ҚАЗАҚТЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ – БЕКЗАТ СЕЙІЛХАНҰЛЫ САТТАРХАНОВ

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ – БЕКЗАТ СЕЙІЛХАНҰЛЫ САТТАРХАНОВ

Нұрсәулет Нұрбол (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі:аға оқытушы Нусупбаева С.А.

Қазақ жерінің топырағы қаншама батырларды өмірге алып келді және болашақта да сан мыңдаған батырларда өз есімдерін алтын әріппен біздің тарихымыздың беттеріне жазатын болады. Әр заманның өз батыры болады. Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Баян батырлар елін жаудан қорғап батыр болса, тәуелсіздігімізді білдіретін өз туларын әлемнің 200 аса мемлекеттің ішінде биікке көтеріп, әнұранымызды миллиондаған халыққа тыңдатқан Е.Ыбырайымов, Б.Саттарханов, С.Сәпиев, Б.Артаев сияқты спортшыларымызды бүгінгі күннің батырлары деп айтсақ, артық айтпаған болар едік. Қазіргі бейбіт өмірдің батырларын жастарға таныстыру мақсатында, соның ішінде жастай дүниеден өткен боксшы Б.Саттархановқа ерекше тоқталғанды жөн санадым.
2000 жылдың 31 желтоқсаны күні, жаңа жылға санаулы минуттар қалғанда, Шымкент қаласы жанындағы Темірлан бекеті маңында автокөлік апатынан қаза болады. Бекзат Саттарханов Түркістан қаласындағы қарапайым отбасында дүниеге келген. Бекзаттың әкесі Сейілхан мен анасы Сырлыкүлдің кенже баласы. Саттархановтардың Бекзаттан өзге мектеп қабырғасындағы спорттық бәсекелерде оза шапқан үш ұлы болды. Бағдат, Болат, Мақсат есімді балалары спортты серік еткенмен,Бекзат секілді ешқайсысы алдына биік мұрат қойған жоқ. Сәби күнінде өте нәзік аурушаң, әлжуаз болған Бекзаттан атағы жер жүзіне жайылатын даңқтыбоксшы шығады деп ешкім ойламаса керек.
Бекзат Сейілханұлы Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласында дүниеге келген. Қазақстандық боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері 2000 жылы өткен Сидней олимпядасының жартылай жеңіл салмақ бойынша чемпионы. 1 дәрежелі «Барыс» орденінің бірінші иегері.
Бекзат мектепте жақсы оқыды. «Ол аңғарымпаз, алғыр еді», – дейді ұстаздары. Табиғатынан құймақұлақ Бекзат тарих, әдебиет, жағрафия пәндерін өте жақсы бағамен оқыпты. «Қазақ әдебиеті, тарих, география сияқты гуманитарлық пәндерден кітаптың бетін ашпастан, мұғалімнің айтқанын құлағыма құйып алған күйі, қайталап беріп, бес алатынмын» дейтін Бекзат. Әрине бала Бекзаттың дүние туралы таным-түсінігінің қалыптасуына Сыр бойында тұратын нағашы жұртының да әсері аз болмаса керек. Тоғайы мүлгіген дария бойының ерекше табиғаты тумысынан қиялшыл ұлды ерекше тебіренткені, түрлі ойға түсіргені анық. Бекзат қазақы ортадағы бақытты балалықты басынан өткерді. Бекзаттың әкесі Сейілхан да, анасы Сырлыкүл де спортқа кет әрі емес еді. Сейілхан жас күнінде спорттың бірнеше түрімен айналысыпты. Кезінде ол кісі де бокспен шұғылданған. Тіпті, спорт шеберіне кандидат та болған. Бір сөзбен айтқанда, Саттархановтар әулеті спортқа біртабан жақын еді. Бекзаттың екі үлкен ағасы Бағдат пен Болат күреске, волейболға, баскетболға құмар болса, өзіне тете ағасы Мақсат бокспен айналысқан. Бекзат кішкентайынан осы Мақсатқа еліктеп, соған ілесіп спорт залына барғыштап жүреді. Баласының бойынан бокс өнеріне деген ерекше талпынысты байқап қалған Сейілхан 1995 жылы 9 қараша күні Бекзатты Нұрлан Жұмабаев деген азаматтың бокс үйірмесіне алып келеді. Міне, бүл күн Бекзаттың үлкен спорттық ғүмырының басталған күні еді.
Алғашында өзін-өзі қорғап үйренсін деген оймен ата-анасы Бекзатты күрес үйірмесіне қатыстырады. Алайда күреске ынтасы болмай, екінші жағынан күреспен айналысу бойдың өсуін тежейтінін ұғып үйірмеге бармай, бірден боксқа бет бұрады. 1986-1996 жылдар аралығында Абай атындағы мектеп интернатта, кейін Жұмабек Еділбаев атындағы №18 орта мектепте оқиды.1995жылы алғаш рет бокс үйрімесіне жазылып, балалар бапкері Нұрлан Жұмабаевтан тәлім ала бастайды.Ата-анасы мен туыстары Бекзаттың боксқа деген ынтасын байқағанмен, мұны жәй өтпелі кезең деп ойлады. Бірақ ол бокспен шұғылданғанына бір жыл толмастан республикалық сайыстың жеңімпазы атанады.
Алдымен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетіне түсіп, кейін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін тамамдаған.Бекзат бокста Серік Қонақбаевты үлгі тұтқан.Мұның себебі де жоқ емес.1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының финалда жұдырықтасқан сәтте Бекзат бесікте жатқан сәби еді.Анасы Сырлыкүл Саттархановтың Серік Қонақбаев секілді Бекзатта чемпион болсын деген үлкен арманы болған. Бекзат кейіннен ана арманын орындайды да ол Сиднейдегі жеңісін Түркістан қаласының 1500 жылдығына тарту ететіндігін айтқан.
Ол қысылғанда аяулы қала-қасиетті Түркістанды ойға алатын, Түркістан топырағында мәңгі тыныс тапқан қазақтың игі-жақсыларының аруағына сыйынып, солардан жанына медет сұрайтын. Оның: «Мен басқаны білмеймін, өзім Алла тағалаға шексіз сенемін. Ұлан-байтақ жерге ие болсақ, ол аруақ киесі ғой деп ойлаймын» деуінде де үлкен сыр жатыр. Міне, жаратқанға деген осындай үлкен сенім оны үнемі желеп-жебеп жүрді. Ол әрбір үлкен жарыстар мен дүбірлі додалардың алдында үнемі туған Түркістанына асығатын. Қасиетті қалаға келіп, туған топырағына, Қожа Ахмет бабасына тәу ететін. Алдағы аламан жарыстарға бабаларынан бата алып барып аттанатын.
1995 жылы он бес жасында Түркістан қаласында өткен Сейітбековты еске алу турнирінде тұңғыш рет топ жарған Бекзат өмір бойы осы жүлдесінің өте ыстық екенін айтып өтті. «Түркістан95»деген жазуы бар қыш құмыраны Сидней Олимпиадасының алтынымен тең көрген. Дәл сол жылы жасөспірімдерарасындағы халықаралық жарыста жеңімпаз атанып, бапкерлер көзіне түсе бастайды.
1996 жылы Қостанай қаласында өткен бокстан жастар арасындағы Қазақстан республикасының ішкі бірінішілігінде чемпион атанды. Дәл сол жылы Шымкенттік Анатолий Визириякин атты жаттықтырушының қарамағына өтіп, Облыс орталығындағы мектеп-интернатта жаттыға бастайды.
1997 жылы Қарағанды және Германияның Кельн қалаларында өткен халықаралық турнерде топ жарады. Сонымен қатар олимпиядаға даярлау облыстық орталығына қабылданады.
1998 жылы Бекзат үшін табысты болды. Сол жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Қостанай қаласында өткен жарыста 54келіде сынға түскен ол Марат Мәзімбаевтан ұтылып қалғанмен, бапкерлер сенімінен шығып, ұлттық құрамаға қабылданады.
Түркістан қаласында Әбдісалан Нұрмахановтың құрметіне өткен халықаралық туринерде жеңімпаз атанып қоймай, жарыстың ең үздік боксшысына берілетін сыйлыққа ие болады.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
Тайландта өткен бүкіл Азия біріншілігінде жүлдегер қатарына ілігеді.
1999жылы Венгрия және Болгарияда өткен халықаралық турнирде оза шауып, Ташкентте өткен бүкіл Азия біріншілігінде күміс жүлдеге қол жеткізеді.Дәл осы күміс жүлдесімен бірге Сидней Олимпиадасының жолдамасына ие болады. Бекзаттың қысқа ғұмырында 2000жыл тек Сидней Олимпиядасындағы жеңісімен ерекшеленбейді.Ол мұхиттың арғы бетіндегі төрт жылдық додасына аттанғанға дейін Қырғызстанда өткен Орта Азия ойындарында, Испанияда жалауы желбіреген халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріледі.Астана қаласындағы «Қазақстан-Куба» кездесуінде қарсылаласын айқын басымдылықпен жеңіп, Чехияда өткен «Гран Приде» жеңімпазға берілер кубокті төбесіне көтереді.Мәскеудегі ТМД елдерінің біріншілігінің төрт жүлдемен қатар, сайыстың үздік боксшысы деген атақты еншілейді.
Ташкентте бокстан өткен Азия чемпионатында олимпиада жолдамасын жеңіп алған Бекзатты бапкерлер жартылай жеңіл 57 кг салмақ дәрежесіне лайық көреді. 57келіде ел намысын Атланта Олимпиадасында қорғаған Бақтияр Тілегенов көп салмақ қуатындықтан, бапкерлер оған сенбейді.Оның үстіне 1999 жылы Хьюстон қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында Бақтияр жеңіліс тауып бапкер үмітін ақтамайды.Қазақстандық жанкүйерлер мен бокс мамандары Бекзаттың жастығын, алға тартып, оны Олимпиадаға жібергісі келмейді.Бірақ ұлттық құраманың бас бабкері Тұрсынғали Еділов Бекзаттың көзінде от барын байқап, ел намысын қорғауды Түркістандық жас ұланға сеніп тапсырады.Олимпиадаға аттанар кезде ұшақ баспалдағында тұрған Бекзат үлкен ағасы Мақсатқа: «Мен бас жүлдемен ораламын.Менен алтын күтіңдер!» деп айғайлап, жеңетінін алдын ала сезген.
Бекзат рингте тек жұдырықпен ғана емес, ақылмен де жұмыс істейтін боксшылардың қатарынан болды. Әсіресе аяқпен қимылдауда ерекше белсенділік танытқан. Сидней рингіндегі қарсыласы Джеффри Матебула: «Бекзаттың аяғы мықты екен, жорға жүрісті боксшы есімді алды. Осы жігіт Финалға ілігеді» деп дөп басып айтыпты. Жаттығу кезінде аяғына 3-4 келілік қорғасын байлап алып жүгіреді екен. Аяғына ауыр тас байлап алғанына қарамастан, құрамадағы әріптестерінің үнемі алдын орап кететін. Бокс мамандары мен жанкүйерлер Бекзаттың бокстасу техникасы қазақтың даңқты боксшысы, Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевқа ұқсайтынын ерекше атап өтті.
Бекзат Саттарханов Сидней шаршы алаңындағы алғашқы кездесуін Румын боксшысы Бобирант Овидиу-Тибериуға қарсы өткізеді.Жекпе-жектің бірінші раундында Бекзат өзіне бір жұдырық дарытпай, 4-0 есебімен алда тұрды.Екінші раундта табло 8-2 есебін көрсетіп тұрды.Ал енді ең соңында төрешілер 14-5 есебімен бұл кездесудің сөзсіз жеңімпазы деп Бекзатты таниды.
Олимпиаданың сегізінші күнінде Бекзат африкалық Джефри Матебулламен қолғап түйістіріп, 16-5 есебімен қарсыласын тізе бүктіреді. Сиднейдегі екінші кездесуде Бекзаттың жеңісімен аяқталған болатын.
Олимпиадағы үшінші кездесуінің өте тартысты болғанын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Бекзаттың өзін мойындатқызды. Кезінде Грузияда жаттығып кейін Түркияның намысын қорғаған Рамазан Палианимен арадағы тартыс 12-11 есебімен Бекзаттың пайдасына шешілді.
Марокколық Тахар Тамсаманимен Бекзат ХХVII жазғы Олимпиада ойынының жартылай финалында жолықты. Егер бұл сыннан өтсе олимпиада алтынына таласуына мүмкіндік туатын еді. Өз мүмкіндігін құр жібермеген Бекзат 22-10 есебімен қарсыласын қапыда қалдырады.
Бекзаттың финалдағы қарсыласы әлем чемпионы, америкалық Рикарду Хуарес еді. Ол Сидней олимпиадасына жету жолында Атланта Олимпиадасының чемпионы С.Камсингті тізерлеткен мықты боксшы болатын. Атағы алысқа кеткен қарсыласын Бекзат Саттарханов 22-14 есебімен жеңіп,Сидней Олимпиадасының чемпионы атанды.
Алты құрлық, төрт мұхит үстінде қазақ деген ер кеуде еркін елдің, Қазақстан деген тәуелсіз жас мемлекеттің Әнұраны қалықтады. Азат елдің асқақ әуені алты аршынның арғы жағына, тәңірінің қасиетті төріне де жеткен шығар. Австралия құрлығында аспандаған қазақ даласының әр үні әлемнің қиыр-қиырын, жұмыр жердің түкпір-түкпірін кезіп кетті. Бұл бір шаттықтан жарылардай болған, бақыттан бас айналған қуанышты сәт еді.
Сидней Олимпиадасындағы жеңісі үшін Нұрсұлтан Назарбаев Бекзат Саттархановқа І дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті. Тарихта Бекзат «Барыс» орденінің тұңғыш иегері ретінде де қалды. 2002 жылдан бастап бокстан Бекзат Саттархановы еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтеді. 2005 жылы спорт журналисі Қыдырбек Рысбекұлы «Бекзат» атты кітап жазды. 2006 жылы «Қазығұрт» баспасынан спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы мен баспагер Темірғали Көпбаев құрастырған «Бекзат» фотоальбомы жарық көреді. Фотоальбом «Дара Бекзат», «Бала Бекзат», «Мәңгілік Бекзат» деген үш бөлімнен тұрды. 2009 жылы режиссер Сатыбалды Текеев «Бекзат» деректі фильм түсіріп, тұсауын кесті. Бұл фильм кейін «Құлагер» жүлдесін жеңіп алды. Фильм тек «Еларна» арнасынан көрсетілген. Әнші композитор Гүлнұр Өмірбаева «Бекзат» әнін дүниеге әкелді. Бұл ән 2002 жылы өткен «Азия дауысы» фестивалінің «Қазақ әндері» бәйгесінде «Алтын домбыра» жүлдесін жеңіп алды. 2011 жылдың мамыр айында Бекзат Саттархановтың қабірі басындағы жүлделердің көшірмесі ұрланды. Бекзат жүлделерінің көшірмесі бағалы металдан жасалғанын біліп, қолды қылған күдіктілер әлі ұсталған жоқ.
Бекзат өміріндегі қызықты оқиғалар: Бекзат Сидней Олимпиадасының финалына боксшы Ермахан Ыбырайымовтың спорттық жейдесін киіп шыққан. Бір деректер бойынша, ол бокстағы бетке ұстар ағасының жейдесін ырымдап киіпті.Екінші бір дерекке сүйенсек, оның өз жейдесінде жарнама жазылғандықтан, ұйымдастырушылар өз жейдесін киюге рұқсат бермеген.
Бекзат жаттығу жұмыстарынан кейін тез арада қалыпқа келетіндігімен ерекшеленген. 2000 жылдың маусымында Тайландта жаттығып жүргенде тай елінің дәрігерлері қатты таң қалады. Себебі, 33 минут жүгіріп келген Бекзаттың жүрек соғысы 3-4 минутта қалпына келеді екен. Бекзаттың бұл ерекше Қасиетін бапкерлер Тұрсынғали Еділов, Александр Апачинский, Анатолий Визирякин мен құраманың дәрігері Юсуп Шамузов қана біледі екен.
Бекзаттың бойында бала күнінен бері байқалатын бір қасиет болған. Ол өзін жеңген боксшыдан міндетті түрде есе қайтаруды мақсат тұтады екен. 1995 жылы облыстық жарыстардың бірінде Данияр есімді баладан жеңіліп келесі сайыста қарсыласын соққының астында қалдырған.
Ал Аргентинада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында ол украиналық Сервин Сүлейменовтан жеңіліп қалады. Сервинен жеңілгеніне қатты намыстанған ол «алдағы уақытта оны міндетті түрде жеңемін» деп бапкерлеріне сөз беріпті.Айтқандай-ақ, Ресейде өткен ТМД елдерінің боксшылары қатысқан халықаралық бокс бәсекесінде Сервин Сулеймановтың тізесін дірілдетеді. Осы жекпе жекте Бекзаттың оң қолы ісіп, бармақ сүйегі шығып кеткен. Ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов Бекзаттың бокс қолғабын күшпен тартып шешкен кезде,қолғаппқа қан толып қалғанын көреді. Намысқой Бекзат бармақ сүйегі шығып кетсе де, Шыдамдылық танытып, жеңіске жеткен.
Бекзаттың Бекзат есімді інісі өсіп келе жатыр. Ата-анасы Бекзатты мәңгі есте қалдыру мақсатында немерелерінің біріне Бекзат есімін берген.
Бекзат Сейілханұлы Саттарханов шаршы алаңда143жекпе-жек өткізіп,оның132-сінде жеңіске жеткен.
Қорытындылай келе айтарымыз, Бекзат Саттарханов небәрі жиырма жас ғана өмір сүрсе де, Қазақ елінің тарихына өз есімін мәңгілікке жазып қалдырды. Жиырма жаста қазақ халқына жиырма жыл күткен алғашқы жеңісті сыйлады. Қазақтың көк туын биікке желбіретті.Бекзат Саттарханов бұл жеңіске қажырлы еңбектің арқасында ғана жетті. Бекзат жастарға еңбек арқылы көп нәрсеге жетуге болатынын дәлелдеп кетті. Қазіргі уақытта да, болашақта да Бекзаттай боксшылар дүниеге келеді. Бірақ Сидней олимпиадасының чемпионы жас Бекзат мәңгі өз халқының жүрегінде қалады.
Қазақ елі Бекзаттай батырларың көп болсын!

Әдебиеттер

1. Батыр болсаң Бекзаттай бол // «Аңыз адам» журналы 2 (14) 2011
2. Меделбек Р.«Бекзат Саттарханов: Менің жеңісім – қазақтың жеңісі!» Alamankz ұлттық спорт порталы, 04/04/2012

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *