ЗУҚА БАТЫР
Болатнұр Қайсар (Қытай)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Мажиқызы Н.
Тәуелсіз мемлекетіміздің құрылуы – қазақ халқының талай ғасырларға созылған ұлт-азаттық күресінің заңды нәтижесі. Қазіргі кезде халқымыздың даму тарихында мүлдем жаңа мазмұндағы саяси кезең басталды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында қоғамдық саяси процестерге жаңа серпін беріп, оларды әділдік пен демократия арнасына бұрғанын көруімізге болады. Әр кезеңнің, дәуірдің өзінің тұлғалары болатыны белгілі. Олар өзі өмір сүрген қоғамға белгілі бір деңгейде үлес қосып, тарихта өздерінің іздерін қалдыруда.
Халқымыздың тарихында Қытайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Зуха батыр, Сәбитұлы 1869 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты Қалба тауының етегінде Кендірлікте дүниеге келген. Абақ керейдің Ителі руынан шыққан ол – аталарының жолын қуып, діни дәріс алған. Атасы Нұрмұхаммед бүкіл орта жүзге таныс абыз атанған. Өз әкесі Сәбит те абақ керейдің ішінде мешіт-медресе салып, бала оқытқан, «Дамолла» деген атақ алған діни оқымысты адам болған. Солтүстік Шыңжаңның ұлан-ғайыр елінде 40 жылға жуық имамдық жолында ұстаздық еткен. Төрт ұлы – Зуха, Білжай, Дәкен, Шәкірат әкеден жастай қалып, көзі ашық, көкірегі ояу шешесі татар қызы Бәтиманың тәрбиесінде өседі. Әкесі Сәбит Дамолла дүние салғаннан кейін Зуқа отбасын бастап 1883 жылдары Қытай жаққа ауып, Жеменейдің Сауыр өңіріне қоныс тебеді. Сондағы қазақтың төбе биі Жеңісхан діни сауаты терең Зуқаны қасына алып, медресеге мұғалім етіп тағайындайды. Зуқа би ордасында бала оқытып жүріп би төрелігінің әділетсіздігіне куә болады. Ру басыларының қанауына тап болған халықты көріп зығырданы қайнайды. Әділетсіз билікке қарсы шығады [1].
Ол 1904 жылы қажыға барып келген соң, жала жабылып 10 жылға жуық түрмеде отырады. Түрмеден шыққан соң тіпті де ашына түскен батыр би, төрелермен келіспей, әділетсіздікке қарсы тұрып олардың шамына тиеді. Ақыры батыр Сауырдағы ителіні бастап Көктоғайға қоныс аударады. Бұл жақта да байлар мен билердің қысымына тап болған қазақтар батыр маңын паналайды. Тіпті өзге ұлт өкілдері де оның жанына үйіріледі. Бұл жағдай жергілікті биліктің батырға деген қарсылығын күшейте түседі. Сондықтан ол осы қысымдарға қарсы тұру үшін қол жинап, қосын құрады. Орыстардан қару-жарақ алғызып, соғысқа жүйелі жаттығады. Ол жасақтаған қосын шекара аймақтағы қазақтардың малын тартып алып, қыздарын зорлаған моңғол жасақтары мен Қазан төңкерісінен қашып Қытайға өткен ақ орыс әскерлеріне тойтарыс береді. Зуқа қарамағындағы бес жүзден аса отбасын қазақ билеріне де, Қытай үкіметіне де салық төлеуден құтқарады. Қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Зуқа кедей-кепшікке, жетім-жесірге ерекше пана болып, жетім қалған көп баланы бауырына басқан. Ел аузында сол күндердің бірінде Зуқаның молқы елінен жылқы шауып алуға барған 13 батырын бір жас жігіттің ұрып жыққаны айтылады. Ерлігіне тәнті болған Зуқа жас батырды сұрастырып, оның Оспан екенін анықтайды. Содан бастап Зуқа Оспанға «Керейдің кер жақ батыры» деген атақ беріп, өз тәрбиесіне алып, үлкен үміт күткен деседі.
