АҚЫТ ҮЛІМЖІҰЛЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Әбдірахман Сағай (Қытай)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Мажиқызы Н.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет құрғанымызда ел қамын ойлап, сол жолда өздерінің саналы ғұмырын сарп еткен, ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиетіне қомақты үлес қосқан асыл азаматтардың шынайы түрде «ақтаңдақтарының» бетін ашып, қазіргі заман талабына сай зерделеудің маңызы зор.
Осындай біртуар азаматтарымыздың бірі Ақыт Қажы ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Қытай қазақтары iшiнен шыққан ғұлама, тарихшы, ақын тәрбиешi, жаңашыл ойшыл, қоғам қайраткерi. Оның шығармалары бiр ғасыр бойы Алтай қазақтары iшiнде құндылығын сақтады. Ал, ХХI ғасырдың табалдырығынан аттап отырған осы тұста да, Ақыт Қажының шығармаларының мәнiн жоғалтпағаны, тiптi арта түскенiн айтсақ, асырғандық болмас едi.
Ақыт Үлімжіұлы 1868 жылы Қытай Халық Республикасы Шығыс Түркістандағы Алтай аймағының Көктоғай ауданында кедей отбасында дүниеге келген. Бала кезінен бастап ауыл молдасынан, одан кейін Бұқар медресесінде дәріс алып араб, парсы тілдер, сондай-ақ шариғат пен тәжуитті үйренген. 1908 жылы Алтай, Қобда аймақтары қажылар тобының аудармашы ретінде Меккеге қажыға сапар шегіп барады. 1910 жылы елге қайтып келген соң, Сарытоғай ауылында мешіт салдырып, медресе ашып мұғалім болады. 1939 жылы Шың Шицайдің үкіметіне наразы шыққан халық көтерілісіне белсене қатысқаны үшін тұтқынға алынып, мешітті талқандатып, кітаптары өртендіріліп, 1940 жылы Үрімжіде түрмеде азаптап өлтірілген [1].
1891-1914 жылдары Санкт-Петербург, Қазан баспаларынан Ақыт Қажы атамыздың «Жиһанша», «Ахиретбаян», «Сәйпілмүлік-Жамал» дастандары, «Абият ғақидия», «Сейітбаттал Ғазы», «Ишан Махмұд» аталатын кітаптары бірнеше рет жарық көрді. Оның шығармалары «А.Алтайский» деген бүркеншік атпен «Айқап» журналына да жарияланып тұрған. Ақыт өлеңді алуан ырғақта насихат, ғақлия түрінде жазған. Ой толғауда Абай мәнеріне ден қояды. Абай өлеңдерін үлгі ете отырып, «Дәлейлул-ғақылия» («Ақыл түбі») өлеңдер топтамасын жазып шыққан. «Адамның жасы», «Асан ата», «Шыңжан қаритасы», «Керей шежіресі», «Ер Жәнібек», «Алтай» деп аталатын туындылары ел арасына кеңінен таралған. Ақын Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақовтан бастап 30-дан астам халық ақындарының шығармалары жинастырылып, зерттеліп, ел игілігіне айналды [2].
Ақыт қызмет бабымен 1930 жылы Қобдаға барған бір сапары кезінде Кеңес Одағы коммунисі Абай Қасымовпен танысады. А.Қасымов Ақыттың білімді, әрі ақын, жасампаз ойлы тұлға екенін байқап, Ақытқа А.Құнанбайұлының кітабын сыйға тартады. Осы тарихи кездесу Ақыт рухани дүниесінің кемелдене дамуына үлкен әсер етеді. Ақыт Абай өлеңдерін оқыған кез-келген адам Абай әлемін, оның өлеңдерінің мәні мен мазмұнын, оның философиялық ой-түйіндерін терең түсіне алмайтындығын ашық айтады. Ақыт Абайдың күрделі ойларын, дүниетанымын, Абайдың күрделі ой әлемін алдымен өзім тануым керек, осы арқылы басқаға түсіндіруім керек деген ойға тоқталады. Сөйтіп, Абай өлеңдерінің үзіндісін басына алып, күрделі лебіздерін шешу мақсатымен 66 тақта қара сөз («Дәләйілүл ғақлия») жазды. Ақыт: «Биссмиллә рахман рахим, Ей, мүмин, қарындастар! Қазақ ұлтының керей елінен шыққан мен әлсіз, пақыр пенде-қажы және қазы А.Үлімжіұлы, мүміндердің көңіл көзін ашуды, оларды опық жеуден сақтандыруды, кейінгі дәуірге естелік қалдыруды ниет етіп, марқұм А.Құнанбай қажыұлының кітабынан өрнек алып, осы ғақылиялық, нақылдық үндеулер кітабын жаздым. Шіркін, Абай адамның жуырда есіне түспейтін сөздерді тауып, соны өрнектеген екен. Мен де сондай есімге түсе қалған сөздерді кіргізді. Сондай-ақ Абай өлеңдерінің үзіндісін басына алып, күрделі лебіздерін шештім. Бұл нұсқаға сонан «Дәләйілүл ғақылия» («Ғақылиялық үндеулер») – деп ат қойдым. Мақсатым, ел-жұртқа тағылым болса…», — дейді. Құран Кәрімді алғаш қазақ тіліне аударған Ақыт шығармаларында өз ойларын Жаратқан Хақ Тағаламен сабақтастыра жырлайды.
Ақыт өзінің бүкіл саналы өмірін қазақ халқын ең дамыған алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосу мақсатында туған еліне адал қызмет етуге арнады. Ақырғы демі таусылғанша туған елін, жерін сүйіп, өз халқының тәуелсіздігі үшін күресіп өткен Ақыт ақынның тұлғалық болмысы мен асыл мұралары әлі де болса Қазақстанда терең зерттеу нысанасына ілінбей отыр. Ақыттың ерлерге, әйелдерге, жігіттерге, қыздарға, балаларға, моллаларға, билерге, төрелерге, сұлтандарға, байларға, кедейлерге бөлек-бөлек шығармалар арнап, жалпы адамға ақыл кеңес беретін қанатты сөздерінің этикалық, эстетикалық қырлары, тарихи сананы қалыптастырудағы ой-пікірлерінің бүгінгі күні және келер уақыт еншісінде де өзектілігі арта беретініне сеніміміз мол.
Ақыт жалпы қазақ әдебиеті мен мәдениетіне зор үлес қосып, артында өшпес мұра қалдырды. Сондықтан А.Үлімжіұлына өзінің тарихи Отаны Қазақстанда лайықты бағасын беріп, оның мұраларын зерделеуге назар аударуымыз керек. Белгілі отандық әдебиеттанушы академик Т.Кәкішев: «Ақытты әдебиетіміздің үлкен өкілі ретінде қазақ мәдениетінің тарихына кіргізуіміз керек. Ол Абайдың алғаш кітап шығаруына дейін өзінің 9 кітабын 17 рет жариялаған. Мұны ескермеуге болмайды. Октябрь революциясына дейін осындай кітап шығарған дарын иесі қазақта өте сирек. Сондықтан Ақытты Абай деңгейлес дарындар қатарында тануымыз керек», — деп атап көрсетті [3].
2011 жылы қазанда А.Үлімжіұлы шығармаларының 2 томдық толық жинағы бауырлас ел Түркияның Кония қаласында 6000 данамен басылып шықты. Ағартушы, көрнекті ақын А.Үлімжіұлы жастарға білім, ұлттық, тәрбие беруге, қазақ халқы ой-пікірінің қалыптасып, дамуына терең ықпал жасап қазақ әдебиеті мен мәдениетіне зор үлес қосты.
Әдебиеттер
1. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.
2. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.
3. Омарова Г. Қазақ ой-пікіріндегі Ақыт Үлімжіұлының орны // Қазақ үні, 2012 ж. 19 маусым.