СҰЛТАН РАМАЗАНҰЛЫ ЖАНБОЛАТОВ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

СҰЛТАН РАМАЗАНҰЛЫ ЖАНБОЛАТОВ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Ділмұрат Ақылжан (Қытай)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Бегалиева А.К.

Сұлтан Рамазанұлы Жанболатов 1936 жылы Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай ауданында өмір есігін ашқан.
1956 жылы Шыңжаң институтының физика-математика факультетін үздік нәтижемен тәмамдап, жалынды да талапты жасты сол оқу орнының басшылары физика кафедрасына оқытушылыққа алып қалады. Болашақ ғалым өз білімін тереңдете түсу жолында 1957-1961 жылдар аралығында Қытайдың Чанчунь қаласындағы Зилинь университетінің физика факультетінде радио-электроника мамандығында оқиды. Ой қазынасын, парасат қоймасын жаңа озық білімге толтырған Сұлтан Рамазанұлы қазіргі Шыңжаң университетіне оқытушылық қызметіне қайтып оралады. Еңбек жолын елдің білім іздеген жастарына сарқа жұмсаудан, яғни, ұстаздықтан бастайды.
Сұлтан Жанболатов 80-жылдарда ұстаздықпен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласа бастайды. Өйткені, Қытай өкіметі осы кезеңдерде «реформа жасау, сыртқа есік ашу» саясатын кеңінен насихаттап, белсенді түрде жүзеге асыра бастаған еді. Міне осындай сәтте Сұлтан Жанболатов сияқты кәсіби мамандардың еңбегі ғана емес, ой-пікірі мен ұсыныстары да ауадай қажет болды. Осылайша, ол 1983 жылы Шынжаң университетінің проректоры, ҚХР Электроника қоғамының бас алқа мүшесі, ҚХР аз ұлт жазуындағы ақпараттарды компьютермен өңдеу қоғамының төрағасы, ШҰАР Ғылым және техника қауымдастығының тұрақты мүшесі, ШҰАР ЖОО ғылыми атақтар беру жөніндегі аттестаттау комиссиясының төрағасы, т.б. қызметтер атқарады. Жанболат аға қандай биік лауазымды қызметтің тізгінін ұстамасын, туған халқына адал қызмет ету деген жауапты міндетті ешқашан да есінен шығарған емес. Атап айтқанда, сол тұста ол аз ұлт жастарының да жаратылыс ғылым салалары бойынша жан-жақты білім алып, заман талабына сай еңбек етуі үшін жаратылыс ғылымдары бойынша Шынжаңдағы жоғары оқу орнына қабылданатын студенттердің үлес салмағының артуына мұрындық болды. Сұлтан Жанболатовтың осы еңбегінің нәтижесінде, қазақтың қара көз ұлдары мен қыздары көптеген мамандықтар бойынша да білім алып, заманауи ғылыми-техниканың нәрімен сусындай бастайды.
Сұлтан Рамазанұлы сан-салалы мемлекеттік және қоғамдық салада қызмет ете жүріп, жас ұрпаққа пайдалы ғылыми еңбектер жазуды да ұмытқан жоқ. Оның ғылыми саладағы ізденісінен туған «Компьютер принциптері», «Жартылай өткізгіштік радиоқабылдағыш», «Магнитофонды радиоқабылдағыш», «Калькулятор», т.б. ғылыми-техникалық саладағы кітаптары заманауи сұранысты қанағаттандырған бірегей еңбектері еді. Сонымен бірге, ол электроника саласындағы мол білімінің арқасында, өзі басқарған мамандар тобымен бірге аз ұлт жазуларын компьютерге ыңғайлау жүйесін ойлап тауып, ШҰАР-дың «Техникалық прогресс» сыйлығын еншіледі.
