Темірге Алтын Ордаға апаратын жол ашылар еді. Тоқтамыстың Сыр өңірін бағындыру үшін жүргізген алғашқы екі жорығын Орыстың ұлдары қайтарған еді. Әмір Темірдің қолдауымен жүргізілген Тоқтамыстың іс әрекеттері, Орыс ханның Сарайды тастап, Ақ Ордаға қайтуына мәжбүр етті.
Әмір Темір Тоқтамысқа әскер мен қару-жарақ беріп, жаңа жорыққа дайындап жатқан уақытта, Орыс ханнан Тоқтамысты қайтаруды талап еткен хат келеді. Темір әскерімен Сырдариядан өтіп, Отырарға келгенде, Орыс хан әскерін Сығанаққа шоғырландырады. Екі жақ үш ай бойы ешқандай әскери қақтығысқа бармайды. Ақыр аяғында Орыс хан өзінің орнына Қара Кесек оғланды қалдырып, кейін қайтады. Бұл жағдайды естіген Темір Орыс ханның ұлы Темір Мәліктің он мыңдық әскерін талқандайды. 1376 жылы Орыс хан қайтыс болады. Әкесінің орнына билікке келген Тоқтақия да үш айдан кейін қаза табады. Әмір Темір Тоқтамысты Сауран қаласының билеушісі етіп тағайындайды.
1377 жылы Сауранның түбінде Орыс ханның ұлы Темір Мәлік Тоқтамыстың әскерін талқандайды. Алайда Темір өзінің жоспарынан бас тартпай, 1378 жылы Тоқтамысты жаңа жорыққа жібереді. Нәтижесінде Тоқтамыс Сығанақты бағындырады. 1379-1380 жылдары Алтын Орданың көптеген әмірлері Тоқтамыс жағына өтіп, оның билігін мойындайды. Алтын Орданың ханы болғаннан кейін, Тоқтамыс Сарай, Қажы Тархан Астрахань, Қырым мен Мамай Ордасын өзіне бағындырады. Қалыптасқан жағдай, Мамайдың 1380 жылы Куликов даласында орыс-қыпшақ әскерінен жеңілуіне себепкер болады. Осыдан кейін Тоқтамыс Әмір Темірге бағынуды қойып, дербес саясат жүргізе бастайды. Сонымен бір мезгілде ол Әмір Темірдің иеліктеріне шабуыл жасай бастайды.
Бұл оқиғалар қазақтың «Едіге батыр» эпосында жырланады. Жырда Тоқтамыс пен Темір арасындағы соғыстың басталуына қазақ биі мен батыры Едігенің тікелей қатысты екендігі айтылады. Моғолстан әмірлерімен күресті аяқтаған Әмір Темір әскерін сол кезде Дешті Қыпшақтағы Тоқтамысқа қарсы бағыттайды. Темір 1391 ж. 21-қаңтарда 200 мың әскермен аттанып, 18-маусымда Құндызша деген жерде Тоқтамысты жеңеді. Тоқтамысқа қарсы көтерілген жергілікті билеушілер (ішінде Едіге бар) Темірдің билігін мойындайды.
1393 жылы Тоқтамыс Алтын Ордадағы билігін қалпына келтіреді. Ал Едіге би Ақ Орданың тағына Темір Құтлықты қояды. Темір Құтлық Әмір Темірдің саясатына тәуелді болады. 1395 жылы Солтүстік Кавказда Терек өзені бойында Тоқтамыс пен Темір әскері арасында шайқас болып, Тоқтамыс жеңіліс табады. Тоқтамыстың соңына түскен Әмір Темір орыс княздығы жеріне кіреді. Москваға барар жолда жаман түс көрген Темір оны жамандыққа жорып кері қайтады. Мауераннахрға қайтар жолда Темір Алтын Орданың Еділ бойы мен Қырымда орналасқан қалаларына, Астраханға өрт қояды.
