Көне ұлттық діндер
1. Қосөзен аралығындағы діндер
2. Көне Грециядағы дін
3. Көне Римдегі дін
4. Көне Түріктердің діні
1-сұрақ: Қосөзен аралығындағы діндер
Көне шумерлер б.д. дейінгі VI мыңжылдықтың соңын ала Тигр мен Ефрат өзендерінің аңғарларына қоныстанып (қазіргі Ирактың территориясы), тұңғыш қала – мемлекет орнатты. Б.д. дейінгі ІІ мыңжылдыққа қарай шумер өркениеті құлдырады. Бірақ, шумерлердің діни нанымдары аккадтықтарға – вавилондықтар мен ассириялықтарға мұра болып қалды. Көне шумерлердің құдайлары барлық қала-мемлекеттер үшін ортақ болғанымен, олардың әрқайсысының ерекше табынатын құдайлары болды. Мәселен, Нуппурда Эниль құдайы “ауа әміршісі” және “құдайлар патшасы” деп дәріптелсе, Эреду қаласында даналық және әлемдік Мұхит құдайы Энка, Урук қаласында аспан құдайы Ан, Наннада соғыс құдайы Инан-на әспеттелді. Шумер мифологиясында бала көтерген әйел түрінде кескінделетін Ұлы Ана кейіпіндегі Жер ерекше құрметтеледі.
Бірінші құдай, аспанды жаратушы Ан деп танылғанымен, жерді және жер бетіндегінің бәрін жаратуды аяқтаған, адамдардың тағдырының, табиғат байлығының, өмір қуатының иесі, ең үлкен құдай “ауа әміршісі” Энлиль деп марапатталды. Шумер мифологиясында Энлиль мен оның әйелі Нинлиль құдайдан Ай құдайы Нанна, соғыс құдайлары Нинурта мен Нингирсу, От құдайы Нуску, тамұқ құдайы Нергал, тағдыр құдайы Намтар туды деп саналды.
Шумер мифологиясында даналық құдайы, жер үстіндегі және жер астындағы сулардың иесі, бар әлемді басқаратын құдіретті күш сақтаушы Энки құдайы дара тұр. Ол – адамды және барша адамзатты жасаушы, оларды бағбандыққа, кендір өсіруге, емшілікке үйретуші. Күн падишасы – Уту құдайы күндіз аспан төрінде, түнге қарай жер астымен саяхат жасайды. Ол билік айтушылардың қорғаны, “әділет иесі”, Урук қаласы патша әулетінің жебеушісі саналған.
Шумер мифологиясында құдайлар өліп, қайта тіріліп отырады. Соңынан көптеген аңыздарға негіз болған топан суы мифі кең көрініс береді. Бірде құдайлар адамзат баласына қатты қаһарланып, оларды құртып жібермек болады. Даналық құдайы Энки мұны Шуруппак қаласының әкіміне мәлім етеді. Содан ол жеті тәулік бойы болатын топан суынан аман құтылу үшін кемежасауға әмір етеді. Бірақ, құдайлар өздерінің бұл ісінің әділ еместігін ұғынып, қаһарынан қайтады да, Шуруппак қаласының басшысына мәңгілік ғұмыр сыйлайды.
Аккадтықтар осы шумер құдайларына сыйынған. Бірақ, оларға басқа есімдер берген.
Вавилондықтар әлем “жоғарғы” және “төменгі” аталатын қатар дүниелерден тұрады, ал жер бетіндегінің бәрі аспан әлемінің сәулесі, Ұлы құдайлар мен адам аарсында тура байланыс жоқ, олар адмдарға қамқор, тағдырларын белгілеп отыратын дербес жебеуші құдайлар арқылы ғана байланыс орната алады, соңғылары адамдарды, олардың болмысын қорғайды деп санаған.
Аккадтықтардың басты мифтік мұрасы – Гильгамеш туралы миф.
Шумер-аккад діни ғұрыптары. Шумерде болашақ дінбасыларын даярлайтын арнайы жабық мектептер болды. Оған текті тұқымдардан шыққан адамдар ғана алынды. Мектепті бітіргендер дінбасы атақтарына ие болатын еді. Шумер-аккад діні бойынша күн сайын екі мәрте – таңертең және кешкілік құдайларға құрбандық жасау тәртібі болды. Соғыстан түскен олжаның ең тәуірі, астықтың ең сапалысы мен еркек малдың ең күйлісі құдайларға сыйлыққа арналды. Храмдарда осыларға байланысты қосалқы жұмыстарды орындаушы, құрбандық ыдыстарын әзірлеуші төменгі шендегі қызметшілер даярланды. Шумерліктер өлген адамдарымен жылап қоштасқан соң, мүрдені өртеп жіберетін болған.
Дін ілімі жер аспан құрлымын толық қайталайды деп үйретті. Осыдан шумер, аккад, вавилон сенімдеріне астрология, жұлдыз жорамалы сияқтыларға ерекше маңыз берілді. Бұлармен дінбасылары шұғылданды. Аспан денелерін бақылау үшін арнайы мұнаралар – зиккураттар салынды. Дін басшылары (абыздар) аспанды бақылап, сәтті, сәтсіз күндерді айқындап, мерекелер күнтізбесін жасап отырады. Жыл басы да осы тәсілмен анықталды. Түрлі құрбандық, құлшылық жолдармен, қасиет дарыды деген мүліктерді құрбандық етіп, отқа тастау немесе қасиетті Тигр және Ефрат өзендері суымен жуып тазарту арқылы тылсым күштерді аластау дәстүрі кең тарады. Вавилон мемлекетін парсылар жаулап алған соң біртіндеп Заратуштра діні таралып, Мардук және Иштар құдайларының орнына Ахура-Маздаға бас ию тәртібі орнықты.
Египетте дін бүкіл мәдениеттің біртұтас негізі болды және сәулет, бейнелеу өнерлерінің, әдебиеттің қайталанбас туындыларын жасады. Олар б.д. дейінгі 2600-2300 жылдардағы Көне патшалық дәуірінің “Пирамидалар мәтіні” мен б.д. дейінгі ХХІ-ХҮІІІ ғасырлар шамасындағы Орта патшалық дәуірінің “Саркофактар мәтіндері” сияқты жекелеген жазулар. Жаңа патшалық дәуірі “Өлілер кітабы”, “О дүниеде не бары туралы кітап” деген, тағы басқа бірқатар діни шығармалардан көрініс табады.
Көне Египеттегі құдайлар пантеоны Жоғарғы және Төменгі Египет патшалық-тарының құрылуы барысында қалыптасып, Көне Египетте ертерек дәуірлерде Жер-Ана және оның күйеуі, Нил өзенінің иесі Хапиді культі басым болды. Олар баршаға тіршілік сыйлаушы деп танылды. Одан бертініректе жер құдайлары Геб және Акер, олармен қатар Аспанды мадақтайтын ана құдіреті кейіпіндегі Нут құдайына сыйыну орныққан уақыттың өзінде Жер-Ана мен Хапи культінің мерейі жоғары болды. Египеттіктердің көнедегі тотемдік нанымдары құдайлар мен рәміздерге енгізілген хайуанаттар культінен көрініс береді.
Египетті Орта және Жаңа патшалық дәуірлерінде атақты Фива қаласынан шыққан фараондар (перғауындар) биледі. Ра – Күн құдайы Фивадағы Күн құдайы Армонмен теңдестірілді. Сөйтіп, бұл екеуі біріктіріліп, Амон-Ра Күн құдайы пайда болды.
Көне Египеттің мифтері әлемнің жаралуын әртүрлі түсіндіреді. Бір қағида бойынша ең мәртебелі Күн құдайы Хаостан пайда болды делінсе, екінші бірінде алдымен су болып, одан керемет лотос гүлі көтеріліп шығып, осы гүлден Ра пайда болды да, осыған дейін қараңғылық қапасында жатқан жерге жарық шашады.Тағы бірінде Хаостан көтеріліп шыққан аралға келіп ғажайып құс жұмыртқа салып, одан Ра шығады. Жаратылу туралы ең күрделі миф Гелиополис қаласында туған. Ол бойынша бір құдай екінші бір құдай жаратады. Бертін келе күн құдайы Рамен біріктірілген Атум құдайы Хаостан пайда, болып, өзін-өзі ұрықтандырып, екі құдіретті – ауа құдайы Шу мен дымқылдық құдайы Тефнутті дүниеге келтіреді. Олардан жер құдайы Геб пен көк құдайы Нут туады.
Осылайша Египет құдайларының пантионы жергілікті культтердің бір орталықта – Ұлы құдай бейнесіне тоғысып мемлекеттік дінге айналуы Египеттің мемлекеттік тұтастығына қызмет етті. Көне Египеттің сан алуан, өте күрделді, монотеизмге жуық мифологиясын, діни ілімдер мен діни мәтіндерді абыздар мен ақсүйектердің ғана танып, білу мүмкіндігі болды. Ал қара халық өздерінің жергілікті құдайларын құдірет санап, соларға құлшылық жасады.
Көне Египеттегі құдайға құлшылық рәсімдері. Көне египеттіктердің діни ғұрыптарының негізінде адам жаны және Осиристің тірілуіне сену жөніндегі діни түсініктер жатты. Олар адам жаны мынадай төрт бөліктен құрылады деп санаған: 1) Ба – жанның өзі, 2) Хайбет – оның көлеңкесі; 3) Рен – есімі; 4) Ка – адаммен бірге пайда болатын, бірақ онымен бірге өлмейтін, тіпті тәнді сақтаған жағдайда өмір сүре беретін көзге көрінбейтін екінші бейнесі. Осыдан өлген адамның тәнін бальзамдап сақтау, оның мүрдесінің жанына қажет делінген заттар мен ас-су қою рәсімі орныққан.
Көне Египет діні бойынша фараон жердегі құдай саналды, мемлекеттік және дін басқару соның қолына топтастырылды, Күн құдайы – Ра-ның мұрагері й және оның жер бетіндегі бейнесінің өзі болып құрметтеледі. Бертініректе фараон әкім ретінде Осириспен шешендестіріліп, жерді қастерлеу рәсімдерін тегіс басқарушы, жер қазынасының бас сақшысы фдәржесінде орнықты. Көне Египет дінінің мемлекеттік сипаты шет аймақтардағы барлық құдайлар культін бір пантеонға біріктіру қажеттігін талап етті. Осындай орталықтандыру барысында Египетті басқару мен ондағы діннің тұтатығының кепілі ретінде фараонды «тірі құдай» дағуасына көтеру заңды құбылыс болатын.
Египет ақсүйектеріне қойылған ең көне құлшылық ескеткіштері – мастабтар немесе үш бөліктен тұратын қабірлер. Оның алдыңғы бөлігіне құрбандық шалатын қондырғы мен о дүниеге өткен адамға тартулар қойылатын болған. Екінші бөлмесіне өлген адамның тас мүсіні орнатылған. Ал жердің астын үңгіп жасалған бөлегіне саркофаг орналастырылған. Көне патшалық дәуір фараондарының мүрдесі үшін алып пирамидалар тұрғызылған. Орта және Жаа патшалық дәуірлерінде пирамидалар орнына тау үңгірлерін қашап, қуалай отырып ұзын галереялар жасалатын болған.
Көне Египетте дін басшылары нақты бір құдайға құлшылық ету принципімен бөлінді. Олардың басында жоғарғы дінбасы-абыз тұрды. «Құдай сөзін» оқитын немесе храм шежіресін жүргізуші діндарлардың артықшылықтары басым болды. Дегенмен, саясатқа белсенді араласып отыратын Амон-Ра құдайының діндарлары басты орынға ие болды. Құдайға құлшылық рәсімдерін үйде атқаруға да рұқсат етілді. Құдайлардың шағын мүсіндеріне құрбандық жасалып, солардың алдында дұға оқылды.
2-сұрақ: Көне грек мифологиясы. Дінтану – көне грек мифологиясының дамуын үш кезеңге бөледі. Олар – 1) хтон (грек тіл. — жер) немесе Олимпке дейінгі кезең, 2) классикалық немесе Олимп кезеңі және 3) бертінгі немесе героикалық кезең.
Бірінші, хтон кезеңіндегі мифтік ұғым бойынша бүкіл әлемнің, барлық тіршіліктің негізі әрі анасы – асыраушы Ұлы Жер-Ана. Мифология бойынша жер тіршілік иесі және оның барлық тіршілік белгілері бар. Олар қоршаған ортадан, адамның өзінің қимыл-әрекеттерінен, мінез-құлықтарынан көрініс береді. Бұл кезеңдердегі мифологияның басты кейіпкерлері – медуза, химера, гидра т.б.
Классикалық немесе Олимп кезеңі патриархатқа өтумен, алғашқы мемлекеттердің пайда болуымен ерекшеленеді. Бұл тұтастай мифологияның жаңа арнаға өтуіне жол ашты. Табиғат құбылыстарымен шендестірілген құбыжық құдайлар орнына адамға қайырымды құдайлар бейнелері пайда бола бастайды. Жаңа құдайлар әлемнің, қоғамның және адамның тұтастығы үшін күрескерлер болып суреттеледі. Олардың барлығы әлемнің тең ортасы деп танылған Олимп тауына топтастырылды. Осы орталықты айнала қоршаған космос кеңістігі ұғымы қалыптасты. Бұдан шет жақтан, бұрынғы және бір ізге түсірілмеген дүние, жоқ болмыс Хаос деген түсінік орнықты.
Олимп кезеңінің алғашқы мифтері жаңа құдайлардың ескі құдайлармен күресін баяндайды. Бұл күресте құдайлардың үлкені Зевс титандарды, циклоптарды, Хаостың өзге құбыжықтарын жеңіп, оларды жердің түпсіз тереңіне – Тартарға қуып салып, әлемді қайта жасайды. Ұлы Ана-Жер бейнесі енді Гера, Афродита, Артемида, Афина сияқты жасампаз әйел құдайларының бейнесіне ауысады. Мифология бойынша Гера Зевстің әйелі, ал қалған үшеуі қыздары. Теңіз құдайы Пасейдон мен дер асты дүниесінің құдайы Аид Зевстің ағалары болып келеді.
Бертінгі немесе героикалық кезеңде әлеуметтік қатынастарда қайшылықтардың күшейе түсуімен полистер арасындағы бәсекелестіктерге байланысты бұқараның құдайларға сенімді шайқала бастайды. Халықта құдайлар қаншама күшті болмасын, Зевстің өзі де, оның сүйікті ұлы Геракл де қанша ерлік жасамасын, олардың бәрі – құдайлар да, адамдар да ақыр-соңында тағдырға тәуелді деген түсінік орныға бастағаны аңғартылады. Осыған қарай грек пантеонының жартылай құдай, жартылай адам қаһармандары да халыққа қаталдық танытады. Жасаған күнәлары үшін немесе айтқан кеңестерін орындамағаны үшін қатаң жазалайды. Мәселен, Троя соғысына қатысты адамдар, соның ішінде жеңілгендері де, жеңгендері де қатаң жазаланады.
Көне гректердің құдайлар пантеоны. Көне грек мифологиясы мен дінінен Гомердің “Илиада” және “Одиссея” және Гесиодтің “Теогония” поэмаларында (б.д.д.ҮІІІғ.) мол мағлұмат беріледі.
Гесиод өзінің поэмасында әлемнің жаратылуы және құдайлардың пайда болуы туралы әңгімелейді. Ол бастапқыда Хаос, Гея-Жер, Тартар және Эрос сияқты құдіретті күштер болды, әлемнің жаратылуында Гея-Жердің орны ерекше, ол Уран-Аспанды дүниеге келтірді, осыдан соң ол Уранмен және Тартармен қосылып түрлі құбыжықтарға өмір берді, деп жазды. Гомер бойынша Зевс аспанға, Посейдон теңізге, Аид жер асты әлеміне иелік етеді. Олимп тауы барлық құдайлардың ортақ “үйі” болды, оның жоғарысында аспан, төменінде Тартарға дейін тереңге кететін төменгі аспан болды, жер үстінде Олимп тауы тұрды, осы әлемнің жаратылуын Зевс аяқтады, деп жазады Гомер. Зевстің бірнеше заңды әйелдері болған. Олар: Метида – ең ақылды әйел құжай Афинаның анасы; Фемида — әділет құдайы (одан әділет және тағдыр құдайлары туған); Гера – Олимптегі бас әйел-құдай, соғыс құдайы Арес пен кәсіпшілік құдайы Гефестің анасы, заңды некенің, қалалар мен қаһармандардың жебеушісі. Көне грек мифологиясы бойныша Зевс көптеген құдайлардың, нимфалар мен музалардың әкесі саналады. Мәселен ,сауық құдайлары харит, өнерді қолдаушы тоғыз муза, Персефона, Артемида, Афродита, Аполлон, Гермес-бәрі Зевстен туған.
Көне грек мифологиясында Зевстің ағасы, теңіз құдайы Пасейдон ең қаһарлы құдай түрінде суреттеледі. Ол өзін Зевспен тең санаған, зайыбы – Амфитрия нимфамен және теңіз тұңғиығын билейтін баласы Тритонмен теңіз түбіндегі ғажайып сарайда өмір сүрген. Зевс сияқты Посейдонның да некесіз балалры көп болған. Солардың бірі – жартылай адам, жартылай бұқа кейіпіндегі Минотавр.
Көнедегі гректер өлген адамдар жер асты әлеміне немесе өлілер патшалығына өтеді, онда бес өзен бар, солардың бірі – ұмытылу өзені – Летамен ағып отырып адамдардың жандары қу медиенге, Аид патшалығына барады деп сенген. Кейінірек бұл түсінік әр адамның күнәсі анықталады, күнәсіздер Елисей даласына, күнә жасағандар Тартарға жіберіледі деген ұғымдармен толықты. Жер асты әлемі мен өлілер патшалығында Аид құдай билік жүргізеді. Аид қапасын үш басты төбет – Цербер күзетеді.
Көне грек құдайлары пантеонында әйел құдайлардың орны ерекше. Мәселен, отбасы құдайы және өмірлік қуат беруші от қорғаушысы Гестия – Космостың және әлемнің орнықты құрылымының мәңгілігі мен шексіздігінің рәмізі. Ал, диқаншылық пен молшылық құдайы Деметра (грек тілнде – “жер-ана”) бидай тұқымын беріп, адамдарды диқандыққа үйретуші. Бүкіл табиғат тек соның мейірімі аясында ғана гүлдеп, шешек жарады.
Зевстің баласы Аполлон мифологияда әрі қатал, әрі мейірімді болып суреттеледі. Ол – циклоп, титан, алыптар басқаларын құтқармайтын құдіретті жебенің иесі, емшілер мен тәуіптердің қорғаны, тағы барлық аурулардан сауықтырушы. Бертін келе пайғамбаралар мен көріпкелдердің құдайы, қалалар тұрғызушы, көркемөнер мен музыканың құдайы. “Мусагет” (музалар жетекшісі) атағын алған соң, оған лирикалық поезия, өлең, эпикалық поэзия, тарих, трагедия, гимн, би, комедия, астрономия музалары бағынатын болған.
Аполлонның қарындасы, аңшылық құдайы Артемида – нимфалармен Эллада тауларын кезіп жүріп, табиғат әлеміндегі үйлесім мен тәртіпті қадағалаушы. Мифте Артемида өте қатал құдай ретінде баяндалады.
Гректердің әйел-құдайларының ішіңдегі аса құдіреттісі – Афина. Ол – даналықтың, өнердің, кәсіпкерліктің және соғыстың құдайы. Әкесі Зевс оған найзағай оғын сеніп береді. Афинаның құдіретті даналығы – саясатшылар мен мемлекет басқарушыларының даналығы, өмір даналығы. Оның атымен аталған және соның қамқорлығындағы қалада әділдік, заң және демократия үстемдік етеді. Осы қалада әр айдың соңғы он күні Афинаға арналып, салтанатты шерулер өткізу тәртібі болған. Көне гректер Афинаны қолына найза мен қалқан ұстаған, даналығының символы – жапалақ пен жылан ере жүретін әйел бейнесінде суреттеген.
Классикалық грек мифологиясындағы Зевстің қызы, махаббат пен сұлулықтың құдайы Афродита сонымен қатар бейбіт өмір, молшылық, көктем және бақытты неке құдайы да. Оның құдіреті Афина, Артемида және Гестиянда басқа әйел құдайлардың баршасына жүреді. Оның күйеуі – от құдайы және ұсталық иесі Гефест. Оның қолынан небір тамаша дүниелер шығады. Зевстің найзағайына дейін соның жасаған дүниелері. Гефест қолөнершілер қаласы Афинада және Самоа аралында ерекше қастерленген. Самоада оның құрметіне Гефестион және Гефестополь қалалары тұрғызылған.
Арес – Зевстің баласы, ешқандай мән-мағынасыз қантөгіс соғыстардың құдайы.
Гермес – грек құдайларының ішіндегі ең іскері, жүргіншілердің желеп-жебеушісі, өлген адамдарының жанының жер асты әлеміне сапарына жол бастаушы, Зевстің баласы әрі көмекшісі. Оның құрметіне барлық жол тараптарына сәулетті бағаналар тұрғызылған. Жүргіншілер соларға қарап бағдарын анықтап отырған. Сонымен қатар бұл бағандар Герместің құдіретінің символы қызметін атқарған. Герместің табиғатының екінші жағы – ол табиғат құпияларын, тылсым сырларын біледі, бақташылардың, алаяқтардың, алдамшылар мен ұрылардың да жебеушісі саналған.
Дионис – жүзімшілік пен шарапшылық және жердің молшылық қуатының құдайы. Ол кәдуілгі әйелден – Семаладан туады. Дионис, аңыз бойынша, адамдардың мастық сезіммен көңіл сарайының ашылып, кенеттен шабыттануына жігерлендіруші болып саналады. Ол осы тұрғыдан шығармашылықтағы үйлесім мен тереңдікке сатылап, ойлау арқылы байыппен баруды уағыздайтын Апрллон қағидасына қайшы келді. Осыдан көркемөнер мен мәдениет тарихында “дионистік” және “аполлондық” бастаулар деген түсінік қалыптасады.
Гелиос – күн сайын отты арғымақтармен көкті шарлап, барша әлемге жарық пен жылу таратушы Күн құдайы. Кеш түсе ол қайыққа отырып, теңізді жүзіп өтіп, ертемен көтерілетін жеріне барып тұрады. Ол адамдардың тұрмысын бақылап, жақсы-жаманды тізіп жүреді. Қылмыскерлерді зағип етеді.
Көне грек мифологиясында қаһарман-жартылай құдайлар бейнесі көп ұшырасады. Олар кәдімгі адам түрінде, бірақ олардан құдіреті артығырақ бейнеленеді. Құдайлар мен адамдар қосылып, ұрпақ береді. Кейде олар құдай дағуасын құрайды. Қаһарман-жартылай құдайлардың бастаған істерін аяғына жеткізіп тындырады. Олардың басты міндеттері – жердің бетін және жер асты әлемін ескі құдайлар мен түрлі құбыжықтардан арылту. Олимп кезеңіндегі мифологияда әлем құрылысы үйлесімді түрінде суреттеледі, өмір жоғары құндылық ретінде бағаланғаны аңғарылады. Осыдан бұл кезеңде трагедиялық, сарыуайымшылдық сарыны байқалмайды.
Көне гректердің сенімдері мен ғұрыптарының ерекшеліктері. Көне гректердің діни сенімдері Гомердің қаһармандарызаманынан бертінге дейін діни дәстүрлер түрінде ғұрып-салттарда сақталып келеді. Көне Грециядағы дін мемлекет саясатымен, мемлекетті басқару мәселелерімен тығыз байланыста болды. Абыздар (дінбасылар) мемлекет қызметінде саналады.
Гректер таң сайын міндетті түрде Күн құдайы Гелиосқа арнап дұға оқитын еді. Көп адамдар қатынасқан тойлар мен халық жиналыстарында ерекше дұғалар оқылды.
Дін қызметшілерінің тағы бір маңызды қызметі – құстың іш құрылысына немесе ұшуына, аспан денелерінің қозғалысына, найзағайға қарап болашақты болжау болаты. Гректерде осы болашақты айтуға байланысты оракул деген ұғым болды. Оның мәнісі – құдайлардың дін қызметшілері арқылы қойылған сұрақтарға тікелей жауап беруі. Зевс, Геракл, Апаллон сияқты құдайлардың әрқайсысының оракулдары болған. Осылардың ішінде Гея, Фемида және Аполлонға арналған Дельфадағы оракул әсіресе әйгілі еді.
Грек діндері адамның тән сұлулығын уағыздайды. Бұл белгілі мерзімде өткізіліп отыратын бейбіт сайыстарынан көрініс тапты. Тәні сау, күшті адамдарды көріп, құдайлар разы болып отырады деп санады. Біртіндеп бұл сайыстар Олимп ойындарына ауысты. Барлық құдайларға арналған осы ойын кезінде соғыс қимылдары тоқтатылатын болды. Олимп ойындарының өткізілуімен байланысты жыл есебі жүргізілетін болды (жыл есебі б.д.д. 776 жылдан басталды).
3-сұрақ: Көне Рим мәдениеті
Көне рим мәдениетіне көне Греция мен этрускілер дінінің орасан ықпалы болды. Римдіктер өз құдайлары мен ғұрыптарын этрускілерден қабылдады. Этрускілерде бірінші орында аспан құдайы Тин тұрды, одан кейінгі орындарда патшалық әмір құдайы Уни (римдіктерде- Юнона), қолөнер кәсіпшілігі құдайы Менерва (римдіктерде – Минерва)болды. Бұлар құдайлардың ерекше қадірлі үштігін құрады. Туран әйел құдайы табиғатты, Аллу табындағы малдарды қорғаушы саналды.
Этрускілерде жер асты отының құдайы Веханс аталса, римдіктер оны Вулкан деп атады. Теңіз құдайы Нефунс Нептун, соғыс құдайы Марис Марс болып өзгеріп енді. Этрускілер мифологиясында әлем үш қабатты: бірінші, төменгі қабаты – тамұқ, ортаңғы қабаты – жер, жоғарғы қабаты – аспан. Осы үшеуіндегі құбылыстар бір-бірімен байланысты, қатар жүріп отырады.
Рим дінінің қасиетті рәсімдері понтификте — діни кітаптарда рет-ретімен жазылып, шариғат түрінде бекітіліп, қатаң тәртіппен өткізілді.
Понтификтерге түрлі жағдайларға байланысты шығарылған қаулылардан түсіндірмелер жасалып отырды. Бас понтификке жылнама және мерекелер күнтізбесі жазылды. Құдайға құлшылық үстінде оқылатын дұғалардың, құдайға жалбарынудың арнайы кітапқа тіркелген қатаң формуласы – индигаменті болды.
Көне дәуірден бермен қарай еркек және әйел кейпінде қатар бейнеленетін құдай дағуасындағылар мен нуминдер (құдіретті күштер) ерекше құрметтелді. Көне римдіктер өз халқының тарихын мифке айналдырып, ата-баба аруақтарына құлшылық етті.
Римдіктердің басты және ең мәртебелі құдайы – Юпитер. Ол – шарап жасау, антқа беріктік пен шекара беріктігі, жеңімпаз соғыс құдайы, республиканың және Рим императорларының жебеушісі.
Юнона — әйелдердің некенің, аналардың және жоғары биліктің қорғаушысы. Сонымен бірге ол жауынгер де.
Көне римдіктер ғұрпында Юпитер, Юнона және Минарваның құрметіне Капитолийде тұрғызылған храм басты храм болып саналды. Минперва қолөнер кәсіпшілерінің, жазушылардың, актерлер мен музыканттардың, емшілердің, ұстаздардың қорғаушысы ретінде құрметтеледі. Кейініректе ол соғыс, даналық және қалалар құдайы болып танылды.
Марс – жабайы табиғат, құнарлылық пен соғыс құдайы, ырыс иесі, аңшылықта табыс әкелетін, соғыста жеңіске бастайтын Рим қауымының бас сақшысы.
Квирин – халық жиналыстарының жебеуші құдайы осыдан римдіктер өздерін ресми түрде «римдік квирит халқы» деп те атаған.
Рим мифологиясындағы белгілі тұлға – кіріп, шығатын есіктердің әміршісі Янус. Ол әрбір нәрсенің бастауының рәмізі болды, құдайларға жалбарынғанда бірінші сөз соған арнапи айтылды. Янус қарама-қарсы жаққа қарайтын екі жүзді болып бейнеленді. Бұл өткенді және болашықты бірдей біледі дегеннің белгісі еді. Рим тарихының ерте дәуірінде Янус Юпитер-Марс-Квирин үштігін басқарушы жоғарғы құдай болуы тиіс джеген жорамал бар.
Янус құдайының абызы өзгелердің ішінде бірінші деп танылып, “құдыретті рәсімдер патшасы” аталды. Көнедегі қасиетті гимнде Янус “құдайлардың құдайы” деп мадақталды. Соғыс кездерінде Янус храмы үнемі ашық тұрады. Айтылғандардан Рим құдайлары әлемге өздерінің мейлінше кемелдігіне деген нық сеніммен әмір жүргізді деген түйін жасаймыз.
Рим діни ғұрыптар. Көне Римде мемлекет пен дін біртұтас идеология түрінде көрінді. Мемлекеттің астанасы “қасиетті қала” деп жарияланды. Заң бәрінен жоғары қойылды. Барлық діни және азаматтық ахуал (неке, жерлеу, бала етіп асырап алу т.б.) заң жолымен понтификтерде тіркелді. Бас понтифик (барлық құдіретті және адамшылық істерінің қазасы және төрешісі) бас абыз міндетін атқарды. Ол он бес адамнан тұратын понтифик колллегиясын басқарды.
Бұлар діни және мемлекет билігінің тұтастығын білдіретін міндетті құдіретті ғұрыптарды – қателік жасаған жағдайларда құдайлардан кешірім өтініп, садақа үлестіруді, соғыс немесе індет жағдайында берген уәдесіне қарай тарту жасауды, мемелекет тарапынан храмдарға сыйлық үлестіру түріндегі құдайларға таралғы жасауды ұйымдастырып өткізуге жауапты болды.
Аяндарды түсіндіруші, құстың ұшуына, аспан денелеріне, тауықтың дән шоқуына, жануарлардың қимылдарына қарап сәуегейлік жасаушы авгурлер коллегиясын жұрт алдына осы абыздар шығаратын болды. Солармен бірге малдардың ішкі құрылысына қарап сәуегейлік жасаушылар болды. Оларды гаруспиктер деп атады. Бертін келе құдай дағуасында бекітілген императорларға құрмет көрсету ғұрыптарын орындайтын жаңа абыздар коллегиясы құрылды.
Осымен қатар, абыз-фециалдар деген орнықты. Олар соғыс жариялау, одақты шар жасау ғұрыптарын атқарды, соғыс ашпас бұрын ультиматум жариялады, отыз үш күн өткен соң, ультиматум қабылданбаған жағджайда, соғыс қимылдарын бастауға рұқсат берілетін болды. Салий аталған абыздар абыздар құдайлардың құрметіне гимндер айтумен бірге, қару мен қалқанға құдіретті күш дарыту ғұрыптрын орындауғы міндеттелді.
Римнің діни күнтізбесінде укөптеген мейрамдар – фериялар болды. Олардың ішіндегі ең елеулілері: Паренталий-ақпанда ата-бабалар аруақтарына арналып өткізілетін мейрам; Флоралий – көкек айы мен мамыр аралығында гүл құдайы Флораның құрметіне ұйымдастырылатын мереке; Сатурналий – желтоқсанда Сатурн құрметіне өткізіледі; наурыз айында Марс күні мерекеленеді; әр айдың ортасында Юпитер құрметіне құрбандық шалу; қарашада Плебей ойындарын өткізу; қыркүйекте Юнона мен Миневра мерекелері; Рим ойындары – спорт жарыстары мен театрландырылған көріністер.
Жаңа дәуірдің ІІ-ІІІ ғасырларында-ақ Рим императорлары синкреттік культті енгізе бастады. Рим діні жалған сипат алуға көшті. Көне римдіктер ІҮ ғасырдың аяғында христиан-император Ұлы Феодосийдің вердиктімен ескі құдайларға табынудан бас тартты.
4-сұрақ: Көнедегі түркілердің дүниетанымының
Көнедегі түркілердің дүниетанымының түпкі қазығы – Тәңір ұғымы. Бірақ осы ұғымға қатысты ғалымдардың пікірі күні бүгінге дейін бір арнаға түскен жоқ. Бірі оны таза діни тұрғыдан қарстырса, екіншілері негізінен дүниетанымдық, философиялық мәнде түсіндіреді. Сонымен, Тәңір деген не? Біз оны алдымен дін тұрғысынан қарастырып көрелік.
Тәңір туралы Махмұт Қашқаридің “Түрік сөздігінде» мынандай түсінік берілген: “Тәңірі. Ұлы Тәңір. Құдай ұрғыр кәпірлер аспанды: “Тәңгі: Тәңірі” дейді. Ол көздеріне зор үлкен көрінген нәрсенің бәрін мәселен, биік тау, биік ағаштарда да “Тәңгі: Тәңірі” — дейді. Өйткені, сондай мәселелерге табынад. Олардың қателіктерінен тәңірдің өзі сақтасын» (Махмұ Қашқари. Түрік сөздігі. Алматы, “Хат”, 1998, 3 том, 504-505 б.)
Атақты түрік ғалымы Махмұт Қашқари “Түрік сөздігі” аталатын үш томдық кітабын 1074 жылы жазып біткен. Осы аралықта өкінішке орай Тәңір туралы қаншама жалған пікрелер айтылды.
Біріншіден, Қашқари “Ұлы” деген ұғымды тек Тәңірдің эпитеті ретінде қолданған. Демек, Тәңірдің мәні оның ұлылығында. Бұл Тәңір туралы ең салиқалы білім. Тәңір кім, не? – деп сұрақ қойсаңыз, жауап біреу, ол – ұлы. Ал, ұлылықтың сыры, тек өзіне (яғни Тәңірге) ғана мәлім. Егер сыры адамға мәлім болса, оның иесі ұлылық?!
Екіншіден, Алла болмысының негізі де осы Ұлы Тәңірде жатқанға ұқсайды. Махмұт Қашқари айтуында Ұлы Тәңір мен Ұлы Алланың еш айырмасы жоқ. Бұл түркілік және мұсылмандық дүниетанымның бірлігінің дәлелі.
Үшіншіден, Махмұт Қашқари айтады: “құдай ұрғыр кәпірлер аспанды “Тәңгі: Тәңірі” дейді”. Осы Махмұт заманындағы теріс түсінік күні бүгінге дейін жеткен. Сөйтіп, “Көк Тәңірі” деген қате ұғымы қалыптасқан. Тәңірді көк Аспан деуге, Махмұт Қашқари қарсы. Ешқашан Тәңірді нақтылы әлде немен салыстыра немесе соның өзі деуге болмайды, Тәңір деген көк Аспан емес. Ол – ұлы. Ал, ұлылықтың не синонимі, не теңдесі болмайды, ол өзімен-өзі ғана тең. Салыстыру Тәңірден өзге дүниелік нәрсе, зат, құбылыстарға ғана жүретін тәсіл. Тәңірді салыстырма арқылы тану жолы қателікке бастайды.
Тәңір деген ұғым “Күлтегін” жырында да бар:
Биікте көк Тәңірі,
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуінің арасында адам баласы жаралған, —
дейді.
Яғни, Тәңір түркілердің түсінігінде жарылқаушы, бірақ Жаратушы емес. Ол өз сыры өзінде, адам түсінігінен тыс, тылсым нәрсе. Бір-ақ нәрсе айқын. Ол – оның барлығы және барша жаратылыстың тағдырын айқындаушы әміршілігі. “Тағдырды Тәңір береді,” — дейді түркілер. Бірақ, бұл жоғарыдан тараған бұйрыққа немесе алдын-ала айқындалып қойылған ертеңге дәрменсіздікпен бас ию деген сөз емес. “Адам өлмек үшін туады” дей отырып, сол Тәңірдің өзі табыстаған жоғары миссияны — әлемге билік жүргізу миссиясын орындауға өршілдікпен үндейді.
Бұл жерде Тәңір – оның жолындағыларды мақсатқа топтастырушы, қуаттандырушы ұлы күш. Түркілердің дүгиетанымына оптимизм тән. Биік көктегі Тәңірі оларға (түркілерге) қиял, арманына қанат, жүрегіне қайрат беретін тұңғиық. Биікке бас ию, биіктікті аңсау адамды өршіл философияға талпындырады. Биіктікке ұмтылу – ерлік, батырлық философиясы.
“Адам баласының бәрі өлгелі туған,” — деген түркілердің даналығында екі түрлі терең мән жатыр. Бірі – Тағдырды Тәңір береді, бәрі жазмыштағыдай болмақ, жаралған нәрсенің ақыры бар. Яғни, бүкіл заттық әлемнің жарылқаушы, әмірші иесіне сөзсіз бас ию керек, дүниенің өткіншілігін мойындауға тиістісің. Екінші жағынан, осы өткінші дүниеде бәрі Тәңірдің белгілегенімен болады деп, әрекетсіздікке бой алдырмай, осфы өзіне берілген кесімді мерзімде Тәңірдің әмірін орындау, яғни Көк пен Жердің арасындағы әлемге иелік ету, иелік үшін жан аямай күресу сияқты белсенді әрекетке шақыру жатыр.
Түркілер үшін өздерінің күш-қайратын жұмсайтын нәрсе тіптен де абстрактілі емес, олар дүниетанымын “ел” деген ұғым арқылы білдірген. Түркілер “ел” ұғымына қасиетті Жер-Суды және …Тәңірді сидырған. Осылардың бәрі бар болғанда, басы бүтін болғанда “ел” бар.
Осымен қатар оларда “құт” түсінігі болған. Ол – Тәңірдің қолдауына ие болу, соның жолында «елге» қызмет жасау. Демек, түркілердің көсемдері осындай Тәңірдің барлығын танитын, соның жебеуімен халқына немесе “елге” қызмет жасаушы, оны басқарушылар.
Тәңір дініне сай ғұрыптар болған. Бірақ, түркілер Тәңірге арнап ғибадатханалар салмаған. Олар үшін Тәңір – барлық жерде. Оны көруге, танып білуге, мекенін айқындауға, сипаттауға болмайды. Бірлік, батырлық, адамшылық, жақсылық – бәрі Тәңір, бәрі тәңірдің қалауындағы нәрселер.
Тәңірді діни сенім деп қарстырған жағдайда біз ол сөзсіз монотеистік дін болған деген тұжырыма тоқтаймыз. “Тәңір бір” дейді “Күлтегін” ескерткішінде. Көне түркілердің мифолгиясында Тәңірден басқа Ұмай, деген қатар аталады, ал өздерінің ата-тегін Көк бөріге апарып тірейді, тұрмыста індет атаулыны от-анамен аластау ғұрпын қолданады.
Осыларға қарап, кейбір зерттеулерде түркілер политеистік (көпқұдайлық) дінінде болған, табиғат күштеріне бағынған, яғни сенімдері анимистік сипатта болған деген тұжырым жасалады. Бұл негізінен жаңсақ пікір.
Түркілер әлемді үш қабат деп түсінген. Біріншісі – Көк, екіншісі – жердің үсті және үшіншісі – жер асты әлемі. Тәңір көктің иесі ғана емес, барша әлемге пәрмен жүргізуші, бірақ, жоғарыда атағанымыздай, жаратушы емес, тағдырды анықтаушы. Бәрі соның әмірімен болады. Ал Ұмай жер бетіндегі тіршіліктің бастауы әрі жебеушісі. Бірақ, бұл түсінік барлық түркі тайпаларына ортақ түсінік емес.
Қазақ халқының мифологиясында аруақ түсінігі бар. Қазақ халқы және көнедегі түркі тайпаларының басымы адамның жаны мәңгілік, тек тәні ғана өледі деп білегн. Осы жерде хакім Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,» — деген терең философиялық өлең жолдары еске түседі. Ол “Мені мен менікінің айрылғанын, Өлді деп ат қойыпты өңшең білмес,” — деп, адам рухының мәңгі жасайтындығын айтады.
Бұл будда діні мен ислам ілімдерінің отасындағы аралық түсінік деуге болады. Үнді діни сенімдерінде адамның жаны мәңгілік, олар басқа кейіпте, әбден кәміл дәрежесіне жеткенге дейін, тіршілікте жасаған күнә-сауаптарына әртүрлі бейнеде келіп отырады деп уағыздаса, ислам адам жаны ақырзаман болғанға дейін оқшау әлемде өмір сүріп, заманныңақырында өзінің тәніне оралады дейді.
Түркілердің (соның ішінде қазақтардың) діни нанымында адамның жаны мәңгі жасайды, олар аруақ бейнесінде тірілердің әрекетіне араласып отырады, заманақырда адам кейіпінде қайта оралады. Түркілердің ислам қағидаларынан айырмасы, мұсылман діні тыйым салатын, өлген адамдардың рухына бас ию. Осыдан түркілерде ерлік жасап қаза болған адамдар рухына балбалдар орнатусалты қалыптасқан. Мұндай балбал мүсіндер Енесей аңғарынан бастап, Таврия (тавро – малға салатын таңба, яғни Таңбалы дала) даласына дейін ұшырасады. Бұл түркілердің дүниетанымы белгілі бір шектеулі кеңістікте емес, басқа мәдениеттермен синтез нәтижесінде қалыптасқандығын, оның жоғары дүниетанымдық деңгейін көрсетеді.
Ал қасиетті Жер-Су, аластаушы От мәселесіне, аспан денелерін қадір тұтуы мәселесіне келсек, ол табиғаттың дүлей күштеріне сөзсіз табынуданшыққан нәрсе емес. Біріншіден, Жер-Су, жоғарыда айтқанымыздай, «ел» ұғымының құрамды бөлегінің бірі болса, екінші жағынан оның негізінде түркіледің әлемінің төрт элементтен — судан, оттан, ауадан және топырақтан жаралғаны туралы дүниетанымдық түсінігі жатыр. Бөрі көне замандарда тотем болып, бертін келе түркілердің түз тағысындай қайсарлығыңның рәмізіне айналған тәрізді. (“Бөрілі менің байрағым, бөрілі байрақ көргенеде, қозады қай-қайдағым”. Сүйінбай).
Түркілерде бұлардың сыртында синтоизм, тағы басқа діндердегі заттар мен құбылыстардың құдайлары орнына “ие” түсінігі оныққан. Бұл қазақ халқының төрт түлікке байланысты Ойсыл қара (түме иесі), Қамбар-Ата (жылқы түлігіне байланысты), Зеңгі-Баба (сиыр малының иесі), Шопан-Ата (қой иесі), Шекшек-Ата (ешкі малының иесі) түсініктерінен жақсы көрінеді.
ХІ ғасырда түркі тілдес тайпалар араб-парсы мәдениетін жатсынбай қабылдай бастады. Оның объективтік себептері де бар болатын. Соның бірі – түркі қағанаты ыдырап, оның орнына жаңа мемлекеттер, этностар пайда бола бастаған заманда олар жаңа, өзге мәдени дүниетанымды қажет етті… Исламның қазақ жерінде қантөгіссіз таралуының басты себептерінің бірі, Тәңір мен Алла дүниетанымдық мәселелердегі ұқсастығы, түркілер нанымдары мен исламның монотеистік сипаты, олардың мәдени тамырларының рухани сабақтастығы да үлкен әсер етті. Түркілер ислам әлеміне өзіндік орнықты дүниетанымымен енді және аруақ, ие, құт тәрізді іргелі ұғымдарын сақтап қалды. Тәңір ұғымы мен ислам үлгісіндегі дүниетанымның синтезі қазақ топырағында Иассауи ілімінен айқын көрініс береді.
Қайталау үшін сұрақтар:
1) Түрік дүниетанымының ерекшеліктері.
2) Діни ілім ерекшеліктері мен культтік тәжірибе.
3) Тәңірлік. Тәңірлік культтің қазақтардың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлеріне әсері