Зуқаның қарулы күшін жою үшін жергілікті билік тарапынан 1924-1926 жылдары 5 рет шабуыл жасалады. Оның қосыны күшейген сайын жергілікті биліктің шамасы келмей, оларға тыңшы жібереді. Оларға Зуқаның дүнгеннен бағып алған ұлы Жақия Алтайдың Сарсүмбесінде тұратын қазақтан әйел алған Ыбырайым атты дүнгенмен тіл біріктіре отырып қызмет етеді. 1928 жылы қазан айында қыстаудан жайлауға жайбарақат көшіп Белқұдық деген жерге қонған Зұқаның елін екі сатқын әскер бастап келіп шейіт қылады [2].
Аман қалған қазаққа сес көрсету үшін жергілікті биліктің тізгінін ұстаған Уижинго батырдың басын Қыран өзеніндегі көпірге іліп қояды. Халықтың кек алуынан қорыққан зұлым билеуші екі аптадай уақыт өткен соң батырдың басын қайтарып береді. Әкесінің басы алынғаннан кейін ұлы Солтаншәріп қол бастап Гоминдаң үкіметімен шайқасуға дайындалады. Бірақ ақсақалдар қарсы соғысқа жол бермейді. Әкесінің жылдық асын берген соң ұлы Солтаншәріп ителі руын бастап Баркөлге барып қоныстанады. Баркөлде көп уақыт тұрған ел Тибет арқылы 1950 жылдары Үндістан, Пәкістанға ауады. Ол жақта 10 жылдай тұрақтаған қазақ қауымы Түркияға барып тұрақтайды.
Қазіргі кезде Алтай мен Көктоғайдың арасындағы Белқұдық деген белде сол түні қырылған 50-ден аса шейіттің қоршалған бейіті бар. Ең алғашында бұл жерге батыр Зуқаның денесі бассыз жерленеді. Тек басы қайтарылған соң ғана, денесіне қосып қайта жерленеді [2].
Зуқа батыр туралы екі роман Үрімжі қаласында жарық көрді. Оның бірі «Зуқа батыр» деп аталатын Батырқан Құсбегиннің еңбегі болса, «Пана» атты екінші роман әйгілі жазушы Қажығұмар Шабданұлының қаламынан туған болатын. Бұл екі кітап та Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанындағы «Атажұрт» баспасынан қайталай жарық көріп, барша қазақ оқырманға ұсынылды.
Қазіргі таңда Зуқаның ұрпақтары барлығы дерлік Түркия мен Еуропа елдерінде тұрады. Батырдың кенже ұлы Қизат қажы 1999 жылы Ыстамбұлда қайтыс болды. Тағы бiр ұлы Сават қажы Алматы iргесiндегi Райымбек ауылында тұрады. Ал, «Қаражорға» биін қазақ жеріне әкелген немересі Арыстан қажы Шәдетұлы Алматы облысы, Қарасай батыр ауданы, Райымбек ауылында 1997 жылы бабасының құрметiне мешіт салып, оған батыр атын берді. Еуропадағы қазақ қоғамын басқарған тағы бір немересі Әбдiрахман Шетін бұл күнде Германияның Кельн қаласында тұрады. Басқа да немере-шөберелерін айтар болсақ, Есiмхан – Вашингтондағы Кеннеди әуежайында жауапты қызметкер, Талғат Көкбұлақ пен Өмiрхан Алтын Мюнхендегi «Азаттық» радиосында ұзақ жыл жұмыс жасаған. Танымал дiнтанушы-ғалым Шыңғыс Зуқаұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан жұртшылығына теледидар арқылы діни сабақтар жүргізіп, ислам жолында көп еңбек етті. Сондай-ақ, шетел қазақтары арасынан тұңғыш рет ҚР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланып, жеке меншік «Оғытай» банкісін құрған Ибраһим Гүллер де батырдың ұрпағы. Алматыда тұратын шөбересі Қалман Қосжiгiт болса қаламы қарымды халықаралық журналист болып қызмет атқарып келеді.
Әдебиеттер
1. http://www.wikiwand.com/kk/
2. Қара Ә. Келесі жылы Зуқа батырдың 150 жылдығы тойлану керек // Атажұрт, 2015 жыл 28 шілде.