Әмір Темір 1371-1390 жж. аралығында Моғолстанға оншақты рет жорық жасайды. 1376 ж. Моғолстан қолбасшысы Қамара ад-динді Атбасы маңында талқандайды. Осы жорықтарда Темір әскерлері көп олжа түсіріп, қой, жылқыны, қолға түскен тұтқындарды Мауараннахрға жіберіп отырған. Осыдан соң Моғолстан Мауараннахрға толық тәуелді болады. 1372-1388 жж. – Хорезмді; 1376 ж. – Шығыс Түркістанды; 1381 ж. – Гератты; 1381 ж. – Хорасанды, 1383 ж. – Қандағарды; 1384 ж. – Сұлтанияны (Оңт.Азербайжан); 1384 ж. – Тебризді; Иран, Ауғанстанды толық бағындырды. Оның әскерлерінің тегеурінді шабуылдарының, үздіксіз соғыстарының нәтижесінде империясының аумағы 14 млн. шаршы шақырымға жетеді.
Әмір Темір жорықтарының Қазақстан үшін, ондағы өмір сүрген ру-тайпалар үшін адам айтқысыз ауыр зардаптары болды. Қолға түскендер құлдыққа айдалып, Орта Азия қалаларындағы базарда сатуға түсті. Өртелген қалалардың күлі ғана қалды.Әмір Темір жорықтарының зардаптары:
Халық қырғынға ұшырады, шаруашылық күйреді, ел арасындағы байланыс үзілді, қалалар қирады. Ауа көшу, қоныс аудару көбейді, халық болып қалыптасу жүйесі бұзылды. Қазақ жерінің экономикасының, мәдениетінің дамуына зардабын тигізді.Әмір Темір қайтыс болар алдында Қытайды жаулау үшін Самарқаннан көп әскермен шығады. Шараф ад-дин Әли Йаздидің «Зафар-наме» жазбасында: Сейхун жағасынан аттанған Темір сәрсенбі – 12 раджап күні Отырардағы Бәйдібек сарайына тоқтайды. Барлық ханзада, әмір, айналасындағы жақын адамдар жеке-жеке бөлмеге орналасады. Кенет патша ордасы саналған сарайда сол күні төбесінен от шығып, өрт болады. Өрт тез өшірілсе де, қасындағылар жаман түстер көреді. Осы жазбада: «807 ж. 10 шамасында Әмірдің ыстығы қатты көтеріледі. Қалтырап отырып өз күнәлары үшін Құдайдан кешірім сұрап, орнын сауапты істермен толтыруға уәде етеді. Бірақ науқасы күшейе түседі. Аурудың дәріден күшті екенін сезген соң, өлімге дайындалып, өсиет сөзін айтты» – делінген. Ибн Арабшахтың «Аджайб ал-мақдур фи ахраби Тимур» еңбегінде Темірдің қатты суықта Отырарға келіп, шарап әкелуді тапсырып, ауырғанын, оны емдеген дәрігердің маңдайына, ішіне мұз құйып емдегенін жазады. Ал, Мұхаммад Фадлаллах Мусеви жылнамасында былай делінеді: «Темірде шарапқа құмарлық пайда болды, үш күн сонымен уақыт өткізді, тағы үш күн арақ ішті, тамақтан нәр татпады. Ақыры ішкі ыстық оның ішкі денсаулығына әсер етті, айналасындағылар бұл арақ ішкеннен болған ауру деп түсіндірді. Ол тағы бір жұтым арақ алдыртты.» Барлық деректер аурудың бір ғана себебін меңзейді.
1941 ж. Самарқандағы Гур Эмир кесенесіндегі Темір мәйітін зерттеген белгілі антрополог М.Герасимов Әмір Темірдің расында ақсақ екенін, жасы 70-тен асса да қайраты елудегі адамның жасындай өте қарулы, шымыр денелі адам болғанын анықтаған. Герасимов осыған қарап, ол жорықта жүргенде де шашын алмаған деп тұжырым жасады. Әмір Темір 68 жас, 10 ай, 9 күн өмір сүріп 1405 жылы Қытайға жорығы кезінде Отырарда қайтыс болады. Оның 4 ұлы болды:
Жиһангер (1356-1376); Әмір Шейх (1356-1394); Мираншах (1366-1408); Шаһрух (1377-1447). Әмір Темір әулетінен ұлы ғалым Ұлықбек (1394-1449), Моғол империясын құрушы Бабыр (1483-1530) сияқты атақты адамдар шықты. Әмір Темір өлгеннен кейін мирасқорларының билікке таласуынан Темір мемлекеті ыдырап кетті. Ол әлемдік тарихта талантты қолбасшы, тегеурінді саясаткер ретінде қалған. Орталық Азиядағы бірқатар сәулетті ғимараттардың пайда болуы, қалалардың өркендеуі, шөл даладағы жер суландыру құрылыстарының салынуы, қолөнер мен сауданың дамуы Әмір Темір есімімен тығыз байланысты. Тарихи деректер оның қол астындағы түркі, парсы, араб мәдениеті мен өнерінің өкілдері, ғалым-ойшылдар Темір тарапынан қолдау тапқанын растайды. Ол қазақ жерінде өшпес тарихи-қасиетті Қожа Ахмет Яасауи кесенесін салдыртты. Сонымен бірге сүйікті қызына арнап «Әмір Темір» мұнарасын салдыруына қызына деген сүйіспеншілігі мен сағынышы жатыр. Әйтсе де, оның бірнеше ескерткіштері, қалалар салдыру мен аты әлемге таралды.
XIV ғасырдың 90 жылдары өзінің қаталдығымен зұлымдығы мен аты шыққан Әмір Темірге Каспий жағалауы, Ауғанстан, Ирак, Кавказ, үнді жерлері бағынып, үлкен империя қалыптасады. Бұл империяны Темір әулеті басқарады. Әмір Темір 1405 жылы Отырар қаласында Қытайға кезекті жорыққа бара жатқан кезде қайтыс болады.
Тарих ғылымының докторы: Талас Омарбеков: «Яғни Әмір Темір – шынын айтқанда, біздің адам емес. Әмір Темір – өзбектің қайраткері. Дөрекі сөзбен айтқанда, өзбектің жекеменшік тарихи тұлғасы. Мысалы, бізде Кенесары – ұлы хан. Ал қырғыздар оған «басқыншы» деп қарайды. ӘмірТемір де қазақ үшін солай.

Әмір Темірдің жеке басына келсек, ол – ұлы харизматикалық тұлға. Бүкіл түркі әлемінде мұндай ұлы қолбасшы болған емес. Ал бірақ қазақ жері, Алтын Орда үшін ол – басқыншы. Мынаны ескеруіміз керек, Алтын Орданы күйреткен – Әмір Темір. Ол болмағанда орыс мемлекеті бізді отарлайтындай биікке көтеріле алмайтын еді. Әмір Темір арнайы барып Алтын Орданың ең соңғы ханы, жарты миллион әскер жинаған Тоқтамысты екі рет күйретті. Астанасы Сарай-Беркені жермен-жексен етіп өртеді. Ал түріктердің көсемі Йылдырым Баязидті өлтіру арқылы Константинополь қаласын басып алуды 50 жылға шегеріп тастады. Егер де Әмір Темір Баязидпен бірігіп, Еуропаға қосыла шабуыл жасағанында Еуропаның үлкен бөлігі мұсылмандықты қабылдайтын еді.
– Өзбек тарихшылары «Әмір Темір Баязид сұлтанға «бірігейік» деп үш рет хат жазған» дейді.
– Бұл – үлкен саясат. Әмір Темір данышпан саясаткер адам болған. Оны басқыншы екен деп саясаткерлігін төмендете алмаймыз. Ол – Тұран даласының ұлы тұлғасы» деп өз бағасын берген.

Әдебиеттер

1. А.Ғалиев. «Көшпелілердің ұлы шайқастары» 128-бет
2. «Қазақ энциклопедиясы» 2011 ж. 880-бет.
3. «Отырар энциклопедиясы» Арыс баспасы. 2005 ж. 282-бет
4. Алаш айнасы HYPERLINK «http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/ulyi-kolbasshyi-amr-temr-60462/» http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/ulyi-kolbasshyi-amr-temr-60462/
5. Талас Омарбеков: «Әмір Темірдің қазақ үшін де ғибраты мол» // Аңыз адам №4 (16) 2011

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *