ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ «ҚАМШЫ» СӨЗІНІҢ ГЕНЕЗИСІ

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ «ҚАМШЫ» СӨЗІНІҢ ГЕНЕЗИСІ

Арқабаев Жандос (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Әділханова Ж.С.

«Ұл болсаң – қолыңда,
Құл болсаң – төбеңде ойнайды»
Біздің халқымызда «Баланы жастан» дейтін мәтел қалған. Салтқа берік бабамыз баласын алты жасқа толғанда ашамайға мінгізіп, қолына қамшы ұстатқан. Ондағы ойы «балам болашақта елінінің атқа мінер азаматы, қамшы ұстар қазысы, халықтың қамын жеген қалаулысы болсын» деген. Қолына қамшы алған жас бала оның қасиетін түсінбесі анық, бірақ бұл ұлттық тәрбиені сіңірудің алғашқы қадамы. Қай жағынан алып қарасақ та, қамшы – қазақ өмірі мен өнерінің айнымас бөлігі. Өмірі дегеніміз – қазақ атсыз, атқа мінсе қамшысыз болмаған. Өнері дегеніміз – шеберлік те, ақындық та, сөз сайысы да қамшысыз өтпеген. Қазақ өмірінде қамшы өнер туындысы, қамшы – рухани күш-қуат, қамшы – сый-сияпат, қамшы – жігіт пен қыздың сәні мен салтанаты, қамшы – азамат айбыны, қамшы – шебер қолдың айғағы, қамшы – алса – қару, қалса – мұра болған асыл қазына.
Қарапайым қамшының сырын ашу, оны зерттеу – ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігіндегі әрі қызықты, әрі терең мәні бар қажетті мәселе. Біріншіден, «қамшы» деген сөздің шығу тарихына тоқталып өтсек, әуелде қамшы сөзі қазақтарда «бақсы, шаман» мағынасында жұмсалып келіп, екінші бір заттың атауына көшкен. Оған себеп байырғы кезде «қамдар» немесе «қамшылар», қазіргі тілмен айтсақ – «бақсылар». Ол сөздің қолданыстан шеттей түсуін парсы тілінен енген «бахшы», қазақша «бақсы» сөзі жеделдете түскен.Екінші тұжырымға сүйенсек қамшы сөзі «қам жеуші» дейтін сөзден шыққан. Сөздің құрамына үңілсек түбір сөзге қосымша жалғану арқылы жасалған (қам + шы). Алғашқы түбіріне мән беретін болсақ «қам» сөзі «қам жеді», «елдің қамын ойлады» деген мағынада қолданылады. Ал, — шы жұрнағы (мал + шы, жазу + шы) дейтін сөздерде кездесектін жұрнақ жалғану арқылы жасалған. Ежелде қамшыны билік пен асқақтықтың белгісі ретінде ұстағанын еске түсірсек, екінші тұжырымға дәлел болмақ.
Көне заманнан біздерге ескінің көзіндей болып жеткен, «елім-жерім» деп атқа қонған батыр бабамыздың қолына ұстаған, жауына айбаты, ер жігіттің қайраты болған құнды жәдігерлердің бірі – қамшы. Қарапайым қамшының сырын ашу, оны зерттеу ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігіндегі әрі қызықты, әрі терең мәні бар қажетті мәселе екені анық. Қамшыға қарапайым қолданыс құралы ретінде қарауға әсте болмайды. Ол – «дала данышпаны» атанған дана бабамызбен бірге жасап, айнымас бөлігіне айналып, салт-дәстүрінен орын алып, қадір-қасиетін жете бағалаған, тұрмысында төрден орын берген қасиетті бұйым. Өткен замандардағы түсінік бойынша – «қамшының ұшар басында, алақанында пәле-жаладан, ауру сырқаудан қағатын құдірет ұялайды» – деп түсінген. Сонымен қатар ел мен жер үшін болған жаугершілік заманда жауға шапқан батыр бойына бес қаруын асынып, жауға шабар сәтінде ауызына қамшысын тістеп шапқан деседі. Ел түсінігі бойынша – «қамшы ер жігіттің бойына күш-қуат беріп, қарсыласынан айбатын асырып, жаудың мысын басады» деген түсінік болған. Бұл, әрине, қиял емес, сөзссіз шындық. «Қамшы – ұстаған адамның қайрат-қуатын арттырып, жамандықтан, тіл-көзден сақтап жүретін қазақ мәдениетінің киелі сыйы» – деп таныған. Сал-серінің серілігін танытатын, отағасының отбасының қорғаны екенін танытатын, қазақ шаңырағының төрінде ілулі тұратын қамшыны көргенде: таспадай тіліп өтетін тілі бар, қазақтың қанына біткен қайсарлығы бар азаматтың шаңырағы екендігін түсіндіреді. Міне, нағыз байлық, нағыз ұлттық құндылық. Тілге тиек етіп баяндап кеткен ол өткен ғасырларымыздың өшпес естеліктері. Ал, бүгін ше? Жаңа заман адамы сол – қадірлі де қасиетті қамшыны қолына да алмайды, не отауының төрінен орын бермей, отқа жақты десе де болады. Жаңа түсінік бойынша, қазір дамыған заман, қамшыны алыс ауылдарда, атқа мінгендер ұстамаса, бүгінгі қалалық жерде бізге керек емес деген пікір айтады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, өткенге оралудың не қажеті бар? Сонда бабаларымыздың түсінігі қате, ол жаңсақ пікір, олардан гөрі біз жақсы білеміз деп ойлайтындай көрінеді. Алға жылжу үшін, осы заманғы қарыштап дамып жатқан елдерге еліктеп, солардың соңынан еруіміз керек екен. Сонда ғана біз заман көшіне ілесеміз. Ескіліктің бәрін тастап, жаңа өмір бастауымыз керек. Ал, жарайды бұл да бір ақылға қонымды пікір болар. Ой жүгіртіп көрейік. Мысалға, қазір бар ғаламшарды өз тілінде сөйлетіп отырған, әлемді алға сүйреуші елдердің бірі атанып, өздерін «Европалықтар» деп атауға қор санайтын, одан гөрі «Британдықтар» деген сөзді биік санайтын ағылшындарды алайық. Ірілі-ұсақты аралдардан құралған бұл мемлекет бүгінде, тарихы мен бүгінгі күнін қатар ала отыра алға жылжуда. Қалаларының барлығын дерлік аспан астындағы мұражай десе де болады. Кешегі тарихы бүгінге жәдігер болып жеткен. Барлығы асыл қазына, баға жетпес мұра ретінде сақталған. Астанасы – Лондон.Белгілі жазушы Қ.Жұмаділов өзінің ғұмырнамалық «Қылкөпір» шығармасында былай дейді: «Лондон қаласында қала аралық таксидің салоны басқа машиналардан жарты кез биік. Неге олай дейсіз ғой? Ағылшын ақсүйегі әлі күнге дейін жиынға не тойға барғанда бастарына қоқырайған «цилиндр» киеді. Бас киімдері таксидің төбесіне тиіп қалмауы керек. Егер экономикалық жағын ойлағанда, машинаның салонын биіктеткеннен гөрі, шляпаның төбесін аласартқан әлддеқайда тиімді болар еді. Бірақ экономика ғылымын өздері оййлап тапқан ағылшындар ондай қараулыққа бармайды. Өйткені олар үшін Британия дәстүрінен, ұлттық ерекшеліктерінен жоғары тұратын еш нәрсе жоқ». Бұл бір ғана мысал. Бұл дамушы елдердің алдыңғы қатарындағы, шоқтығы биік елдердің бірі. Міне, дамудың құпиясы, өрлеудің жолы осы. Ал бізде сол кішкене ғана қамшының өзін ұят-ар санап, ұлттық оюлы шапанымызды менсінбейтін халдеміз. Атам қазақтың жүріп өткен жолында, тереңінде елбасымыз айтқандай ұялатын жайттар болған емес. Дала данышпандары ақылдылық пен көрегендіктің озық жолымен жүріп, тарих сахнасында өзіндік жолы бар ел болып еді. Ал біз не себептен ата-баба мұрасын қадірсіз дүниеге балап, ар көретін дәрежеге жеттік? Сол ұлттық құндылығымыз болмаса, біздің қазақтығымыз, қазақ екенімізді қайдан біледі? Қазірде барлығымыз туристтік сапармен шет елге барып, ел көріп, жер көріп қыдыруға құштармыз. Ұмытпайық, бір замандарда, бәрі керісінше болған. Өзге елдің саяхатшылары біздің қонысымызды көруге асыққан, күнделікті тұрмыс, салт-санамызды көріп, таңдай қаға, жарыса жазды емес пе? Кешегі Герадот, Помпей Торг одан берісі Рубрук пен Рузбихандар. Ол кезде өзгеге еліктегіш, рухсыз ел емес, өзінің даңғыл жолы бар дана ел едік.
Доспамбет жырау жырлаған: «Бүлдіргісі – бұлан терісі, өрімі – құнан білдің қайысы, шырмауығы – алтын, сабы – жез» қамшыны бүгіндері қалай қолданамыз. Бұрындары, сөз сұрағанда немесе көп сөйлеп, өзгеге сөз кезегін бермегенде, болмаса орынсыз билік атқан әумесерлікке қамшыны пайдаланған. Алқалаған қауымның алдында қамшы тастау осындай жағдайда қолданылды. Осы күндері сөз сайыс, дебат деп те айтып жатамыз, өзкізіліп жатады. Нағыз қызу шайқас, пікірлер таласы. Бірақ, мұндай мазмұн біздің бұрынғы қоғамда болмаған, өзгеден үйреніп, қабылдағанымыз. Сол пікірталас сайысына қамшымызды пайдалансақ. Сырт көзбен қарағанда бірден ерекше, тартымды көрініс. Қамшы тастай отыра сөз кезегін алу. Қазақылықтың иісі аңқиды. Өте қарапайым, ұлттық нақыштағы көрініс болар еді. Қамшы тастау дегеніміз, анығында, тастаушының – «мен қамшы сермемеймін, міне тастадым, сөзбен түсінісейік, жауласпайық», – деген мағынаны береді. Қамшы тасталғаннан кейін ешқандай қарсылықсыз, сөз кезегі берілетін болған.
Қамшының құрылысы үш бөліктен тұрады: сабы, алақаны, өрімі. Алдымен, сабына тоқталып өтейік. Қамшыға сапты ел арасында көп қолданылатыны – тобылғы, еліктің аяғы және мүйіз пайдаланылады. Көбінесе қолданыста – тобылғы сапты қамшы. Тобылғы қазақ жерінің нулы-сулы, тоғайлы жерлерінде, ашық далаларда да көптеп кездеседі. Осы топталып өсетін ағаш келе-келе қатайып, темірдей берік болады және ыстық, суыққа төзімді, жарылмайтын беріктігі жоғары болады. Тобылғының қамшыға сап дайындайтын мерзімі желтоқсан айы. Осы кезде өсімдіктердің жерден нәр алуы тоқтатылады, міне осы кезде оны, кесіп, керегінше дайындайды. Ел арасындағы аңыз бойынша қамшы сабының ұзындығы бес тұтам болады дейді. Ертеде қамшы сапқа бара жатқан жігітке жолда алдынан бір кісі жолығып,сонда былай деп сөйлескен екен:
Ассалаумағалейкум!
Уағалейкумассалам!
Қайда барасың?
Қамшы сапқа
Мағанда.
Осы бес ауыз сөйлем арқылы қамшы сабының ұзындығының белгілеу кеңінен таралған. Бірақ, түр-тұлғасына байланысты өзгеріпте отырады. Қамшы сабының тобылғыдан жасалуы тек оның шыдамдылығы мен беріктігіне байланысты емес. Халқымыздың сөздік қорына үңілетін болсақ, бата тілек айтқан кездерде: «Тобылғыдай топ болып өс! Тобылғыдай табысың мол болсын! Балаларың тобылғыдай тобырлы болсын!» – деген сөздер кездеседі. Тобылғы сапты қамшының көп қолданылу себебі, елік сапты мен мүйізден жасалған қамшыны тек үлкен, бала-шағасы өсіп-өнген кісілер ұстаған. Тобылғы қамшыны жастарға: өсіп-өн, көркей– деген тілекпен сыйға берген. Елік сапты, тұяғы бар қамшыны жас адамдардың ұстауы жаман ырымға баланған.
Екінші бөлігі – алақан. Бұл сабы мен өрімін жалғап тұратын бөлігі болып табылады. Былғарының ең қалың, берік түрі таңдалады. Алақанына көбінесе, тастар орнатып, әшекей жапсырып, ою-өрнек салып, көркемдеп қояды. Қамшының ұшар басы мен осы алақанында пәле-жаладан сақтайтын құдірет ұялайды деген сенім қалыптасқан.
Үшінші бөлігі – өрімі. Өрімге шикізат көзі ретінде өгіз бен жылқының терісі пайдаланылады. Жақсылап өңделген теріден әркім өзі қалаған қалыңдықта таспа тіліп алады. Ең қызық жұмыс – сол таспаны өру. Қамшы өрімінің көптеген түрлері бар. Олар: 4 өрім, 6 өрім, 8 өрім, 12 өрім, 24 өрім, 32 өрім. Таспа өріп жатқан адамды сырттай көрсеңіз, керемет көрініс. Жылдам қолдар кере тартып, бірінің үстін бірі басып жатқан таспалар. Бұл дегеніміз қым-қуыт жүріп жатқан өмір іспетті, бір-бірімен араласып, тоғысып жатқан адам тағдыры ойға оралады. Өрім өріліп ақталып, ұшына жеткенде берік қып түйіп бекітіледі. Ондай сәтте көп қолданылатыны – бүлдірген түйіс. Ол өрімнің шешіліп, сетінеп кетпесі үшін қолданылатын әдіс. Қамшының ұзындығы сабынан, өрімі бір, бір жарым тұтам ұзын болуы керек Тобылғы сапты қамшының түрлері:
Сүндет қамшы – сабы мен ұшын қоса есептегенде 8-9 тұтам болатын, атадан-балаға мұра болып, кішкене бала сүндетке отырғызғанда берілетін қамшы түрі.
Бәйге қамшы – 11 тұтам болатын, қысқа, артық әсемдік өрнектер салынбайтын қамшы. Ат айдардың алдында сөреде тұрған баланың айтатын серті: – Шаба алмасам маған серт,шаба алмаса атқа серт, шаптыра алмаса қолымдағы қамшыға серт!
Көкпар қамшы – 10-11 тұтам түріндегі қысқа қамшылардың бірі, додаға түсерде айтылатын серті: – Атыма – айбат, тақымыма – қуат, қолыма – жігер бер!
Дойыр қамшы – 15-20 тұтамдық, барымтаға және дүре соғарда қолдандан. Айтылатын серті: Дойыр қамшым доңыздай болсын, ауырлығы қорғасындай, мықтылығы емендей болсын. Білек күшіме қуат қосып, жауым әрдайым құлап жатсын, халқым жеңіске жете берсін!
Неке қамшы – екі жас үйленгенде сыйға берілетін қамшы. Қызға өзінің ата-анасы, қызының кішкене күнінен бастап дайындайтын болған. Елдегі ең мықты шеберлерге тапсырыс беріп, түрлі ою-өрнектермен безендіріп, асыл тастардан көз орнатып, барынша көркем қылып дайындауға тырысқан. Қыздың барған жері сыйланған қамшыға қарап, құдаларына баға беретін болған. Ал, жігіт жағы, той болардың алдында достары жігітке жасырын түрде таңдауға өз қамшыларын тастаған, кімдікін таңдаса сол тойда жігіт жолдас болатын болған.
Үйір қамшы – жылқышылар ұстайтын қамшы. 20 тұтамнан асатын ұзын, құрық ретінде де қолданылған.
Асау қамшы – асауды тез жуасыту үшін, төрт басты ғып өрген. Әр басы төрт таспадан өрілген.
Аңшы қамшы – сабы 5 тұтам, ұшы 12 тұтам, саят құрып шыққанда ұстайтын болған. Қамшы мен аңды соғып аларда айтатын серті: – Түзу тигізу маған міндет, ұшындағы қорғасын саған серт! Ел арасында Дырау қамшы деп те атайды.
Лексикологиялық мәніне тоқталар болсақ, халқымыздың ауызекі сөйлеу қорында «қамшы» сөзінің қолданысы өте кең. Мәселен:
Қамшы бойы – қамшының сабы мен өрімінің ұзындығындай қашықтықты білдіретін халықтық өлшем.
Қамшы болды – себеп болды, уәж болды. Бір нәрсеге түрткі болды.
Қамшы болып тиді – жанына қатты батты.
Қамшы жеді – соққы тиді, таяққа жығылды.
Қамшының сабындай – қысқа, өте қысқа.
Қамшысынан қан сорғалаған – қатыгез, қатаң, қаһары күшті.
Қамшы ойнатты – қорқытты, сабамақ болды.
Қамшы салдырмады – тез істеу, тез жүру, мүлтіксіз шаруа.
Қамшы тастады – рұқсат сұрады, кезек алды.
Қамшы ұшын жалғады – хабарласып тұрды, ат ізін суытпады.
Қамшысының ұшын бермеді – болыспады, жәрдем етпеді, қарайласпады.
Қамшысы тиді – бала әлсін-әлсін ояна берді деген мағынада. Атасы не әкесі ұзақ жолға кеткенде бала әлсін-әлсін ояна бергенде, «әкесінің не атасының қамшысы тиді» – деп ырымға жориды.
Қамшы тимеген – асау ат туралы.
Қара сөзді қамшы қылды – тапқыр сөйледі.
Бүгінде қадірі жоғалып бара жатқан қара қамшының қасиетін қалай орнына келтіреміз? Елімізде соңғы жылдары – ұлттық спорт, ұлттық мәдениетке айрықша көңіл бөліп, атағын алысқа жеткізіп жатқандығы біз үшін қуаныш. Халқымыздың рухани байлығын күшейтіп, қазақтың қазақы қалпын сақтап қалуда маңызды шаралар атқарылып жатыр. Сол шаралар аясынан қамшымыз да тыс қалмағаны жөн болар еді. Қымызымыз – неміске, көкпарымыз – қырғызға кетіп жатқан заманда, мәдени мұрамыздан айырылып қалу оңайға айналды. Өткен күннің аманатын сақтай алмау, жас ұрпаққа абырой бермесі анық. Сондықтан, заман ағымына сай қамшымызды – қазақтың төл мұрасы ретінде тіркеп, ғылым тілімен айтқанда потент алып, заман талабына сай болғанымыз жөн. Елімізде қамшы бірлестігі құрылып, жылына бір рет болса да, қамшы өрушілер арасында бәйге жариялап, шеберлердің өнерін шыңдап, қамшыны қазақтың ұлттық брэндіне айналдырып жатсақ, бабалар алдындағы бір парызымыздың өтелгені болар еді.

Әдебиеттер

1.Мағауин М. Ғасырлар бедер. – Алматы: «Жазушы», 1991ж.
2. Бес ғасыр жырлайды. І том. – Алматы: «Жазушы»,1989 ж.
3. Жұмаділов Қ. Қылкөпір. – Алматы. 2003ж.
4. Мұқанов С. Халық мұрасы. – Алматы.1974ж.
5. «Түсіндірме сөздік» 10 томдық, 6-том. – Алматы.2014ж

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *