«ҰЛЫ ДАЛА БАЛАСЫ»
Құндыбеков Орынбек(Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі – ф.ғ.к., аға оқытушы Мәтбек Н.Қ.
Ұлы даланы төстеген Қазақ елінде дарынның көбін мойындамасқа болмасымыз рас. Ұлтымыз жаңа туған сәбидің бойына төл өнерді сіңіртіп жасынан әншілікке баулып болмаса басқа қырынан дамытуға тырысқандығы тағы бар. Кішкентайынан үлкендерден бата-тілек естіртіп ұлттық өнерді санасына сіңіру арқылы бізге талай алпауыт тұлғаларды өсіріп жеткізген. Төл өнер десе, ойға бірінші – Домбыра, содан соң Айтыстың түсетіні жалған емес. Біздің сол айтысымыз көп жастың тұлға болып қалыптасуына дара жол бола білген. Бұл үдеріс қазірге дейін өз маңызын жоймақ емес.
Өнерінің басын айтыстан бастап көптің көңілін таба білген ақындарымыздың қарасы көп. Сол ақындардың ішінде мені өнерімен қызықтырғаны Төрелі ақынның ұлы Төреғали болды. Ақыннан ақын туып әкесінің жетпеген биік белестеріне ұлы жетіп жатыр. Мерейдің үстем болғаны деген осы болар, бәлкім. Десе де сөзге тиек етер ақынның жеткен биігі, өнері, өмірі әке шешесінен көрген тәлім-тәрбиесі жайлы. Қазақтың қай баласы болса да ауыз толтырып айтар бір өнері не болмаса бір қыры болары анық. Ғылыми тұрғыда мен жаңалық аштым дейтіндей шығарма болмаса да бірінің болмаса бірінің көкейінде жүрген кей сұрақтарға жауап болар деп ой түйдім. Мен қызықтым, іздендім, таптым – соны сіздермен бөліссем деймін.
1992 жыл 14 қазан, бұл – Төреғалидің туған күні. Тұран ойпатының едәуір бөлігін алып жатқан аты әлемге мәлім Байқоңырдың тумасы. Ал білмегендер үшін Байқоңыр Қызылорда облысында орналасқан. Жезқазғанның кенді Байқоңыры емес, «Сыр елі –жыр елі» дейтін жердің нақ өзі. Әкесі Төлепов Төрәлі Әлиханұлы, анасы Төлепова Аягөз Қосбатырқызы. Төреәлі ағамыздың әкесі Әлихан болғанын ескерсек, Әлиханов Төреғали Төрәліұлы болады. Ел арасында тегі көп айтыла бермейді. Қос қарындасының да тектері дәл осылай. Бірі – Фариза Әлиханова, кенжесі – Дина Әлиханова.
Төреғалидің өнерге келуінде шарттылық бар, себебі әкесі де, анасы да өнерден кенде жандар емес. Әкесін ел суырыпсалма айтыскер ақын ретінде таныса, анасының әншілігі көп сөзге тиек етіле бермейді. Себебі анасының кәсібі, негізінен, орыс тілі пәнінің мұғалімі. Төреғали актер, Төреғали ақын. Ақындығынан бұрын Төреғали әнші. Себебі төрт жасынан әкесіне еріп ән айтқан. Оның бәрі айтарлықтай үлкен сахналарда айтылмаған. Төреғалидің үлкен сахнаға келуін мына оқиғамен байланыстырса болады. Әкесі өнер адамы болғаннан соң шаңыраққа өнер иелерінен келер қонақтың қарасы көп болары анық. Бірде Төреғалидің шаңырағына «МузАрт» тобының тұрақты мүшелері Сәкен мен Мейрамбек ағалары келгенде алты оқитын Төреғали тілек айтамын деп сөз саптауымен қонақтардың қызығушылығына ілігіп, ағаларымен Қазалыға концертке еріп кеткен. Қалың жұрттың алдында, үлкен сахнада алғаш Шымберген Сүлейменовтің «Арман құс» әнін айтқан. Әншілікке бастауын осы деп алсақ, ақындығына бастама өзінің талабы, өнері және әкесінің берген бағыт бағдары деп толық сеніммен айтуға болары хақ. Себебі әкесі айтыскер ақын. Бес-алты жасынан қалам тербеген жас дарын көк дәптеріндегі жазған шығармаларын әкесіне тексертіп бағытын айқындап отырған. Домбыраны әкесі сол қолмен тартса, Төреғали да тек сол қолмен тартады екен деп сол қолмен тартып үйренген. Суырыпсалмалық өнерін дамытып бесінші сыныбында-ақ алғашқы айтысына қатысқан. Төреғалидің айтысына қарасақ, ол ұрмалы аспаптарды ұнатқан. Бала кездегі арманы – ақын болу. Анасы актер болсын деп армандаса, әкесі теміржолшы болмаса мұнайшы болсын деп арман еткен. Бірақ бойдағы дарын дара жолға бастап «Әкеге ұқсап тудым ба? Әке жолын қудым ба?» деп әнін айтып, өлеңін жазып ел еркесіне айналды. Бастысы, елім деп еміренген патриот азамат болып өсті. Өзі көп айтатын сөзі: «Адам болып келдім, Адам болып қалу – басты мақсатым».
Өнерге шындап бет бұратынын білген Төреғали арман қуып Алматыға келді. Осында келіп Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы Жүсіпбек Елебеков атындағы өнер колледжіне актер мамандығы бойынша оқуға түскен. Біз білетін «Жаужүрек мыңбаланың» сардары Сартаймен, яғни Асылхан Төлеповпен бірге оқыған. Асылхан ағамыздың айтуына қарағанда, Төреғали – дарынды актер. Оны тіпті театрдың шаңын қаққан Айгүл Иманбаева да мойындайды. Алғашқы үлкен рөлі – Алдар көсе. Төреғалидың актерлігін айтқанмен, еліміздің театр болмаса кино сахналарынан әлі көргеніміз жоқ. Болашақта көреміз деген сенім де жоқ емес.
Актерлігімен елді тәнті етіп үлгермесе де, әншілігімен айтарлықтай жаңалық жасағаны рас. «Бол жанымдасына» тойда билемесе той өтпейді. Бұл – қазіргінің сұранысы, елдің қалауы. Эстраданың есігін «Іздеме» деп қақты. Айтыстан мені Іздеме деп кеткен жоқ, жай алғашқы авторлық әнінің аты солай. Бертін келе әншілікке еті үйрене бастағасын хиттердің шеруін тізді. Композитор мен ақынның жұлдызын жақты. Халыққа ұнаған соң әншілікті тастағысы жоқ. «Сүй, жаным» деді, «Төрешің» деді, әйтеуір, халықтың көңілін тапты, бастысы – сол. Бұл – Төреғалидің тағы бір қыры, астын сызып қоюға тұрар өнері.
Әнші болсын, актер болсын оның өнер мектебі – бәрібір де Жүрсін ағаның қасында, айтыста. Сөз саптауы суырып салып ұйқастыруы тапқырлығы осының бәрі айтыстың айналасында көктеді десе болады. Әлгінде айтқандай 5-сыныбынан-ақ айтысқа қатысқанын ескерсек, біршама айтыс алаңдарында бақ сынағандығы белгілі. Төреғали ағамыз «мені Жүрсінге жеткізген – Қайнар» дейді. Алматыға шақырғанда Қайнар көрінеді. Ең жақын досы да – Қайнар Алагөзов. Колледж қабырғасында оқып жүргенде Астанада өткен үлкен айтысқа Қайнармен қоса барып, Жүрсін Ерманның көзіне түсіп, айтыстың кенжелерінің қатарына қосылды. Содан бастап халықтың көзайымына айналды. Айтысқа деген қызығушылығы артты. Төреғалидің нағыз суырыпсалма ақын екенін мына оқиғамен дәлелдеуге болады. Әкесінің баяндауымен.
Бірде Төреғали әкесімен еріп, туған жеріне тойға барған көрінеді. Төреғали еліне жеткенде облыс орталығында үлкен айтыс басталғалы жатқанын естиді. Барғысы келіп әкесінен рұқсат сұрағанда әкесі: «Балам, соңғы кезде жолың болып жүрген жоқ, сағың сынбасын», – деп жібермепті. Тым құрыса көріп келейін деп жолға шығыпты. Арада көп уақыт өткенде әкесіне Бекарыс Шойбеков қоңырау шалып, «Төке, құтты болсын, ұлың оза шапты, талабы оң болсын» деп тілек айтыпты. Оқиғаның мәнісін ұқпаған күйі сабырмен күтіпті. Той басталғалы жатқанда мейрамхана алдына елді шулатып Төреғали журналистермен қоса келіпті. Көріп келем деген Төреғали қатысушылардың қатарына тізіліп, айтыста оза шауып көлік тізгіндеп келген екен. Әкесі не күлерін, не жыларын білмей толқынысын жасырмаған. Ойда жоқта дарынын дәлелдеп төренің тұқымы, нағыз ақын екенін дәлелдепті.
Республикалық талай айтыстарда топжарып елді аузына қаратқан Төкең 2010 жылдың аумағынан ірілі айтыстарда қарасын көрсетті. Сол жылдары айтыстың жанданып бойына енді қан жүре бастаған уақыты. Айтыстың аумағында жүрген таланттардың басын қосып Алматының төрінде үлкен айтыс жасады. Халықтың қызу талқылауында болды. Сол айтыста Төреғали:
Қазағым, аманбысың, талай ғасыр,
Қан мен жас қатар аққан жанарынан,
Қайғының қалың мұзы еріді ғой,
Желтоқсанда жастардың алауынан.
Ел-жұртым еркіндікке есен жетіп,
Қарғыдық бодандықтың қамалынан,
Айтыстың аяғына тұсау салып.
Көкіректе қалып ед қамалып ән,
Шапалақпен сүйінші беріңіздер,
Тірілді айтыс дейтін баба мұрам, –
деп айтыстың жанданғанын айтты.
Д. Қонаевтың 100 жылдығында да Бауыржан Қалиолламен үздік айтыс жасап, елді тәнті етті. Атағы асқақ болғанымен, басымдылығынан сескенбей ойын ашық айтып:
Сондықтан атағыңа сене берме,
Әділеттік береді жаныма айбын.
Құлагерді құрықтап жүлде алатын
Айтыс – асы емес қой Сағынайдың, –
деп айтыс әділ бағаланатынын тілге тиек етті.
Өзінен кіші ақын Сырым Әуезханмен де айтысып:
Ринатпен айтысам деп басым түсіп,
Шамамның келгенінше састырғанмын.
Ақмарал, Кәримамен сайысқанда
Әзіл айтып ел аузын аштырғанмын.
Айнұрмен шыққан кезде әнге салып
Өзіме қатар көріп дос қылғанмын.
Бөлтірікке таланып қап жүрмейін
Аман келіп аузынан қасқырлардың, –
деп өзінен кішілерге, мықтылығы болса, жол беруге дайын екенін айтты. Үздік айтыс жасап халықтың көзайымы болып жүріп, айтысты тастап эстрадаға бет бұрды. Қазір айтыстан қол үзіп кеткенменен, әр кез айтысуға дайын екенін кез келген сұхбатында айтады.
Төреғали бар-жоғы 23 жасында талай айтыстарды жеңіп, 50 шақты ән жазып, 5 бейнебаян түсіріп үлгерген. Алдыңғы буын ағалардың жолын жалғап, әйтеуір қазақ өнеріне тамшыдай болсын үлесін қосып жатқандығы белгілі. Мейлі айтыста болсын, мейлі эстрадада болсын, халықтың сүйіктісі. Алланың бойына дарытқан талантын тұмшаламай елімен бөлісіп жүр.