Сұлтан Жанболатов ұлтыма пайдам тиеді-ау деген жұмыстың ешқайсысынан да қашқан емес. Сұлтан ағаның шығармашылық жұмысына әсері тиетінін біле тұра, лауазымды мемлекеттік қызметтерге саналы түрде белсене араласты. 1986-1996 жылдары ШҰАР Оқу-ағарту комитеті төрағасының (ШҰАР Білім министрінің) орынбасары, 1988 жылы Оқу-ағарту және зерттеу институтының, Үрімжі кәсіби университетінің профессоры, ЖОО-ларда білім беруді зерделеу институтының директоры һәм аға зерттеушісі, 1993-2003 жылдары 8-ші және 9-шы рет шақырылған Мемлекеттік Халық Құрылтайының (парламент) депутаты, оның ұлт істері Комиссиясының мүшесі болды. 2005 жылы Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасына мүше болып сайланды. Бүгінгі таңда Сұлтан Рамазанұлы ШҰАР телеуниверситеті мен Үрімжі кәсіби университеттерінің профессоры, Қазақстандағы Мұхтар Әуезов атындағы Семей университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттерінің құрметті профессоры.
Сұлтан Жанболатов ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, қазақ әдебиетіне де олжа салған аса дарынды суреткер-жазушы. Әдебиеттің қақпасын 1979 жылы «Аруақтар арасында» атты повесімен ашты. Сұлтан аға бұл шығармасын жазғанда, жасы 43-те екен. Әрине, бұл қаламгер үшін кештеу болса да, оның қаламынан әлдеқандай тосырқауды байқай алмайсыз. Керісінше, осы алғашқы шығармасынан-ақ қаламы төселген, арғы-бергі әдебиеттен мағлұматы мол, ұлттың рухани топырағына терең тамыр жіберген төселген жазушылардай-ақ шеберлікті байқауға болады. Жазушының «Аруақтар арасында» повесі тақырыптық жаңалығымен, көркемдік шеберлігімен жариялана салып-ақ ШҰАР-дың «Бірінші дәрежелі әдеби сыйлығын» иеленді. Өйткені, Сұлтан Рамазанұлы осы шығармасымен Шынжаң қазақ әдебиетіндегі бірегей айтулы ақтаңдақтың орнын толтырды. Ол – фантастикалық проза жанры болатын. Жазушы осы шығармасында тарихтың терең қатпарларына сүңгумен қатар, болашаққа болжау жасайды. Келешек мүмкін ғылым-техника саласында болатын жаңалықтары туралы батыл ой айтады. Сұлтан Жанболатовтың ғылыми-фантастикалық шығармалары 1985 жылы «Қас Сақтар» деген атпен Пекиндегі «Ұлттар баспасынан» жарық көрді. Осы кітап туралы ғалым, жазушы Жақып Мырзахановтың: «Сұлтан қазақ әдебиеті тарихындағы ғылыми-фантастикалық әдебиеттің тұңғыш қалыптасуына кең жол ашқан ғалым һәм жазушы… «Қас Сақтар» атты ғылыми-фантастикалық әңгімелер жинағы оның өзіндік стиль, өзіндік оймен жазатын талғамды да тынысты жазушы екендігін көрсетті», – деген пікірімен толықтай келісуге болады. Осыдан кейін Сұлтан Жанболатов жазушы ретінде қазақ, хань, ұйғыр оқырмандарының іздеп жүріп оқитын қаламгеріне айналды. Әрине, одан кейін де жазушы қаламынан ондаған повестер мен әңгімелердің оқырман жүрегіне жол тартқаны белгілі. Дегенмен, қаламгер ретінде Сұлтан Жанболатовтың әдебиеттегі асқар биігі – «Үйсін хикаясы» трилогиясы. Трилогия жеке-жеке «Елжау Күнби», «Саншора Күнби», «Оңғай Күнби» атты бөлімдерден тұрады. Бұл трилогия 1994 жылдан жарық көрді. Бұл тарихи туынды ҚХР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Сондай-ақ, еліміздің 20-ғасырдағы «Қазақтың 100 романы» атты бағдарламасына енгізілді.
Ұлт жастарын білім нәрімен сусындатып, ғылым жолымен келе жатқан, Сұлтан Рамазанұлының арман көгі саясаттың ылаңымен тұманданды. Қытай тарихындағы «мәдени төңкеріс» жас Сұлтанды да айналып өткен жоқ. 1963 жылы күзде оған әртүрлі саяси жалалар жабылып, басына қара бұлт үйіріледі. Атап айтқанда, оған «қашқынның баласы», «шетпен астасқан», «ақлақан», «буржуазия маманы» деген сорақы айдарлар тағылып, қақ-соққа ұшырап, жауапқа тартылады. Түнек түннен соң, жарқырап таң атпаушы ма еді. Сол секілді 1976 жылы «мәдени төңкеріс» аяқталып, саясат оңалып, Сұлтан Рамазанұлы өзінің сүйікті қызмет орнына – университет аудиториясына қайта оралды. Бақандай бір мүшелінің мағынасыз қуғын-сүргінімен өтіп кеткеніне ашынған ғалым уақытқа кеткен есесін қамтып қалу мақсатында түнде ұйқыны, күндіз күлкіні қайырып қойып еңбектенді. Соның арқасында 1982 жылы «Бүкіл қытайлық ғылыми атақ-дәреже беру» заңы қабылданғаннан кейін, Сұлтан Рамазанұлы Шыңжаң қазақтары арасынан тұңғыш доцент атағына, одан кейін тағы да тұңғыш рет (Үрімжі кәсіби университетінен) профессор атағына ие болды.
Сұлтан ағамыз туралы Дүкен Мәсімхан ұлы«Ұлт үшін туған ұл» деген мақаласында: «Ұлтының бақыты үшін жаралып, ұлтының намысы үшін қажымай еңбек етіп, тұтас ғұмырын ұлтының рухани түлеуі мен жаңғыруына арнап келе жатқан ұлтының адал ұлы, Алаш жұртының аяулы ақсақалы – енді өмір бойы бейнетіңіздің зейнетін ұзақ жылдар көруге жазсын деген тілек айтады!»
Ал Нұрлыбек Мәуленбек болса «Дәуір Сомдаған дара Тұлға» атты мақаласында: «Дәуірдің тұлғаны сомдауы уақыт тізгінінде десек, ал тұлғаның өз дәуірінің биік шыңдарынан көрінуі қажымас енбегінің нәтижесі, кейінгі ұрпаққа дара қасиетімен өнеге қалдыра алады, бұл ақиқат. Ақиқат – дәлел фактілердің қорытындысы. Өйткені, бүгінгі және болашақта да бұл ақиқат өзгермек емес. Біз енді өз сөзімізді өзімізге бейтаныс сезілетін өткен мен болашаққа жүктемей, өзіміз куә болып отырған бүгіннен басталық. Біздің бүгінгі өркениетті дәурімізде уақыттың қатаң сынынан сүрінбей өтіп, зор енбегімен жалпақ жұрттың мақтанышына айналған дара тұлғаларымыз санаулы. Ия, соның бірі, бірі болғанда да бірегейі – белгілі ғалым, қоғам қайраткері, жазушы ағамыз – Сұлтан Жанболатов».
Сұлтан Жанболатов атамыз айтқан бір сөзі бар:Малың семірсін десең шөпке айда, Балаң піссін десең шетке айда, осы сөзін ала отырып яғни біз жастардың білімін көтеруіміз керек. Қазір еліміз жастарға шетелге де шығып оқып, білім алуына мүмкіндік жасап отыр, бірақ кейбір жастарымыз шетелде біржолата қалып қойғандар бар, себебі олар өз мүддесі үшін ғана шетелде қалып қоя берген, еліміздің болашағы жастардың қолында, біздер дарынды жастармыздың шетелде қалып қоюына жол бермеуміз керек, ал мұндағы шығар жолымыз, жастардың өз ұлтына деген патриоттық сезімін, сүйіспеншілігін оятуымыз керек!

Әдебиеттер

1. «Мұрын шежіресі». Жанболатов С.Р қысқаша өмірбаяны – 272 бет.
2.Мәсімханұлы Д. Ұлт үшін туған ұл /Егемен Қазақстан, 11.02.2016.
3. Нұрлыбек Мәуленбек.Дәуір сомдаған дара тұлға / https://toges.wordpress.com/2011/05/17/
4. ҚР сайт www.egemen.kz/2016/02/11/23458
5. Жанболатов С.Р. Ұлттың тілі мен жазуы ортақ болмай, біртұтас болу қиын / Айқын, 06.04.2012.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *