ШЫҢҒЫС ХАН ЖӘНЕ ТҮРКІ ӘЛЕМІ
Арқабаев Жандос (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Нусупбаева С.А.
Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,
Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.
Шыңғыстай арыстанның құр аты да
Адамның жүрегіне жігер берер.
Мағжан Жұмабаев
Адамзат тарихында екінші мың жылдықтың адамы атанған Шыңғыс хан туралы бүгінде түрлі пікірлер мен зерттеу еңбектері мыңдап кездеседі. Біздің елде, тәуелсіздік алған жылдар да болмаса ол жайында нақты зерттеу жүргізгендер аз болды және де біздің Қазақ хандығын құрған сол жарты әлемді тәргейіне келтірген ұлы бабамыздың Шыңғыс ханның ұрпақтары екенін білсек те оның тегіне күмән келтіріп, монғол деп оқытылды.
Шыңғыс ханның өмір жолына тән көптеген жайттар, жат пиғылдар тарапынан мақсатты түрде әдейі бұрмаланған. Сөйтіп оның заңғар тұлғасына кір келтіруге, күмән туғызуға күш салынған. Мәселен, әйгілі «Құпия шежіредегі» Меркіттер оқыстан келіп шапқанда Шыңғысқанның әйелі Бөртені астына ат бермей жаяу тастап кетті дегені тіптен қисынға келмейді. Болашақ тұңғыш ұлы Жошыға ай-күні жетіп отырса атпен қалайша қашпақ?! Демек, осы арада Жошының аталық тегіне күмән туғызушылықтың да құр далбаса екендігі айғақталады. Сондай-ақ, әкесі бір, анасы бөлек бауыры Бектерді садақпен атып өлтірді деген өтіріктің де ақиқатқа үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Мұның бәрін қытай тілінің маманы, тарихты тереңнен қозғап жүрген мың болғыр азамат Тілеуберді Әбенайұлы өзінің «Шыныңа көш тарих! Шыңғыс хан кім?» «Құпия шежіренің құпиясы» атты кітабында соқырға таяқ ұстатқандай күйде бұлтартпас дәйектермен дәлелдеп берді. Таза түркі тілінде жазылған осынау еңбек бүгінгі қазақ қана емес, барша түркі әлемінің орта ғасырда туған ғажайып рухани мұрасы, мәдениеті мен әдебиетінің ескерткіші, қайталанбас жауһары. Сол үшін де мектеп бағдарламасында оқытылатын Қазақстан тарихы кітабындағы ұлы бабамызға қатысты деректердің дұрыс оқытылуын қалаймын. Бұл қателіктерді түзеу арқылы біз, болашақ ұрпаққа түзу жол сілтей отырып, батыр бабамыздың ерлігін бойына сіңіріп, түркі әлемінің қайталанбас тарихын танытып, данышпан Шыңғыс қағанның біз оқып жүрген моңғолға еш қатысы жоқ екенін түсіндіргеніміз жөн болар. Өзінен бастау алған билігі қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейін жалғасқан бұл жолды бүгінгі жастар түсінбей, қалайша қазақтарды моңғолдың хандары билеген деген сұрақ мазалайды.
Сөзіміз дәйекті болу үшін Әкім Тарази ағамыздың «Мың Қолдың төрт ханы» атты зерттеу еңбегінен мысал келтіріп отыратын боламыз. Әкім Тарази аға түрік танушы Никита Бичуриннің «Мың Қолдың төрт ханы» атты кітабын маржандай мөлдіретіп төл тілімізге тәржімалаған, арасында өзінің «сына сөзін» де тонның ішкі бауындай ретімен біріктіріп отырғаны қандай үйлесімді.
Біріншіден, Шыңғыс ханның Моңғол халқына қатысы жоқ екенін мына деректермен дәлелдесек болады: 1940 жылы дүниежүзілік соғыс бастала ма, басталмай ма деп тұрған кезде Сталин Моңғолияның басшысы, маршал Чойболсанды Мәскеуге шақырып, оның қолына бір кітап ұстатты дейтін. Ол кітаптың аты «Мыңқолдың құпия тарихы» деп аталады. Қазақ тілінде айтқанда шежіре кітап. Сталин айтыпты: маршал Чойболсанға : «Сен мынаны моңғол тіліне аударып ал. Мен саған қаржылай көмек беремін» деген екен. Бұл ақпар әрине нақты дәлел бола алмайды. Бірақ Шыңқұз ханның «Құпия» тарихын аударатын Моңғолияда тұтас бір ғылыми-зерттеу институтының бар екені белгілі. Сол институтта ондаған әлде жүздеген бе екен, ғалымдар осы күнге дейін сол кітапты әлі де моңғол тіліне «аударып» жүр. Бітер емес. Оның бірден-бір себебі: шежіре кітап мыңқол тілінде жазылған. «Моңғол» тілінде емес, мыңқол тілінде. Ол мыңқол тілі – дүние жүзіндегі басқа тілдермен салыстырғанда қазіргі қазақ тіліне өте жақын тіл. Ол тілді қазіргі қазақ тілі және барлық тайпалардың құрамына түгел енді деп те айта алмаймын, бірақ қазақ халқын құраған жиырма-отыз тайпаның барлығының ортақ тілі болғаны, ол ортақ тіл соңғы ғасырда емес, бұдан мыңдаған жыл бұрын бір тіл болғаны анық. Оған дау болмауы керек. Себебі, Н.Бичурин ақсақал, Ресей ғылым академиясының коресспондент-мүшесі, кейін қудалауға түсіп бар атақ-дәрежесінен айырылып қалған ғалым адам, «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы» деген кітабында бір емес, жүз рет айтады. Күн (Ғұн), сақ, түрік, үйсін деген халықтарды «Суть один народ» дейді. Және де ол халықтан, жеке тайпалардан шыққан батыр, хандардың атына байланысты ол халықтың, мемлекеттің атауы жиі-жиі өзгеріп тұрған дейді. Осы жерде тоқтап, В.В.Бартольдттің «Сочинения» атты еңбегінен үзінді келтірсек: «Сатұқ Боғра ханның Қарахандар аталып кеткен әулеті яғма тайпаларынан шыққан, олардың мұрагерлері жалайыр тайпасы болған» дейді. Жоғарыда айтып өткен Тілеуберді ағамыздың қаламынан туған «Шыныңа көш тарих! Шыңғыс хан кім?» және «Құпия шежіренің құпиясы» деп аталатын зерттеу еңбектері түрік нәсілді халықтардың, оның ішінде қазақ халқының тарихына қосылған үлкен үлес. Қазіргі Моңғолия аталатын аумақ сонау VI ғасырда-ақ түрік мемлекетінің бесігі болғанын да ұмытпайық. Көне түріктердің тасқа ойып жазылған тарихы әлі күнге сол атырапта жатыр. Алайда, Тілеуберді ағамыздың мақсаты Шыңғысханды қазақ қылып шығару емес. Ең бастысы – Шыңғыс хан империясының негізгі ұлысы түрік нәсілді тайпалар болғанын, демек ол мемлекет түрік халқының бағзы түріктер жайлаған ұлан кеңістікте орнаған үшінші империясы екенін көрсетіп береді. Ал, жалайыр тайпасы тек қазақ халқының құрамында ғана емес, жергілікті халықтың тіршілік ыңғайына бейімделіп, өзінің тайпалық атауын жоғалтып алды десек, кезінде «елхан» атымен патшалық құрған Иран, Ирак та да, «Жалайыр хандығын» құрған Әзірбайжанда да қалды. Егер Тілеубердінің «Моңғолдың құпия шежіресін» қазақшаға аударған, «Шыңқұз қағанның күзауары» деген еңбегіне көз жүгіртсеңіз ол еңбектен мүлде моңғол дейтін сөз кездестірмейсіз. Ол моңғол империясының ханы деген пікірге бұлтартпас айғақ. Шыңғыс ханның біз білетін өз сөзіне көңіл аударсақ:
Алтын денем қажыса қажысын,
Алып төрім уыстан кетпесін!
Тұла бойым шалдықса, шалдықсын,
Тұтас ұлысым шашылып кетпесін!
Бұл сөзде де өз мемлекетін ұлыс деп атағанын байқаймыз.
Екінші, көңіл бөлетін нәрсе, Хасен Қожа-Ахмет ағамыздың мына пікірі «қазақ көрермендерінің көңілінен шыққан қытайлық «Шыңғыс хан» көп сериялды фильмінде де әскери Ту мен сарбаздар сауытының шарайнасында Тарақ таңба бейнеленген.
Егер Шыңғыс хан Отырарды қиратып тастаса, онда 150 жылдан кейін Қытай жорыққа аттанған Ақсақ Темір қала қирандысына неліктен тоқтаған деген сауалға әлгі тарихшылар жауап берсе жөн болар еді» – дейді.
Тарақ таңба бұл бүгінде ұлы жүздің құрамындағы Жалайыр елінің таңбасы екені белгілі. Бірақ қағанның ұлылығын Жалайыр арысынан шыққандығымен өлшесек қателесеміз. Әрқашанда осынау тарихи тұлғаның орны асса адамзаттың, қалса исі Түрік баласының тарихына жасаған өскелеңде, өшпес ықпалымен биік болмақ. Жүйеден, Қазақ халқы үшін ол – ұлттың Ұлы әкесі. Сонау Керей мен Жәнібек ханнан тартып, кешегі Абылай хан мен Кенесары ханға дейін барша патшамыз сол Ұлы Шыңғыс ханнан өрбігені күллі әлемге айдай анық, күндей жарық түрде мәлім және өшпес тарихи ақиқат.
Шыңғыс ханды жалайырға қатысы жоқ дейтіндерге, әйгілі саяхатшы Марко Полоның Шыңғыс ханның немересі Құбылай ханның ордасында болып: «Құбылай қаған ордасындағы он мың ақбоз биенің саумалынан ашытылған «қымыз» атты керемет сусынды қаған ұрқынан асса, тек, Жалайыр руының адамы ғана іше алады»– деген сөзі шындықтың ауылын жақындата түседі. Оған Ирандағы Жалайырлық хан әулетінің Шыңғыс хан ұрпақтарымен бірдей «елхан» аталуын қосыңыз. Қадырғали Қосымұлының «Жалайыр – Алаш мыңының ағасы еді» деген сөзі аса құнды бастау мәлімет.
Оған қоса Жалайыр ішінде Төре деген рудың болғаны нақты жазылған. Бәрінен де маңыздысы, Жалайыр арысы Шыңғыс хан билігінің «өткү бу-ғұлы» – төркіндік титулы деп анық жазылған. Мұндағы «өткү»– ежелгі, байырғы, түп-төркін деген мағынада береді. Ал, «бу»– тірек, ұйтқы сынды мағынаға ие. «Ғұл»– халық, бұқара деген сөз болмақ.
Ал, Шыңғыс ханның есімінің этималогиясына назар аударсақ. Бұл біздің түрік сөзі екеніне еш күмән болмау керек. Себебі Н.Бичуриннің кітабында Шыңғыс хан деген сөзді «недосигаемая высокая вершина» деп аударған. Басына ешкім шыға алмайтын шың, шықса адам түсе алмайтын құз деген мағынада. Шың – құз. Біз оның шын есімі – Темужін деп оқып жүрген болатынбыз. Ал оны ежелгі түрік тілімен айтар болсақ – Тершың. Ол кездегі бабалар тілінде, айтарлықтай ерекшелік болған. Яғни зат есім «темір» бірінші тұрады, ал оның анықтауыш «шыңдалған» деген мағынада ол сөзден кейін келген, Теміршың. Шыңдалған темір деген мағына. Қазіргі біздің цифр-сандарымызда да өзгеріске ұшыраған. Біз «бір», «екі», «үш» деп бастаймызда «он бір», «он екі» болып кете береді. Ал көне заманда жұмыр сандар сөздің басында болған. Мысал үшін «он бір» деген «бір он», «екі он» деп айтылған, «он бес» деген цифрды «бес он» деп атаған. IX ғасырда Волганың арғы бетінде өткен халықты «печенектер» дейді. «Печенек» деген сөз араб тарихшылырының мәліметінде де бар. Арабтар «баджанақ» дейді. Сол цифр-сандардың айтылу реті бойынша «бес он оқ» деген ұғымда. Ал Күлтегін жазбасында халықтың атын «он оқ» деп айтпай ма? Ол «он жебенің иесі» деген мағынада айтылған. Тарихта «бес оқтар», «он оқтар», «үш оқтар» болған.
«Шыңғыс қағанның күзауары» еңбегінде, Шыңғыс ханның Түрік екені, оның ішінде Жалайыр екені, дінінің мұсылман болғаны айдан анық айтылып тұр. Сондай-ақ, онда «Бектер оқиғасы» да, Жошы туралы күмәнді мәлімет те жоқ. Онда, Шыңғыс ханның бала Теміршыңнан, күллі Түрік халқының басын қосқан Шыңғыс-қаған болғанына дейінгі өнегелі өмірі жырланған. Түгел сөзді түптеп келгенде: Шыңғыс ханның діні – ислам, нәсілі – Түрік, руы – Жалайыр, ұраны Арқар – Алаш, таңбасы – Ш (тарақ – алау, от) болған. Оған күмән тағудың қылдай негізі жоқ! Ал, Түріктің дұшпандары мен қазақтың қастастары не десе, о десін. Одан, енді ештеңе де өнбейді. Өйткені, олардың өктемсіген жүйелері өме қапқалы қашан!? Демек, ұлт сатқындарының сайтаны семіретін, ұлтжандылар темір терезеден телміретін заман да келмеске кеткен.
Шыңғыс ханның қазіргі моңғолдарға қатысы жоқ екендігінің тағы бір дәлелі, ежелгі көшпелі тайпалардың күн-көріс түрі мал бағу болғаны белгілі. Сол ру-ру, тайпа-тайпа болып жүрген елдердің малы кейде араласып кететін болған. Ол заңды ғой. Сол араласып кеткенде,әрине, дау туады. Дау туғаннан кейін қақтығыс басталады, тіпті арты қантөгіске ұласып жатады. Бірте-бірте бұл қақтығыстарды, болдырмаудың жолын тапқан дала данышпандары, малға таңба байлау немесе таңба салуды бастады.
Ал қазіргі таңғұттардан Қарақорым жаққа барып, қазір моңғол аталып жүрген халықта «таңба» деген ұғым жоқ. «Таңба» деген ұғымның болмауы олардың тұрақты мекендері болғандығын білдіреді. Ал тұрақты мекен Тибетте, қазіргі Синхай провинциясында қатты дамыған. Бұл мысалда монғолдардың қазіргі жерлері олардың ата мекені емес, көшіп бару арқылы иемденгенінің айқын көрінісі.
Тарихты бұрмалаудың ең оңай жолы сол халықтың жазуын болашақ ұрпағы оқи алмайтындай етіп өзгерту екені даусыз. Оған мысал, ХVII-XVIII ғасырда орыс билігі, император маңайындағы ғалым сымақтар бірігіп «татар-моңғол» деген сөзді ойлап тауып, ғылыми «өндіріске» әдейі кіргізді. Мәскеуге ең жақын ірі үлкен мемлекет, егер дербес ел болып тұрса мүмкіндігі мол мемлекет Қазақстан еді ғой. Сондықтан қазақ халқы өзін ұлы мемлекеттің, Шыңғыс ханның мұрагері ретінде танымауы керек болды. Қазақ деген сөзді жарлық шығарып «киргиз» деп өзгертті. Ресей тарихындағы «қазақ» деген сөздің бәрін жойып, өшіріп, өшіруге болмайтын болса «половец» деп, «қыпшақ» деп қана қалдыруға рұқсат берілген.
«Татар-моңғол» деген тіркес Ресей саясатшыларына, саясаттың ығында жүрген ғалымдарға өте қолайлы, ыңғайлы ұғым болды. Ол кезде татар деген халық – Ресейдің тікелей боданы, бөлінбейтін бір бөлігі еді. Ал, «моңғол» деген – аз ғана халық. Қытай мен Ресейдің арасында күнін көре алмай жүрген халық еді ғой. Сондықтан, кім білсін, ары ақылдасып, бері ақылдасып «қазақ» деген атаудан құтылудың екі жолын тапқан сияқты. Бірінші жолы – қазақ халқын киргиз деп атау. Ол кезде қырғыздар бар-жоғы жүз мың-жүз елу мың ғана еді. Қанша көтермелесеңде, Ресейге олардан келіп-кетер қауіп жоқ еді. Ал, «моңғол» деген сөз шын мәнінде қырық-елу халықтан құралған Ресейдің санатындағы мемелекет болды.
Бұл адастырудың жолына тағы бір мысал келтірсек, Әкім Таразидің айтуы бойынша – Каспиринский деген ғалым Қырымда газет-журналдар шығарып тұрған. Сол Каспиринскийдің төте жазумен жарық көрген газет-журналдарын қазақтар да, әзірбайжандар да, ноғайлар да, кейін татар аталған халық та, өзбектер де, қырғыздар да өз тілінде оқи беретін болған. Осы түркі тілдес халықтар кейін бір-бірімен жақындасып кетпесін деген арам ниетпен сол төте жазуды жойды. Оның орнына латын әрпі келді. Латын әрпімен де сол халықтар бір-бірімен жақындаса бастағанын байқаған зооршылық орталық үкімет ол әріпті жойып, славян әрпін енгізді барлық республикаларға. Бұл жерде славян әрпімен де түркі халықтары неге бұрынғыдай жақындасып кетпеді деген ой келуі мүмкін. Оның себебі, тіл білімін зерттейтін, саясатқа қызмет еткен ғалымдар әсерінен туысқан әліппелері бір-бірінен өте алыстап кетті. Мысал үшін қазақ тіліндегі «ң» деген әріп өзбек тіліне барғанда «г» әріпі қосылып «ңг» болып шықты. Сонымен мектептен бастап өзбек деп аталатын түркілер келе-келе «бардыңғыз ба, келдіңгіз бе» деп сөйлейтін болды. Халықтар арасын алыстатудың бір ғана мысалы бұл.
Қорытып айтқанда, сонау ұлы Абай, Шәкәрім аталарымыз, ұлы Мұхтар Омарханұлы мен Мағжан бабамыз, тіпті арамызда жүрген Мұхтар Мағауин ағамыз бәрі де Шыңғыс ханды ұлықтаған ұлыларымыз. Кемеңгер Мұхтар Әуезов желкесінен қадап қанжар төніп тұрған зұлмат заманның өзінде жылт еткен әрәдік тауып, ұрпақтар есіне Шыңғыстау мен Шыңғыс ханның қатысы жөнінде бір үзік тағылым тастап кетіп еді. Ал бүгінде Шыңғыс ханды ұлықтап, ел арасында ол жөнінде түзу пікір қалыптастыруға өз үлесін қосып жүрген республикалық «Шыңғысхан» журналының орны ерекше. Бұл ағаларымыздың келешек ұрпақ алдындағы азаматтық борышын өтеуінің көрінісі деп білем.
Әдебиет
Шыңғысхан Республикалық журнал. №1, А,2014