ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫР ҚЫЗЫ МӘНШҮК МӘМЕТОВА

ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫР ҚЫЗЫ МӘНШҮК МӘМЕТОВА

Нұрғазы Камила (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Нусупбаева С.А.

Мәншүк атың бар әлемге жаңғырып,
Есіміңді ұрпағың жүр ән қылып,
Асқан ерлік ұмытылмас ешқашан
Сақталады ел ішінде мәңгілік.
Мұқағали Мақатаев
Қазақтың тарихында да қоғамында батырлығы ерлерге пара-пар Әлия, Мәншүк, Хиуаз қайсар қыздарымыз болды. Тұмар патшайымнан бастау алған қазақ қыздарының ерлігі Ұлы Отан соғысында қайталанды. Ел басына қауіп төнген қаһарлы соғыс жылдары елін, жерін қорғауға аттанып, мұз жастанып, қар кешкен, ерлермен қатар сапқа тұрған қазақтың қайсар қыздары майданда батыр бабалардың қанына тән қасиет танытып, ержүректілігімен бірге қайсарлығымен, алған беттерінен қайтпас табандылықтарымен келешек ұрпаққа өнеге болатындай із қалдырды. Бүкіл Орта Азия елдерінің ішінде Кеңес Одағының Батыры атағын алған қайсар қыздар – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова ғана болды. Шығыстың қос шынары атанған батыр арулардың есімі тарих беттерінде мәңгі алтын әріптермен жазылатын болады.
1922 жылы 16 қазандаОрал облысының Жасқұс ауылында дүниеге келді. Балалық шағын Алматы қаласында өткізеді. Азан шақырып қойған аты Мәнсия. Бес жасынан бастап оны әкесінің немере інісі Ахмет Мәметов және әйелі Әмина асырап алған. Үлкен қара көзі, пысықтығы, ширақтығы үшін олар баланы еркелетіп «Моншағым» деп атады. Өзінен атын сұрағанда, бала «Мәншүк» деп жауап берген. Солай аты Мәншүк боп қала берді. Ахмет пен Әмина ол кезде Н.Чернышевский атындағы Саратов университетiнiң бiрi медицина, екiншiсi филология факультетiнiң студенттерi болатын.
Бертiн келе Мәншүк он жасқа толғанда анасы Тойылша, екi жылдан кейiн әкесi Жеңсiкәлi қайтыс болады. Әскери комиссариатқа жазған өтiнiшiнде «қайтыс болған» деп өзiнiң туған әке-шешесi Жеңсiкәлi мен Тойылшаны көрсетiп тұрғаны да сондықтан.
Мектепті бітіріп, медициналық жұмысшы факультетке, ал кейін Алматының медициналық институтына оқуға түсіп, осымен бір мезгілде Республика Халық комиссарлары кеңесінің хатшылығында жұмыс істейді. Мәншүк Мәметова Мәскеудегі шеруге барып, Қызыл алаңды, кесене мен Кремльдегі Спасск мұнарасын көріп қалсам деп армандап жүреді. Астанаға кететін күн де жақындай берді. Бірақ оның орнына басқа күн келді. Ол, соғыс басталған күні еді. Гитлершілер Севастопольді, Одессаны, Киевті бомбалап, Мәскеуге қауіп төндірді. Әскери уақыттың қауырт өмірі басталды. Қатал шайқас Алматы қаласынан мыңдаған шақырым жерде болып жатса да, оқиғаның елесі онда да байқалған еді. Дауыс зорайтқыштардың қасында жұрт топпен жиналып, соңғы жаңалықтарды тыңдап тұратын. Әр күн Отан үшін уайымды ойларға толы болды.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Мәншүк 18 жаста болатын. Ол соғысқа бару, Отанын қорғау туралы шешім қабылдады. Өтінішінде: «Фашистерді жою үшін майданға жіберетін менің ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан өзімді жіберіңіз», деп жазған. 1939 жылдан бері комсомолмын. (1941 жылдың 7-ші тамызы).
Бір жыл бойы Мәншүк әскери комиссариаттан өзін әскерге жіберу туралы өтінді. 1942 жылдың 13-ші тамызында Алматыдан 100-ші атқыштар бригадасы майданға аттанды. Оның құрамында 4890 жауыңгер, оның ішінде 2 қазақ қызы – дәрігер Мәриәм Сарлыбаева және Мәншүк Мәметова болған екен. Бригаданы ұла дана ақын Жамбыл өлеңімен шығарып салыпты.
Немере сіңлісі Айман Мәметова: 1934 жылдың қуғын-сүргініне Мәметовтер әулеті де ұшырады. Ғылыми – зерттеу институтының директоры Ахмет Мәметов қамауға алынды. Ол кісінің әйеліне айтқан соңғы сөзі: «Менің Мәншүгімді ренжітпе, аман сақта». Кейіннен Ахмет Мәметовті ақтады, бірақ олардың отбасы қудаланып, «халық жауы» аталды. Есейген Мәншүк әкесінен бас тартпады, оны сатпады. Ол әкесінің қамалуын қате деп санады. 1934 жылы Ахмет әкесiн Алматыда «халық жауы» деп қамауға алғанда оның қандай жолмен болса да майданға барудың жолын iздегенiн көресiң. Басқа амал жоқ-тын. «Халық жауы» атантып, ату жазасын алған Ахметтiң қызы екенiн бiлсе, НКВД оған сенiмсiздiк көрсетiп, майданға жiбермей қоюы мүмкiн едi. Сол бiр сұрапыл күндерi Әмина апам да: «ата-анам деп бiздi емес, Жеңсiкәлi мен Тойылшаны көрсет» деп әбден үйретiп қойғаны бар. Майданда жүргенде Мәншүк әкесi Ахметтiң туған бауыры Қанаттың әйелi Майраға жазған тағы бiр хатында:«Әкемдi босатыңыз, қыз да болсам соғысқа келдiм»деп Сталинге үш рет хат жазғанын бiрақ оған жауап болмағанын айтыпты.
Әрине, ол әкесiнiң тiрi екенiне сенiп кеттi. Бала жүрегi жазықсыз жаладан Ахмет атамның опат болғанын сезбедi. Оған сездiруге ешкiмнiң де батылы бармады. Бiр жағынан ол да дұрыс болған сияқты. Әйтпесе, жанындай жақсы көретiн әкесiнiң қазасы намыс оты мен өршiл мiнезi атойлап тұрған Мәншүктi қандай күйге түсiрерiн кiм бiлсiн!..
Мәншүктiң анасы Әмина апам аса зиялы ақсүйектер әулетiнен тарайтын. Төре руына жататын Әбiлқайыр, Нұралы, Жәңгiр хандардың тiкелей ұрпағынан болып келедi. Ол кiсiнiң Құдай қосқан қосағы да Алаш қайраткерлерiнiң бiрi – жазушы, ғалым-дәрiгер Ахмет Мәметов едi. Алайда 1937 жылы ұлтымыздың асыл азаматтары қамалып, «халық жаулары» аталып жатқанда Ахмет атамыз да ұсталып, соңынан жазықсыз атылып кетедi. Осыдан соң, Әмина апам Ахмет атамыз түрмеде отырғанда, соңын күтпей-ақ өзге адамға күйеуге шығып кетедi. Қатал тағдырдың қарбалас сәттерiн жеңiп, өз мақсатына ерiксiз жету үшiн де ол осы жолды таңдайды. Әрине, мұның бәрi амалдың жоқтығынан болған iс болатын. Оның уайым-қайғысыз ырду-дырдумен сүретiн өмiрге араласуы жар құшағын аңсау емес, ол, сол тұстағы үрейдi алған кесапаттан аман қалудың амалы едi. Екiншiден, желкiлдеп өсiп келе жатқан Мәншүктi «халық жауының» қызы деген көзтүрткi атақтан аман алып қалудың әрекетi болатын. «Майданға аттанарда Әмина апамыз Алматыдан тысқары жүрген көрiнедi. Сондықтан асығыс түрде анасына үшкiл хат жазуын парыз санаған.«Әпкетай, маған ренжи көрмеңiз, Сiздi қалдырып барамын. Апашым менiң! Қамығып уайым шекпеңiз, мен майданға аттандым. Батылдық танытып, кiсiлiк келбетiмдi көрсеткiм келедi, егер қажет болса, Отан үшiн жаным да пида. Қабiлет-қарымымды iспен көрсетпекшiмiн. Хош, анашым!»дептi ол майданға аттанғалы тұрған эшелонға шығар алдында.
Әмина апам сол күнi үйде болғанда да Мәншүктiң өрекпiген көңiлiн баса алмас едi. Әйтсе де ол Мәншүктiң өжет мiнезiне ризашылығын бiлдiрiп, аналық мейiрiммен құшағына алып мауқын басар ма едi.
Мәншүк майданнан жазған хаттарының бәрiн де анасы Әминаға жазыпты. Орал қаласындағы Мәншүк атындағы мемориалдық мұражайда оның майдан даласынан жазған бес хатының түпнұсқасы сақталған. Әмина апам ол хаттарды көзi тiрiсiнде өз қолымен тапсырса керек. Әрине, Мәншүктiң хаттарының бәрi түгел сақталмауы да мүмкiн. Жазылған хаттарда Мәншүктiң анасына деген жүрек лүпiлi, сағынышы басым. Онда нәзiктiк пен балаңдық, тазалық пен инабаттылық табын байқайсың.
Алғашқы жазылған хаттарындағы: «Мен де ешқандай суретiңiз жоқ, тек хаттарыңызды қайталап оқи беремiн…» деп жазғанын оқи отырып, аяныш сезiмiн бiлдiресiң.
1943 жылғы 20-мамырда жазған хатында:«Қайткенмен де жауынгерлер арасында жалғызбын ғой, дегенмен менi олар өте сыйлайды, менi қынжылтпау үшiн бәрi де тырысып бағады»дептi. Бұл жерде Мәншүк ер азаматтардың арасында өзiнiң жалғыз екенiн айтса керек. Осы жылғы 7-тамызда ұрыс даласына келген күнi жазған хатында:«Алматыда құрылған бiздiң жүзiншi бригада қазiр Калинин облысында, Великие Лукиден қашық емес, майдан шебiнен 10-12 шақырым. Қала немесе деревня көрмегенiмiзге таяуда бiр жыл толмақшы, деревня болса да түгел қираған, халық тұрмайды. Жерден қазылған жертөледе тұрып жатырмыз. Көңiлсiз, бiрақ күн сайын жаттығу немесе қорғаныс жұмыстары, сондықтан уақыт байқалмай тез өтедi.
Әуелi мен бригада штабында аға жазарман (писарь) болып iстедiм, бiрақ қолыма қару алып ұрысқа тiкелей қатысқым келдi, сөйтiп батальонға ауыстым, онда мен қазiр пулеметшiмiн. Жуықта өз арамыздағы озық ретiнде «Үздiк пулеметшi» значогын алмақпын.
Иә, ол өз құрбылары сияқты ана болу, бала сүю, жар құшу бақытына ие бола алмады. Жастығын соғысқа ұрлатты.
Мәншүк әндi де әуездi айтқан көрiнедi. Оның қазақ және орыс әндерiн әдемi шырқағаны соншалық оны бiлетiндердiң бәрi де сүйсiне сөз етедi. Ол «Қараторғай», «Көзiмнiң қарасы», «Зәуреш» тағы басқа ұлттық бояу қанық тамаша әндердi кереметтей айтады екен.
Мәншүктiң бүкiл аңсары туған Отанын сүюден тұрған. Ең алғаш әскерге алынғанда жолай пойыздан туған жерi Оралға түсiп, бiрден оның топырағына тәу етуi недеген кереметтiк! Осынысы үшiн ол пойыздан да қалып қоя жаздапты.
– «Мәншүк-ау, қайда жүрсiң?» – дегендерге:
– «Су iштiм. Оралдың суы қандай тәттi», – деп жауап берiптi.
Мәншүк анасына ең соңғы хатын 1943 жылы 11-қазанда жазыпты. Онда:
«Ардақты анашым. Сіздiң хатыңызды алғаннан кейiн мен жауап жазған болатынмын, ал қазiр алдыңғы шептемiн, тағы да хат жаза алам ба, жоқ па бiлмеймiн, сондықтан открытка салып отырмын.
Әзiрге денсаулық жақсы. Қымбатты анашым, бiзден бәлкiм делегация барар болса, қалған жаңалықты естiп бiле жатарсыз. Көп жазудың қисыны қазiр келмейдi.
Ендi хатты ұрыстан кейiн күт. Хатты жиiрек жазыңыз. Бәрiне сәлем, мен үшiн Динашты шөпiлдетiп сүйiп аларсыз. Сiздi тыңдайтын болсын.
Хош, қатты-қатты сүйдiм Сiздi.
Қызың Мәншүк. 11.10.1943 ж.»
Хаттың соңында анасына 400-500 сом шамасында ақша салып жiбергенiн жазыпты. Мiне, бұл Мәншүктiң ең соңғы хаты болған. Осыдан соң ол төрт күннен кейiн Невель қаласы үшiн болған шайқаста ерлiкпен қаза табады.
Немере сіңлісі Айман Мәметова: Невель операциясы кезiндегi ұрыстардың картасында бұл жота 173.7 санымен белгiленген екен. Бiз оны Мәншүктiң атақ-даңқымен бiрге қара жонның да аты бүкiл дүниеге тарады екен деп бiлдiк. Мәншүктiң ерлiк жолын көзбен көрiп, тағзым ету қашаннан берi көкейiмiзде жүрген арман едi.Аудан аумағында 368 көл бар екен. Айнала сыңсыған орман алқаптары. Күмiс көлдер аумағының айналасы аяқ алып жүре алмайтын ну-батпақ. Фашистердiң «тәбетiн» қайтарған да осы батпақ көрiнедi. «Iздегенге табылған» деген. Қала маңындағы деревняда Мәншүктi жерлеуге қатысқан Новикова-Власенкова деген қартаң әйел тұрады екен. Әкiмшiлiктiң қызметкерлерi көлiкпен ол кiсiнi Мәншүк жерленген жерге алып келдi.
« – Мен ол кезде 17 жастағы қыз едiм, – дедi ол әңгiмесiн бiрден бастап жатып, әкем колхоз басқармасының бастығы болатын. Қалада кiлең кемпiр-шалдар қалған едi. Бiздерге қаза тапқан жауынгерлердiң қалталарын қарап, құжаттарын жинау тапсырылды. Мiне, осы жерде қара шашты, қос бұрымды бiр әйелдiң денесi жатты. Ал әрiректе, етекте тағы бiр әйелдiң денесi табылды. Негiзi ол байланысшы болса керек. Жанында сым катушкалар жатыр екен. Ол табылған сары шашты, орыс па әлде белорусь па деп шамаладық. Ал мына жердегi әйел қара шашты, үлкен бұрымы бар екен.
Ерлердiң бәрiн бiр жерге бауырластар зиратына жерледiк. Әйелдердi олармен бiрге қосқан жоқпыз. Екi әйелдi өз алдарына бөлек жерледiк. Оған осы жерде «1943 жылдың қазан айында Мәншүк Мәметова ерлiкпен қаза тапты деген белгiтас қойдық», – дедi қарт ана.
Бүгiнгi зерттеу амалдары көрсеткендей, сол кезде бүкiл Кеңестер Армиясында Мәншүк Мәметова жалғыз пулеметшi қыз болған көрiнедi. Бес сағаттан асқан ұрыс кезiнде Мәншүк жауға қарсы үш пулеметтен де оқ жаудырыпты.
Ол соғысқа шығар күнi ерекше мерекеге дайындалғандай күй кешiптi. Пулеметiн сүртiп-сипап, әбден бабына келтiрiптi. Түн баласын жамылып, пулеметтi орналастыратын орынды дайындаған көрiнедi. Келесi күнi жау шетiне барлау да жасаған көрiнедi.
Ол: «Мынау тұрған бөрiктей шоқ терек – бiрiншi белгi, екiншi белгi, оған дейiн 300 метр» – деп барлау жобасын қағазға сызып көрсетiптi. Атыс схемасын сызып көрсетiп: «бiз жауды аңдимыз, жау бiздi аңдиды. Өзара сырын бiлiп алуымыз керек және оларды алдап жаңылыстыруымыз керек» деп жанындағы жауынгерлердi соғысқа дайындапты.
Мәншүк майданда 418 күн болды. Ұлы Отан соғысы 1418 күнге созылды десек, оның 418 күнiнде қазақтың ержүрек қызының азапты күндерi мен ерлiк iсi қалды. Әлемге даңқы шыққан Мәншүк жұмыр жердiң бетiнде небәрi 21 жыл 13 күн өмiр сүрдi. Бұл көп пе, әлде аз ба?! Әдетте ерлiк жасау үшiн ұзақ өмiр сүру парыз болмаса керек болар!», – депті.
Қазақстанда құрылған 100-шi бригада 1942 жылдың желтоқсан айының соңында Великие Луки түбiне орын өзгертедi. Қала 1941 жылдың шiлде айынан бастап жау қолында қалған екен. Қаланы азат ету үшiн кеңес әскерлерi жауды жан-жақтан қоршауға алады. Құрамында Мәншүк те бар 100-шi бригада кескiлескен ұрысқа бiрден қойып кетедi. Великие Луки қаласын азат ету жолында мыңдаған жауынгер қаза табады. Қаланы азат ету жолындағы 100-шi бригада ерлiгi Дубосеково разъезi түбiнде генерал-майор Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясының ерлiгiнен бiрде-бiр кем болмайды.
Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1944 жылдың 1 наурызында неміс басқыншыларымен соғысу майданындағы қолбасшының әскери тапсырмаларын бұлжытпай орындағаны үшін, көрсеткен ерлігі үшін Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының батыры берілді. Қаршадай қыздың ерлігі көптеген жауынгерге үлгі болды. Бүгінде туған жерінде оған арнап ескерткіш орнатылған.

Әдебиеттер

1. Әдігенқызы С. Қазақтың қайсар қызы – Мәншүк Мәметова. // Жұлдыздар отбасы. – 2014.- № 9. б.48-49.
2. http://alashainasy.kz/alashuni/kazaktyin-batyir-kyizyi-manshuk-mametova-63578/
3. Мәншүк МӘМЕТОВА – Әбiлқайыр ханның ұрпағы //http://tore.com.kz/wp-content/uploads/2013/05/toreler.png

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *