Ш.АЙТМАТОВТЫҢ «БЕТПЕ-БЕТ» ӘҢГІМЕСІНДЕГІКӨРКЕМДІК ТАРТЫС
Ілияс Әсем (Қазақстан)
Абай атындағы ҚазҰПУ
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., аға оқытушы Асқарова Г.С.
Әлем әдебиетіндегі алып тұлғалардың бірі, «Адамзаттың Айтматовы» атанған қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов 1928 жылы 12 желтоқсанда Қырғыз Республикасы Талас өңірінің Шекер ауылында белгілі қоғам, мемлекет қайраткері Төреқұл Айтматовтың отбасында өмірге келген. Әкесі 1937 жылы жазықсыз жазалауға ұшыраған Шыңғыс әжесінің қолында тәрбиеленеді. Жастайынан «халық жауының» баласы атанып, жетімдіктің, жоқшылықтың зардабын көп тартады.
Ш.Айтматовтың өміріне шолу жасайтын болсақ, оның балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келеді. Тылдағы ауылдың небір қиындықтарын басынан өткереді. Мектептегі оқуын амалсыз тоқтатып, он төрт жасынан ауылдық кеңестің хатшысы, он бес жасында аудан бойынша салық жинайтын агент, трактор бригадасының есепшісі және хат тасушы сияқты түрлі жұмыстар атқарады.
Осының барлығы жазушының өмірінде терең із қалдырды. Ш.Айтматов: «Соғыс жүріп жатты. Елдің жаны жаралы, көңілі қаралы. Осы кезде өмір мен үшін беймәлім беттерін аша бастады. Халық тұрмысының небір сан тарауларын өз көзіммен оқуға мәжбүр болдым. Кейіннен мұның біразын шамам келгенше «Бетпе-бет», «Ана – Жер-Ана», «Жәмила», «Шынарым менің, шырайлым менің», сияқты повестерімде көрсетуге тырыстым. Көріп-білгенімді жаздым, бәрін есте сақтап жаздым», – дейді [1, 88 б.].
Жазушының шоқтығы биік шығармасының бірі – «Бетпе-бет» әңгімесі. Елу жетінші жылдың күзінде «Қаһарлы күндер» романын аударып жатқан орыстың қарт жазушы, «Октябрь» журналының редколлегия мүшесі Александр Михайлович Дроздовтың үйінде болғанымда, Шыңғыс есімін алғаш естідім. Ол кісі: «Қырғыздың бір жас жазушысы «Бетпе-бет» деген ұзақ әңгіме жазып әкелді. Соны аудардым. Фамилиясы… Фамилиясы сіздің фамилияңызға ұқсас… Айтанов», – деді. Сол кезде басқа аудармашымен шатастырып отырған Айтматов фамилиясы арада екі жыл өтпей-ақ, Одақ тұрсын, сонау батыс елдерінде де дүр ете түсті. Александр Михайловичке «Бетпе-бет» қатты әсер етсе керек, ол тебірене отырып әңгіменің негізгі желісін маған айтып берді. Әлі оқымай тұрып, сол Александр Михайловичтің айтуында бұл шығарма маған мықты әсер етті. Кейін оқып шыққанда, сол әсерім күшейе түсті. Жас жазушы өмірдің нағыз бір өзекті жерін ұстап, қасіретті жағдай арқылы кейіпкерлерінің түбегейлі адамгершілік қасиетін жеріне жеткізіп, саралап ашып беріпті. Осы өткір де, құрыштай шымыр, шағын болсада салмағы романнан ауыр шығарманы оқығанда үлкен ойға қалдым. «Бетпе-беттегі» суреттелген оқиға мен өмір көріністері де көбімізге таныс, суреттеу тәсілінде де пәлендей алып-жұлып бара жатқан ерекшелік жоқ. Ал, сөйте тұра осы шығарманың әсіресе сол кездегі қалың әдебиеттен оқшау бөлініп, таңырқатқан себебі неде? Сөз жоқ, бұл сол кездегі конфликтісіздік теориясымен өмірді сырлап көрсететін жалған бояма тәсілдердің молшылығынан қуаң тартқан әдебиетіміздегі жаңа леп, батыл сөз болды» [2, 18 б.].
Шығармадағы негізгі кейіпrерлері ерлі-зайыпты Сейде мен Ысмайыл образдары арқылы жазушы шығармасының бүкіл болмыс-бітімі ашылады. Сейде мен Ысмайыл бір-біріне құштар жандар болатын. Өз қолдарымен үй салып, ел қатарлы түтін түтетті, шаңырақты семья қатарына қосылды. Соғыстың суық ызғары келіп Ысмайыл майданға аттанады. Бірақ көп ұзамай Ысмайыл отбасына оралады, бірақ абыроймен емес, қашқын боп оралады. Күйеуінің келгеніне Сейде қуанғанмен бар ойын қорқыныш билейді, бірақ өзін «Мейлі қашқын болса қашқын, әйтеуір басы аман болсын», – деп өзін-өзі жұбатады. Сол жұбатумен ол күйеуінің әрекетін қолдағандай болады, жәрдемін аямайды. Отынға барғансып жасырынып жатқан күйеуіне тамақ тасиды, ерінбейді, бірақ қорқынышпен өмір сүргендей күй кешеді.
Шығармада Сейденің жүрегін ауыртып жарасын тырнайтын кейіпкер бар ол – көршісі Тотой. Тотойда Сейде сияқты куйеуін тосып жүрген және үш баланың анасы. Екеуінің де күйлері бірдей, тек Тотойдың жағдайы Сейденің жағдайына қарағанда ауыр еді. Сейденің жүрегін ауыртып, ұятын қысып, намысын жегідей жейтін осы көршісі Тотоймен кездесіп қалғандағы екеуінің әңгімесі еді. Оны шығарманың мына жерінен көрсек болады.Тотой Сейдеге қарап ауыр күрсініп қойды:
– Хат келмейді деп уайымдайсың ғой. Сорымыз бар екен, қайтеміз. Мен үш баламен қалсам, сен күйеуіңмен жарты жыл отаспай, өмірдің ащы-тұщысын бірге тартпай қалдың… Туған балаңды әкесі көрген жоқ… Ә, несін айтасын… Бәрі ұмыт болар еді-ау егер хат келіп тұрса… осыны ойласам, не болғанымды білмеймін. Міне, қыста түсті балаларым тұттай жалаңаш, екі қап жүгері қалды, ол не болады, – деп Тотой ашумен көзіне іркілген жасты іліп тастады да шелектерін алып, жүгіріп кетті. Сейдені ар азабы қанша мазалағанымен, «Ерлі-зайыпты адам әр кезде бірге болуы керек», – деп ойлады. Сейде: «Басқа не түссе де көтерейін, Ысмайылым аман болса болғаны, маған қалғаны сөз емес, құдай сақтасын, өліп бара жатсам да жаман қатын атанып, ешкімге сыр алдырмаймын…» [3.63 б.] – деп өзін жұбатумен өмір сүреді. Бірақ көп ұзамай Ысмайылдың қашқын екені белгілі болады. Сейденің қорқынышы екі есе көбейеді. Бірақ күйеуін ұстап беруге дәті шыдамайды. Өз болашағын ойлайды. Қанша ары мазаласа да, оның қиялында – келешек.
Бірақ жұбанышы ұзаққа бармады.Тотойдың үйін асырап отырған жалғыз сиыры ұрланғанда Сейде тіпті қиналды. Кім ұрласа да бұны нағыз арсыздық деп білді. Бірақ бұл сүйенішім, бақытым деп білетін өз күйеуінің ісі екенін білмеді. Ал өзінің күйеуі екенін білгенде, өміріндегі бар сенген, сүйенгенінен қол үзіп, азап, қорлық көріп сақтаған адамның, өзінің барлық жақсы үміт-тілегін жерге таптап кеткенін бірден сезді. Жазушы Ысмайылдың арсыз ісі мен арам ойын мына бір сөздері арқылы ашық көрсетеді: «Жетті енді, қыс бойы қалшылдап, тісімнің кірін сорып отырдым… Мен ұрлаймын, мен жеймін, әскерден аштан өлу үшін қашып келген жоқпын! Өлсе, басқалар өлсін, бірақ мен жай өлмеймін!…» [3.77 б.].
Ал Сейденің ар азабы мен жан жарасы, ішкі күйзелісі арқылы шығарманың идеясын аша түскендей болады: «Ие, осы бір алақандай терезенің ар жағында ауыл жатыр. Ел жатыр. Онда пошташы Құрман бар, Тотой балалары мен Мырзақұл бар… Ысмайыл да бар. Ие, Ысмайыл да бар…Бірақ сен басқаларға ұқсамайсың, сен бөтенсің, жат адамсың. Өз елің осындай жаумен алысқанда, тастап қашқанда мақыр түбі өз еліне дұшпан болады екен-ау!… Мен сені сақтағанда, жаулықтан сақтауым керек еді…» [3.78 б.].
Сейденің ендігі шешімі бар ойын таразылап адамгершілік алдында тік тұру еді. Жазушы бұны да шебер суреттейді:
«Баласын бауырына қысып алып, Сейде Ысмайылға қарай кетіп бара жатыр. Осы шақта оның тастан шауып жасалған мүсіндей қимылсыз қара торы жүзінен іште жатқан зор күш, үлкен адамгершілік сезіліп тұрды. Оның қаһар мен мұң-зарға толған көзі Ысмайылға «Шық бері, Кел алдыма» деп тұрғандай.
Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Қарсы алдынан соққан жел Сейдеге: «Қайт, кейін қайт» дегендей, басындағы жаулығын жерге ұшырып түсірді. Әйел оны сезген жоқ. Ол қазір өлімге емес, адамның асыл қасиеті үшін, баласын керілген кеудесіне қыса түсіп, басын жоғары көтеріп, кетіп бара жатты:
– Стой! – деп, солдаттың бірі шыдамай, орнынан айқайлап шыға келді. Ол Сейденің артынан тұра жүгірді. Сөйткенше болған жоқ, қамыстың арасынан шинелі алба-жұлба, бет–аузын түк басқан кісі ытқып шығып, мылтығын қос қолымен жоғары көтеріп, қалшылдап әйелге ұмтылды. Бетін лас тер жуған, жауатын бұлттай түнерген Ысмайыл, Сейдеге жақындап, бетпе-бет келгенде, қөзінің алдында бұрынғы Сейде емес, алып күшті, өз артықшылығын, адалдығын әбден түсінген, бурыл шашты, қандай да бір ғажайып әйелдің тұрғанын көрді. Сол сәтте Сейде оған асқар таудың басында тұрғандай болды. Ол өзін сол заңғар шыңның етегіндегі елеусіз төмпекшіктей сезінді. Ысмайыл Сейденің бетін жуған жасты көріп, қолындағы мылтығын анадай жердегі тасқа лақтырып жіберді де, қолын көтеріп, винтовкасын кезеніп келе жатқан солдаттарға қарсы жүгірді» [3.79 б.].
Жазушы оқырманның көз алдына адамдық пен надандықты, жақсылық пен жамандықты, арсыздық пен адамгершілікті бетпе-бет әкелу арқылы өзі айтқысы келген ойын нақ, дәл, анық, шебер жеткізеді.
«Жігітке пайда бермес жалған ерлік» демекші, әдебиетке де жалаң батырлықтың пайдасы шамалы. Әдебиеттегі батырлық терең шындықпен тамырлас «Бетпе-бетте» терең өмір шындығы жатыр. Шығарманың басты кейіпкері Сейде бар табиғатымен, жаратылыс болмысымен нағыз халықтық образ. Оның бойында халықтың ана сүтімен келе жатқан адамгершілік адалдығы, махаббатқа беріктігі де мол, сонымен бірге арғы заманнан әлі арылып болмаған ой өрісінің тарлығы, мешеулігі де баршылық. Оның ой өрісінің жеткен жері отбасының, үй ішінің қамы, құдай қосқан қосағы жақсы көрген жарының қамы. Өз басының жанға жамандығы жоқ, еш пендеге жақсылықтан басқа тілемейді. Бұл әрине әр адамның басында болатын табиғи тілек. Ал осы отбасымен ел мұраты қайшы келген де… Жазушының тереңдігінің де, талант құдіретініңде шырқап көрінгені осы ара… Отбасы, жақсы көрген жақынының ар жағында халық, ел, Отан мүддесі бар… Бұл ұғымға жету Сейдеге қымбатқа түседі. Ол оған бұрынғы абзал тұтқан асылының күйреуі, жан шошырлық психологиялық күйзеліс арқылы жетеді. Шынында да, Отанға деген опасыздықты әріден, терең қопарып, халықтың түбегейлі қасиетімен тамырласып, жеріне жеткізе әшкерелеген екінші бір осындай шығарманы атау оңай емес. Оңды-солды қолданып жүрген «терең идеялы» деген асыл сөз арзандап кетпеу үшін дәл осындай шығармаларға ғана айтылса керек.
Айтматов шығармаларында өзінің шығармашылық позициясы мен өмірге көзқарасын жаңа бір биіктен танытып, адамгершілік негіздерін зерттеуде, адамның табиғи қасиетін танытуда шебер жазушы екенін дәлелдеген.
Ш.Айтматовтың шығармашылығы хақында М.Шаханов: «Әдебиет әлемінде үш кеңістік бар. Біріншісі – құстар ұшатын кеңістік (Бәйге берем десең тауық екеш, тауық та ұшады). Екіншісі – реактивті лайнерлер ұшатын кеңістік. Ал үшіншісі – космостық кеңістік. Басқа қаламгерлер өкпелемеуіне болады, үшінші кеңістікте еркін самғап ұшқан жалғыз Айтматов қана… Ешкім де ренжіген жоқ», – деп ағынан жарылған болатын.
Ш.Айтматов – XX ғасыр мен XXI ғасырдың ешкім қайталай алмайтын ұлы тұлғасы. Бір өзі – бір әлем. Көзінің тірісінде әлем әдебиетінің классигі аталса да, асу мен тасуды білмей, Құдай берген кішіпейіл мінезінен танбай, азаматтығына шаң жұқтырмай өтті [4, 128 б.].
Әдебиеттер
Мылтықбаев Р. Шыңғыс Айтматов. – Алматы: Жазушы, 1978. – 88 б.
Ысқақұлы Д. Айтматов айдыны // Жалын, 2008, №11.
Айтматов Ш. Қызыл алма. Әңгімелер, повестер мен пьеса. – Алматы: Атамұра. 2005. – 63, 77, 78 б.
Түркі халықтары әдебиеті. Әбдіғазиұлы Б., Тебегенов Т., Асқарова Г. т.б. – Алматы: Арыс, 2010. – 128 б.