Ұлттық діндер мен олардың түрлері
1) Шығыс елдерінің ұлттық діндері. Ежелгі үнді діндері: индуизм, жаинизм.
2) Ежелгі қытай діндері: конфуцийшілдік, даосизм.
3) Ежелгі жапон мен еврей діни ағымы: синтоизм мен иудаиз
1-сұрақ: Шығыс елдерінің ұлттық діндері. Ежелгі үнді діндері: индуизм, жаинизм
Жайнизм
Үнді қоғамындағы діни ағымдардың қалыптасуына қоғамдағы касталық құрылыс ықпал етті. Үнді қоғамы 4 кастаға бөлінген: брахман, кшатрий, вайши, шудра. Джаинизм б.з.д. VІ ғ. «даналар» ілімдерінің негізінде пайда болды. Негізін қалаушы Вархамана (лақап аты – Джина «жеңімпаз»). Сондай-ақ тақуалық өмір кешкендіктен оған «Махавира» ұлы батыр есімі де берілген.
Джаинизм ілімін жазбаша түрде қағидаларға айналдыру б.з.д. ІІІ ғ. п.б., ал джаинизмнің діни-философиялық жүйесі Ведалық-брахмандық дәстүрдің діни-философиялық мазмұнын түбегейлі өзгерткен идеялардың кешені негізінде б.з.д. І мыңжылдықтың ортасында қалыптасты. Махавира қайтыс болғаннан кейін джаиналық қауым 2 бағытқа бөлінді: «шветамбарлар» (ақ киінгендер) және «диганбарлар» (кеңістікпен киінгендер, жалаңаштар). «Шветамбарлар» джаинизмнің ауызша мәтіндерінің негізінде жазбаша ереже нұсқасын жасауға тырысты, ал «диганбарлар» бастапқы джаинизм жолын ұстанды.
Джаинизмде мифология жоқ, онда барлығы жүйелі оймен байланысқан, әдет-ғұрыптарға да бағынбаған, Ведалар сияқты қасиеттілік, құрбандық, абыздық болмаған. Джаинизм ілімінің басты міндеті – тұлғаның тіршілік мәселелері. Оның негізгі мазмұны – этика, адамды құмарлықтан азат ету. Ал джаинизмнің басты мақсаты осындай азаттық мүмкін болатын өмір салтын қалыптастыруға қол жеткізу болып табылады. Құдай-жаратушының бар екендігін мойындамайтын джайналар жанды мәңгілік субстанция, ал дүниені о бастан бар деп есептеді. Жайнизм материалдық пен руханилықты бір-біріне қарама-қарсы қоймаған. Жан барлық тіршілікте, затта бар деген ұйғарымды ұстанды.
Ежелгі үнді діни ілімдері сияқты жайнизм де адамға діни идеалға жетуге, «босатылу жолын» іздеуге көмектесе алатын нормалар мен ұйғарымдар жасауды міндеті деп білген. Бұл жолды Джина «3 асыл заттың» соңынан еру деп көрсетті: 1) «жетілген көзқарас» — дүниені Махавира іліміне сәйкес тану, оның ақиқаттылығына сенім; 2) «жетілген білім» — ілім, жан мен әлем болмысын тану (алдымен өз-өзіңді, өз меніңнің мәнін тану, өз мақсатыңды дұрыс түсіну (кармадан құтылу) сияқты шектеулі білім алу); 3) «жетілген жүріс-тұрыс» — қалауларыңды жеңу және діни ережелерді сақтау. Джайналар этикасы жүріс-тұрыс нормаларын қатаң бақылайды, олар 5 негізгі сертті қабылдайды: тірі жәндікке зиян келтірмеу, ұрлық жасамау, зинақорлық істемеу, ашкөзділікке бармау, адал және тақуа болу.
Джайнизм этикасы – сопылық. Олардың 3 басты ұстанымы бар: ахимса (зорлық-зомбылық көрсетпеу), апаригхара (пайдакүнемдікті ойламау), анекантвад (шексіз билікке ұмтылмау, яғни төзімділік ұстанымы).
Ахимса ешбір тіршілік иелеріне, тірі жәндіктерге зиян келтірмеу принципі. Бұл принцип бойынша адамдардың өзін қоршаған тіршілік иелері ортасында айрықшалануға құқы жоқ. Оларды өлтіру оның кармасы үшін ауыр зардаптар әкеледі. Ахимса былапыт сөздерге, жаман ой-пиғылдарға тыйым салады.
Апаригхара – адамның өмірлік мұқтаждықтарын мүмкіндігінше азайту қажеттілігі. Пайданы көздемеу – ішкі тыныштылыққа, азат болуға жеткізетін жол.
Анекантвад – ашу-ыза, кінә артудан аулақ болу, кез-келген құбылысты әртүрлі жағынан көруге болатынын есте ұстай отырып, кең көзқарасты сақтауға үйрену мұратын көздейді.
Қазіргі кезде джайнизм Үндістанда азшылық этно-конфессия ретінде өмір сүреді (жайнизмді 2-3 миллиондай адам ұстанады).
Индуизм
Индуизм – Оңтүстік, Оңтүстік Шығыс Азия елінде құрылған діни жүйе. Дүние жүзінде индуизмді ұстанушылар саны 800 миллиондай адам (Үндістан, Қытай, Шри-Ланка, Бангладеш, Малайзия, Индонезия, Сингапур т.б. елдер ұстанады).
Индуизм ведалық дін мен брахманизмнің дәстүрлері негізінде қалыптасты. Индуизмнің негізгі мәні:
— ведаларды құрметтеу;
— қай түрде болса да Құдайға сену;
— адамды спиритуалды (спиритус лат. рух, жан) мән, яғни Құдайдың бастапқы жаратқан нәрсесі деп түсіну;
— рухани және материалдық дүниенің, шексіз бен өтпелі нәрселердің, сансар, мокша, карма, дхармалардың (қолдау) арасындағы айырмашылықты мойындау;
— дамыған салт-ғұрыптық мәдениет.
Индуизм этикалық уағыздар мен салт-дәстүрлердің жиынтығынан тұрады. Адамдар дүниеге келгеннен бастап, о дүниеге аттанғанға дейін қалыптасқан салт-дәстүрмен өмір сүреді. Әлеуметтік тұрғыдан маңызды бұқаралық ғұрыптар ірі храмдарда атқарылады.
Индуизмде ведалық кезең мен брахманизмнен ерекше Тримутри – 3 ұлы Құдай бейнесі бар. Олар: Брахма (дүниені жаратушы), Вишну (оның қорғаушысы), Шива (әрбір ғарыштық уақыт кезеңінде әлемді қиратушы). Сонымен қатар, индуизм политеизмдік сипатын да сақтап қалған. Оларда суға табыну (Ганг – киелі өзен), хайуандарға табыну (сиыр, маймыл, піл, барыс т.б.) әлі де бар.
Шиваизмде аса қастерлі құдай Шива болды, оның басты қызметі – тақуалықпен жинақталған энергияны дүниені құрту мен оны қайта жарату үшін қолдану. Шиваның құртушы, үрей тудырушы бейнесіне оның әйелі әйел құдай Кали (немесе Дурги, Парвати) бейнесі келеді. Кали әртүрлі бақытсыздықтарды басқара отырып, көпшіліктің, әсіресе әйел адамдардың құрмет тұту объектісі болып келді.
Келесі бағыт вишнуизм – әлемдік тәртіпті қорғаушы Вишну құдайының бейнесін сипаттайды. Ол дүниеге әртүрлі кесіндерде, аватараларда келе береді. Оның ішіндегі негізгілері: Рама (әділетті патша, әзәзілді жеңуші), Кришна (құдай-қорғаушы).
Индуизмнің жоғарғы құдайлар үштігінің 3 мүшесі Брахма – дүниенің алғашқы себебі ретінде қабылданады.
Индуизм діни жүйе ретінде қалыптасып болған кезде олардың 3 қасиетті символдары қалыптасты:
1) ОМ деген қасиетті сөз буыны – рухани ізгілікті білдіретін сөз формуласы;
2) Свастика – жан-жаққа тік бұрышпен иілген ұштары бар айқыш. Ол «берекеге себепші», «әл-ауқат белгісі» дегенді білдіреді;
3) Шри-янтра – бүтіндікті, тұтастықты (медитация кезінде пайдаланылады) білдіретін белгі.
Үнділік діни әдет-ғұрыптардың 3 санаты бар:
— нитья – күн сайын атқарылатын рәсім: таңертең Күнге су құрбандық ету және отбасы тәңірлерінің алдында үйдегі алтарьда пуджа (тәңірге арналған сый-тартулар және тағзым ету) орындау;
— наймиттика – әртүрлі мерекелер құрметіне арналған рәсімдер, сәттілік келгенде ризашылық үшін пуджа орындау;
— камья – әркімнің қалауы бойынша орындалатын рәсім. ол киелі жерлерге қажылық жасау.
Индуизмнің философиялық көзқарастары. Сананың барлық деңгейіне арналған діни жүйе плюралистігімен ерекшеленеді және соған орай культ объектісін таңдау, құдайға жалбарыну, индивидтің ұстанатын бағытына еркіндік берілген. Философия саласында индуизм жалпы мен жеке, шекті мен шексіз арақатынастары, Ғарыш пен Абсолют бірлігі, Ақиқат қатыстылығы мәселелерін жасап шығарды. Индуизмнің кеңдігі Ғалам туралы ұғымды қалыптастыруда да, ғарыштық уақыт бірлігі 4320 млн. астрономиялық жылдарға тең «Брахма күні» бар кеңістіктік-уақыттық сипаттаманы жасауда да көрінеді.
Алдыңғы өмірлерінде жасаған еңбегі мен әрекеттеріне қарай (карма) жанның ауысуы доктринасы (сансара) индуизмнің философиялық тұғырнамасында орталық орынды алды.
Діни-философиялық түсініктерге сәйкес индуизм, индивидтің үнді қоғамының әлеуметтік-касталық иерархиясындағы орнына байланысты, сондай-ақ индуистің өмірінде: брахмачарья – шәкірттік, грихастха – жанұядағы басшылық, ванапрастха – тақуалық, саньяси – аскеза және дүниеден безу атты 4 кезеңді (ашрам) анықтай отырып, оның жас мөлшеріне байланысты жүріс-тұрысын мұқият қадағалайтын белгілі бір қоғамдық нормаларды жасады.
