Қазақстан тарихы мен мәдениетінде орын алған ислам діні
1) Исламның Қазақстанда таралу кезеңдері
2) Исламның білім, ғылым және мәдениеттің дамуына әсері. Қазақстандағы ислам мәдениетінің ескерткіштері
3) Қазақ ойшылдары мен ағартушыларының (Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Асан-қайғы, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай, Шәкәрім) философиялық-ағартушылық және діни көзқарастары
1-сұрақ: Исламның Қазақстанда таралу кезеңдері
Ислам діні Қазақстанға VIII ғасырдың соңынан бастап IX ғасырдың басында тарай бастады. 766 жылы Карлуг Ханы Қазақстанның Жетісу және Оңтүстік аймақтарын жаулап алып, мүсылман мәдениетін таратты. X ғасырдың басында Карахандықтар мемлекетін күрған Сатук абд аль-Керим Богра ханның (915-955) баласы 960 жылы Исламды мемлекеттік дін ретінде жариялады.
Дегенмен, кең байтақ Қазақстан жеріне X ғасырда ислам діні толық таралды деп айту киын. Себебі, осы күнге дейін ислам дінінің Қазақстан жеріне таралу мәселетеушілердің пікірінше, Ислам діні біздің еліміздің оңтүстік аудандарына, атап айтқанда, Орта Азия мен Кавказға VII ғасырда тарала бастаған десе, екінші біреулері Ислам діні Орта Азия мен Қазақстан жеріне ІХ-Х ғасырда енді дегенді айтады. Исламның VIII ғасырда Қазақстан жеріне енгенімен, бұл діннің өте ұзақ жылдар бойы кең байтақ қазақ жеріне таралғанын барлық зерттеушілер қолдайды. Бүған қосымша Ш.Уэлиханов-тың Ислам қазақ жеріне XIX ғасырда ғана толығынан таралды деген көз-қарасы да бар.
Ислам қазақ жеріне толық орнағанымен, оның даму «деңгейі» әрбір аймақта бірдей емес. Бүндай ерекшелік тек Қазақстан жеріне ғана тән емес, ол қазіргі зерттеулер бойынша дүние жүзіндегі мүсылмандық елдерінде де осы секілді ерекшеліктері бар. Ең жиі кез-десетін көзқарастар: миссионерлік көзқарас — Исламды қазақтар үгіт-насихаттың күшімен, формалды түрде қабылдады, үлттық әдет-ғүрыпқа тигізген әсері шамалы деген көзқарас.
Екінші көзқарас, Реставраторлық пікір — қазақтың өзіндік, үлттық діндеріне: шамандық, зорастризмдік, тәңірлік діннің ықпалы басым, сондықтан Ислам қазақтар үшін негізгі дін емес. Үшінші көзқарас, қазақтар ислам дінін Орта Азия және Еділ бойы халықтарының ықпалымен қабылдаған деген тағы сондай көзқарастар бар. Осылардың барлығы бүл мәселенің күрделілігін білдіреді. Әрбір көзкарастардың өзіндік дәлелі бар. Мысалы, анимистік көзқарасты алып қарастырсақ, осы күнге дейін қазақтардың арасынан мынадай сөздерді естуге болады: «Иә аруақ, иә Құдай, қолдай көр, пәле-жаладан сақта!». Бүндай пікір туралы Ш.Уәлиханов: «Қазақтар өмірдің қиын сәттерінде өздерінің ата-бабаларының есімдерін еске алады. Ал, кез келген табыс аруақтың қолдауымен бола¬ды деп есептейді» — деп жазған немесе қазақтардың пікірлесу кездерінде мынадай сөзді жиі естуге болады: «Әруақ ырза болмай, тірі байымайды» деген сөзді. Міне, осылай сан-алуан ерекшеліктерін корсе¬те беруге болады. Осының арқасында қазақтың діни жүйесі бірінен соң бірі келетін діндер деп қарастыруға да болмайды. XI ғасырда қазақ жеріне көптеген діндер сіңіп таралған болатын. Тек нақтылы тарихи кезеңдерде, ұлттық саяси-идеологияның қалыптасу кезінде, қазақ дәстүрлі мәдениетінің қалыптасуында Ислам діні басым болды да, ол «үлттық» дінге айналды. Себебі ислам діні қазақ елінің көшпелі жеріне, әдет-ғұрыптарына баска діндерге қарағанда икемді де, тәжірибелі де болды. Ислам дінін қабылдай отырып, қазақ діни өкілдері ол діннің кейбір уағыздарын өзгертіп, оларға ғасырлар бойы өздерінің санасына калыптасқан ескі діни үғымның пішінін береді. Мүнымен бірге Ислам дінінің өзі де жергі-лікті діндердің ықпалымен өзгере бастайды. Сонымен, Ислам «ұлттық» дінге айналады. Қазіргі қазақ ұлттық минталитеті бойынша қазақтардың басым көпшілігі «қазақ» деген ұғымды «мүсылман» деген үғыммен бір-дей қабылдайды.
Жоғарыда көрсеткендей, Қазақстанға Ислам діні караханидтер (ХІ-ХІІ ғғ.) түсында да едуір таралды. Әсересе, В.В.Бартольдтың айтуына қарағанда, монғолдар жаулап алған жерлердің бәрінде XIV ғасырда Ислам діні үстем дінге айналды. Сондықтан монғолдар жаулау тұсында да бүл дін қазақ даласында бірте-бірте тамыр жая бастады. Ақсақ Темір тұсында Ислам дінінің маңызы мұнан да жоғары көтерілді. Себебі, Темір заманында ірі қалаларда мешіттер салынды. Темір Ислам дінінен басқа діндерге қарсы болды. Ол Ислам дінінің идеологиясын нығайтты.
Ислам дінінің таралуының тағы бір себептері Орта Азиядағы Ис¬лам дінінің орталықтары Хиуа мен Бүхара үлкен әсерін тигізді. Сонымен қатар көрші елдермен қатынаста (тәжік, татар, азербайжан) олардың исламдық көзқарастары да әсер етті. Ислам діні казақ даласына енген сайын бүл байланыс діни негізде нығая түсті.
Қазақ еліне Ислам дінінің ағымы суфизм таралды. XII ғасырда қазақ жерінен шыккан атақты дін ғүламасы Хозрет Сүлтан Ахмет Яссауидің (1105-1166) діни ілімімен суфизмнің ясовизмдік ағымы таралды деп айтсақ та артық болмайды.
Яссауи араб-парсы мәдениетінің гүлденген заманында өмір сүрді. Яссауидің негізгі діни пікірлері «Хикмет-нэме» деген өлеңдер жинағында баяндалды. Бүл өлеңдер жинағында Исламдық діни нанымды одан да жоғары көтерді.
Яссауидің өшпес даңқын эрі қарай көтерген адам Ақсақ Темір (1336-1405) болды. Ол Яссауидің моласының басына көптеген Шығыс елдерінен таңдаулы тас оюлағыш өнерпаздарды, әскери күлдарды алып келіп мешіт тұрғызды. Кейіннен осы мешіттің маңында Түркістан қаласы пайда болды.
Жалпы Ислам дінінің қазақ мәдениетінің даму үрдісіндегі рөлдері әлі де жете зерттеліп біткен жоқ. Ондай ғылыми зерттеу әлі алда деп ойлаймыз. Қазіргі кезде Қазақстан егемендік алғаннан бастап, өз елінде жеке дербес Мүсылман орталық қауымы (ДУМ) ашылды. Жылдан жылға мүсылман мешіттері көптеп ашылып, емін-еркін әрбір мүсылмандар өз діни қажеттілігін орындауға мүмкіндік жағдай туды.
2-сұрақ: Исламның білім, ғылым және мәдениеттің дамуына әсері
Бүкіл адамзатқа жіберілген кәміл дін болғандықтан, исламда әлеуметтік әділет пен теңдік жан-жақты қарастырылған. Ол капитализм сияқты тек жеке кісіні, немесе, социализм сияқты тек қоғамды ғана негізге алмайды. Кісілік қалып пен оның қабілеті мен мүмкіндіктеріне толық ерік берген ислам діні адам бақыты мен жамағаттың жақсылығы арасында үйлесім құрған. Көршісі аш отырып, өзі тоқ болған кісінің кәміл мұсылман емес екенін хадистерінде ескерткен Хазіреті пайғамбар үмбетін әлеуметтік әділеттілікке шақырды. Аллаға иман келтірген, жамағатпен намаз оқыған немесе Қағбаны тауап етіп айналып жүрген мұсылмандардың барлығы, түр-түсіне қарамастан, бір үйдің балалары сияқты, бір-бірімен бауыр болып кетеді.
Ислам бай мен жарлының арасындағы әлеуметтік айырмашылықты «тап күресі» сияқты өшпенділікті өршітетін ұран тастамай, керісінше, пітір, садақа, зекет беру мен қоғамға пайдалы, сауабы мол ізгілікті, қайырлы істер жасау жолында жарысуға шақыру арқылы мейірімділікпен шешеді. Шынайы мұсылман дүние жолында қол жеткізген жетістіктерге малданып, қуанбайды, ал, жоғалтқан нәрселері үшін де опынып, өкінбейді. Ол өзінің әрбір ісіне есеп беріп, барлығын бір Алла Тағаладан болады деп біледі.
Исламда дінді күштеп мойындату жоқ. Бақара сүресінде бұл жайында «дінде зорлық жоқ» деп, ашық айтылған. Сонымен қатар, Құран Кәрімде бір адамды нахақ өлтіргеннің бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей екені айтылады. Ислам, соғыс жағдайының өзінде ана мен баланың, жазықсыз жандардың жапа шегуіне рұқсат етпейді. Міне сондықтан, Құран үкіміне бас иіп, исламның әміріне мойынсұнатын мұсылманның террорист болуы әсте мүмкін емес. Өйткені, шынайы мұсылман жазықсыз пенденің қанын мойнына арқалау былай тұрсын, тіпті, жаратылыстың әрбір мүшесіне жаратқанның туындысы ретінде ерекше құрмет сезімімен қарап, оған қылдай қиянат жасауға дәті жібермейді.
Адами қасиеттерді ардақтап, адам құқығын аяққа таптамай, оны асқақ ұстау – исламның басты ерекшеліктерінің бірі. Алла Тағала қасиетті кітап Құран Кәрімде бір-бірімен танысып, білісуі үшін адамдарды қауым-қауым, тайпа-тайпа етіп жаратқанын ескертеді. Сондықтан, ислам дінін қабылдаған кез келген қауым өзінің тілі мен ділін сақтап қалып отырған. Сөзіміздің айғағы ретінде, исламға мойынсұнған түрік халықтарының бүгінде өз тілін, ділін және түпкі дәстүрін сақтап қалғанын айтсақ та жеткілікті.
Ислам діні де христиан діні сияқты ұлтшылдықты, нәсілшілдікті жақтамайды. Құдай алдында, адам алдында таза, адал, мейірімді адам ғана басқалардан жоғары тұрады. Өзінің түбірлес діні — христиандық сенім сияқты ислам да бейбітшілік, татулық, тыныштық діні. Ол кешірімділік пен хош көрушілікті уағыздайды. Исламның этикалық тұрғыдан қарастырғандағы өзгешелігі — оның адамгершілік құлықты басқа әлеуметтік қатынастарды реттеуші, қоғамдық сананың түрлерінен (діни рәсімнен, әдет-ғұрыптан, құкықтан) бөліп-жармай, бірлікте қарастыруы. Адамгершілік құлық нормалары Құранда жүйеленбеген. Онда жасауға болмайтын, яғни «харам» болып саналатын нәрселер бар; жасалуға тиісті нәрселер жиынтығы — «халал» бар; адам өмірінің белгілі бір сфераларын (неке, мұрагерлік, т.б.) реттеуші нормалар, нақты ахлактық ұғымдар (әділдік, мейірімділік, ұят, жомарттық және т.б.) келтірілген. Құранда адамды дел-сал етуші, миын улаушы апиындық өсімдіктерді пайдалануға, арақ-шарапқа тыйым салынған. Ішімдік індетіне діни бұғау салудың бұқаралық, тыныштық үшін де, отбасы тыныштығы үшін де қажеттілігі айдан анық. Тағамдардың ішінде Құран қан, жемтік, шошқа етін және Алла тағаланың аты аталмай бауыздалған малды жеуге тыйым салады. Әрбір адамның жеке бас тазалығына исламда көп көңіл бөлінеді — бес уақыт намазда дәрет алудан бастап, тұрған үй-ішінің тазалығына, тіпті киетін киімнің матасына дейін нақтылап көрсетілген. Киім киюде болсын, үйді безендіруде болсын шектен шығып, асқан байлығына масаттануды ислам хош көрмейді. Әйел баласының тәнін ашып, жалаңаштайтын жеңіл-желпі, жұқа матадан тігілген киімдер киюін де Құран қаламайды.
Құдайдың өзін тұрмақ, оның құдіретімен жаратылған пендесін, мақұлығын болсын ешкімнің бейнелеуге құқығы жоқ. Сондықтан да мұсылман өзінің үйін қаншалықты гүлмен, ою-өрнекпен безендіруге ерікті болса, соншалықты адам бейнесіндегі мүсіндермен, жалаңаш денелі суреттермен безендіре алмайды. Ер мен әйел қатынастарында, жалпы адамның тәні мен нәпсі мәселесіне келгенде, Құран біржақты тақуалықты, өмірдің қызықтарынан безінуді жақтамайды. Соның куәсі ретінде исламда христиан дініндегі сияқты дін қызметіндегі адамдардың (монахтардың) тақуалыққа түсуіне, яғни әйел бала қызығын көрмеуіне жол берілмейді.
Жалпы, ислам діні өзінің жолын қуушыларға асқан қиын талаптар қоймайды. Ислам дінінің өзі нақты өмірге икемделген дін. Ислам діні — бейбітшілік діні, әділет діні, тазалық діні болғандықтан, тек ізгі әдеттерді марапаттайды.
3-сұрақ: Қазақ ойшылдары мен ағартушыларының философиялық-ағартушылық және діни көзқарастары
Қазақ философиясының қалыптасуына Қорқыт ата үлкен үлес қосты. Оның үлгі-өнеге, өсиет-нақыл сөздері қазақтармен қатар барша түрік халықтарында кең таралған. Қорқыт жырлары – имандылық пен ізеттілік, адамгершілік пен парасаттылыққа меңзейді. Көбіне Қорқытты күйші ретінде білеміз, өмірде қайда барсаң да Қорқыттың көрі – деген аңыз кездейсоқтық емес, ол адам баласына айтылған ескертулер.
Ата-бабаларымыз адамның ішкі дүниесіне зер сала ақтара қарай отырып, оның әлеуметтік ортадағы салмағын анықтай білген. Соңында, өздерінің көз жеткізген ой қортындыларын жасаған. Олар адамға үлкен моральдық талаптар қоя отырып, зор сенім, үлкен үміт артады. Дәстүр-салтымызда, инабаттылық пен иманжүзділікті қалыптастыру мақсатында тақырыпты халық даналығымен байланыстырудың маңызы зор. Қазақ даналарының тұжырымдауынша, ақыл-парасаттылық мынадай 10 нәрседен тұрады:
1) адамдарға кішіпейіл және нәзік сезімталдықпен қарау;
2) өзінің ісінің бұрыс екенін біліп, соған орай әрекет жасау;
3) халқына қызмет етіп, олардың тілек-армандарын орындау;
4) өз сырларын басқаға білдіру-білдірмеуді білу;
5) өзінің және басқалардың сырын сақтау;
6) әр жағдайда сақ бола білу;
7) тілге ие болып, артық сөйлемеу;
8) мәжілістерде тыныш, үндемей отырудан, әдеп сақтап, білмейтін нәрсені айтпаудан және өкіндіретін сөздердің тілге ілігуінен сақтану;
9) қатеңді бірден мойындап, кешірім сұрау;
10) біреудің ісіне, өзі сұрамаса, араласпаудан, құлаққа жағымсыз сөзді айтпау.
Қазақ топырағында әдептануды арнаулы ілім ретінде қарастырған ғұлама-философ, әмбебап ғалым — Әбу Насыр әл-Фараби. Ол этиканы жақсылық пен жамандықты айыруға мүмкіндік беретін ғылым ретінде қарастырды. Оның түсінігінше, адам жаратылыстағы ең қасиетті жан. Сондықтан оған үлкен құрметпен қарау керек. Ғұлама данамыз Әл-Фараби «Қайырымды қаланың бірінші басшысы, қайырымды халықтың басшысы және жер жүзін мекендейтін елдің басшысы өз бойында туа біткен 12 қасиетті ұштастырған адам ғана бола алады деген. 1) Бұл адамның мүшелері мүлде мінсіз болуға тиіс, бұл мүшелерінің күші өздері атқаруға тиісті қызметті аяқтап шығу үшін мейлінше жақсы бейімделген болуы керек, сонда егер адам әлдебір мүшесінің жәрдемімен әлденедей бір іс істемек болса, ол мұны оп-оңай атқаратын болады; жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, айтылған сөзді сөйлеушінің ойындағысындай және істің жай-жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек; 2) өзі түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардан ешнәрсені ұмытпайтын болуы керек; 3) әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған заматта сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болу шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан-анық айтып бере алатын тілмар болу шарт; өнер-білімге құштар болу, оқып-үйренуден шаршап-шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болу керек; 4) тағамға, ішімдік ішуге, сыр-сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болу керек, жаратылысынан сауыққұмарлықтан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа жирене қарауы шарт; 5) шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған мен суайттарды жек көру керек; 6) жаны асқақ және ар намысын ардақтайтын болуы шарт; жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары болып жаратылысынан игі істерге ынтазар болуы тиіс; 7) жаман атауға, жалған дүниенің басқа да белгілеріне жирене қарау керек; 8) жаратылысынан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп әділетсіздік пен озбырлықты және осылардың иелерін жек көру керек; 9) жақындарына да, жат адамдарға да әділ болып жұртты әділеттілікке баулып, әділетсіздіктен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне де өз білгенінше жақсылық пен ізгілік көрсетіп отыруы қажет; 10) әділ болу керек, бірақ қыңыр болмау керек; 11) әдептілік; 12) өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек…» — дейді. Осы қасиеттердің бәрін келер ұрпақ бойына қалыптастыра отырып мінсіз адамды тәрбиелеп шығарамыз деп тұжырым жасайды ғұлама ғалым. Әл-Фараби шығармашылығындағы көрнекті орын алатын тәрбие мәселесі. Ол өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында тәрбие туралы сөз ете келіп, оған нағыз ғылыми анықтама берді:
• «Тәрбиелеу дегеніміз халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз»;
• «Тәрбиелеу кезінде халықтар мен қала тұрғындарына білімге негізделген қасиеттерден тұратын іс-әрекеттер дағдысы сіңіріледі»;
• «Этикалық ізгіліктерді – білім, тәрбие арқылы дарыту керек, сол арқылы адам игілікті істерге талпынады».
Әл-Фарабидің «Философияны үйрену үшін алдымен нені білу керек?», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Азаматтық саясат» атты трактаттарында: ұстаз қандай болу керек, ұстаз бен шәкірттің ара қатынасындағы психологиялық мәселелер туралы көп айтылған. Ғұлама бабамыздың түсінігінше ұстаздар да, қала басшысы да тәрбиелік қызмет атқаратын адамдар: «Ұстаз баланы тәрбиелесе, қала басшысы барша халықты тәрбиелейді. Олай болса екеуі де «Сегіз қырлы, бір сырлы» халыққа қай жағынан болса да үлгілі адамдар болуы тиіс», — деді. Әл-Фараби «Нағыз тәрбиеші ұстаздың бойында он екі тума табиғи қасиет және алты жүре дарыған қасиетті меңгерген дана адам болу керек», — дей келіп, оның мынадай сипаттамасын береді: «.. өнер-білімге құштар; — мүшелері мүлде мінсіз; — жаратылысынан өзіне айтқанның бәрін жете түсінетін; — өзі естіген, көрген, түсінген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, алғыр да аңғарымпаз; — өткір сөз иесі және ойына түйгенінің бәрін анық бере алатын; — тағамға, ішімдік ішуге, сыр-сұқбат құруға қанағатшыл; — жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын; — жаратылысынан игі істерге ынтызар; — әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты жек көретін; — жақындарына да жат адамдарға да әділ — пасықтық атаулығы мүлде рақымсыз; — қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек; — бойына туа біткен он екі, сондай-ақ өмір барысында жүре қалыптасатын алты қасиетке ие болған, бұларды бір-бірімен сәтті ұштастырған адам ғана нағыз ұстаз, жұртқа жақсы басшы бола алады», — дейді. Әл-Фараби болашақ мұғалім даярлауда ең алдымен еңбек етуге тәрбиелеу ең басты — қасиет деп санайды және еңбекті бірнеше түрге бөліп көрсетеді. Олар: адал еңбек, пайдалы еңбек, халықтық еңбек, көпшілік еңбек, бірлескен еңбек. Ол жастарды халықтық еңбекпен айналысуын жөн көрді, және мынадай өлең жолдарын да арнады: Халықтың қамын жесең, таза еңбек ет, Дәстүрді ұста, көксеген мұратқа жет. Болашаққа апарар бірақ жол бар, Білім, еңбек, тәрбие, ол – парасат. Бұл жерде Әл-Фараби таза, адал еңбекті – тәрбиенің алғы шарты етіп алды. «Тәрбиені неден бастау керек?» деген еңбегінде ғылымды, оқу-ағартуды меңгеруді, білім-тәрбие алу, еңбекке үйрену, философияны үйрену үшін адамның ар тазалығын, оның жеке басының тазалығын, еңбексүйгіштігі мен қызығушылығын бірінші орынға қояды. Қазақ халқының моральдық-этикалық тәрбиесінің басқа халықтарға ұқсамайтын өзіне тән мән-мазмұны, ерекшеліктері бар. Осылардың бәрі атадан-балаға жазылмаған заң ретінде халық педагогикасы құралдары арқылы өңделіп, толықтырылып отырған. Біздің пайымдауымызша: моральдық-этикалық дәстүрлер дегеніміз моральдық сана тәжірибесіне ендірілген, адамгершілік қатынас мазмұнында көрініс тапқан моральдық ережелер мен нормалар. Тарихи кезеңдердің жаңа дәуірі туғанымен ешқашан құнын жоймайтын моральдық-этикалық категорияларға: ар, ұят, намыс, абырой, ұждан, абырой, борыш, парыз, борыш т.б. жатады. Оған қазақ халқының «Ақылды болсаң, арыңды сақта, ар-ұят керек әр уақытта», «Жігіттің құны — жүз жылқы, ары — мың жылқы», «Ұят кімде болса, иман сонда», «Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі», «Өз ұятын білген кісі, бір кісіге төрелік береді» т.б. деген мақал-мәтелдері дәлел бола алады. Қазақ халқы ар-ожданды, абыройды қатты қастерлеген, оны адамгершіліктің туы етіп көтерген, сондықтан жастарға бата бергенде «Абыройлы бол!», «А, құдай абыройыңнан айырма» — деп тілек білдіріп отырған. Ал, намыс – адамның ішкі сезімі, абыройды қорғайтын құралы. Намыс – адамның қадір-қасиетіне байланысты өте нәзік, өткір, күшті лап етпе сезім. Ол адамды жаман әрекеттерден сақтайтын таза ұлы қасиет. Қазақ халқының моральдық-этикалық тәрбиесі туған жерге, отбасына, үлкен-кішілерге, қоғамға т.б. көрініс береді. Үлкендерге деген сыйластықты орнату мақсатында қалыптасқан нормалар мінез-құлықтың қалыптасуына зор ықпал етеді. Бұған мысал: үлкеннің жолын кесіп өтпе, сөзін бөлме, үлкендерге сәлем бер, үлкендердің көңілін қалдыратындай қылық жасама, т.б. Мораль, адамгершілік, парыз деген ұғымды ең алғаш отбасынан яғни ата-анасы арқылы біліп, түсінеді. Ата-ана парызы — өтелмейтін парыз. Соның ішінде ананың орны ерекше. «Ана сүтін оны Меккеге үш рет арқалап апарсаң да өтей алмайсың», — деп халық бекер айтпаған. Халықтық тәлім-тәрбиеде әкенің де орны ерекше құрметті. Аналарының балаларына «әкең біледі», «әкеңмен ақылдас», «әкеңнен бұрын асқа отырма» деп барлық нәрсені әкесінің нұсқауымен істеуге үйретуі әкенің қазақ отбасындағы орнын көрсетеді. Мұның бәрі қазақ халқының бала тәрбиесіне үлкен мән бергенін дәлелдейді. «Он үште отау иесі» деген ұғым бойынша бабаларымыз ес білген шағынан бастап баланы өмірге даярлаған, әсіресе ер бала шыр етіп келген сәтінен он үшке дейінгі кезеңде өмірдің құпия сырын, ауыртпашылығын, тұрмыс-қарекетінің жыл мерзіміне сай ерекшелігін үйретіп, құлағына құйып отырған. Он үш жасқа дейін осынау ғаламды дұрыс игерген бала өзінің өмірін де басқара алады, елін қорғауға да ақал-парасаты жетеді деп түсінген. Халық педагогикасында ең негізгі қағида адамнан, адамның өмірінен артық, одан қымбат, одан қасиетті ешқандай құндылық жоқ деген көзқарасты ұстану және адамды айырбастайтын, оны өмірі пида боларлық дүниеде ешқандай құндылықтың жоқтығын түсіну болып табылады. «Адам деген ардақты ат», «Адам болып туған соң, адам болып өлу лазым», «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», т.с.с. халық даналығындағы мақал-мәтелдер адамның құндылық екенін дәлелдейді. Қазақ халқының моральдық-этикалық нормалары болашақ мұғалімдерді мақсаттылыққа, ішкі сұраныспен өмір сүру және жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру ісіне, барлық жағдайда моральдық кодекс принциптері мен жоғары адамгершілік идеяларды басшылыққа ала отырып, оларды оқу-тәрбие ісінде жүзеге асыруға, кәсіби парыздылық сана-сезімінің қалыптасуына көмектеседі. Әл-Фараби педагогика, психология, эстетика мен акустика, астрономия мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға жемісті үлес қосқан. Сондай-ақ ол парасаттылық пен ағартушылықты жақтаған үлкен гуманист. Әбунасыр — халықтарды бейбіт өмір сүруге, достыққа шақыра отырып, адам баласының білім мен парасатты ойын терең бағалаған кемеңгер. Әбунасыр метофизика, тіл білімі, логика, география, этика, т.б. ғылым салаларын қамтитын жүз елуге тарта трактаттар жазып қалдырыпты.
Махмұд Қашқари — түркі халқының 11 ғасырда өмір сүрген аса дарынды перзенттерінің бірі. Ол Жүсіптің замандасы
Ол өз еңбегін «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі сөздерінің жинағы») деп атаған. Бұл «жинақ» «орта ғасырлардағы түркі тілдес халықтардың энциклопедиясы» деп атауға тұратын шығарма, сол кездегі тайпалар туралы нақты материалдардан құрастырылған үш томдық әйгілі еңбек.
Қашқаридың бұл еңбегі аталған жерлердегі халықтардың мәдени және рухани байланыстарын анықтауға мүмкіндік береді. А.Н.Кононовтың сөзімен айтқанда: «Түркі тілдерінің сөздігі» — ХІ ғасырдың түркілердің өмірі, олардың материалдық мәдениеті, бұйымдары, тұрмыс-жайлары, этнонимдері мен топонимдері, қызмет адамдарының дәрежесі, тағам, сусын түрлері, үй жануарлары мен аумағындағы жабайы аң-құстар, мал шаруашылығы, өсімдік дакылдары, астрономия терминдері туралы, күнтізбелер, ай, апта, күн аттары, ауру түрлері, дәрі атаулары, анатомиялық терминология, минералдар мен материалдар туралы, әскери, спорт және әкімшілік терминологиясы, түрлі тарихи және мифтік қаһармандардың есімдері, діни және этностық терминология туралы, балалар ойындары мен ермектері және басқалар туралы бірден-бір деректеме болып табылады».
Қожа Ахмет Иассауи – халқымыздың руханиятына үлкен әсер еткен ортағасырлық ақын, философ, дін уағыздаушы. Орта ғасырлар Орталық Азия мұсылмандары үшін аса жауапты кезең болатын. Осы заманда ел бірлігін, халықтың татулығын, имандылықты өз шығармаларына арқау еткен бір топ ақыншайырлар тарих сахнасына шықты. Олар — Ахмет Иүгінеки, Ахмет Йасауи, Сүлеймен Бақырғани еді.
Түркістан маңында туып, ер жеткен соң, Түркістан қаласында өзінің шығармашылық , діни қызметін бастаған. Қожа Ахмет жас түркі елінің атақты шейхтары Арыстан баб және Жүсіп Хамаданидан тәлім, білі алады. Одан соң білімін Бұхарадағы діни орталықтарда жалғастырады. Ахмет Йасауидің қаламынан туған көлемді шығарманың бірі — «Диуани хикмет» — «Даналық кітабы». Ол оғыз-қыпшақ тілінде жазылған. Ахмет Йасауидің бұл шығармасы — діни сопылық еңбек. Исламның ішіндегі сопылық бағыт 8 ғасырда пайда болған. Жалпы, сопылық құран мен шариғатты толық мойындайды. Сопылық, өнеге, ұстамдарға халықтық жоғары мораль, адамның ішкі, сыртқы тазалығы, Аллаға сана арқылы ғана емес, өзінің шынайы тіршілігі арқылы құлшылық ету, қызықшылдыққа, байлыққа құмар болмау сияқты қағидалар тән. Сопылық өзінің осындай қарапайым, бұқара халықтың көңіліне жақындығымен ел арасында жақсы қолдау тапты, сөйтіп ислам дінінің бұқара халықтың арасына таралуына оң әсер етті.
Ахмет Йасауидің өлеңмен жазылған «Даналық кітабындағы» жеңіл және түсінікті тілмен әсерлі жеткізілген осы қағидалар орта ғасырлардағы түркі халықтарының діни дүниетанымының, моралінің қалыптасуына үлкен әсері болды. Йасауиден кейінгі қазақ жырауларының, ақындарының, ойшылдарының еңбектерінен сопылық ықпал, өнеге анық байқалады.
Мұхаммед Хайдар Дулати — Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан ғалым. Түркі халықтарының ортақ мақтанышы, тұңғыш тарихшысы. Оның басты еңбегі — әлемге әйгілі «Тарихи Рашиди» шығармасы парсы тілінде жазылып, дүние жүзіне таралған.
«Тарихи Рашидиді» Хайдар мырза 1544—1546 жылдар шамасында Кашмирде жазған. Ол екі дәптерден, яғни екі бөлімнен тұрады. Мауереннахрдағы Шағатай әулеті құрған мемлекет біржола ыдырап, екіге бөлінеді, Моғолстан деген атпен белгілі болған шығыс бөлігіне Жетісу, Тараз-Талас маңын мекендеген беделді де белгілі тайпа — дулаттардың қолдауымен Тоғылық Темір (1330—1362 жылдары) хан болады.
«Тарихи Рашидидің» бірінші дәптерінде сол Тоғылық Темір ханнан бастап өзін Жаркенттен кетуге мәжбүр еткен Абд-ар-Рашид ханға дейінгі Моғолстанда екі ғасырға жуық уақыт арасында болған тарихи оқиғалар әңгімеленеді. Мысалы, Шағатай текті Шер Мұхаммед хан мен Уәйс ханның Моғолстан тағы үшін болған қанды айқастары, Уәйс ханның тілегіне жеткені, оның қалмақтармен болған сансыз соғыстары да баян етіледі.
Сөйтіп, ол Моғолстанның хандары, дулаттан шықкан әмірлері мен бектері, онда өмір сүрген түркі тайпаларының тыныс-тіршілігіне тоқталды. Ханның өзі және ұрпақтарының Мөуереннахрда, сондай-ақ қазақ хандары һәм сұлтандарымен жүргізген соғыстары жайлы тәптіштей баяндаған. Хайдар мырзаның бір ерекшелігі — ол тек шындықты ғана жазды.
Қадырғали Жалайыр – Жалайыр тайпасынан шыққан ортағасырлық ғұламалардың тағы біреуі әрі бірегейі.
Қадырғали ана тілімен қатар араб, парсы тілдерін жетік игеріп, Шығыстың классикалық озық әдебиеті мен мәдениетін, ғылымын терең білген… «Мен дүние жүзіндегі неше түрлі мемлекеттерді аралаған, әділ үкім, нақыл сөзге қанық көптеген кітаптар оқыған адаммын», — деп жазды ол «Жылнамалар жинағында».
Қадырғали казіргі Рязань жерінде орналасқан аралық мемлекет Қасым хандығында тұрған кезде өзінің атақты еңбегі «Жамиғ Ат-Тауарихты» («Жылнамалар жинағы») жазды. Ол оны 1602 жылы аяқтаған. Қадырғали Жалайыри «Жылнамада» Шығыс елдеріне, оның шаһарларына шолу жасап, қазақ сахарасын мекендеген жалайыр, арғын, қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керей, алшын, т.б. секілді түркі тайпаларына анықтама береді. Қазақ хандарының өмірбаяндарына тоқталады. Ол қазақ жері, оның қалалары туралы аса құнды тарихи деректер қалдырды. Мұнда қазақ тайпаларының халық болып қалыптасуы жайлы сөз болды. Қазақ хандарының әлеуметтік-саяси жағдайлары, Қазақстанда рулық патриархаттық-шонжарлық қатынастардың қалыптасуы, хан төңірегіндегі сұлтандар мен қарашалар, бектер мен хафиздер, т.б. әлеуметтік топтар туралы құнды тарихи деректер мол.
Қазақ ойшылдары мораль хақында
Қазақ мәдениеті түркілер өркениеті мен араб-мұсылман өркениетінің тоғысуында дүниеге келген. Қазақ халқының адамгершілік туралы ой-толғаныстарын осы екі мәдени кеңістіктің ықпалын өз бойында тоғыстырған қазіргі исі түріктердің ұстазы әл-Фарабиден бастаған жөн. Мәдениет тарихына қысқаша шолу жасап өтер болсақ, ортағасырлық Шығыстың, Батыс Еуропаның мәдени дамуынан әлдеқайда алда тұрғандығын білеміз. Орта ғасырлардың өзінде-ақ араб-мұсылман өркениетінің аймағында ренессанстық сипаттар пайда болған: біріншіден, қалалық мәдениет өркендеген; ғылым-білімге басты назар аударылған; антикалық мұра қолға алынып, аудармалар жасалынып, грек философтарының жолын қуушылар (перипатетиктер, неоплатониктер) пайда болған. Шырыс перипатетизмінің немесе Аристотельдің жолын қуушылардың бірі, дүние жүзі ғалымдарының «екінші ұстазы» атағына ие болған әл-Фараби этиканы —жақсылық пен жамандықты, ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Әл-Фараби грек этикасының орталық ұғымы — эвдемонаны өзінің этикалық шығармаларына арқау етіп алады. «Бақытқа жол сілтеу» трактатында ұлы ұстаз о дүниенің баянсыз бақыты туралы емес, тірі адамның шынайы өміріндегі бақыты туралы сөз қозғайды. Оған жету үшін адам өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, әл-Фараби адамдардың өзі көздеген мақсатына жетуі оның өзіне ғана байланысты екенін айтады. Адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруы тиіс. Адам ақиқатқа, айналадағы дүниені танып-білу арқылы ғана жетеді деп түйін жасайды.
Әл-Фарабидің этикалық көз-қарасты танытатын тағы бір шығармасы — «Қайырымды қала тұрғындарының көз-қарасы». Онда философ полистің тұрғындары бақытты болуы үшін оны жақсы әкім басқаруы керек деп ұғады. Жақсы әкім сипаттамасы мынадай: әділ, инабатты, мейірімді, жан-жақты білімді, жақсылыққа жаны құмар, батыл, жомарт жан. Жеке адамның бақыты жалпы қоғам бақытына ұласады деп есептеген Фараби эвдемоналық күйі де мүмкін.
Жүсіп Баласағұн
“Құтты білік” дастаны орта ғасырларда бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған Қарахан әулеті мемлекеті түріктерінің тілінде жазылған. Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Оны Қ.Каримов өзбек тіліне (1971), Н.Гребнев (1971) пен С.Иванов орыс тіліне (1983), А.Егеубаев қазақ тіліне (1986), бір топ аудармашылар ұйғыр тіліне (Пекин, 1984) тәржіма жасады. Қарахан әулеті билік жүргізген дәуірде ұлан-ғайыр өлкені алып жатқан осы мемлекеттің басқару тәртібін белгілейтін ережелер, сондай-ақ, қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін айқындайтын тиісті заңдар жоқ еді. Міне, елдегі осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Жүсіп Баласағүни өзінің “Құтты білік” дастанын жазды. Демек, дастан белгілі бір мағынада елдегі Ата заң (Конституция) қызметін атқарған. Жүсіп Баласағүни дастанда патшалар мен уәзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, әскербасылар мен нөкерлердің, тәуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, т.б. қоғам мүшелерінің мінез-құлқы, білім дәрежесі, ақыл-парасаты, құқықтары мен міндеттері қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады. Ақын мәселені әмірші-патшаның өзінен бастайды. Ел-жұртты басқаратын адам – ақыл-парасаты ұшан-теңіз, ниеті түзу, сөзі шырын, білім мен өнерге жетік, қолы ашық, пейілі кең, жүзі жарқын, ешкімге кек сақтамайтын жан болуы шарт екенін айтады. Ел басқарған әкімдерді күншілдік, ашкөздік, сауық-сайранға құштарлық, қатыгездік, кекшілдік сияқты жаман қылықтардан сақтандырады. Бұдан кейін ақын патшаның көрер көзі, естір құлағы “хас хажиб”, яғни бас уәзір міндеттерін тізбектеп, зор білгірлікпен айтып шығады. Бас уәзір халықтың талап-тілектерін патшаға, ал патшаның айтар ой-пікірін, жарлықтарын халыққа жеткізіп отыруы тиіс. “Құтты білікте” елшіге қойылатын талаптар егжей-тегжейлі сипатталып жазылған. Елші ерекше зерек, өзі көрікті, көп тіл білетін, шешен,жақсы аңшы, құсбегі, жұлдызшы (астролог), түс жори білетін, музыкант сияқты көптеген қасиеттерге ие жан болуы қажет. Ақын сөзімен айтқанда, “елші ердің төрт құбыласы тең болсын, елде – кісі, сыртта – бүтін ел болсын!” – дейді. Дастанда осылайша елдегі барлық лауазым, кәсіп иелеріне қойылатын моральдік-этик. талаптар сипатталып көрсетілген. “Құтты білік” дастаны, негізінен, мемлекетті басқару мәселесіне арналған шығарма екенін растай түседі. Дастанның басты идеясы төрт принципке негізделген. 1) мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдіктің символдық бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді. 2) бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған. 3) ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық-әлеум. рөлі уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесінде жырланады. 4) қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Ордгүрміш бейнесі арқылы әңгіме болады. Ортағасырлық Шығыс ойшылдарына тән үйлесім – танымды көркем және ғылыми әдістермен ұштастыра қолдану Жүсіп Баласағүни ғибратында суреткерлік, ойшылдық, ғұламалық, философтық қасиеттердің үйлесім табуынан, ғылым даналығының біртұтастығынан көрінеді. Түркі мәдениетінің нәрлі бұлағынан сусындап, мұсылман өркениетінің қуатты ықпалымен толысқан ойшыл өз шығармашылығында адамның қоғамдағы орны мен қызметін түсінуге ұмтылып, мінсіз қоғам жайындағы өзінің биік филос. мұраттарын баяндайды. Жүсіп Баласағүниның “Құтты білігінде” өмір мәні пайымдалып, жалпыадамзаттық рухани байлықтар – мұрат, дін, этика, өнер және даналықтың мәні сараланған. Жүсіп Баласағүни ақиқатқа жету жолын адам мен әлемнің, ұлы ғалам мен микроғаламның үйлесімді болуы туралы қағидаға негіздейді. Төрт құдірет – от, су, ауа, жер жайлы ежелгі дәуірдің философиялық түсінігіне сүйене отырып, ойшыл әлем осы төрттағанның үйлесімінен жаралған деп санайды. Осындай тағы бір төрттаған Жүсіп Баласағүниның қоғам туралы ойларында, яғни қазіргі түсініктегі әлеум. философиясында әділет, бақыт, ақыл және қанағат ретінде бейнеленіп, “Құтты біліктің” төрт кейіпкерінің бойына жинақталған. Ғалам мен микроғаламның тұтастығы, барабарлығы туралы ой Жүсіп Баласағүни дүниетанымының өне бойынан байқалады. Бұл жалған дүниені ақыл тезіне салып түзетуге болатынына да сенген ғұлама әлемдік үйлесімділік негізінде әділетті адамзат қоғамын құруды армандады. Сондықтан ол ғылым мен білімге зор мән берген. Жүсіп Баласағүни жалпыға ортақ парасаттың танымның нәтижесі ретіндегі білімге көшуі адам мүмкіндігінің жүзеге асуы деп біледі. Ғұлама білімнің туа бітетіндігі жайлы пікірге қарсы шығып, оған парасатты іс-әрекеттің нәтижесінде қол жеткізуге болатынына сенеді. Білімге молынан сусындаған адам ғана көп нәрсеге қол жеткізе алады. Оның пікірінше, білім – даналық, денсаулық және жан толысуы. Жүсіп Баласағүнидің ойынша, қоғам құрылымындағы кемелдіктің өлшемі әлеум. тәртіп бұзылғанда ғана көзге түсе бастайды. Сол кезде жаңа мұраттар мен ұрандар пайда болып, халық қолдауына ие болады. Ол қоғамдық құрылымның кемелдігін жеке адамның бостандығы, тәуелсіздігі анықтайды деп санады. Жүсіп Баласағүни өзінің әлеуметтік философиясында қоғамдағы кемелдіктің негіздері мен іс жүзіндегі көріністерін өзара тығыз байланыста қарастырады. Танымдағы кемелдік – білік, оның іс жүзіндегі көрінісі – укуш деп біледі ол.
Жүсіп Баласағүни өз еңбегінде зердеге айрықша тоқталған. “Құтты білікте” ол, ең алдымен, даналық яғни қазіргі түсініктегі теориялық зерде туралы ой толғап, даналық табиғатын, оның ерекшелігін, туа біткен қабілеттер мен кейінгі білім жинақтаудағы адамның өз рөлі, таным процесінде ақиқатқа ұмтылу, т.б. мәселелерді қарастырады. Ғұлама өз туындысын Шығыс перепатизмінің арнасында, сопылық ағымның қуатты ықпалымен жазып шыққан. Ойлау қызметі тек адамға ғана тән, жануарларда жоқ қасиет деп біледі ол. Егер сезім алдамшы болса, онда оған толық сенуге болмайды, ал ақыл, зерде әрқашан адамға қызмет етеді, оның жалғандығы жоқ. “Құтты біліктің” негізгі айтар ойы – адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, мықты, құтты ету. Кісілік кемелдену жолына түскен адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл жан. Дастан оқырманына құт-береке мен бақытқа өз адамгершілігін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Ондағы “өзіңді сақтау”, “өзіңді ұмытпау” қағидасы адамның адамшылығын танытар қасиеті – адамгершілік пен кісілікті жетілдіруге бағытталған. Ақын өтпелі өмір мен өлім жайында терең толғанады. Оның ойынша, өкініштің ең ауыры өлшеулі өмірде дүние қызығы мен тән тілегі жетегінде кетіп, діл тазалығын сақтай алмаудан туады, сондықтан адам өзінің кісілік қасиетімен бірге өмірдің өткіншілігін де ұмытпауы қажет. Мұнан өзге Жүсіп Баласағүни шығармашылығына ізгілікке құштарлық пен іңкәрлік, сопылық танымдағы Алланы сүю, әлем мен адам сырына терең бойлауға ұмтылушылық белгілер тән. Дастанның әдеби, тілдік, тарихи тұрғыдан ғыл. мәні ерекше. Бұл дастан бертін келе қазақ халқының этникалық құрамын қалыптастырған ру-тайпалардың орта ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін, әдет-ғұрпын, сөз өнерін, тілін, т.б. зерттеп білу үшін аса қажетті, құнды мұра болып табылады. Баласағұнның жақсылық пен жамандық жайында айтқан мына бір ойын келтіре кетпесімізге болмайды: «Егер ол мейірімділер күшті, ал қатыгездер әлсіз болса, біз ауыр ойлардан тұнжырамас едік. Егер әлемде әділдік заң болса, тағдырымыздың қатыгездігіне наразы болмас едік».
Қазақ поэзиясындағы жыраулық дәстүр
Ордада ханның қасында әр уақытта ақылшы жыраулар болған. Жыраулар — халық поэзиясын жасаған ақылғөй даналар. Олар заманының өздері куә болған елеулі уақиғаларын, тарихи кезеңдерді жырға қосқан…
Жыраулар поэзиясына дейінгі әдебиет халык жасаған ауыз әдебиеті деп аталды. Жыраулар поэзиясы Қазақ хандығы құрылғаннан бастап (XV ғасыр) өріс алды. XV ғасырда Асан Қайғы, Казтуған жыраулар өмір сүрді.
Жырауларды халык, қадір тұтқан. Ел толқыған кезде, бүліншілік шыққанда немесе ел шетіне жау келген кездерде ақыл, кеңес сұрайтын болған. Мұндай кезде жырау жұртшылықты абыржымауға шақырып, оларға күш-қуат беріп (дем беріп), істің немен тынатыны жайлы болжамдар айтып отырған. Жыраулар поэзиясы ХV-ХVII ғасырлар аралығын қамтиды.
Жырау деген атау «жыр» сөзінен шыққан. Жыршы деп көптеген эпостық жырларды жатқа білетін, дайын репертуары бар айтқыштарды таныған.
Жыраулар өз шығармаларын ақыл-нақыл, өсиет түрінде айтқан. Олардың толғауларының негізгі тақырыптары — туған жерді, елді сүю, Отанды қорғау, елді бірлікке шақыру, адамгершілік қасиетті насихаттау.
Жыраулар поэзиясы – халқымыздың неше ғасырлық өмірін өнер өрнегіне, ақыл сөзіне бейнелеп түсірген, өшпес, өлмес мұрамыз.
Жыраулар поэзиясы халықтың басынан өткерген тарихи оқиғаларды, оның арман-мұратын, кешірген ауыртпалықтарын жырлаумен ғана бағалы емес, елдің саяси-әлеуметтік тіршілігін, ойсанасын, дүниетанымын көркем бейнелі тілмен бере білуімен де бағалы.
Олар өмір диалектикасына да терең көз жіберген, дүниенің бірқалыпта тұрмайтынын («мынау жалған дүние кімдерден кейін қалмаған» – Шалкиіз), үнемі өзгерісте болатынын дұрыс пайымдаған. Жыраулар поэзиясында адамгершілік этика, мораль мәселелері кең орын алған. Оларда бүгінгі жастар ғибрат, тағлым алар дүниелер молшылық.
Асан – өз заманының асқан ақылгөйі. Жыраудың өзі айтқандай, онан қалған «таза мінсіз асыл сөз» аз болмаса керек, бірақ олардың бәрі біздің заманымызға жетпеген. Асан атына «қайғы» деген сөз қосылуы да көп нәрсені аңғартады. Мұнан біз оның желмаяға мініп, еліне шұрайлы, жайлы қоныс, шүйгін жер іздеумен өмір кешкен халық қамқоры екенін танимыз. Асан ел тыныштығын армандаған. Мал баққан көшпелі елге керегі – бейбіт тіршілік. Бірақ, ол кезде жаугершілік, басқыншылық, соғыс, құнарлы жер үшін ұрыс-қақтығыс жиі болып тұрған. Олар ел берекесін кетіріп, күйзеліске ұшыратқан. Жырау халық басына төнген осы ауыртпалықты көре білген.
Асан қайғы «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің» деген Жәнібек ханға айтқан толғауында «шабылып жатқан халқың бар, аймағын көздеп көрмейсің» – деп күйзелген халқының қамын ойлау орнына «қымыз ішіп қызарып, масаттанып, қызып, өзінен басқа хан жоқтай елеуреп, бақ-дәрежесіне, мансабына масаттанған» ханға батыл үн қатады. Жырау бұл жерде ханның мақтаншақ, парықсыз, ұшқалақ мінезін тамаша бейнелеген. Елінің қамын, ертеңін ойламаған ханға жырау «Ойыл көздің жасы еді… Ойылдан елді көшірдің, Жемде кеңес қылмадың, Жемнен де елді көшірдің… Еділ деген қиянға, еңкейіп келдің тар жерге», – деп нали тіл қатады.
Асан қайғы ел, халық тағдырына, болашағына терең көз жібереді, қабырғасы қайыса жыр төгеді, болжам жасайды. Ол өз тұсындағыларға да, келешек ұрпаққа да биік адамгершілікті уағыздаған. Жырау:
Ашу – дұшпан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің.
Түбі терең қуысқа, –деп шалдуарлық теріс мінездерден сақтандырады. Сол сияқты «Ердің құны болса да, қол қусырып барған соң, аса кеш те қоя бер, бұрынғыны қуыспа», – деп, қайырымдылық, ерлік істерге жетектейді. Асан қайғының:
Арғымаққа міндім деп, Достарыңмен санаспа!
Артқы топтан адаспа! Ғылымым жұрттан асты деп,
Күніңде өзім болдым деп, Кеңессіз сөз бастама!
Кең пейілге таласпа! Жеңемін деп біреуді
Артық үшін айтысып, Өтірік сөзбен қостама! –деген жолдарындағы өмір тәжірибесінен түйген парасатты толғам-танымы, философиялық терең ойлары бүгінгілерге де үлгі-өнеге.
Қазтуған Сүйінішұлы (шамамен 15 ғасырда өмір сүрген) – жырау, жорық жыршысы, қазақ эпосын жасаушылардың бірі. Қазтуған жыраудың артынан өмір, болмыс туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырдан құралған мол мұра қалған. Бізге жеткен шығармаларынан қазіргі кезде «Бұдырайған екі шекелі», «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Белгілі биік көк сеңгір» деп аталатын үш толғауы ғана бар. Алайда аталған үш шығарманың өзі-ақ Қазтуғанның қазақ әдебиет тарихынан орын алуына негіз бола алды. Қиялының ұшқырлығы, кеңдігі, суреттеу тәсілдерінің байлығы мен әсемдігі орта ғасырларда қазақтың ақындық өнерінің жоғары дәрежеде әрі өзіндік сипатқа толы болғанын танытады. Ұлттық бояуы ашық, өршіл романтикаға суарылған, афористік толғаныс, көркем тіркестерге бай Қазтуған жырлары әлденеше ғасырлар бойы қазақ ақындарына үлгі, өнеге мектебі болған.
Жыраудың «Бұдырайған екі шекелі» толғауында әрі жырау, әрі батырға тән өз портретін өзі жасап, ұтымды да дәл метафоралық салыстырулар арқылы әсем көмкерген. Ал, «Алаң да алаң, алаң жұртта» халықтың туған мекен – Еділін тастап, шу бойында алғаш хандық құрып, қоныс тебуі, тәуелсіз ел болу кезеңін меңзейді. Қазтуғанның туған жер, өскен елге деген махаббаты да кіршіксіз әрі шексіз. Ол «Кіндік кесіп, кір жуған» ата қоныс – Еділдің дарқан байлығы мен шексіз де шетсіз қуатты мекен екенін сипаттау арқылы өз сүйіспендігін жайып салады. «Жатып қалған бір тоқты жайылып мың қой болған жерді» суреттегенде, оның елге қорған, мықты тірек болғанын да ұмытпайды. «Белгілі биік биік көк сеңгір» жырынан жауынгер-жыраудың өмір жайлы тыныс-түсінігі айқын аңғарылады. Бұл аталған жырлар қазақ әдебиетінде өзінің мазмұны мен көркемдік сипаттары жағынан ғана емес, сыртқы түзілім-құрылыс тұрғысынан да ерекше дараланады. Қазтуған жырлары алғаш рет Ғ.Мұштақтың «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» деген кітабында басылған. Кейіннен «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «15-18 ғасырлардағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» атты жинақтарда жарық көрген.
Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560 ж.ш.) – жырау, орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі. Жырау туындылары әсерлі, өткір, аз сөзге көп мағына сыйғызған сұлу сазды көркемдігімен ерекшеленеді. Оның «Асқар, асқар, асқар тау…», «Қоғалы көлдер…», «Арғымақ ару аттар…», «Ор, ор қоян, ор қоян…», т.б. шығармаларында орта ғасырлық қарапайым көшпелілердің өмірі туралы нанымды, моральдық, этикалық түсініктер көрініс тапқан. Ал «Алаштан байтақ озбасы…», «Жапырағы жасыл жаутерек», «Ер шобан», т.б. жырлары ерлік рухқа, асқақ романтикаға толы. Шалкиіздің халық арасына ең көп тараған шығармалары – «Би Темірге айтқаны», «Би Темірді қажы сапарынан тоқтатуға айтқан» толғаулары.
Ол ертедегі қазақ поэзиясының өлең өрнегін байытқан ақын.
Сарыұлы Ақтамберді (1675 — 1768) атақты жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері. Ұлы жүздің Ошақты руынан. Жыраудың «атадан жалғыз туғанның жүрегінің бастары сары да жалқын су болар» деуінде өз өмірінің шындығы бар.
Қазақ тарихындағы аласапыран кезеңде өмір сүрген Ақтанберді «дұшпаннан көрген қорлығым, сары су болды жүрекке. Он жетіде құрсанып, қылыш ілдім білекке. Жауға қарай аттандым, жеткіз деп, құдай, тілекке» деп, өзі айтқандай, он жеті жасында ақ қолына қару алып, ел қорғауға аттанады.
Жыраудың ақындық даңқымен балуандық, батырлық даңқы қатар шығады. Орта Азия хандықтарымен, қалмақтармен арадағы ұрыстарға қатысып алғашқы кезде жеке басының ерлігімен, соңынан қолбасшылық қабілетімен көзге түседі. Сақа батырлар санатына қосылған кезде атақты «Ақтабан шұбырындының» куәгері болады. Осы кезде ол жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт азаттық күресін ұйымдастырушылардың және жеңісті жорықтарға дем берушілердің бірі ретінде танылады. Жоңғар мемлекеті талқандалып, шығыстағы бұрынғы жау қолында қалған жерлер босатылған кезде сонда қайта қоныс аударған қазақтарды ата мекеніне біржола орнықтыру жолында Ақтанберді айтарлықтай роль атқарады. Өзіне қараған руларды отырықшыландырмақ болып, арық, тоған қаздырады, егін ектіреді.
Ақтанберді шығармалары негізінен нақылдық толғаныстар түрінде болп келеді. Олар көшпелі қазақтардың ой арманымен, мақсат мүддесімен астасып жатады. Жыраудың «Түйе мойнын тұз кесер», «Күлдір күлдір кісінетіп», «Жылқыдан асқан мал бар ма?» тәріздес әйгілі толғауларынан қазақ халқының мінез құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көз қарастары анық аңғарылады. Мал атаулының, оның ішінде жылқы түлігінің көшпелілер өміріндегі орыны жайында өз тұстастары арасында дәл Ақтанбердідей толғаған ақын жоқ. Ол жылқыны тіршілік көзі, жігіттің көркі деп есептейді. Әсіресе, батырдың жан серігі, жауға мінер тұлпары ретінде мадақтайды.
Ақтанберді жырларындағы негізгі сарын ерлікке үндеу, жауға қарсы күреске жігерлендіру. Ол жау табанында қалған жерлерді азат етуді аңсайды, бүкіл қазақ болып бірігіп атқа қонуды, жоңғарларға күйрете соққы беруді армандайды. «Балпаң балпаң кім баспас», «Жауға шаптым», «От басар орыны отаудай» секілді біраз жырларында жұртшылықты ата жаумен айқасқа шақырады. Ел қорғау жолында өлген ерде арман жоқ деп білді.
Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктері, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, әділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған.
Ақтамберді жырау өз ғұмырнамасын толғауларына көркемдік қуаты зор, келісті нақыштармен түсірген. Шығармалары зиялы зергердің қолтаңбасын танытады. Әлі де қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі қолда бары 300 жолдан аспайды. Азғантай қазынасының өзі афоризмдерге толы. «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Уа, қарт Бөгенбай», «Менімен ханым ойнаспа», «Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің тар болды» және тағы да басқа өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, патриоттық күй-сезімдерге толы.
Ақтамбердінің «Балаларыма өсиет» деп аталатын толғауы соңғы туындыларының бірі болса керек. Жырау балаларын тірліктегі бірлікке, талап-мұратқа, татулыққа үндейді. Жас ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы елді мақсатына жеткізерін ескертеді. Халықты алауыз мінездерден сақтандырады.
Жиембет жырау, Жиембет Бортоғашұлы (16 ғасырдың соңы мен 17 ғасырдың алғашқы жартысы) — жырау, әскербасы, қазақ тарихындағы ел бастаған көсем деңгейіне көтерілген елеулі тұлғалардың бірі.
Кіші жүз құрамындағы байұлы тайпасының бір руы танадан шыққан Жиембет жырау өз заманында бүкіл алшынға әмірін жүргізді. Еңсегей бойлы ер Есім ханның ұлы жорықтарында асқан ерлік көрсетті. Ол 1620 жылғы ойраттармен болған ірі соғыста Кіші жүз қолын басқарып, қазақтардың жеңіске жетуіне ықпал етті. 1627 жылы Қазақ хандығы құрамынан бөлініп шығып, дербес билік құрғысы келген Қатағанның ханы Тұрсынның бүлігін басқан Есім ханның қасында болып, ел тұтастығын сақтау жолында қажырлы қайрат көрсетті.
Кейін Кіші жүзге сөзі өтіп тұрған Жиембет жыраудың билігінен сескенген Есім хан, оны інісі Жолымбетпен бірге жер аударып жіберді. Жиембет жырау ханның қаһарынан қайтпаған өр кеуделі адам болған сияқты. Иесіз аралға айдалып бара жатқан Жиембет жырау: «Еңсегей бойлы ер Есім, Есім сені есірткен, Есіл де менің кеңесім»… деп Есім ханға айбат шеге, ойындағысын тайсалмай айтып кетеді. Ел аузындағы бір деректерге қарағанда, Жиембет жырау сол айдауда жүріп, қайтыс боласа, келесі бір деректерде, Есім хан дүниеден өткеннен кейін туған жұртына қайтып оралады. Бірақ Жиембет жыраудың Есім хан қайтыс болған 1643 жылдардан кейінгі ғұмыры белгісіз.
Қалқаманұлы, Бұқар жырау (1668—1781) — қазақтың ұлы жырауы, 18 ғ. жоңғар басқыншыларына қарсы қазақтың азаттық соғысын бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы.Шыққан тегі Арғын тайпасының қаржас руынан. Заманындағы сыншылар оны «көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең сөз төгіледі екен.
Абылай хан бір жаққа жорыққа аттанарда одан айдың, күннің сәтін сұрайтын, көрген түсін жорытатын болған. Ел аузындағы аңыз әңгімелерге қарағанда, Бұқар жырау әз Тәуке ханның тұсында да ордадағы беделді билердің бірі ретінде, ел басқару ісіне араласқан секілді. Оны Үмбетей жыраудың: «Көріктей басқан күпілдеп, көмекейің бүлкілдеп, сөйлер сөзден таймадың. Тәукенің болып жаршысы, халқыңның болып заршысы, белді бекем байладың» деген сөздері де айғақтағандай.18 ғ. болған жоңғар шапқыншылығы қазақ халқының мүлдем жойылып кету қаупін тудырғаны белгілі. Осы кезде «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған елдің басын қосып, ата жауға қарсы азаттық күресіне жұмылдыру бар ғұмырын халқының бірлік бүтіндігіне арнаған ұлы жыраудың басты мақсатына айналады. Оның сөздері осы кезде еліне есті кеңес, еріне әмір болып естіледі. Хан да, қара да тарих көшінің бағдарын, шиеленген қиынның шешімін Бұқардан күтеді. Халқының әулие данасы, дуагөй бітімшісі, көреген болжаушысы санатына көтерілген Бұқар жыраудың осы тұстағы даңқын орта ғасырдағы оғыз жұртының әулиесі Қорқытпен, 14 ғ. ноғайлы елінің данасы Сыпыра жыраумен салыстыруға болардай.Халық жадында сақталған бір әңгімеде Бұқар жырау ауырып жатқанда Абылай ханның алыстан күні түні аттан түспей жүріп келіп, көңілін сұрағаны айтылады. Бұл таққа ие болған ұлы ханның баққа ие болған ұлы жырауына деген ықылас ниеті, ерекше құрметінің белгісі болса керек. Заманында осылай ханы қадірлеп, халқы ардақ тұтқан жыраудың мұрасы халқымен мәңгі бірге жасай бермек.Бұқар жырау толғауларында өзі бастан кешіріп отырған алмағайып заманның келбеті бар болмысымен көрініп, өмір құбылысы мен дүние заңдылықтары, әлеуметтік жағдай мен адам тіршілігі кең тыныспен жырланады. Ондағы басты сарын елдің бірлігі мен ынтымағын күшейту мәселесі.Ол жан жақтан андыздаған жаулардан қорғануы үшін басты шарт бірлік екенін терең түсінеді, ата жауға қарсы бірігіп, тізе қоса күрескен ерлерді өзгелерге үлгі етеді. «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, ормандай көп орта жүз, солардан шыққан төрт тірек» деп майдан даласында көрсеткен ерлігімен бірге елдің ұйытқысы болып, бірліктің тірегі болып жүрген ерлерді мадақтайды. Сондықтан да Бұқар жырау жырларын басқыншы жаумен ұзақ арпалысып, ерлік пен ездіктің, парасаттылық пен азғындықтың парқы таразыға түскен сындарлы шақта Абылай хандай басшының төңірегіне топтасып, ұлы жеңістерге жетіп, ерліктің үлгісін, бірліктің құдыретін танытқан қазақ өмірінің шындығын айшықтай өрнектеген поэзия, ұлы мұра деп білеміз.
Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналған. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап калатын көсем тұрғысында үлкен сенім артқан. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет еткен. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлаған. Оның «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталған.
Ал «Садыр, қайда барасың?», «Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға» деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз еткен. «Он екі айда жаз келер», «Абылай ханның қасында», «Ханға жауап айтпасам» атты толғаулары халық болашағы мен бейбітшілікті сақтау, отарлауды көздеген елден жыраққа, Жиделі байсынға көшу мәселесін қозғаған. Бұл жырлардың үгіт-насихаттық, дидактикалық сипаты басым.
Бұқар жыраудың толғаулары, шын мәнінде Абылай дәуірінің айнасы. Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгерді Абылай хан да қасынан бір елі қалдырмаған. Ақыл-ойға кемел «Көмекей әулие» Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты пайым қабылдауына, қос бүйірдегі Қытай мен Ресей аты қос алып мемлекеттің арасында оңтайлы саясат ұстауына, әскери дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеуге барынша ықпал жасаған.
Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлтының ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жалынды күресі – жырау мұраларында шынайы шыншылдықпен суреттелген. Әсіресе, оның толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленген. Мысалы, «Қилы заман» толғауындағы мына бір жайлар «Күнбатыстан бір дұшпан, Ақырында шығар сол тұстан. Өзі сары, көзі көк, Діндарының аты боп Күншығысқа қарайды. Шашын алмай, тарайды, Қүдайды білмес, діні жоқ, Жамандықта міні жок, Затсыз, тексіз бір кәпір, Аузы-басы жүн кәпір, Жемқорларға жем беріп, Азды көпке теңгеріп, Ел қамын айтқан жақсыны, Сөйлетпей ұрар ұртына. Бауыздамай ішер қаныңды, Өлтірмей алар жаныңды, Қағазға жазар малыңды. Есен алар пұлыңмен, Солдат алар ұлыңнан, Күндердің күні, Абылай, Жаяулап келер жұртыңа, Жағалы шекпен кигізіп, Балды май жағар мұртыңа, Есе тимес өзіңе, Есіктегі құлыңнан», табандап жылжып келе жатқан қайшылығы мол заманды елестетеді. Қазақ қоғамының сәнінен, мәнінен айрылатынын, дінінің, тілінің, жерінің тозатынын, қабілетсіздер сұңғылаларды илеп билейтінін, дәрменсіздік жалайтынын, марқасқалар төбесінде бұлт үйірілетінін баяндаған.
Оңдасұлы Базар, Балқы Базар (1842-1911) — жырау.
Базар Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жағын жырау ретінде аралайды. Осы төңіректе кеңінен жайылған Ноғайлы дәуірінің қиссаларымен танысып, оларды жаттап, халық арасында жырлайды. Хорезм жағында болған кездерінде Орта Азия жұртшылығы арасында кеңінен мәлім дастандарды («Көрұғылы», «Жүсіп — Ахмет», т.б.) қазақ тілінде, өзінше жаңадан жырлап, Сыр бойына таратады. Сонымен қатар шығыс аңыздарының ізімен «Әминә қыз», «Айна — тарақ» дейтін шағын дастандар да шығарады. 1907 жылы Базар жырау Қазан қаласынан тасқа басылып шыққан «Айман — Шолпан» жырын қайтадан жаңғырта жырлайды. Кейіннен «Қыз Жібек» жырына да көп өзгеріс енгізіп, қайта жырлап ел арасына таратады.
Мұның өзі Базар жыраудың нәзирашылдық жолды ұстанғанын байқатады. Жыраудың сол кездегі шығыс және ислам философиясымен жақсы таныс болғандығы анық. «Әр кемелге — бір зауал», «Тіршіліктің түрлері», «Керқұлан», «Кермиық», т.б. іргелі толғауларында ол өмірдің мән-мағынасына көз жүгіртеді, тіршілікте кездесетін жақсылық пен жамандық, адамшылық пен зұлымдық хақында тереңнен ой толғайды. Оның жырлары афоризмге толы, жырау ел аузында айтылып жүрген мақалдарды өз елегінен өткізіп, қайтадан түрлендіріп, әрлеп, кейде тіптен басқаша мағына беріп, асқан шеберлікпен қолданады. Сонымен қатар Лұқпан хакім, Қорқыт бабалардың да өнегелі сөздерін ретті жерінде жырға қосып отырады. Жыраудың жастық шақ, табиғаттың әр түрлі маусымы, туып-өскен жер, т.б. жайлы шығарған толғау-термелері де көп. Сараң байларға, әділетсіз әкімдерге, қиянатшыл кісілерге арнаған сын-сықаққа толы, қазақтың ауыз екі поэзиясындағы арнау-эпиграмма жанрында шығарылған бірқақпайлары да жетерлік. Базар жырау домбыраны өте жақсы тартқан, Сыр бойында таралып жүрген, көпке ортақ әуендерді өз даусына лайықтап, өлеңінің ырғағына орай өңдеп, өзгертіп қолданған. Оның жырлау сазы өте әсем, қисса мен толғауларды орындағанда неше түрлі құбылып отырады. Бұдан жыраудың композиторлық қабілетінің де болғанын аңдаймыз. Жырау көзі тірісінде, әсіресе, қартайған шағында құрдасы әрі туысы Нұрымбеттің Төремұрат деген оқыған баласына ауызша айтып отырып, көп толғау-жырларын, дастандарын хатқа түсірткен. Оның бұдан да басқа хатшылары болған. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған.
Абай этика тақырыбын қозғағанда, иман мәселесіне көп көңіл аударады. «Иман» термині қазақ санасына мұсылманшылық арқылы енген. Ол арлылық синонимі болып табылады.
«Ұят кімде болса, иман сонда» деген мақалды Абай өзінің отыз алтыншы сөзіне негіз етіп алып, ұят түсінігін талдайды. Ақын ұятты екі түрге бөледі: надандықтан туындайтын ұят; иманға қатысты шын ұят. Олардың айырмашылығы ұяттың пайда болуының себептерінде. Біріншісі — не шариғатқа, не ақылға терістігі жоқ болса да өзінен-өзі қысылатын жалқаулық, жалтақтық, қорқақтық, жігерсіздік, жауапсыздықтан туындайды. Екіншісі — не шариғатқа, не ақылға, не адамгершілікке кесел тигізетін, не нәпсінің жолында абыройға нұқсан келтіруден басталатын, өзіңе ішкі жаза тарттыратын жоғары сезім. «Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігілді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп, қылған қысымның аты», — деп анықтайды Абай.
Бастапқы мағынасы тұрғысынан болсын, санаға ену жолынан болсын иман ұғымында діни мазмұн басым екендігіне қарамастан, Абай иманды адамшылық өлшемі ретінде қабылдайды. Абайдың түсінуінше, білуге құмарлықты шектеу, талаптанбау, өз әрекетіңе салғырт қарау — имансыздық.
Абай өз халқының бойындағы оң қасиеттермен қатар оғаш қылықтарды, теріс мінездерді қатты сынға алған. Оның бәрімізге жастайымыздан белгілі:
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ…
өлең жолдарында қазақ бойындағы, тұрмысын тоқ санап, жайбарақаттыққа салынған надандық кейпі іш ашитындай туралықпен берілген.
Абай отыз төртінші қара сөзінде «Адам баласына адам баласының бәрі — дос» дейді. Мына дүниенің шолақтығын біле тұра, бір-бірімен өшігіп, не болса соған көрсе қызарлық жасап, жауласудың адам жанына берері шамалы деп тұжырымдайды. Абай өз ұрпақтарына «Адам бол!» деп уағыз айтып кеткен жан.
Шәкәрім — Абайдың жолын қуған інісі, ол өз өмірін жамағатының болашағына арнаған. Шәкәрімнің «Үш анығында»:
Еңбекпенен, өрнекпен
Өнер ойға тоқылса,
Жайнар көңіл, қайнар өмір
Ар ілімі оқылса.
Моральды «ар ілімі» деп танитын Шәкәрім адамгершілік құлық хақында көп ой қозғайды. Ол адам жолы дегеніміз — адам баласына пайдасын тигізу, жақсылық ету деп түсіндіреді. Ол үшін адам өз бойындағы кемшіліктерден арыла білуі керек, сөйтіп өз ар-ұжданына кір келтірмейтіндей өмір сүруі керек. Ар-ұжданның мазмұнын ынсап, әділет, мейірім құрайды деп түсінетін автор оларды адамптылық ұғымымен байланыстырады.
Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар:
Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек.
Бұл үшеуі біріксе, сорды жоймақ
Шын бақ осы деп бұған ақыл тоймақ —
дей келе Шәкөрім жоғары құндылықтарды атап өтеді.
Ар-ұждан тіпті о дүниеде де бар нәрсе деп есептейді. Оның бар екеніне дәлелсіз сену қажет. «Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ар-ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол — осы мұсылман жолы сияқты!» — дейді Шәкәрім «Үш анығында»:
Кісіге адамшылдық неге керек?
Адамдық — өзге айуаннан артық демек.
Ит талаған төбеттен қалай дейсіз,
Аямай әл келгенін жұлып жемек.
Қайталауға арналған сұрақтар:
1) Исламның Қазақстанда таралу кезеңдері.
2) Исламның білім, ғылым және мәдениеттің дамуына әсері. Қазақстандағы ислам мәдениетінің ескерткіштері.
3) Қазақ ойшылдары мен ағартушыларының (Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Асан-қайғы, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай, Шәкәрім) философиялық-ағартушылық және діни көзқарастары.
4) Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы исламның рөлі