«БАЛАУСА ЖЫР ЖАЗАМЫН ЖҮРЕГІМНЕН…»
Адилжан Рахима (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі – ф.ғ.к., аға оқытушы Мәтбек Н.Қ.
Қазақ халқы – ежелден өнерлі халық. Өнер дегеніміз – адам бойындағы қабілеттің ең биік көрінісі. Ақындық та – үлкен өнер. Бұл киелі өнерді бағалай білу бар да, баптай білу бар. Ақын болу үшін ешқандай мақсат керек емес, себебі бұл – туа біткен қасиет. Тек оны әрі қарай дамыту керек, дамыту үшін, көп ізденіп, көркем шығарманы көп оқу керек деп ойлаймын. Мынау қыран далаға, шеті жоқ тұңғиық аспанға қарап отырып ойланамын, бұл дүние қандай шешімі жоқ құпия болса, мен үшін ақындар да, олардың жан дүниесі де шешуі жоқ жұмбақ секілді. Сондай жұмбақ жандардың бірі, сүбелі сөз, орамды ойларымен үздік өлең үлгісін көрсетіп, пайымды пікір, мәйекті өнерімен поэзия ұшқырлығын танытып жүрген, арыстан келбетті, жолбарыс жүректі, қырандай қырағы, намысқой, ер мінезді, ақын жанды, ортамызда, ортамыздың шуағына айналып жүрген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің тыңдаушысы, жас талант – Орынбек Құндыбеков.
Ол 1997 жылы 4 қазанда Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Қармақшы ауданы Қармақшы ауылындағы № 113 Қаракөл қазақ орта мектебінде білім алған. Ол жастайынан талантты, естіген нәрсені ұмытпайтын алғыр болған. Анасымен әңгімелескенімде оның жеті жасынан тәй-тәй басып жүріп, тоғыз айлық кезінде-ақ тілі шыға бастап, үйге келген қонақтарға бата беретіндігі жайында айтты. Яғни жас ақын кішкентай кезінен-ақ отты болғанын байқаймыз. Атасы Ыбырай Сартай, нағашы атасы Қошыманов Омар да – өнерлі ақын кісілер. Менің ойымша, ақындық – Орынбекке қаннан тараған қасиет. Өлеңге бала күннен жақын болған ол ең алғашқы өлеңдерін бір шумақ әзіл өлеңдермен және атасына арнаумен бастаған. Қазіргі таңда заман талабына лайық, жан-жақты дамыған, қабілетті, шығармашыл тұлға. Көптеген байқаулар мен пәндік олимпиадалар жеңімпазы. Соның ішінде 2011 жылы ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығының дәстүрлі бағдарламасы аясында өткізген аудандық «Тәуелсіз елдің тарихи туындылары» атты қолөнер бұйымдарының көрмесіне құнды жәдігер тапсырып, 3-орын алса, «Тәуелсіз менің өз елім» атты еңбек ұжымдары арасындағы өнер сайысында «Терең ойлы шығармашылық» номинациясын жеңіп алған және осы 20 жылдыққа орай өткізген «Жаса, жайна Қазақстаным» тақырыбындағы аудандық мүшәйрада 2-орын иеленген. 2012 жылы Бұқарбай Естекбайұлының 200 жылдық мерейтойына арнап өткізген аймақтық «Ерлігі елге мұра» атты жыр мүшәйрасында 1-орын, 2013жылы Қызылорда қаласының құрылғанына 195 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Қасиетпен құт ждарытқан Қызылорда» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасында 3-орын, аудандық жазба ақындар сайысында бас жүлде, 2015 жылы 2 тамызда халықаралық жастар күніне орай өткізген «жастар жырлайды» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасында 3-орын алған. Сондай-ақ 2012 жылы Қызылорда облысы Төретас ауданы Байқоңыр қаласында 6 шілдеде «Балауса жүрегіммен жазамын жыр» атты шығармашылық кеші өтсе, 6 сәуірде жинағы жарық көрген.
Оралымды ой толғап, елім деп жырлаған Орынбекке мектеп директоры Н.Танбай, ауыл әкімі О.Өткелбай, аудандық білім бөлімінің бастығы И.С.Айкенов, аудан әкімі М.С.Имандосов, Қызылорда облыстық САП бірлестігінің төрайымы М.Досмаханова алғыс хат ұсынған. Оның «Ұлан», «Жас дәурен», «Қармақшы таңы», «Сыр бойы» атты газеттерде көптеген өлеңдері жарық көрген.Өлеңдеріне тоқтала кетсек, жас қаламгердің осы уақытқа дейін екі жүзге жуық өлеңі ғана қолжазба ретінде сақталған. Бозбала шағында:
Жылдар бойы отарында, бөтен елдің бодан болған ұлы елім,
Қанша азап шекті екен жаралы сенің жүрегің.
Келген кезде ел аңсаған азаттықтың ақ таңы,
Орындалды «тәуелсіздік» барша қазақ тілегің, – деп жырласа, қазіргі таңда
Тарихы терең арналған өлең ордама,
Жүректе туған, туған жерім сол ғана.
Сезімім мәңгі, арнаймын әнді сен үшін,
Отанды сүю ол – болашаққа жолдама! – деп еліне, жеріне, Отанына деген ыстық махаббатын жеткізеді. Оның өлеңдерінің негізгі сарыны – елге құрмет, Отанға сүйіспеншілік. Мысалы, оған, «Астанам», «Қызылордам менің», «Желбірей бер тәуелсіздік жалауы» деген өлеңдері негіз бола алады. Орынбектің бұл өлеңінен оның өршіл, рухты, ұлтжанды, қайсар ақын екенін байқаймыз.
Күлкімде жүзден,
Жылылып шыққан жырымда,
Кімге арналғанын,
Білмеймін мүлде бұрында,
Мас болып жүрмін,
Құрсаулы сезім уына,
Тойып алғандай,
Шарап қосылған уына, —
деген өлеңінен махаббатты бағалай білетін, сезімтал екенін байқаймыз. Оның тағы бір қыры: ол әдебиетпен қоса математиканы да сүйіп оқиды, бұзылған телефондарды бұзып, қайта құрастырады.
Өнердің өзі – бір құпия. Ақындық – жұмбақ әлем. Мен үшін, сол жұмбақтың сырын білмесем де, үңілудің өзі қызықты. Негізгі менің ғылыми жобамдағы мақсатым – киелі сөз өнерінің қадіріне жетіп,ортамызды өлеңімен сусындатып жүрген жас ақынымыз Орынбекті халыққа, өздеріңізге таныту. Бұл жобамды Орынбекке арнаған себебім – ежелден туы биік қазақ әдебиетінің алауын, одан әрі асқақтататын жастарымыздың бірі болады-ау деген ой түйдім, сол себепті өз жобамды жас қаламгеріміз Орынбекке арнадым. Болашақта жас қаламгерімізге щығармашылық табыс, зор денсаулық тілейміз. Ақындықтың жолында жігерің мұқалмасын жас өркен!
Болашақтың бастауы, еліміздің тірегі, өлеңімен шындықты жырлаған, әділдікті ту еткен жастарымыз аман болсын.