Индуизм трансформацияға ХІХ – ХХ ғ. ұшырады. Британ жаулаушыларының мәдениеті мен діннің таралуы, буржуазиялық қатынас индуизмге де ықпал етті. Үндістандағы реформацияның бастаушысы ойшыл Рам Мохан Рой есімімен байланысты. Ол «Брахмо самадж – «Брахма қоғамы» индустар, мұсылмандар мен христиандар табынатын құдай діни қоғамын құрды.
Реформацияда тағы бір із қалдырған Даянанда Сарасвати «Арья самадж» діни қоғамын құрды. Ол Ведаларды монотеистік түсіндіруі мен пұтқа табынушылықтан, касталық жүйеден, әйелдер теңсіздігінен және дәстүрлі индуизмнің басқа да тұрпайы ұйғарымдарынан құтылуға деген талпынысы бойынша «Брахма қоғамына» жақын «Арья самадж» басқа діндерге жақындасудан бас тартып, артқа Ведаларға қарай деген үндеуді ұстанды.
Реформаторлық және ортодоксальдық көзқарастарды татуластыруға Рамакришна Парамахамса әрекет етті. Ол діни мәселелерді шешудің нақты бір шеңбері мен культтің сәйкес формалары жалғыз Құдайды танудың сатыларының бірін құрайды деп көрсетті. Одан кейін оның жақтастары «Рамакришна миссиясы» деген бүкілүнділік неоиндуистік ұйым құрды. Оның басшысы Свами Вивекананда болды.
2 – сұрақ: Ежелгі қытай діндері: конфуцийшілдік, даосизм
Конфуцийшілдік – Кун-фу-цзы (б.з.б 551-479 жж.) негізін қалаған және ізбасарлары дамытқан Қытай, Корей, Жапон елдері сияқты бірқатар елдердің діни жүйелеріне енген этикалық-философиялық ілім.
Конфуций ата-баба аруағына табыну, жер культі, ежелгі қытайлықтардың жоғарғы құдайы және ілкі тегі Шан-диге табыну сияқты көне нанымдарды өзіне қабылдады. Шан-ди жер бетіндегі тіршіліктің тағдырын анықтайтын жоғарғы құдайшылық күш ретіндегі Көк аспанмен ассоцияциаланды. Конфуций ел билеушілерге жоғалтқан беделді қайтарып, халық құлқын жақсартып, оны бақытты етуге талпынды. Ол көне заман даналары мемлекеттік құрылымдарды әрбір жеке адамның мүдделерін қорғау үшін қалыптастырған деген көзқарасты негізге алды.
Конфуций пікірлері көрініс тапқан «Луньюй» жинағында (шәкірттерімен сұхбаттары жазылған еңбек) жетілген адам идеясы қарастырылды. Конфуций ғарышпен үйлесімділікте болатын рухани кемелденген тұлға деңгейіне жету мақсатында жетілген адам бағдарламасын жасады. Мейірімді адам – бүкіл қоғам үшін адамгершілік мұраттың бастауы. Оның мақсаты – ғарышта орын алған үйлесімділік заңына сай, әлеуметті қайта құру, барлық тіршілікті тәртіпке келтіріп, сақтау.
Конфуцийліктің негізгі ілімдері:
— сяо – (ата-анаға деген өркениеттік қарым-қатынас;
— ди – бауырластық сезім, айналадағы адамдар, замандастармен өркениетті қарым-қатынас жасау;
— чжун – жоғары тұрған билеушілерге, өз еліне өркениетті көзқарас, сенім;
— и (борыш, әділеттілік) – өркениетті сезімдерді іс жүзінде керек уақытта, керек жерде білдіру;
— цзюнь-цзы – сезімдерді мүлтіксіз етіп тәрбиелеу қасиеттерін бойына жинаған адам.
Яғни Конфуций ілімі 5 ізгіліктен тұрады: 1) даналық; 2) адамгершілік; 3) адалдық; 4) үлкендерді құрметтеу; 5) ерлік
Осылайша Конфуцийліктің философиялық-теологиялық негізі басты 6 қағидадан тұрады:
1. Аспан (Тянь) туралы діни түсінік. Бұл – адамды өз еркіне бағындыратын жоғарғы тәңір.
2. «Тянь» культі, яғни әркімнің өз міндетіне сай болуы (патша – патша, қызметші – қызметші, ұл – ұл т.б. болуы тиіс).
3. Ата – баба культі – әрбір отбасының өз ата – бабаларына деген құрмет.
4. Әдет – ғұрыптарды, әдептілікті, жазылмаған ережелерді сақтау (осыдан «ізгілікті еркек» теориясы туды).
5. Салт – дәстүрлер мен әдет – ғұрыптарды қатаң ұстау.
6. Ортадағыны ойлау туралы ілім, яғни білім. Өмір мақсаты – заттардың мәніне жету және оған білім арқылы жету. Ал білім жүрек табиғатын өзгертуге, тәнді жетілдіруге көмектеседі.
Л.Н.Толстой Конфуций туралы былай дейді: Қытай ілімінің мәні мынада: жоғары ізгілікке жету үшін 1) халықтың барлығы әл-ауқатты болу керек, ал халық әл-ауқатты болу үшін 2) отбасының жағдайы жақсы болу керек. Отбасының жағдайы жақсы болу үшін 3) адамның өзінің хал-ахуалы жақсы болуы керек. Адамның өзінің хал-ахуалы жақсы болуы үшін 4) оның жүрегі таза болу керек. Жүрегі таза болу үшін 5) шыншылдық, ойдың саналығы керек. Ойдың саналы болуы үшін 6) білім өте жоғары деңгейде болу керек. Ал білім өте жоғары деңгейде болу үшін 7) адам өз-өзін зерттеп білуі керек.
Даосизм
Даосизм – б.з.б. ІV-ІІІ ғ. ежелгі қытайда п.б.. Аңызға сай бұл ілімнің құпиясын сары император (Хуан-ди) ашқан. Даосизм шамандық нанымдар мен ежелгі магтар ілімінен бастау алады. Даосизмнің негізгі қағидалары Лао-цзының «Дао-дэ-цзин» (жол мен ізгіліктер туралы канонда) еңбегі мен Чжуан Чжоу көзқарастарынан тұратын «Чжуан-цзыда» баяндалады.
Тұтас жүйе ретіндегі даосизм «Лэ-цзы» мен «»Хуаинань-цзы» еңбектерінен бастау алады. «Дао-дэ-цзин» трактатының басты философиялық идеясы табиғат пен адамдардың өмірі «аспан еркімен» басқарылмайды, ол белгілі бір жол – дао жолымен өтеді. Дао – «тәуелсіз», «мәңгілік» — заттардың табиғи заңы Ци (ауа мен оның толқыны) субстанциясымен бірге дүниенің негізін құрайды. Барлық нәрсе қайтып оралу үшін даодан пайда болған. Даоны сезім органдары арқылы тану мүмкін емес. Дао тек дэ (ізгілік) арқылы байқалады. Даоның 2 түрі бар: аты жоқ дао, аты бар дао. Аты жоқ дао – аспан мен жердің бастауы. Аты бар дао – барлық заттардың анасы. Дао біртұтастықты тудырады. Тұтастықтан 2 бастау: инь мен янь туады. 2 бастаудан 3 туады. Үшінші жер бетіндегі барлық нәрселерді жаратады. Осыдан келіп «дэ» түсінігі – даоның заттанған, заттар және адамдардың мінез-құлқында пайда болған нақты көрінісі шығады: дао заттарды тудырады, ал дэ оларды асырайды.
Лао-цзы бойынша дүниедегінің барлығы да қозғалыста, өзгерісте болады. Бұл даму үдерісі қалай жүрсе, қашанда әділеттілік орнайды. Заң солай, адам дүниенің табиғи жолмен жүруіне араласпауға тиіс. Осыдан «әрекеттенбеу» (у-вей – болмысқа сырттай қараушылық) ұғымы туды. Әрекеттенбеу – табиғи әлемдік тәртіпке кереғар келетін мақсаттық әрекетті терістеу.
Даошылар адамдарды табиғатпен табиғи бірігуге оралту, қолөнер мен егіншілікте еңбек құралдарынан, күрделі қоғамдық ұйым – мемлекет пен сословиелік бөлуден, ғылымдық сословиенің данышпандық көрсетуінен бас тарту ғана адамдардың алаңсыз, бақытты өмір сүруіне мүмкіндік беретініне сенеді.
Лао-цзы қайтыс болғаннан кейін бұл таза философиялық ілім діни дүниетанымға айналды. Нәтижесінде, Дао әлдебір тәңірлік мәнге ие, табиғаттан тыс нәрсе деп қабылданатын болды. Қытай Цинь әулетінің билігі астына біріктірілгеннен кейін, даосизмнің философиялық идеяларын таратумен айналысқан басты жалдамалы мемлекеттік қайраткерлер мен ел кезіп жүрген саяси кеңесшілердің қажеті болмай қалды. Цинь әулеті орнына Хань әулеті келгеннен кейін кеңесшілер күнкөріс амалы ретінде ем-дом жасау, ұзақ өмір сүруге ұмтылу, бал ашу сияқты өнерлерді дамытты.
Көне даосизмнің философиялық ұстанымдары ортағасырлық даошылардың діни ілімдеріне негіз болды. Оның өкілдері: Гэ Хун (VІ ғ.), Ван Сюаньлань (VІІ ғ.), Ли Цюань (VІІІ ғ.), Тянь Цяо (Х ғ.), Чжуан Бодуань (ХІ ғ.). Ортағасырлық даосизм қытайдың рухани мәдениетімен байланыста болды. Олар күнәһарлар жаны жазаланатын демондар патшалығы мен әділетті жандар үшін дайындалған құдайлар мекендейтін аспан бар деп сенді. Ортағасырда мәңгілік туралы ілім ұзақ өмір культіне, ал өмір бастауы ретіндегі дао доктринасы көп балалық культіне айналды.
ІІ ғ. «Аспан ұстаздарының жолы» атты институтталған бағыт пайда болды. Оның ізашары – Чжан Даомин (І-ІІ ғ.). аңыз бойынша ол Лао-цзыдан аян алып, оның жердегі өкілі болу құқын иеленеді. Оның «Көктен түскен ұстаз» титулы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді. Кейіннен даостық ілімдер қайтадан қарастырылып, ресми мәртебеге ие болып, әртүрлі мектептердің пайда болуына әкелді. Даосизмнің мәдениетке, білім формаларына әсері зор. Алхимиямен шұғылдану дәстүрлі медицинада, химия саласында, ине салу мен фармакологияда бай құнды материалдардың жинақталуына ықпал етті. Қазіргі уақытта даосизм ҚХР, Тайванда, Сянганда және қытай эмигранттары арасында кең таралған.
3 – сұрақ: Ежелгі жапон мен еврей діни ағымы: синтоизм мен иудаиз
Синтоизм
Синтоизм – VІ-VІІ ғ. қалыптасты. «Синто» термині («Құдайлар жолы») ортағасырларда п.б. Синтоистердің ойынша олардың діні әйел-құдай Аматэрасу (жаратқан күн) құдайынан бастау алады. Аматэрасу жерге түсіп, құдайылық императорлық династияның негізін қалаған Нинигидің үлкен анасы саналды. Синтоизм құрылымы:
1. «Синтоизмге» түрлі-түрлі ру-тайпалық бірліктер мен этностардың діни түсініктері енген.
2. Әр рудың сақтаушы ата-бабасы «удзигами» болған және қастерленген. Удзигамилер бүкіл рудың өмірі мен тұтастығын қамқорлыққа алған. Атақты рулар тектері: а) патшалар ә) көк тәңірлері б) көк тәңірлердің немерелері в) жердегі тәңірлер г) корей және қытай иммигранттары
3. Географиялық құдайларға сыйыну, яғни әрбір тау, өзен, орман, тастардың т.б. кереметтілігін мойындап, сыйыну. Жапонияда құдайлар мекендейтін жер, қасиетті шың Фудзияма жанартауы саналады.
4. Пұтқақұлдық, рухқақұлдық, тотемшілдік элементтерінің сақталуы. Яғни синтоизм политеистік (көптәңірлік) дін б.т.
Сонымен синтоизмнің маңызды элементі – императорды пір тұтып, құдай деп тану.
Император культі – тэнноизм, көп құдайлықты жалғыз «тірі құдайға” табынумен алмастырып, мем¬лекеттік синтоның негізіне айналды. Тэнноизмнің теориялық негізі – ұғымдардың күрделі жүйесі «кокутай” (мағыналық аудармасы «ұлттық мән”, сөзбе-сөз «мемлекет тәні”) болды.
1946 жылы император Хирохито шыққан тегінің құдайылығынан бас тартты. Білім беру жүйесінде прогресшіл ре¬формалар жүргізілді, император культіне негізделген моральдық тәрбие тыйылды. 1947 жылғы Консти¬туция император статусын өзгертіп, енді ол «мем¬лекет пен ұлттық бірліктің рәмізі” деп жарияланды. Бі¬рақ мемлекеттік синто түбегейлі өзгеріске ұшы¬ра¬мады. Тэнноизмді жаңғырту саясатының басты бағы¬ты – синтоизмді мемлекеттік дінге айналдыру болды.
1946 жылы жоғарғы синто басшылығы «Син¬толық храмдар ассоциациясын” («Дзиндзя хонте”) құрды. Ол храмдарды басқарудың біртұтас орталықтандырылған жүйесін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Ассоциацияға олардың басым бөлігі – 78 мыңнан астамы кірді. Бұл бұрын мемлекетке тиесілі болған храмдық жерлерді храм меншігіне қайтарып алуға мүмкіндік берді.
1952 жылы император сарайында болатын рәсімдер ресми мемлекеттік рәсім сипатын алды. 1959 жылы мемлекеттік акт ретінде Акихито (билік етуші Хирохитоның ұлы) мұрагер ретінде жарияланды. Мемлекеттік синто идеяларының нығайған кезеңі – обарай рәсімі – барлық жапон ұлтының жамандықтан тазару рәсімінің қайта жаңғыруы болды. Бұл рәсімге дін басының қатысуы ұлттық дін мен императорлық биліктің бірлігін байқатты.
Синтоизм «жапондық ұлттық рухты», «ұлттық мәнді» сақтауды көздейді.
Жапон императорының культі жауынгерлік сипат алып, жапон халқының қасиетті миссиясы туралы идея бас көтерді. Осыдан жапон самурайлары қалыптасты.
Қарапайым жапондықтар діни синто салттарын ғибадатханаларда өткізеді. Ғибадатханаларда 3 қасиетті нәрсе: семсер, айна, яшма тасынан жасалған әшекейлік бұйымдар бар. Бұл Аматэрасу әйел-құдай нышандарының таңбалары. Олар даналықты, шыншылдықты және аяушылық сезімдерін білдіреді.
Уақыт өте келе ғибадатханалар тек таңдаулылар келетін қасиетті орынға айналды. Біртіндеп діни қызметтерді іске асыратын әлеуметтік топ қалыптасты. Діни қызметкерлер өз міндет-лауазымдарын ұрпақтарына мұра етіп қалдыратын 8 деңгейге бөлінді. Діни қызметкерлер үйленуге, қызметті еркін түрде тастап кетуге, пендешілік өмірге көшуге құқылы болды. Діни шараларды адамдар ғибадатханаларда ғана емес, өз үйлерінде де өткізе алатын. «Ками жолымен» жүретіндер үйдегі ғибадатхана, яғни алтарь алдында күнделікті сый тарту рәсімін орындауға міндетті болды.
Құдайға сыйыну үшін орындалатын әрекеттер жүйесі: тазару (хараи), құрбандық шалу (синсэн), дұғалар (норито), ішімдік ішу (наораи), күрделі шараға ғибадатханада өтетін мереке мацурилер жатады.
Синтоистердің пайымдауынша, камиді мойындау және соның жолымен жүру деген сөз – адамның өз өмірін табиғатпен үйлесімге келтіруі, яғни каннагарға қосылуын білдіреді.
Иудаизм
Көне еврейлердің діні көп жағынан өзге діндерге қарағанда ерекше. Бұл дін әрі еврей халқының тарихы да. Ал еврейлер тарихы, бейнелеп айтқанда, адамдар мен құдайдың қарым-қатынасының тарихы. Сондықтан да ол жай ғана тарих емес, Қасиетті тарих деп аталады. Бұл діннің ерекшелігі сол, оны жасаушы еврей халқының өздерін құдайдың ықыласы ауған ерекше халықпыз деп санауында.
Еврей халқының өмірінен, оның рухани дүниесі мен мұраларынан Інжілдің (Библия) ең көнедегі үлгісі – Көне өсиеттер көптеген қызғылықты мәліметтер береді. Бұл кітапты мұқият ден қойып оқыған адам оның әр жолынан оны құрастырушылардың дүниеге келетін жаңа құтқарушыны тағатсыздықпен күтуін сезінген болар еді. Көне өсиеттерді христиандар өздерінің діни кітабы санайды. Сонымен бірге ол еврейлердің қазіргі діні – иудаизм діні Қасиетті жазуларының да негізі болып табылады. Мұнда ешқашан сәйкессіздік жоқ. Өйткені Христостың өзі де еврей халқының ортасынан шыққан пайғамбар, христиан діні мен иуда дінінің арғы тамыры бір жерден барып қосылады. Мәселе еврейлердің Христосты шын Құтқарушы тұрғысында қабылдамауында. “Еврей” деген сөз, ғалымдардың пайымдауынша, “өзеннің арғы бетінен келегндер” немесе “кезбелер” дегеннен шыққан. Еврейлер мен арабтар негізгі бір тамырдан тарайтын нәсілдес халықтар. Көне замандарда еврейлер де Арабия түбегінде тұрып, мал бағумен күн көрген. Беймәлім себептермен олар оқшауланып, батысқа — Сирияға, Жерорта теңізі аумағына қарай қоныс аудара бастаған. Олар осы жолында арында Евфрат өзенін кесіп өткен. Бәлкім, “өзеннің арғы бетінен келегендер” дегеннің осымен байланысты шығуы. Көшпенді тайпалар Ханаан жеріндегі өздеріне туыстас, бірақ отырықшы өмір сүретін тайпалармен қосылып, жаңа ұлтты құрған. Израильдің қазіргі астанасы – Иерусалимді үш діннің қаласы деп атайды. Мұнда христиандық, ислам және иудаизм тоғысады. Христиандар оны Христостың (Ғайса пайғамбар) табыты қойылған қасиетті жер деп құрметтесе, еврейлер үшін бұл көнедегі дін орталығы ғана емес, еврей халқының қайтадан Жаратушы мейіріміне бөленіп, жаңғыруының кепілі: еврейлердің тұңғыш сәулетті ғибадатханасы осында орнатылған болатын. Оны римдіктер тас-талқан етіп, еврейлердің өздерін бүкіл жер жүзіне шашырап кетуге мәжбүр етті. Еврейлер бұл біздің құдай алдында жасаған күнәміздің зауалы дейді. Олар осы ғибадатхананың аман қалған бір қабырғасына бас қойып, Жаратушыдан кешірім сұрап зарлайды. Осыдан, бұл қабырға “Жоқтау қабырғасы” деп аталады және әлемдегі бүкіл еврейлердің тәуіп ететін орталығы болып саналады.
Иудейлік ілімінің негіздері. Иудаизм деген түсінік ертеде пайда болған. Бірақ, ол еврейлер дініне қатысты біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларында ғана қолданыла бастады. Әдетте иудаизмді жер бетіне тарап кеткен еврейлердің жаңа дінінің атауы деп қабылдайды. Иудаизм апологеттері (жақтаушылары) бұл пікірмен келіспейді. Олар еврейлердің көне уақыттардағы діні мен иудаизм бір нәрсе деп санайды.
Еврейлердің көне діні мен жаңа дінін жалғастырғандар фарисейлер болды. Оларды христиандар алдамшылар деп таныса, иудеилер үшін – жаңғырған ілім түрінде көрінген ақиқаткөне дәстүрлерді сақтаушылар. Бірақ, оларға қай тұрғыдан қанда баға берілмесе де, фарисеилерді қазіргі заманғы иудаизмнің негізін салушылар деп қабылдаған орынды. Олар пайғамбарлықтың уақыты озды, ендігі жерде құдіретті шындықты адамзатқа заң жолымен жүретін ұстаздар мен Жазуларды ұғындырушылар жеткізуі тиіс деген тұжырымға тоқтады.
Иудаизм дінінің рәмізі, яғни, қысқаша тұжырымдалған антпен өзінің иудеилік дінін қабылдағанын мәлімдейтін белгілі бір тұжырымды ережесі жоқ. Аңыз бойынша Моисейге (Мұса пайғамбар) құдайдан 613 өсиет келген.
Иудаизм – монотеистік дін. Құдай жалғыз, ол мәңгі жасайды, ол барлық жерде, бәрін көреді, бәрін біледі, заттық сипаты, айқын кескіні жоқ. Сондықтан христиан дініндегідей оның суретін салу мүмкін емес. Тіптен оның есімін тура атауға болмайды. Құдайдан өзгеге (періштелерге, әулиелерге, жұлдыздарға т.б.) құлшылық жасау — күнә. Құдай заттық әлемді жеті күн ішінде өзінің сөзімен жаратты. Бұл жағынан иудаизм исламмен үндес келеді. Құдайдың ең сүйіп жаратқан мақлұғы – адам. Ол адамды дене мен рухтан жаратты. Екеуі де құдай әмірімен жаратылуынан және тән рухтың мекені болуы себепті, адам тәні әуелгі баста күнәдан пәк. Адамға ерік берілген. Сондықтан ол тәнін күнә жолына да, сауап жолына да пайдалана алады. Еврей халқы құдайдың әмірімен Авраамнан (Ибраһим пайғамбар) тарайды. Құдай әуелі Авраамға, соңынан оның халқына өсиет етеді. Осының куәлігі ретінде сүндеттеу рәсімі енгізіледі. Кейінірек құдай Моисей арқылы өзінің қалауы түскен халқына діни және азаматтық тұрмыс заңдарын жібереді. Сонымен бірге, Моисейге аян арқылы Моисейлік бес кітап деген қасиетті жазулар жіберілді. Еврейлер оны Тора (заң немесе ілім деген мағына да) деп атайды. Еврейлер өздерін құдайдың сүйікті ұлдарымыз деп санайды. Бірақ, бұл еврей халқы басқа халықтардан артық деген сөз емес. Олардың ерекшеліктерінің мәні – еврейлерге артылған жауапкершіліктің жоғарлылығында, бейнелеп айтқанда, олардың “аспан жүгін ұстап тұрғандығында”. Жалпы адамзаттан құдай жеті нәрсені – пұтқа табынбауды, құдайға тіл тигізбеуді, қан төкпеуді, ұрлық жасамауды, зина қылмауды, хайуандарға қаталдық жасамауды, жер бетінде адамдарды тең көріп, әділ болуды талап етеді. Ал еврейлер Моисейге табысталған 613 өсиетті орындауға міндетті. Адамзат, соның ішінде еврейлер, құдай берген ерікті орынсыз пайдаланып, күнәға белшесінен батты. Құдай осы үшін қатаң жазаға бұйырды: еврей халқы бытырап кетті, жалғыз ғибадатханасынан айырылды. Олар тайғақ жолдардан өтіп, ақиқат жолына қайтып оралды. Әлемдік тарихтың барлық мәні осы құдайдың ақиқат жолына оралу. Оған дейін әлемнің жаратылуынан заманақырға дейінгі уақыт адамзат баласының өз күнәсімен күресуімен өтеді. Адамның әр ісіне құдай басшы. Бірақ, ол кейде адамзатты сынамақ үшін оны назарынан тыс қалдырып отырады. Иудаизм осылай деп үйретеді.
Иудаизмнің негізінде еврей халқының шын тарихы жатыр. Осыдан оның тағы бір ерекшелігі шығады: иудаизм түгелдей дерлік жер бетіндегі шындық болмысын сөз етеді, керісінше о дүние туралы солғын баяндалады. Еврейлер жанның мәңгілігіне сенеді. Бұл туралы Торада айқын айтылған. Бірақ, мәңгілік ғұмыр мәселесі әртүрлі түсіндіріледі. Болашақта жер бетіне еврейден шыққан пайғамбар келеді. Ол Давид (Дәуіт пайғамбар) ұрпағынан болады. Бірақ оның қашан келері беймәлім. Ол мерзім еврей халқының өз күнәсінен арылуына. Ақиқат құдай жолына оралуына байланысты. Христос алдамшы еді, өйткені оның келуімен дүниеде еш нәрсе өзгерген жоқ. Егер еврей әлдеқалай өзге дінге өтер болса, ол құдай алдында күнәлі. Еврейлер өз дінін еврей еместер арасында таратуға ешқашан ұмтылмайды, миссионерлікпен шұғылданбайды. Демек, иудаизмді ұлттық дін деуге әбден болады. Иерусалим ғибадатханасы қиратылған соң, ол бүкіл еврейлер Өсиеттер жерұйығына қайтып жиналғанда ғана қалпына келтіріледі деген лақап таратылды. Оған дейін иудейлер синагогаларда (грек тілінде – жиын, бас қосу) жиналатын болды. Синагога — толық мәніндегі храм емес. Онда құрбандық шалуға, садақа үлестіруге рұқсат етілмейді. Яғни, қасиетті орын ретінде құрметтелмейді. Негізінен ол қауым болып бас қосып, ғибадат жасайтын, қоғам мәселелерін шешетін үй қызметін атқарады. Оның өз қазынасы, мүлкі бар. Мұнда иудаизмде ерекше маңызды саналатын “Шма, Израэль” (Тыңда, Израиль) дұғасы оқылады. Еврейлер қауымдарын раввиндер (ұстаздар) басқарады. Раввинді беделді, білімді адамдар ішінен қауымның өзі сайлайды. Олар кейде тұрмыстық мәселелерде де төрелік айтып, қазы міндетін қоса атқарады. Раввин сондықтан заңға жетік болуы тиіс.
Біздің дәуіріміздің ІІІ ғасыры шамасында Талмуд аталған жаңа қасиетті кітаптар пайда болды. Ол жүздеген жылдар бойы орныққан діни, заң, тұрмыстық, тағы басқа ережелерден тұрады. Бұл кітаптың иудаизм үшін маңыздылығы сондайлық, ол пайда болған уақытты Талмуд тарихы кезеңі деп бөліп айтады. Талмуд пен Тора пайда болған кақыты жағынан да, мазмұны мен құрлымы жағынан да бір-біріне ұқсамайды. Талмудтың тұңғыш үлгісі Палестинада, екіншісі Вавилонда жасалды. Осыдан, олар иерусалимдік және вавилондық деп бөлінеді. Еврейлер құлшылықты өз үйлерінде де, синагогаға жиналып та жасай береді. Құлшылық жасайтын үйдің Иерусалимге қараған қабырғасына Көне Өсиеттерде айтылатын кеме бейнесі орнатылып, оған иленген былғарыға қауырсынмен жазылған Тора мәтіндері қойылады. Ескі ғұрыпта әйелдер ерлерден бөлек жиналады, бірақ бұл тәртіп қазір қатаң сақтала бермейді. Кейбір дұғалар жай оқылса, кейбірі кантора аталатын әуенмен әндетіп айтылады.
XIX ғасырдың аяғындағы Европалық қоғамдық санада синоизм елеулі ықпалға ие бола батады. Иерусалимның ортасындағы қасиетті саналатын Сион тауының атымен аталған бұл қозғалыстың басты идеясы жер жүзіне шашырап кеткен еврейлердің Өсиетті жерұйыққа жиналып, бір мемлекет болу еді. Сойтіп, діни идея ұлттық, кейінде саяси сипатқа ие болды. Екінші жиһан соғысы жылдары еврейлердің басына ауыр сын түсті. Оны израиль ұлдары “холокост” немесе ”жаппай өртеу” деп атайды. Неміс фашизмі өзінің алдында еврей халқының тұқымын құрту міндетін қойғаны мәлім. Соғыс фашизмге қарсы күштердің жеңісімен аяқталған соң, 1947 жылы Азия, Африка және Балкан түбегінен шыққан ашкеназдар қауымдарының негізінде Қасиетті жерде Израиль мемекеті жарияланады. Саясаткерлер жаңа мемлекетті құра отырып, еврей халқының соғыс жылдарында тартқан азаптарын сәл болсын жеңілдету тәрізді игі мақсатты басшылыққа алды.
Иудаизм Израильде мемлекеттік дін мәртебесін алған жоқ. Бірақ, шын мәніне келгенде ол мемлекеттік дін болып табылады деуге толық негіз бар. Діни істерді үйлестіруші және басқарушы орган — Жоғарғы раввинат діни мекемелермен қатар бірқатар азаматтық мекемелерді де, соның ішінде білім беру саласын басқарады. Израиль мектептеріндегі сабақтардың төрттен бірі дін оқуына бөлінген. Шын мәнінде дін мелекет бюджетінен қаржыландырылады. Иудаизм тілі – иврит мемлекеттік тіл болып есептеледі.
Қазақстандағы иудаизм. Иудаизм Қазақстан территориясына Хазар қағанаты арқылы енді. Оны хазар ақсүйектері қабылдады. Қағанаттың ресми іс қағаздары көне еврей жазуларымен жазылды. XIV ғасырда еврейлердің бір тобы Ираннан Түркістанға қоныс аударды. Патша үкіметінің көші-қон саясатына орай XIX ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында республика жеріне қолөнерші еврейлердің көп отбасы келді. Кеңестер дәуірінде олар қоныстанушылардың жаңа толқынымен толықты. Қазір республикада бүгінгі заманғы иудаизмнің барлық бағыттары бар. Төрт синагога – екеуі Алматыда, бірі – Шымкентте, бірі Қызылордада жұмыс істейді. 1998 жылы Алматыда еврей мәдени орталығы салтанатпен ашылды. Ондағы синагогаға 1939 жылы Қазақстанға жер аударылған ребе Леви Ицхактың есімі берілген.
Қайталау үшін сұрақтар:
1) Шығыс елдерінің ұлттық діндері. Ежелгі үнді діндері: индуизм, жаинизм
2) Ежелгі қытай діндері: конфуцийшілдік, даосизм
3) Ежелгі жапон мен еврей діни ағымы: синтоизм мен иудаизм